Күн атмосферасының құрылысы
Күн атмосферасын негізгі үш бөлікке бөледі: фотосфера (ең төменгі қабат), хромосфера және тәж.
Фотосфера. Күннің тікелей бақылауға болатын жарық шығаратын “беті” фотосфера деп аталады. Әрине, Күннің шын мағынада ешқандай “беті” жоқ. Ол шын мәнінде қалыңдығы 300 – 400 км боларлық Күн атмосферасының төменгі қабаты. Бізге келетін Күн энергиясы іс жүзінде осы қабатта шығарылады, себебі фотосфера затының мөлдірсіздігінен Күннің тереңгі қабаттары шығаратын сәуле бізге жетпейді де, оларды көру мүмкін емес. Фотосфера тығыздығы 10 кг/м-тен аспайды, ол ондағы заттардың басым көпшілігін алатын сутегінің 1см көлемдегі атомдар саны 10 –не жуық. Фотосферада тереңдеген сайын температура өседі де, оның орташа мәні 6000 К-ге жақындайды.
Телескоп пайда болмай тұрып-ақ, адамдар батып бара жатқан солғын Күннің бетінен немесе жұқа бұлт тасасындағы Күн бетінен күңгірт дақтарды байқаған болатын. Ертеде дақтардың не екендігі түгіл, олардың Күн бетінде болуы мүмкін деген ой ешкімнің ойына кіріп шыққан емес. Тек Галилей дақтардың Күн бетіндегі құрылымдар екендігін дәлелдегеннен кейін үш жарым ғасыр өткен соң ғана олардың физикалық табиғаты айқындала бастады.
Күн дақтары гранулалардан гөрі едәуір ірі. Ең ірі диаметрі ондаған мың километрге жетеді. Дақтар – фотосфераның тұрақсыз, бірнеше айға дейін болатын құбылмалы құрылымы. Кейде Күнде дақтар мүлдем болмаса, басқа кезде ондаған ірі дақтар байқалады. Күндегі дақ құрылуды көп жыл бойы бақылаулар дақ санының тербелмелі өзгерісте болатынын көрсетті. Күн дақтары сандарының қайталану уақытының ұзақтығы орташа есеппен 11 жылғы жуық.
Дақтың орталық бөлігі – ядро (немесе көлеңке) талшықты шала көлеңкемен қоршалған. Күн жиегіне жақын орналасқан дөңгелек дақ эллипс түрінде, ал жиекке тым жақын келгенде шала көлеңке жіңішке жолақ түрінде көрінеді. Мұның мәнісі дақтардың тереңдігі 300 – 400 км конус тәрізді шұңқырлар екендігімен түсіндіріледі. Дақтардың күңгірт болуы фотосферамен қатар келуі нәтижесінде ғана. Шын мәнінде ядро температурасы (дақтың ең салқын бөлігі) 4300 К, яғни көз қорғағыш көзілдіріксіз қарауға болмайтын сызықтар доғаның қызулығынан жоғары. Дақ спектріндегі сызықтар едәуір айырылған. Бұл құбылыс дақ затының қуатты магнит өрісінің әсерінде болуынан деп түсіндіріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |