Жерге заттай құқықтарды бұзу (186-бап)
Азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарына немесе заңмен қорғалатын мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеп соққан бөтен жер учаскесіне заңсыз кіріп кету қылмыс болып табылады. Заң бойынша өзіне бекітілген жер учаскесіне бөтеннің заңсыз кіріп кетуі егер ол елеулі зиянға әкеліп соғатын болса қылмыс құрамын құрайды. Қылмыстың объектісі жерге байланысты қоғамдық қатынастарға қол сұғу. Объективтік жағынан қылмыс әрекет арқылы заңда белгіленген зардапты келтірумен ұштасады. Бұл жерде әрекет бөтеннің жер учаскесіне заңсыз кіріп кету арқылы көрініс табады. Заңсыз кіру дегеніміз жерге меншік иесінің немесе жерді заңды иеленушінің келісімінсіз, оның заңды құқықтарын аяққа басып жер учаскесіне басып кіруді айтамыз. Мұндай басып кіру азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның, мемлекеттің мүддесіне елеулі зиян келтірумен ұштасуы керек. Елеулі зиян бұл бағалау категориясы болып табылады. Оны нақты жағдайларға байланысты тергеу, сот органдары анықтайды. Заңсыз кіру мен келтірілген елеулі зардаптың арасында себепті байланыс болуы қажет. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен және пайдакүнемдік ниетпен істеледі. Қылмыстың субъектісі бойынша 16-ға толған кез келген есі дұрыс адамдар, ал осы баптың 3-бөлігіндегі қылмысты істегені үшін арнаулы субъект-лауазымды адамдар танылады. Заңсыз тінтуге-жәбірленушіге тиісті жер учаскесіне негізсіз, рұқсатсыз тінту амалдарын жүргізу, ал жер учаскесін заңсыз басып алуға-жердің меншік иесін немесе өзге де иеленушісін заңға қайшы әрекеттер арқылы тиесілі жерінен ығыстырып тастап, заңсыз, негізсіз оған иелік ету немесе билік жүргізу болып табылады.
Бөтен адамның мүлкін қасақана жою немесе
бүлдіру (187-бап)
Бөтен адамның мүлкін едәуір зиян келтіру арқылы қасақана жою немесе бүлдіру ғана қылмыстық іс-әрекет деп танылады. Осы қылмыстың затына кез келген мүлік: қозғалатын немесе қозғалмайтын, оның ішінде азаматтық айналымнан алынған мүліктерде жатады. Көрсетілген баптағы қылмыс объективтік жағынан бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру әрекеттері арқылы жүзеге асырылады. Бөтеннің мүлкін жою деп оны мақсатты пайлалануға мүлдем жарамсыз етіп тастауды, нәтижесінде ол түкке жарамсыз болып өзінің шаруашылық-экономикалық құндылығын толық жоюын айтамыз. Бөтеннің мүлкін білдіру деп оны ішінара жарамсыз ету, соның нәтижесінде мүлік өзінің мақсатты пайдаланылуының бір бөлігін жоғалтады, сөйтіп ол қалпына келтірілмесе немесе толық жөнделмесе пайдалануға жарамсыз болады. Бұл қылмыстың субъектісі болып 16-ға толған, есі дұрыс азамат танылады, ал ауырлататын мән-жайлар негізінде мүлікті қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін қылмыстық жауаптылыққа 14 жасқа толған адам тартылады. Субъективтік жағынан қылмыс кінәлының қасақаналық нысаны арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте қасақаналық тікелей немесе жанама да болуы мүмкін. Өрт қою, жару арқылы немесе өзге де жалпы қауіпті әдістермен; абайсызда денсаулыққа ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соққан; жәбірленушінің өзінің қызметтік немесе қоғамдық борышын орындауымен байланысты не өзінің жақын туыстары жөнінде нақ сондай себептермен жасаса; әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік немесе діни араздықты себептер бойынша жасалса, онда олар осы қылмыстың ауырлататын түрі болып табылады (187—баптың 2-тармағы).
Достарыңызбен бөлісу: |