Қылмыстық атқару мекемесі әкімшілігінің талаптарына
кәнігі түрде бағынбау (360-бап)
Бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан адамдар қылмыстық-атқару мекемесі-түзеу мекемелерінің режимі белгіленген талаптарды қатаң сақтаулары қажет. Қылмыстық-атқару мекемесінің әкімшілігінің талаптарына қасақана бағынбау қылмыс болып табылады. Қылмыстың объектісі-түзеу мекемелерінің бірқалыпты дұрыс қызметі. Объективтік жағынан қылмыс бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуші адамның қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына кәнігі түрде бағынбауы арқылы жүзеге асырылады. Қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігіне көтермелеу немесе жазалау шараларын қолдануға құқылы осы мекеменің лауазымды адамдары жатады, олар мекеме, отряд бастығы, олардың көмекшілері, бақылау немесе қадағалау функциясын атқаратын адамдар т.с.с. болып табылады. Сотталған адамның әкімшіліктің өкілінің заңды талаптарын орындамауы бағынбау деп танылады. Мысалы: әкімшілік өкілінің сотталған адамнан құмар ойындар ойнауды тыю туралы қолдануға, пайдалануға тыйым салынған затты дереу ерікті түрде беру туралы талаптарын, сондай-ақ өндірістік жұмыстарды тоқтатуға бағытталған әрекеттерін тыю туралы, басқадай өткізілетін шараларды жүзеге асыру жөніндегі (мәдени-бұқаралық, сауықтыру, спорт) талаптарын қасақана орындамауы сияқты әрекеттер. Кәнігі түрде бағынбаушылық деген сөздің мәні сотталған адам бұрын тәртіптік, басқадай ескерту алғанына қарамастан, іс-әрекетті тағы да жандандырып, заң талабын өрескел бұзып әкімшілік талабына бағынбағандығын білдіреді. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлы адам қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігінің талаптарына кәнігі түрде бағынбайтынын сезеді және оны жүзеге асыруды тілейді.
Қылмыстың субъектісі бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан 16-ға толған адам. Тәрбие колониясында жазасын өтеп жатқан кәмелетке жасы толмағандар, сондай-ақ қоныс колонияларында жазасын өтеп жатқан сотталғандарда бұл қылмыс құрамының субъектісі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |