Бесінші тарау. Бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы қылмыстардың жалпы сипаттамасы және түрлері.
Басқыншылық соғысты жоспарлау, әзірлеу, тұтандыру немесе жүргізу (156-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-халықтар арасындағы бейбітшілік. Мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі және достығы. Объективтік жағынан қылмыс басқыншылық соғысты жоспарлау, әзірлеу немесе тұтандыру арқылы жүзеге асырылады. Қылмыстың объективтік жағы бірнеше балама әрекеттерден тұрады. Оның біріншісі-басқыншылық соғысты жоспарлау. Жоспарлауға халықаралық құқық нормаларына қайшы түрде бейбіт тұрғындарға қарсы соғыс әрекеттерін жүргізудің арнаулы жоспарларын жасау, соғыс әрекеттерін жүргізуге бағытталған әртүрлі әдістемелік құралдар жасау, соғыстың құрбаны болатын мемлекетті белгілеу, басқыншылық соғыс әрекеттерін жүргізудің мерзімін және көлемін белгілеу әрекеттері жатады. Басқыншылық соғысты әзірлеуге жоспарланған ұрыс әрекеттерін жүзеге асыруға арналған нақты іс-қимылдарға көшулер жатады. Мысалы, соғыс техникасын көптеп шығара бастау; қарулы күштердің санын күрт көбейту, азық-түлік немесе жағар-жанар май қорларын ұлғайту, соғыс жағдайына сай келетін жаттығушыларды жүзеге асыру, тұрғындарды соғыс ісіне моральдық тұрғыдан бейімдеп дайындау т.с.с. әрекеттер жатады. Басқыншылық соғысты тұтандыруға осындай соғысты кез келген тұрғыда бастау жатады. Көрсетілген қылмыс формальдық құрамға жатады, сондықтан да заңда көрсетілген-басқыншылық соғысты жоспарлау, әзірлеу немесе тұтандыру әрекеттерінің біреуі іске асырылған уақыттан бастап қылмыс аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі арнаулы. Басқыншылық соғысты жүргізу деп тұтандырылған соғыс өртін аяғына дейін жеткізу, алға қойған мақсатқа толық жету әрекеттерін жалғастыруды айтамыз.
Басқыншылық соғысты тұтандыруға насихат жүргізу және жария түрде шақыру (157-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі мемлекеттердің өзара бейбіт өмір сүру және өзара тату қарым-қатынаста болу мүддесі болып табылады. Қылмыс объективтік жағынан басқыншылық соғысты тұтандыруға насихат жүргізу және жария түрде шақыру арқылы жүзеге асырылады. Басқыншылық соғысты тұтандыруға шақырулар ашық немесе көмескі түрде болуы мүмкін. Шақыруларды жүзеге асырудың нысандары сан алуан ауызша, жазбаша, белгі берулер арқылы болуы мүмкін. Ең бастысы осы шақырулар басқыншылық соғысты тұтандыруға қызмет етуі қажет. Мұндай шақырулар жария түрде болуы шарт. Жариялылыққа-кінәлының үшінші бір адамның қатысқан (митингілерде, жиналыстарда, топтасқан адамдар) алдында соғысты насихаттайтын іс-әрекеттерін жүзеге асыруы немесе байланыс құралдары, почта арқылы соғысқа шақырулар мәтінін жұртқа жіберу, листовкалар тарату, осындай мағынадағы үндеулерді, плакаттарды, суреттерді көрнекті жерлерге іліп қою сияқты әрекеттер жатады. Қылмыс құрамы жағынан формальдық құрамға жатады. Және осы баптың диспозициясында көрсетілген іс-әрекетті-басқыншылық соғысқа жария түрде шақырған сәттен бастап қылмыс аяқталған деп танылады. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған есі дұрыс кез келген адам.
Қылмыс субъективтік жағынан тек тікелей қасақаналықпен істеледі. Бұқаралық ақпарат құралдарына-баспасөз құралдары, радио, теледидар т.с.с. жатады. Мемлекеттік жауапты қызмет атқаратын лауазымды адамға мемлекеттің міндетін және мемлекеттік органдардың өкілеттілігін тікелей орындау үшін Қазақстан Республикасының Конституциялық және өзге де заңдарында белгіленетін қызметтерді атқаратын адамдар, сол сияқты мемлекеттік қызмет туралы заңдарда белгіленеген мемлекеттік қызметшілердің жоғары, бірінші және екінші лауазым санаттарына жататын лауазымда істейтін адамдар жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |