Қылмысты дұрыс саралау-жеке адамдардың Қазақстан Республикасы Конституциясында, басқа да заңдарда көрсетілген құқықтарын, бостандықтарын қорғаудың кепілі болып табылады.
Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің жүйелері.
Ерекше бөлімнің жүйелері деп-қылмыстық жауаптылықты белгілейтін жеке қылмыстық нормалардың топтық объектілік белгісі бойынша белгілі бір жекелеген топтарға бөлініп, қоғамдық қауіптілік дәрежесіне қарай рет-ретімен, дәйектілікпен орналасу тәртібін айтамыз.
Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің жүйесін дұрыс құру қылмысты саралауға ғана емес, сонымен бірге онымен белсенді күрес жүргізуге, оның алдын алуға, әділ жаза тағайындауға толық мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінің Ерекше бөлімінде мынандай 16 тарау бар:
1.Жеке адамға қарсы қылмыс.
2.Отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар.
3.Адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына қарсы қылмыстар.
4.Бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар.
5.Мемлекеттің конституциялық құрылысына және қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар.
6.Меншікке қарсы қылмыстар.
7.Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстар.
8.Коммерциялық және өзге ұйымдардың қызмет мүдделеріне қарсы қылмыстар.
9.Қоғамдық қауіпсіздікке және қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстар.
10.Халықтың денсаулығына және адамгершілікке қарсы қылмыстар.
11.Экологиялық қылмыстар.
12.Көліктегі қылмыстар.
13.Мемлекеттік қызмет мүдделеріне қарсы қылмыстар.
14.Басқару тәртібіне қарсы қылмыс.
15.Сот төрелігіне және жазалардың орындалу тәртібіне қарсы қылмыстар.
16.Әскери қылмыстар.
Екінші тарау. Жеке адамға қарсы қылмыстар
Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мемлекет арқылы қорғалады. Қазақстан Республикасының Конституциясының 2-бөлімі осы мәселеге тікелей арналған. Конституцияның 1-бабында «ең қымбат қазына-адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары»,-деп жарияланған. Осыған орай, Қазақстан Республикасы барлық құқық салалары, оның ішінде Қылмыстық құқықта адамды қорғауды өзінің міндеті деп санайды. Қазақстан Республикасы барлық заңдары жеке адамды қорғауға, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға әр уақытта артықшылықтар береді. Сондықтан да ҚР ҚК Ерекше бөлімінің бірінші тарауы жеке адамға қарсы қылмыстарға арналған. Осы тарауға кіретін барлық қылмыстардың топтық объектісі жеке адамның дұрыс іс-қызметін қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |