Творчестволық қиял — қайта жасау қиялына қарағанда, әрі күрделі, әрі қиын. Абай мен Құнанбайдың образдарын жасау, оларды сипаттап жазған шығарманы оқып, елестетуден әлдеқайда ауыр. Творчестволық қиял ақын-жазушылардың, суретшілердің, артистердің т. б. осы секілді өнер қайраткерлерінің іс-әрекеттерінде үлкен орын алады. Өнер қайраткерлері өздерінің идеясын көркем образ арқылы береді. К. С. Станиславский: «Артистің көкірегінде өзі бейнелеп тұрған адамның ой-толғаныстары туғанда ғана шынайы өнер туады, нағыз жанды сезім еш уақытта зорлағаннан, қолдан жасағаннан келмейді»,— дейді.
Актив қиялдың ерекше бір түрі — арман. Арман дегеніміз өз қалауымызша жаңа образдар жасау. Мұның творчестволық қиялдан ерекшелігі мынада: арман өзіміздің тілеген келешекке бағытталған қиял процесі. Арман творчестволық әрекетпен тікелей байланысты емес, ол творчестволық қиялдың бірінші дайындық сатысы. Арманды бағалауда оның әрекетке қандай қатынасы бар екендігі қатты ескерілуі қажет.