Қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындыларды заңсыз тарату (274-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-қоғамдық адамгершілік. Қылмыстың заты-қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындылар. Оларға баспа басылымдары, кино немесе бейне материалдар, сондай-ақ қатыгездік пен күш қолдануды насихаттайтын кез келген жазбаша бағдарлама көздері (кітаптар, мақалалар, бейне таспалар, слайдылар) жатады. Қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттаудың түпкі мақсаты басқаға аяусыз күш қолдануды, барлық адам төзгісіз әрекеттерді істеуді асқақтатуды, опасыз сезімдерді қоздыру болып табылады. Қылмыстың объективтік жағы бірнеше әрекеттерді істеуден тұрады:
1.Қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын шығармаларды дайындау. Бұған осы заттарды жасау, көбейту әрекеттері жатады.
2.Көрсетілген заттарды тарату. Бұған осы шығармаларды тұрақты немесе уақытша пайдалануға, танысуға бір немесе бірнеше адамға беру жатады.
3.Жарнамалау. Осы көрсетілген заттарды баспасөз құралдары арқылы немесе басқа тәсілдермен көпшілікке көрсетіп, насихаттау.
4.Көрсету, яғни кино немесе бейне материалдарды, слайдыларды, фотографияларды, суреттерді басқаларға көрсету.
5.Сату. Көрсетілген заттарды, материалдарды тиісінше ақы алып басқаларға өткізу іс-әрекеттері. Аталған қылмыс формальдық құрамға жатады және ол заңда көрсетілген осы әрекеттердің бірін істеген уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Бұл әрекеттер субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Адам қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын материалдар мен заттарды заңсыз дайындайтынын, тарататынын, жарнамалайтынын, көрсететінін, сондай-ақ осы материалдарды заңсыз сататынын біледі және соны тілейді. Қылмыстың субъектьісі-16-ға толған адам.
Өлгендердің мәйіттерін және олар жерленген жерлерді қорлау (275-бап)
Қылмыстың негізі тікелей объектісі қоғамдық адамгершілік, қосымша тікелей объектісі-меншік қатынастары, ара гідік азаматтардың денсаулығы, ұлттық, нәсілдік немесе діни өшпенділік болуы мүмкін. Қылмыстың заты-өлгендердің мәйіттері, жерлеу орындары, құлпытас құрылыстары, жерлеуге немесе еске алуға байланысты рәсімдер өткізуге арналған зират үйлері болады. Жерлеу орындары деп-өлгендердің мәйіттерін көметін этикалық, санитарлық және экологиялық талаптарға сай бөлінген жерлер. Құлпытас құрылыстарына жерленген жердің қоршаулары, ескерткіш тақта, архитектуралық құрылыстар, гүл шоқтары және т.б. заттар жатады. Жерлеуге немесе еске алуға байланысты рәсімдер өткізуге арналған үйлерге-шіркеулер, мешіттер, рәсім өткізу залдары және т.б. орындар жатады. Қылмыс объективтік жағынан өлгендердің мәйіттерін қорлау не олар жерленген жерлерді, құлпытас құрылыстарын немесе жерлеуге немесе еске алуға байланысты рәсімдер өткізуге арналған зират үйлерін жою, бүлдіру немесе аяққа басу арқылы жүзеге асырылады. Өлгендердің мәйіттерін қорлау-әдет-ғұрып, дәстүрлерге қайшы келетін жағдайда мәйіттерді ерекше қорлайтын әрекеттерді жүзеге асыру. Оған мәйіттерді жерленген жерден қазып алу, оларды кескілеу, дене мүшесінің тінін алу, мәйітті өртеп жіберу немесе оны ашық далада қалдыру, өлген адамның мәйітімен жыныстық қатынас жасау (некрология) т.б. әрекеттер жатады. Өлгендердің мәйіттерін жерлеу орнынан ашып алып марқұмның киімдерін, тіс қондырғыларын немесе басқадай бағалы заттарын алу әрекеті екі бірдей қылмыстың (өлгендердің мәйітін қорлау және бөтеннің мүлкін талан-таражға салу) жиынтығын құрайды. Жерлеу немесе рәсімдер өткізуге арналған орындарды жою деп олардың қоршауларын, ескерткіштерді, архитектуралық құрылыстарды, мүрделерді қиратып, мүлдем жарамсыз етіп тастауды айтамыз. Жерлеуге немесе еске алуға байланысты рәсімдер өткізуге арналған зират үйлерін бүлдіру немесе аяққа басу деп ескерткіштерді, құлпытастарды бүлдіру, зират үйлеріне балағат сөздерді жазу, суреттер немесе басқа әдепсіз бейнелерді салу, жерлеу орындарындағы гүл шоқтарын, веноктарды бүлдіру немесе жою, оларды талан-таражға салу әрекеттерін істеуді айтамыз. Талданып отырған қылмыс формальдық-материалдық құрамға жатады. Жерленген жерлерді, құлпытас құрылыстарын, рәсімдер өткізуге арналған зират үйлерін жою, бүлдіру әрекеттері материалдық, ал өлгендердің мәйітін қорлау формальдық құрамға жатады. Субъективтік жағынан қылмыс тек қана тікелей қасақаналықпен жасалады. Қылмыстың субъектісі жалпы-16-ға толған адам. Егер өлгендердің мәйіті жерленген жерлер тарихи-мәдениет ескерткіштеріне жататын болса, онда оны қасақана жойған немесе бүлдіргені үшін адамның әрекеті Қылмыстық кодекстің 187-бабының 3-тармағының «б» тармақшасы бойынша сараланады.
Достарыңызбен бөлісу: |