Сабақтың мақсаты: Көркем мәтіндегі грамматикалық категорияның қызметін ажырату. Негізгі сұрақтар, тапсырмалар


Көркем әдебиет тілінің көркемдік, стильдік қызметтерін түсініп, зерделеу



бет4/6
Дата23.10.2022
өлшемі64,03 Kb.
#45065
түріСабақ
1   2   3   4   5   6
Көркем әдебиет тілінің көркемдік, стильдік қызметтерін түсініп, зерделеу.

Тіл – көркемдік шеберліктің қайнар көзі, мөлдір бастауы. Қаламгерлердің тілдік-стильдік ізденістері, сөздік қоры, сөйлем құрауы, ұлттық бояуы қанық, тіл байлығын таңдай, талғай білуі сияқты қаламгерлік ерекшеліктеріне тоқталу басымырақ көзделіп келеді[1, 5].


Көркем тіл, образды сөздерді білу тек жазушылар үшін ғана керек емес, әрбір сауатты адамның бәріне қажет. Өйткені әрбір адам өзінің ой-сезімін басқаларға білдіру үшін барынша көркем сөздерді қолдануға тырысады. Ол – заңды нәрсе.
Жазушылар адам образын да, көркем сюжетті де, жеке адамға тән мінезді де, күйініш-сүйінішті де, табиғаттың әдемі көріністерін де көркем тіл арқылы жасайды. Тілсіз көркем шығарма жоқ. Тілге мән бермеу не оны білмеушілік әдебиеттің даму процесіне де көп кеселдік келтіруі мүмкін. «Жылтырағанның бәрі алтын емес». Жақсының жаманнан, асылды жасықтан айыру үшін әдебиетші, сыншылар көркем тілді өздері жақсы біліп, толық меңгеруі – басты шарттардың бірі. Міне, осылардың бәрі де көркем тілді кең зерттеп, терең түсінуімізді қажет етеді [2, 3].
Көркем шығарма – эстетикалық категория. Ол ең алдымен оқырман сезіміне, оның ой- санасына әсер етуі тиіс. Көркем әдебиет тілі – әдеби тілдің негізгі көрсеткіші. Шығарма тілінде көріктеуіш тілдік құралдардың көп кездесуі, алдымен, жазушы тілінің шеберлігін, орынды сөз оралымдарының ұтымды, қисынды жұмсалу жайын көрсетсе, екіншіден, сол үйлесімді сөйлем үлгілері мейлінше мол бағытта лингвистикалық талдау жүргізуді қажет ететіндігін байқатады. Суреткердің шеберлігі – ең алдымен өмірді бақылау мен ұғу ерекшелігімен сипатталады.
Жазушы стилі – өзіндік сөз мәнері мен суреткердің өзіне ғана тән қалам ізі. Жазушының стилін анықтау дегеніміз – оның басты шеберлік қасиеттерін тап басып, тілдік қыр-сырын ашу болып табылады. Көркем әдебиет стилистикасында шығарманың тілін оның идеялық мазмұнынан бөліп алып қарауға болмайды. Бұдан талдаудың лингвистикалық принциптері мен әдіс-тәсілдерін әдебиеттану тұрғысынан талдаумен ұштастыру қажеттілігі туады [3, 17].
Әр жазушының өзіне тән сөз қолдану мәнері, оларды ұштастыра білу өнері, әсерлі түрде жеткізуі тілдік бірліктер негізінде көрініс табады. Жазушылардың тіл шеберлігін әсіресе романдағы көркемдегіш-бейнелеуіш тәсілдер арқылы көруге болады[2, 16]. Осы ретте жазушы Софы Сматаев шығармаларында синтаксистік құрылымдарға өзгеше стильдік реңк жүктелген. Мұнда сұраулы, бұйрықты, лепті сөйлемдердің алған орны,
атқарған қызметтері өзгешеленіп тұрады. Бастысы, бұл сөйлемдердің кейіпкер бейнесін даралаудағы қызметтері олардың қарым-қатынасын реттеуінде шебер қиюласып, тілдік бірліктер жүйесі тұтастай стильдік қызмет атқаруға жинақталған. Жазушының сөз саптауын келесі жұмыстардан аңғаруға болады.
Тіліміздегі сөздер табиғатына қарай алуан түрлі болады. Белгілі бір сөздің тобы нені болса да жай атаса, екінші біреулерінің сондай қызметінің үстіне сан алуан стильдік мәні мен бейнелі мағынасы болады. Сөйтіп адамның сезіміне әсер етіп, еркін билейді. Осындай сезімге түрлі-түрлі әсер ететін сөздердің тобын бейнелі сөздер немесе эмоционалды-экспрессивті және эмоционалды сөздер болып екі топқа бөлінеді. Эмоциональды-экспрессивті бояулы сөздер адамның көңіл күйіне қуаныш-қайғысына, психикалық процеске байланысты айтылады. Сондықтан да эмоциональды-экспрессивті сөздер жағымды және жағымсыз болып екіге бөлінеді. Жағымды экспрессивті-эмоциональды сөздер көңілді, сезімі мен қуанышы қалыпты, таңырқау, қызығу, сүйсіну мән-мағыналарын береді[4,7] Мысалы жазушы шығармасынан мысал келтіріп кетсек:
Жазушы Софы Сматевтың "Елім-ай" шығармасындағы эмоционалды-экспрессивті сөздердің қолданысы
1. "Қап!" ( "Елім-ай" 309 бет)
2. "Қапта!", "Қапта!", "Ұр!", "Ұр-ә-ә!", "Жой", "Түсір!" деген қазақ атойына жоңғардың "Урраһх!" деген делебе қоздырар қанқұйлы қиқуы қымқуыт араласып, жаңғырыққан айқай-сүренді тағы да аспандатып әкетті. ( "Елім-ай" 11 бет)
3. – Оу, батыр, не болған сізге? ( "Елім-ай" 14 бет)
4. Жә, оны қайтеміз, - деп баяу күрсініп алды да, Жомарт тың кеңеске ойысты. ( "Елім-ай" 15 бет)
5. – Бәсе, әнді айтса, осылай айту керек қой! ( "Елім-ай" 26 бет)
6. - "Әу!" демейтін жігіт болмайды! ( "Елім-ай" 26 бет)
7. – Е-е, айтпай кетті ғой біраздан бері... ( "Елім-ай" 27 бет)т.б.
Тіл халықтың қоғамдық, әлеуметтік өмірімен, саяси-экономикалық жағдайымен тығыз байланыста дамиды, кемелденеді. Сондықтан да қоғам өмірінің даму қарқыны түрлі тарихи дәуірде түрліше деңгейде көрінетіні сияқты, әдеби тілдің де даму шеңбері бірде кеңейіп, бірде тарылып отырады. Бұл заңды өзгерістер тілдің барлық категорияларын өз ішіне алады. Бірақ қандай өзгеріс болмасын, тіл қалай дамымасын, ол өзінің адамдар арасындағы қатынас құралы ретіндегі қызметін өз дәрежесінде атқара береді. Әсіресе, егемендік алған көптеген халықтардың әдеби тілдерінің бүгінгі кемелденген кезінде тілдің атқаратын қызметі орасан зор, себебі тіл неғұрлым кемелденген болса, тіл мәдениеті, сол тілді дүниеге келтірген халық менталитеті де
соғұрлым жоғары болмақшы. Ал бұл әдеби тілдің мәдениетін, байлығын, көркемділігін, бейнелілігін арттыратын лексикалық категория – мақал-мәтелдерге де байланысты. Басқаша айтқанда, тілдің лексикалық құрамының бөлінбес бір сыңары саналатын ММ-дер де ұлт тілінің ғана емес, ұлт мәдениетінің де көрсеткіші болып табылады[5,3]. Мысалы жазушы шығармасындағы мақал-мәтелдер:" Іні зордан, аға бордан" деушілік еді менікі. ( "Елім-ай" 65 бет). Аға – бордан, іні – зордан ауыс. Бұл жасы үлкен ағаның жасы кіші інілерге деген зор ілтипатына дарқан көңілі мен жұмсақ мінезіне қарап, не оның әрқашан да қамқоршы болып, інінің қамын ойлап, қауғалаңдап жүруіне байланысты жұрт "болмысы бордай жұмсақ, бос жан" деп ойлауынан сондай-ақ аға алдындағы інінің тәкаппар, тентек әрекеттерін, ерке де асқақ мінезін көргендер "бұл оның мықтылығы" деп санауынан пайда болған пікір. Ал, шын мәнісінде бұлар ағаның ағалық, інінің інілік қазақы қасиеттеріне тән ерекшелік тер [Ә.Қайдар ‟Халық даналығы”, 162 бет].Тура биде туған жоқ ( "Елім-ай" 51 бет).Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ ауыс. билер кешегі қазақ қауымында әділ қазылықты символы, ақиқат-шындықтың қорғаушысы саналды. Туыс-жақындыққа бұра тарту – тура би шешіміне жат қылық, ол туыс-жақынына бүйрегі бұрып, әділдіктен аутқыған биді халық "иманы жоқ туғанды би" деп, қаталай айыптап отырған. Мақал идеясы: қазылық айтатын билер әрқашан да бұра тартары, бүйрек бұрары жоқ әділдіктің символы болып қалуы керек дегенді аңғартады [Ә.Қайдар ‟Халық даналығы”, 504 бет].
Мақал-мәтелдер қазақ халқының көнеден күнібүгінге дейін жеткен аса бай қазыналарының бірі. Мақал-мәтелдерден халықтың тіл байлығын, тұрмыс-тіршілігін көруге болады. Бай сөздік қорымыздың ұрпақтан-ұрпаққа ұмытылмай жетуіне көмегі мол, септігі зор деп санаймын.
Белгілі бір халықтың көркем әдебиеті басқа халықтардың әдебиетінен, ең алдымен, өзінің образдар жүйесімен, сөз бейнелеу тәсілдерімен ерекшеленеді. Әдебиеттегі образдар жүйесі және сөз бейнелеу тәсілдері – ұлттық характердің ең басты көрсеткіштері. Бұларсыз ешбір ұлт әдебиеті өмір сүре алмайды. Көркем әдебиет үшін, әсіресе, ұлттық тілдің маңызы зор. Түрдің өзінің көріну тәсілдері, жүзеге асу жолдары, өмір сүру заңдылықтары болады. Сол түрдің көріну тәсілдерінің бірі – теңеу категориясы. Теңеу категориясы – бүкіл бейнелеу, көркемдеу тәсілдерінің ішіндегі ең бастысы, ең пәрмендісі. Бейнелеу тәсілдерінің барлығы да бастауын осы теңеуден алады. «Теңеу дегеніміз – ортақ белгілері бар екі затты, ұғымды және күйді бір-бірімен салыстыратын және сол ортақ белгінің негізінде, алғашқы заттың көркемдік мәнін күшейте түсетін бейнелі сөз тіркесі».Профессор Т.Қоңыров «Теңеу дегеніміз – ұқсас, ортақ белгілердің негізінде бір затты екінші затқа салыстыру арқылы сипатталушы нәрсенің бейнелік, көркемдік, эмоционалды-экспрессивтік сапасын күшейтетін, сол нәрсені жаңа қырынан, поэтика тұрғысынан танытатын әрі стильдік тәсіл, әрі таным құралы» [6,38б]
Жазушы Софы Сматевтың "Елім-ай" шығармасындағы теңеудің қолданысы
1. Аласапыран андағайлап жеткенде, жер түбінен заңғар көкке киелі мұнарадай такаббарлана бой созып сабырлы саз әуелеген. ( "Елім-ай" 7 бет)
2. Бірақ мүсіркеме! Дегендей қара көзде тұтанған көгілжім ұшқын анау найзағайдай жалт етіп еді-ау. ( "Елім-ай 12 бет)
3. Абыройын айрандай төккен қай сақалды естіп ең! ( "Елім-ай" 14 бет)
4. Сібір хандығын жұтып жіберген аждаһадай Ресей мемлекеті Ертіс бойына ентелеп енгенде-ақ манғұлдың Алтын ханы мен ойраттың көптеген тайшылары осынау құдіретті һәм қаһарлы ақ патшамен бейбіт келіссөз жүргізуге өз елшілерін үсті-үстіне жібере бастайды. ( "Елім-ай" 23 бет)
5. Қуанса, шалқып, қатуланса, серпіп кететін жұртының мінезі досқа үнемі ашық, дұшпанға қамалдай берік тәрізді-ау. ( "Елім-ай" 26 бет)
6. "Айта алмаушы едім" деп қипақтап өкініш білдіргенде, кең маңдайдан бөрткен тарыдай тер домалады. ( "Елім-ай" 26 бет)
7. Қымызың балдай екен. ( "Елім-ай" 37 бет) т.б.
