Әскери қызметті өтеу тәртібіне қарсы бағытталған қылмыстар. Бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен
тастап кету (372-бап)
Қылмыс объективтік жағынан шақыру бойынша әскери қызмет өткеруші, әскери қызметшілер жұмыс жасаған бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету, сол сияқты бөлімнен босатылған кезде, тағайындау, ауыстыру кезінде, іссапардан, демалыстан немесе емдеу мекемелерінен қызметке екі тәуліктен ұзақ, бірақ он тәуліктен артық емес уақытқа дәлелді себептерсіз мерзімінде келмеу-арқылы сипатталады. Әскери қызметшінің бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен бастықтың рұқсатынсыз тастап кетуге құқы жоқ. Бөлім немесе қызмет орнына әскери бөлім орналасқан жерлер, аумақтар жатады. Сондай-ақ қызмет орнына әскери бөлім орналасқан жерлерден тысқары жерлерде әскери қызметшілердің әскери міндетін өтейтін орындары да (уақытша жұмыс орны: эшелон, поезд, жылжымалы маршрут т.с.с.) жатады. Әскери қызмет өткеруші бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кетсе, сол сияқты бөлімнен рұқсат бойынша босталған кезде, тағайындау, ауыстыру кезінде, іссапардан, демалыстан немесе емдеу мекемелерінен қызметке екі тәуліктен ұзақ, бірақ он тәуліктен артық емес уақытқа дәлелді себептерсіз келмесе онда оның әрекетінде осы баптың 1-бөлігінде көрсетілген қылмыс құрамы бар. Бұл құрамның субъектілері шақыру бойынша әскери қызмет өткеруші-жауынгерлер, матростар, сержанттар, старшиналар. Қылмыстық кодекстің 372-бабының 2-тармағының субъектілері болып тәртіптік әскери бөлімде жазасын өткеріп жатқан әскери қызметшілер танылады. Шақыру бойынша немесе келісім-шарт бойынша әскери қызмет атқарушы әскери қызметшілер жасаған бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету, сол сияқты қызметке 10 тәуліктен артық, бірақ 1 айдан көп емес уақытқа дәлелді себептерсіз мерзімде келмеу үшін жауаптылық Қылмыстық Кодекстіңтің 372-бабының 3-тармағында көзделген. Баптың бұл бөлігінің субъектілері болып шақыру бойынша әскери қызмет өткеруші-жауынгерлер, сержанттар матростар, әскери құрылысшыларды, старшиналар немесе келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткеруші жауынгерлер, матростар, әскери құрылысшылар, сержанттар, старшыналар, прапорщиктер, кәсіптік әскери білім беретін мекемелердің курсанттары, мамандар, офицерлер танылады. Ауыр жағдаяттарға әскери қызметшінің ауыр науқасқа душар болуы, жақындарымен болған бақытсыздық оқиғалар, жарғылық қатынастарға байланысты емес қатынастардан пайда болған өмір мен денсаулыққа төнген қауіптің болуы, тойтарылмайтын күштердің әсер етуі т.с.с. жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |