Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық (271-бап)
Қылмыстың негізгі тікелей объектісі қоғамдық адамгершілік болып табылады. Қылмыстың заты-жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар. Притондар деп-ақы алып жезөкшелікпен айналысатын адамдардың кез келген нысандағы жыныстық қатынасты жүзеге асыратын арнайы жабдықталған тұрғын жайлары немесе жабдықталмаған кез келген тұрғын үйге жатпайтын жайларды (автобус салоны, күзет үйлері, кеңсе бөлмелері, казинолар, түңгі сауықтыру орындары т.с.с.) айтамыз. Көрсетілген қылмыстың объективтік жағы жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау; сондай-ақ пайдакүнемдік мақсаттағы жеңгетайлық арқылы көрініс табады. Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру деп оны құруға арналған кез келген іс-әрекеттерді айтамыз. Оған тұрғын жайды табу оның иесімен шарт жасасу, осы жайларды жезөкшелікпен айналысуға жабдықтау (мебельдер қою, гигиеналық құралдар, жамылатын, басқадай қажетті киімдер алу), жезөкшелікпен айналысуға бейім клиенттерді табу, күзет және қауіпсіздік шараларын белгілеу жатады. Притонды ұстау деп –тұрғын жайларды жезөкшелікпен айналысу үшін үнемі жалға бере отырып, сол үшін ақы алу, осы жайларды күтіп ұстауды, күзетуді, оған қажетті жабдықтарды қамтамасыз етіп отыруды жүзеге асыруды айтамыз. Жезөкшелікпен айналысуға пайдакүнемдік мақсатта жеңгетайлық жасау деп-осындай тәсілмен жыныстық қатынастар жасауға бейім адамдарды іздестіріп, оны бір- бірімен кездестіруді, притонды ұйымдастырушы мен оны ұстаушыларға осындай клиенттерді тауып беріп, сол үшін тиісті ақы алушылықты айтамыз. Талдау жасалып отырылған қылмыс формальдық құрамға жатады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Адам жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастырғанын немесе ұстағанын, соған пайдакүнемдік мақсатпен жеңгетайлық жасағанын сезеді, біледі және сондай әрекеттер істеуді тілейді. Қылмыс субъектісі-16-ға толған адам.
Дәрілік немесе басқа құралдарды пайдаланып есеңгірету үшін притондар ұйымдастыру немесе ұстау (272-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-қоғамдық адамгершілік, қосымша тікелей объект адамның денсаулығы. Қылмыстың заты-есірткі немесе жүйкеге әсер ететін заттарға жатпайтын дәрілік заттар немесе басқа құралдар. Қылмыс объективтік жағынан алғанда есірткі заттарға немесе жүйкеге әсер ететін заттарға жатпайтын дәрілік немесе басқа құралдар мен заттарды пайдаланып есеңгірету үшін притондар ұйымдастыру немесе ұстау, сондай-ақ осы мақсаттар үшін үй-жай беру арқылы жүзеге асырылады. Есеңгірететін дәрілік заттардың тізімі немесе басқа құралдар арнаулы құқықтық нормалармен белгіленген. Қылмыс құрамы формальдық, ал осы баптың диспозициясында көрсетілген әрекеттердің біреуін істеген соң аяқталған деп табылады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Адам өзінің істеген іс-әрекетінің заңға қайшы екенін сезеді, бірақ соны жүзеге асыруды тілейді. Қылмыстың субъектісі-арнаулы. Есеңгірету үшін притон ұйымдастырған немесе ұстаған не осы мақсаттарға үй-жай берген адам.
Достарыңызбен бөлісу: |