Дене мүшесіне зақым келтіру жолымен немесе өзге тәсілмен әскери қызметтен жалтару (374-бап)
Қылмыс объективтік жағынан әскери қызметшінің ауруды сылтау ету немесе өзіне қандай да бір болмасын зақым келтіру (дене мүшесін зақымдау), не денсаулығына өзге зиян келтіру немесе жалған құжат жасау немесе өзгеше алдау жолымен әскери қызмет міндеттерін атқарудан жалтаруы арқылы сипатталады. Ауруды сылтау етуге өтірік соқыр, керең, мылқау болып көрінулер арқылы әскер қызметі міндетін өткеруден жалтарады. Өзінің әскери қызметті міндетін өтеуден жалтару мақсатымен дене мүшесін зақымдауға кез келген затпен, құралмен, қарумен немесе улы, зәрлі нәрселерді қолдану арқылы өзіне -өзі немесе біреу арқылы зақым келтіруді айтамыз. Жалған құжат жасауға-әскери қызметті немесе міндетті өтеуден босатуға негіз боларлық өзі немесе басқа біреу арқылы дайындалған шындыққа сай келмейтін құжаттарды жасау жатады. Өзгеше алдауға-әскери қызметті өтеу мерзімін қысқарту үшін жоғары білімі туралы жалған құжат көрсету, әскери қызметтен жалтару мақсатымен лауазымды адамды сатып алып, өзіне қолайлы іс-әрекеттер істеткізу т.с.с. жатады. Қылмыстық Кодекстің 374-бабының 1-тармағы бойынша қылмыстық жауаптылық әскери қызметшінің дене мүшесіне зақым келтіру жолымен немесе өзге тәсілмен әскери қызметтен уақытша жалтарғаны (қарауыл қызметін атқарудан, әскери кезекшіліктен, қауіпті әскери операцияға қатысудан, алыс іссапарға барудан) үшін туындайды. Баптың бұл бөлімі бойынша қылмыс субъектісі болып шақыру бойынша немесе келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүргендер танылады. Егер осы көрсетілген адамдар әскери қызмет міндеттерін атқарудан толық босану мақсатында жоғарыда көрсетілген әрекеттерді-ауруды сылтау ету, өзге де алдау жолымен жасалса, онда олардың іс-әрекеттері Қылмыстық кодекстің 374-бабының 2-тармағы бойынша сараланады. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әрекеттер-үшін жауаптылық Қылмыстық кодекстің 374-бабының 3-тармағында көзделген. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен және арнаулы мақсат әскери қызмет, міндетті атқарудан уақытша немесе толық босану арқылы жүзеге асырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |