Талан-тараж белгілері жоқ, меншікке қарсы пайдакүнемдік қылмыстар. Қорқытып алушылық (181-бап)
Қазіргі қолданылып жүрген Қылмыстық кодексте талан-тараж белгілері жоқ, меншікке қарсы пайдакүнемдік қылмыстардың үш түрі көрсетілген.
Заңда «Қорқытып алушылық, яғни бөтен мүлікті немесе мүлікке құқықты беруді немесе күш қолданумен не бөтен мүлікті жоюмен немесе бүлдірумен қорқыту арқылы мүлікті сипаттағы басқа да іс-әрекеттер жасауды талап ету, сол сияқты жәбірленушіні немесе оның туыстарын масқаралайтын мәліметтерді тартумен, жәбірленушінің немесе оның жақындарының мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін өзге де мәліметтерді жариялау» деп белгіленген. Қорқытып алушылықтың тікелей объектісіне меншік қатынастары ғана емес, жәбірленушінің немесе оның жақындарының ар-намысы және олардың жеке басының бостандығы, денсаулығы жатады. Қорқытып алушылықтың жәбірленушісі болып талап етіліп отырылған мүлік иелігінде, күзетінде немесе меншігінде тұрған адам және оның жақындары танылады. Қорқытып алудың заты болып: мүлік, мүлікке құқық немесе қорқытушының пайдасына жәбірленушінің мүліктік сипаттағы басқа да іс-әрекеттерді істеуі жатады. Қорқытып алушылықтың объективтік жағы екі түрлі жеке әрекеттен-қорқыту арқылы жәбірленушіден талап етіп отырған мүлікті немесе мүлікке құқықты беруді немесе кінәлының пайцдасына мүліктік сипаттағы басқа да іс-әрекеттерді істеуді талап етуден тұрады. Қорқытып алушылық құрамындағы мүліктің түсінігіне кез келген қозғалатын немесе қозғалмайтын мүліктер жатады. Кінәлы адам қорқыту арқылы осы мүлікті өзіне беруді, яғни өз меншігіне өткізуді талап етеді. Мүлікке құқықты беруді талап ету дегеніміз-қорқыту арқылы жәбірленушіден мүлікті пайдалану, иемдену немесе билеу құзыретінің бірін өзіне беруді, сөйтіп сол арқылы мүліктен белгілі бір дәрежеде пайда көру жатады (тұрғын немесе тұрғын жайға жатпайтын құрылысты тегін немесе өзіне тиімді бағаға беруді талап ету, сондай-ақ жағдайда пайдалану үшін көлік немесе басқадай байланыс құралдарын ақысыз пайдалану, беруді тілеу т.б. әрекеттер). Мүліктік сипаттағы басқа да әрекеттерді істеуге жәбірленушінің қорқытып талап етушінің пайдасына белгілі бір заңдылық мәні бар іс-әрекеттерді істеуі, соның нәтижесінде кінәлының мүліктік сипаттағы пайда табуы немесе материалдық жауапкершіліктен құтылуы жатады (қорқытып талап етушінің қарызы жөніндегі қолхатты жою; оның қарызын кешіру, өсиет туралы қолхатты жою, оның пайдасына белгілі бір жұмыс атқару ж.т.б.). Қылмыстық заңда қорқытып алушылықты жүзеге асыратын мынандай қорқыту тәсілдері көрсетілген:
1)күш қолданумен қорқыту;
2)бөтен мүлікті жою мен немесе бүлдірумен қорқыту;
3)жәбірленушінің немесе оның туыстарын масқаралайтын мәліметтерді тартуымен де жәбірленушінің немесе оның жақындарының мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін өзге де мәліметтерді жариялау. Кез келген қорқыту нақты және жәбірленушінің пайымдарынша толық іске асатындай болуы қажет. Осы қорқытулар арқылы кінәлы адам істейтін қылмысын жеңілдетіп, болашақта бөтеннің мүлкіне иелік етуді немесе мүліктен басқадай пайда көруді басты мақсат тұтады. Күш қолданып қорқытуға жәбірленушіге жеңіл, орта ауырлықтағы немесе ауыр дене жарақатын келтіремін деген қорқытулар жатады. Бөтен мүлікті жоюмен немесе білдірумен қорқытуға әр түрлі тәсілмен жәбірленушінің немесе оның туыстарының меншігіндегі мүлікті құрту, бүлдіруге байланысты іс-әрекеттер жатады. Масқаралайтын мәліметтерді таратамын деп қорқытуға үшінші жаққа жәбірленуші немесе оның туыстары туралы қолайсыз, шындыққа жататын немесе жатпайтын, олардың адамгершілігіне, ар-намысына тиетін әр түрлі қауесеттерді, деректерді жариялау арқылы олардың мүдделеріне елеулі зиян келтіру мүмкіндіктері жатады. Қорқытып алушылық формальдық қылмыс құрамына жататындықтан, бөтен мүлікті немесе мүлікке құқықты беруді немесе басқадай әрекеттерді істеуді талап еткен уақыттан бастап аяқталған қылмыс деп танылады. Субъективтік жағынан қорқытып алушылық тек тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады және пайдакүнемдік мақсатты көздейді. Кінәлы адам бөтеннің мүлкіне ешқандай құқығы болмаса да, қорқыту арқылы мүлікті мүлікке құқықты немесе өзінің пайдасына мүліктік сипаттағы басқа да әрекеттерді істеуді заңсыз талап етуін сезеді және осындай қорқытулар арқылы жәбірленушіні өзінің талаптарын орындауға мәжбүрлеуді тілейді. Осы қылмыстың құрамы үшін кінәлы адамның қорқытуды шын мәнінде жүзеге асыратынының немесе асырмайтынының ешқандай маңызы жоқ. Қорқытып алудың ауырлататын түрі күш қолдану болып табылады. Осы қылмыс құрамына тән күш қолдануға жәбірленушіге оның денсаулығына зиян келтірумен байланысты емес (бостандығын шектеу, оларды ұстап тұру, болмашы түрде денесіне қол тигізу), сондай-ақ оларға жеңіл немесе орта дәрежелі жарақат келтірулер жатады. Қорқытып алушылықтың аса ауырлататын түрлері:
а) ұйымдасқан топ;
б) жәбірленушінің денсаулығына ауыр зардап келтіру;
в) ірі мөлшерде мүлік алу мақсатында;
г) ұрлық немесе қорқытып алу үшін бұрын екі немесе одан да көп рет сотталған адам жасаған қорқытып алу болып табылады. Бұлардың алдыңғысының және соңғысының түсініктері ұрлықтың өте ауырлататын түріндегі осындай белгілерінің түсініктерімен мазмұны біртектес.
Қорқытып алушылықтың субъектісі-14 жасқа толған адам.