Порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату (273-бап)
Порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз таратуға халықаралық құқық нормасымен тыйым салынған. 1923 жылы «Порнографиялық бұйымдарды тарату және олармен сауда жасауға қарсы шаралар туралы» Женева конвенциясы қабылданған. Осы конвенцияға қосылған барлық мемлекеттер өздерінің ұлттық Қылмыстық кодексінде осы тектес іс-әрекетті қылмыс деп танып, жауаптылық белгіленген. Порнографиялық материалдарды немесе заттарды таратудың қоғамға қауіптілігі сол, мұндай әрекеттер жас өспірімдердің дене бітімі немесе психикалық адамгершілік жағынан дұрыс дамып жетілуіне теріс әсер етеді, жыныстық қатынастар туралы оларға кереғар нанымдарды уағыздайды, мұндай материалдармен танысу арқылы олар әйел зорлау, нәпсіқұмарлық сипаттағы зорлық әрекеттерін, тағы басқадай түрде азғындату әрекеттерін жасауға әсер етуі мүмкін. Қылмыстың негізгі тікелей объектісі-қоғамдық адамгершілік, азаматтардың ары, адамгершілік қасиеттері. Қылмыстың заты-порнографиялық материалдар және заттар. Порнография-шектен шыққан әдепсіздіктер арқылы жыныстық қатынастардың көргенсіз, жүгенсіз түрлерін, астамшылдығын бейнелейтін көрініс болып табылады. Оған әдепсіз кино немесе бейне материалдар, суреттер, картиналар, альбомдар, шығармалар, бұйымдар немесе өзге заттар-аудиожазбалар, порнографиялық компактдискілер, пластинкалар жатады. Қылмыстың объективтік жағынан порнографиялық материалдарды немесе заттарды тарату немесе жарнамалау мақсатында заңсыз жасау, тарату, жарнамалау, сондай-ақ порнографиялық сипаттағы баспа басылымдарын, кино немесе бейнематериалдарды, суреттерді немесе өзге заттарды заңсыз сату арқылы жүзеге асырылады. Порнографиялық материалдарды немесе заттарды жасауға, осыған жататын шығармаларды, суреттерді, фотобейнелерді толық жасау немесе осындай заттарды монтаждап құрастырулар жатады. Тарату деп-порнографиялық материалдарды немесе заттарды басқа адамдарға сыйға беру, сату немесе кез келген басқа тәсілмен оларды басқа адамдарға беруді айтамыз. Жарнамалау деп- порнографиялық заттарды, материалдарды басқаларға көрсету, олар туралы шектен тыс көптеген адамдарға ақпарат беруді айтамыз. Сату деп- осы көрсетілген заттарды басқаларға ақы алып беруді айтамыз. Көрсетілген әрекеттердің барлығы заңсыз болады, яғни құзыретті органдардың тиісті рұқсатынсыз жасалады. Қылмыс құрамы формальдық және ол заңда көрсетілген әрекеттердің біреуін істеген уақыттан бастап аяқталған деп табылады. Қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналық. Адам порнографиялық заттарды заңсыз дайындайтынын, тарататынын, жарнамалайтынын және сататынын сезеді, біледі және оларды жүзеге асыруды тілейді. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған адам.
Достарыңызбен бөлісу: |