Кафедра меңгерушісі: Б.К.Қалиев
Пән оқытушылары: А.Қ.Қоныс
А.А.Ибраева
Дәріс тезистері
Дәріс 1. Жоғары білім берудің педагогикасы туралы
Қазіргі кезеңде математиканы оқытудың методикасына қойылатын талаптар мен ол шешетін проблемалар ауқымының кеңдігіне қарай оны математиканың педагогикасы деп атау толымдырақ болады. Ал математиканың методикасын математиканың оқу пәнін қалыптастыруды және оны тиімді игеруді мақсат тұтатын, бұл бағытта математика, психология және педагогика ғылымдарының тоғысында жұмыс жасайтын, зерттеулер жүргізетін ғылым саласы деп анықтама беру дұрыс болады.
Сондықтан, қоғамның дамуы мен өмір жоғары білім беру саласының алдына игеруге тиісті математикалық оқу материалын оқыту міндетін қоятын болса, онда оқыту тәсілдерін жасау оқушылардың ақыл-ой қызметін зерттеу деректеріне негізделуі тиіс.
Бүгінгі күндері ЖОО-да студентке :
кредиттік жүйеге сәйкес сенім артып;
оның күш-жігерін арттыруға ықпал жасай отырып оқыту, білім беру керек.
Өйткені студент :
а) 1-күннен бастап ақпараттардың толассыз және барынша тығыз ағынында қалып қояды;
ә) уақытын жеткізе алмай қиналады;
б) жан-жақтан қойылған қатаң талаптарға кезігеді;
в) уақытын үнемді пайдалана алмайды;
г) уақытылы және дұрыс демалуды білмейді (НОТ студента);
д) оқу материалын қажетті сапалық деңгейде игере алмайды ( ақтаңдақтар кедергі болады) ;
е) тиімді жұмыс істей алмайды;
ж) қажетті ақпарат көздерін іздеп табу дағдылары толымсыз қалыптасқан.
Математиканың ішкі даму логикасы, дедуктивтік құрылымы барынша күрделі және қатаң. Сондықтан оған оқыту барысында студенттің психологиялық қабілет-мүмкіндіктерін ескермеуге болмайды. Математика мамандығына, математика пәндеріне студентті оқытқанда біз екіжақты біртұтас таным процесін жүргізетін боламыз. Онда :
Математикаға (логикалық қатаң, дедуктивті),
Адамды (қабілеті әртүрлі) оқытамыз.
Логика әдетте пайымдау, ой қорыту заңдылықтарын зерттейді және онда дұрыс алғышарттардан дұрыс қорытынды-нәтижелер алып отыру үшін адам (студент, оқушы) қалайша ойлауы керек екендігі анықталады. Бұл заңдылықтар объективті және барлық адамдар үшін ортақ, әрі бірдей міндетті.
Логика психологиямен өте тығыз байланыста болады. Әрине, адамның ойлау қабілеті тұрақты емес. Бұл көрсеткіш, 1-кезекте адамның оқуға көзқарасына, ықыласы (мотивация) мен жасына тікелей тәуелді. Оқу оны қызықтыра ма, әлде жоқ па? Оқудың қажеттілігін ол қаншалықты түсінеді? Ықылас-ынтамен қабылданған мәлімет тезірек білімге айналады, есте жақсы сақталады, ал құлықсыз қабылданған ақпарат жадыда ұзақ тұрмайды. Екінші жағынан, ықылас пен ынта студенттің сауатына, оның мектепте алған білім деңгейіне де тікелей тәуелді болады.
Математиканың логикалық қатаң және дедуктивтік құрылымын да Винчи мен Эйнштейннің мынадай сөздері аша түседі: «Математикалық дәлелдеулер арқылы өтпеген адами ешбір зерттеу нәтижесі шынайы ғылым деп атала алмайды» (Леонардо да Винчи. Избранные произведения, М., 1955).
«Барлық ғылымдардың ішінде Математиканың ерекшеленетін дара қасиеті бар, ол оның тұжырымдарының абсолютті ақиқат және даусыз екендігі» (Альберт Эйнштейн).
Қоғам дамуының қазіргі кезеңінде, ХХІ-ғасырдың басында, ЖОО-да математиканы оқытуда мынадай қарама-қайшылықтар орын алуда:
кредиттік оқыту жүйесінде аудиториялық оқу сағаттарының азаюы есебінен СӨЖ көлемінің көбейтілуі және студенттердің өз бетінше математиканы игеру дағдыларының өте төмен болуы арасында; (ҰБТ)
математиканы оқытуда қалыптасқан теориялық-формальдық оқу материалына аса басымдық берілуі мен математикалық емес мамандық иесіне өзінің кәсіби-практикалық қызметіне керек қолданбалы сипаттағы математикалық білімнің қажеттігі арасында;
математиканы оқытудың репродуктивті сипаты, оның студенттердің орташа үлгеріміне лайықтап жүргізілуі мен қоғамның бүгінгі күнгі талабы бойынша оқытуды тұлғаға бағыттап жүргізу қажеттігі арасында;
ғылымның барлық дерлік салаларына математикалық методтардың жаппай барынша тереңдеп енуі мен математикалық емес мамандықтар студенттерінің математиканы оқып-үйренуге деген мотивациясының төмендігі арасында.
ЖОО-да математиканы оқыту методикасы мен педагогикасы осы аталған қарама-қайшылықтарды жою жолдарын зерттеуі, жаңашыл методикалар мен технологияларды оқыту процесіне ендіруі қажет.
Нұрсая Исмаилова осы бағытта кредиттік оқыту жүйесі жағдайында химик-студенттерге стандартты емес және кәсіби мазмұндағы математикалық есептері бар жеке тапсырмаларды қолданып математиканы оқыту әдістемесін ұсынды, СӨЖ интенсивтендіруді ақпараттық-компьютерлік технологиялар есебінен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін зерттеді.
Бүгінгі таңда жоғары білім беру саласында математикалық білім беру мазмұны мен оның педагогикасы оқытуды барынша визуализация жасау, көрнекі модельдеуді қолдану және математиканың әлеуметтік статусын ашып көрсету бағыттарында қайта қаралуы қажет.
ХХІ-ғасырда математиканың ролі білім беруді гуманизациялау құралы және заманауи қоғамда тұлғаны әлеуметтендіру жолы ретінде арта түсуде.
Достарыңызбен бөлісу: |