Адам өлтіру-материалдық құрамға жататын қылмыс.
Адам өлтірудің субъективтік жағы-Қылмыстық кодекстің 96-бабына сәйкес тек қана қасақаналықпен жүзеге асырылады. Адам өлтіру кезінде қасақаналық тікелей және сол сияқты жанама болуы да мүмкін. Тікелей қасақаналық кезінде кінәлы өзінің басқа адамның өміріне қол сұғып отырғандығын сезеді, оның әрекеті іс жүзінде өлімге соқтыруы мүмкін екендігіне немесе қалай да өлімге әкелетіндігін біледі және өлімнің болуын тілеп іс-әрекет жасайды. Жанама қасақаналықпен адам өлтіру кезінде кінәлы өзінің әрекеті арқылы адам өміріне қатер төндіретіндігін мойындайды, осы әрекеттің нәтижесінде оның өлуі мүмкін екендігін біледі, өлімнің болуын тілемейді, бірақ оған саналы түрде жол береді не өлімнің болу-болмауына немқұрайдылық танытады. Соңғы уақытта жарылыс жасау жолымен адам өлтіру оқиғалары кең таралып отыр. Мұндай кезде белгілі бір құрбандардан басқа бөгде адамдар да өледі. Бұл оқиғада кінәлы белгілі бір құрбанға қатысты адам өлтіруде тікелей ниетте, ал бөгде адамдарды өмірінен айыруға қатысты-жанама ниетте әрекет етеді.Тікелей және жанама қасақаналықтар арасындағы айырмашылықты айқындаудың іс жүзінде үлкен маңызы бар.
Адам өлтіруге оқталу, яғни кінәлының әрекеті ол өлімнің болатынын сезетінін, оның болуын тілегендігін, бірақ оның еркінен тыс себептер бойынша ол болмай қалғандығы бойынша анықталады. Мұндай кезде оқталу тек қана тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады. Кінәлының ниетінің түрі туралы мәселені шешкенде соттар жасалған қылмыстың барлық жағдайларына сүйенуі және атап айтқанда: қылмыстың тәсілі мен қаруын, денеге салынған жарақаттың санын, сипаты мен оқшаулауын (мысалы, адамның өмірлік маңызды органын жарақаттау), кінәлының қылмыстық әрекетті тоқтату себебін, сондай-ақ кінәлының қылмыс істеу алдындағы және одан кейінгі мінез-құлқын оның жәбірленушімен арақатынасын ескеруі тиіс.
Жәбірленушінің өліміне әкеліп соқтыруы кінәлы үшін белгілі болып табылатын өмірлік маңызы бар органдарына пышақпен жарақат салу, дұрысында, өмірден айыруға тікелей ниеттің бар екендігін айғақтайды. Оқпен атылатын қаруды қолдану кінәлының өлтіруге шынайы ниетте болғандығын айғақтайды және басқа жағдайлармен қатар кінәлының адам өлтіру ниетінде болғандығына маңызды дәлелдеме болып табылады. Жақын ара қашықтықтан ату, әдетте, адам өлтіру мақсатында істеледі. Тікелей қасақаналық болған кезде кінәлы өлімнің болуын тілейді, сонымен бірге кінәлының өлімінің міндетті түрде болуын қаламайтындығын да мұндай жағдайда ескеру керек. Оның ниеті баламалы түрде болуы мүмкін, оның шамалауы бойынша өлімнің болуы, сол сияқты денсаулыққа ауыр зиян келтіру мүмкіндігі және осы зардаптардың кез келгенінің болуын міндетті түрде тілейді. Ал егер оған байланысты емес жағдайлар бойынша қылмыстық нәтиже болмаған жағдайда ол адам өлтіруге оқталғандық үшін жауапқа тартылуы тиіс. Адамды өлтірумен алдын ала қорқыту басқа мән-жайлармен қатар адам өлтіру ниетінің бар екендігіне маңызды дәлелдеме болып табылады. Дегенмен, осындай қатер тудыруды айтқан адамның ой-ниетінің қаншалықты шын екендігін іс бойынша айқындау қажет. Тіпті, егер ол сөздер кейде және төндірілген қатерді жүзеге асыру мүмкіндігіне сырттай ұқсас кейбір әрекеттермен қоса айтылғанның өзінде, адам өлтіру ниетін жүзеге асыру туралы сөздер кінәлының шын мәніндегі анық тілегін білдірмейді. Адам өлтіру мен қорқыту көбінесе оқпен атылатын немесе суық қаруды немесе өзге қаруды, сондай-ақ қару ретінде пайдаланатын заттарды қолданумен немесе қолдануға әрекет етумен жасалатын бұзақылық әрекеттермен байланысты болатындығын тәжірибе көрсетіп отыр. Адам өлтіруге жасалған оқталуды аталған әрекеттерден бөлу керек. Қасақана адам өлтірудің субъектісі 14 жасқа толған жеке тұлға болып табылады, ал Қылмыстық кодекстің 97-102- баптарында көрсетілген жағдайларда адам өлтірудің субъектісі 16 жасқа толған адамдар болып табылады.