«Мұғалімнің сабақтарын 2 апта бойы бақылап, оған кері байланыс беріп отырса, ол мұғалім бір жылдың ішінде кейбір мұғалімдердің 20 жылда дамитын мөлшерде өседі»
«Мұғалімнің сабақтарын 2 апта бойы бақылап, оған кері байланыс беріп отырса, ол мұғалім бір жылдың ішінде кейбір мұғалімдердің 20 жылда дамитын мөлшерде өседі». Демек, тіпті аз уақыт ішінде жүйелі кері байланыс алып отырған мұғалімнің кәсіби дамуы жедел түрде өседі екен.
Осы идеяға сәйкес мектеп басшылары мұғалімдердің сабақтарына тұрақты қатысуды ұйымдастырғаны орынды. Бұл үшін сабақтарға мектептің көшбасшылар тобы (немесе «Өзгерістер енгізу» тобы) мүшелері қатыстырған дұрыс. Мектепте сабаққа бақылау жасай алатын, сындарлы кері байланыс беру арқылы әріптестерінің дамуына ықпал жасай алатын осындай белсенді мұғалімдердің санын арттырып отыру керек. Ол үшін, әрине, мұғалімдерді бақылау және талдау істеріне үзбей үйреткен жақсы.
Мектеп басшылары әр мұғалімнің барлық сабақтарына жылына бір рет 2 апта бойы қатысу кестесін құруына болады. Егерде мұғалімнің апталық жүктемесі 18 сағат болса, онда екі аптада оның 36 сабағына қатысу қажет. Оның сабағына кем дегенде 2 мұғалімнің және мектеп басшыларының бірі қатысқаны дұрыс. Бұл жұмыс «Сабаққа қатысу – сабақты талқылау (кері байланыс) – рефлексия» ауқымында жүзеге асырылса болады. Осылайша әр мұғалім үшін оқу жылында бір рет 2 аптадағы әр сабағы ашық сабаққа айналады. Әрине, оңай емес 36 ашық сабақ өткізген! Есесіне мұғалім 20 жылда алуға болатын тәжірибені бір-ақ жылда алады.
Тағы да бір ой (қайдан оқығаным есімде жоқ): «Егерде мұғалімдер кері байланыстың құндылығын тереңінен түсінетін болса, онда олар кері байланысты ақылы болса да алуға ұмтылар еді». «Өсемін! Дамимын! Кәсіби шеберліктің шыңына шығамын! Нағыз ұстаз боламын!» деген мұғалімдер кері байланыстың зор пайдасын білген соң, ылғи да оған зәру, мұқтаж болып, кері байланысты алу мүмкіндігін қалт жібермей, оны іздеп тұрады. Осы мақсатта басқа мұғалімдерге үнемі қолқа салып отырады: «Дариға апай, сіздің қолыңыз қазір бос екендігін білемін! Сондықтан да менің сабағыма қатысып, сабағымды талдап бере аласыз ба?..» деп, немесе «Тайжан ағай, ертең сізде бесінші сабақ жоқ екен ғой. Менің сабағыма кіріңізші! Ал сабақты талдауды асханада түскі тамақ кезінде айтасыз. Тамақты мен төлейін!» деп, я болмаса «Серік ағай, сабағыма 20 минутқа болса да кіресіз бе? Ал кері байланысты кешке телефонмен-ақ берсеңіз де болады!» деп.
Кері байланыс өз жұмысыңның, тәжірибеңнің оң тұстары мен осал жақтарын айқындап, оларды дамыту немесе түзету жолдары мен бағыттарын көрсетеді. Осы арқылы біз жақсара түсеміз, дамимыз, өсеміз. Біз кері байланыстың рефлексиямен жалғасатындығын естен шығармауымыз керек. Кері байланыстың құндылығы да оның рефлексия тудыруынла. Мысалы, басқалар мұғалімнің сабағын талдап бергенде, ол мұғалімде рефлексиялық ойлар пайда болады: «Е, шынымен де осылай екен ғой! Мен мына жерлерді дұрыс жасаған екенмін! Ал мына тұстарымды басқашалап орындауым керек екен! Енді оны былайша түзетсем болады екен!» деген секілді. Осындай рефлексия міндетті түрде жақсару мен өркендеуге алып келетіндігі анық.
Сонымен, мұғалімдердің кәсіби біліктілігі олардың өзара әрекеттесуінен (бір-бірінің сабақтарына қатысу және оларды талқылау, бір-біріне кері байланыс беру) өседі деп тұжырымдауға болады. Демек, өзге мұғалімдердің сабақтарына қатысуды және оларды өз сабағыңа келтірудің мүмкіндіктерін қалт жібермеген дұрыс.