1 апта: Практикалық сабақ тақырыбы: Қазіргі қазақ тілі фонетикасындағы өзекті мәселелер. Практикалық сабақ мазмұны: 1. Қазіргі қазақ тілі фонетикасындағы өзекті мәселелер.
2. Қазақ орфографиясындағы қиындықтар.
Ұсынылатын әдебиеттер: 1. Жүнісбеков Ә. Төл жазусыз түгелдік болмас. Ана тілі. 9, 16 қаңтар, 1992.
2. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі. А., 1963,1978, 1982, 2000 ж.
3. Мырзабеков С. Қазақ тілінің дыбыстау жүйесі. А., 1998.
4. Сыздық Р. Тілдік норма және оның қалыптасуы. Астана, 2001.
5. Сыздықова Р. Тағы да бүгінгі емлеміз жайында // Егеменді Қазақстан, 27 наурыз, 1993. 4-бет.
6. Уәлиев Н., Алдашева А. Қазақ орфографиясындағы қиындықтар. Алматы, 1988.
Қазақ фонетикасының зерттелім тарихын дәуірлеу нәтижесінде әр дәуірдің өзіне тән теория-практикалық ұстанымдары мен алынған нәтижелері анықталды. Қазіргі қазақ фонетикасының құрылымын төл қазақ фонетикасы, кітаби қазақ фонетикасы және еуропаөзімшіл (европоцентризм) қазақ фонетикасы деп топтастыруға тура келді. Топтастырудың сараптау белгілері ретінде әр бағытқа байланысты қазақ тілінің 7 дыбыс құрамының анықталуы мен сөз просодикасының (сөзқұрауыштың) түрі алынды. Қазақ сөзінің дыбыс жіктелімі үндесім заңдылығына байланысты талданып, үндесім дыбыстардың құрамы анықталды. Үндесім дыбыс, үндесім буын, үндесім сөз ұғымдары мен оларға тән жалпы фонетикада жоқ атаулар құрамы жинақталды. Қазақ тілі дыбыстарының жасалым (артикуляциялық) пішіндемесі құрастырылды.
Зерттелім нәтижелері қазақ жазуын реформалаудың фонетикалық негіздемесі болмақ. Әрине, кез келген реформаның өз ауырлығы бар, ауырлықсыз реформа болмайды. Алайда жазу реформасының ауырлығы өзге реформалардан (саяси, экономикалық т.б.) басым болады. Өйткені жазу реформасының қиындығы мен ауырлығын әрбір адам өз басынан кешіреді. Бұрынғы көз үйреніп, қол жаттығып қалған жазу дағдысынан арыла қою оңайға түспейді.
Жазу реформасы алдымен емле ережемізді ретке салудан басталу керек. Әліпби құрамын тиянақтап, таңба үлгілерін кірме әріптерден арылту арқылы қазақ сөзінің буын құрылымын жөнімен жазып, тасымал амалын жөніне салып, ең бастысы, қазақ сөзінің үндесім әуезін бұзбайтын жазылымға тұрақтау керек.
Қазақ фонетика ғылымының бүгінгі теория-практикалық деңгейі, біріншіден, қордаланып қалған тіл бұзар өктем емле ережелерінен арылып, қазақ сөзінің өзіне тән табиғи емле ережелері үлгілерін қалыптастыруға толық мүмкіндік берсе, екіншіден, зерттеушілердің келер ұрпағына ақиқат жолсілтеме бола алады.
Егер сөздік екпінді зерттейтін фонетика саласы акцентология болса, онда ұқсастық (аналогия) жолымен тонды зерттейтін фонетика саласы тонология, ал сингармонизмді зерттейтін фонетика саласы сингармо[но]логия (ықшам болу үшін сингармология делінді) болу керек. Олар әртүрлі туыс тілдердің тобына тән болғандықтан, атаулары әртүрлі болса да, оларға тілдік мәртебесі тең және тілдік сөзқұрауыш қызметі бірдей сөз просодикаларының басын біріктіретін ортақ атау қажет болады. Акцентология, тонология және сингармология үшеуінің басын біріктіретін атау просодология болу керек. сингармология (әуезқұрауыш) просодология (сөзқұрауыш) тонология (әуенқұрауыш) акцентология (екпінқұрауыш) Сонда просодология жалпы фонетикалық атау мәртебесін алады да акцентология, тонология және сингармологиядан бір деңгей жоғары тұрады. Ендеше, тілдік сатының әр дең- 5 гейінде тұрғандықтан, просодология мен акцентология мәндесім бола алмайды. Просодология жеке-жеке тілдердің сөз просодикаларының (акцент, тон, сингармонизм) басын біріктіретін атау-ұғым болады. Сонымен: - үнді-еуропа флектив тілдерінің (мысалы, орыс) акцентті (екпіншіл) дыбыс талданым амалы – акцентология; - оңтүстік-азия буыншыл тілдерінің (мысалы, қытай) әуенді (буыншыл) дыбыс талданым амалы – тонология; - орал-алтай агглютинатив тілдерінің (мысалы, қазақ) әуезді (үндесім) дыбыс талданым амалы сингармология болып шығады. Сингармология атауын осы тұрғыдан түсіну керек. Соның нәтижесінде қазақ (түркі) фонетикасының зерттелім аппаратынан фонология, фонема, аллофон ұғым-атаулары шығарылып, оның орнына сингемология, сингема, аллосингема ұғым атаулары ендіріледі (толығырақ келесі бөлімдерде).
Қазақ фонетикасының зерттелім желісі ғылыми жетістіктеріне қарай бірнеше дәуірге бөлініп сарапталады. Әлем тілдерінің жіктелімі өзінше қарастырылып, тілдер тобының жаңаша туыстық кестесі құрастырылған. Түркі тілдерінің дыбыс құрамын зерттеудің тың ғылыми аппараты жасалған. Түркі тілтанымындағы сөздік екпін мәселесі арнайы талданып, жоққа шығарылады. Үндесім (сингармонизм) түркі тілдерінің іргелі заңдылығы ретінде алынып, дыбыс талданым соның негізінде жүргізіледі. Қазақ тілінің әліпби, үндесім және үйлесім дыбыстарының құрамы анықталып, жүйесі сипатталады. Қазақ сөзінің жасалым (артикуляциялық) құрама тізбегінің мүмкін болған үлгісі түгел қамтылған. Әрбір ғылыми тұжырым жасалым (артикуляциялық) пішіндеме (модель), кесте және сызбалармен тиянақталған. Фонетикалық атаулардың қазақша-орысша және орысша-қазақша жаңартылған сөздігі берілді.
Қазақ фонетикасында қалыптасқан ұғымдар мен атаулар жүйесіне көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Себебі осы күнгі ұғым-атаулар «дәстүрлі» үнді-еуропа тілтанымына байланып қалған да, көбінесе қазақ тілі табиғатын не жаңсақ, не жартыкеш түсіндіріп жатады. Оның үстіне өзге тілдерде жоқ қазақ тіліндегі өзіндік құбылыстар ұғым-атау тапшылығынан көзге ілінбей келді. Сондықтан да қазақ фонетикасына тән ұғым-атаулардың жаңа жүйесін құрастырып, оларды түсіндіруге тура келді. Сонымен, «Фонетика» бөлімі бұрынғы көз үйренген үлгісінен көп өзгеше болып шықты. Әсіресе, көптеген дыбыстардың сипаттамасы тиянақталып, қайта жазылды. Оның үстіне дыбыстардың үндесім (сингармонизм) жүйесі бұрын-соңды болмаған жаңа тарау ретінде қосылып отыр. Тағы бір айта кететін жай – қазақ тілінің төл дыбыстары ешбір қоспасыз өз алдына талданды. Соның нәтижесінде тілімізге жасанды еніп кеткен х, һ «әріп-дыбыстар» шығарылып тасталды. Ал орыс тілінен енген дыбыстарды қазақ дыбыстары құрамында қарастырудың өзін жөнсіз деп таптық (керек болып жатса, іздеген адамға олар жайлы мәлімет орыс тілтанымында жеткілікті). Өзімізді де, өзгені де шатастырып келген и, у, я, ю кірме әріптері жайлы қосымша мәлімет бергенді жөн көрдік.