А.Байтұрсынов өзінің «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде: «Бір нәрсені көптеп айырып, көзге көбірек түсіретін етіп айтқымыз келгенде ол нәрсенің атына айқын көрсететіндей сөз қосып айтамыз, сондықтан айқындаудың өзге түрі көркейту деп айтылады»- деп эпитетке анықтама берген болатын.Эпитеттің барлық түрі халық ауыз әдебиетінде. Ұлы Абай, сондай-ақ әр қоғам, әр дәуір суреткерлер шығармаларында көптеп кездеседі. Эпитет – заттық құбылыстың айрықша сипатын, сапасын анықтайтын сұлу суретті сөз. Эпитет – көркем әдебиеттің көркемдегіш амал-тәсілі. Эпитетсіз көркем шығарма болмайды, болуы да мүмкін емес. Эпитеттегі әр суреткер тыңнан тауып, жаңадан өрнектеуі, бұрынғыны қайталай бермей өзінше эпитет әлеміне бет бұруы керек. [8,43б]
Жазушы Софы Сматевтың "Елім-ай" шығармасындағы эпитеттер
1. Сол заманда-ақ қарңғы қапшағай мен алыс атырауды, жапан түз бен дүлей тоғайды азынай аралап кеткен ғұмыр күйден кек ширатқан атой-ұран тасып төгілген. ( "Елім-ай" 5 бет)
2. Ақ сүт көк аспанға атылып, қызыл қан қара жерді суарған. ( "Елім-ай" 6 бет)
3. Сол именшек сырдан ақ сәуле аңсаған пақыр көңілдің мұңға бөккен үмітін аңдар едіңіз. ( "Елім-ай" 7 бет)
4. Сол сәтте күңгірт көңіл, жабық кеуде түгел жоғалып, азаттық іздеп, сенімді үмітке жетелеген аталар аруағына, бабалар даңқына қатты исініп қалып, көмейіңізге лықсып келген сүйініш толқынмен бас иер едіңіз. ( "Елім-ай" 7 бет)
5. Жомарттың тегеурінді қолы сарт етіп иыққа жармасқанда, Мұқатай топ етіп табанға түскен еді. ( "Елім-ай" 14 бет)
6. Кеудедегі шыбын жан пыр етіп мәңгі мекеніне ұшып кеткенше тебінгіні терге шірітіп, көк найза, ақ алмасты жарқ-жұрқ ойнатып өте бермекші-тін. ( "Елім-ай" 14 бет) т.б.
Тілдің қолдану аясының кеңдігін танытатын құбылыстың бірі ғылымда троптар деп аталса, ал оның негізгі бір түрі – метонимия. Метонимия – әдемі, әсерлі, көркем сөйлеудің тағы бір ұтымды құралы. Қазақ ғалымдары А.Байтұрсынов, Қ.Жұмалиев, І.Кеңесбаев, Ә.Қайдаров, Р.Сыздықова, Ғ.Мұсабаев, К.Аханов, А.Ысқақов, Ә.Қасенов, З.Қабдолов, Т.Қоңыров, Р.Барлыбаев, Б.Хасанов, Л.Нұржекеева және тағы басқалары метонимия мәселесіне арнайы, екіншісі өзінің зерттеу объектісінің қатысына қарай тоқталып, оның жеке ғылыми-лингвистикалық объект есебінде танылуына өз үлестерін қосты. Қазақ тіл білімінде метонимияға берілген анықтамалар бірізді емес. Ең алғаш рет қазақ халқының ірі ғалым-лингвисі, әдебиет зерттеушісі, түрколог А.Байтұрсынов метонимияның әдеби шығармалар үшін айрықша мәні бар екендігін атап көрсете келіп, былай түсіндіреді: "Арасында жақындығы бар екі нәрсенің атын ауыстырып, бірінің орнына бірін айту, ондай ауысу алмастыру деп аталады"[7,73-74б].
Жазушы Софы Сматевтың “Елім-ай” романындағы метонимияның қолданысы
1. Соны асыға күткен шыдамсыз көмейлер сайын сахараны тұс-тұстан дүрліктіре жаңғыртып барады. ( "Елім-ай" 9 бет)
2. Оңайдан олжа түсіргіш ел ішінде пысықтар болады. ( "Елім-ай" 156 бет)
3. Жұрт көзінше күрсініп, жат алдында жабығып көрмеген жайсаң жан алғаш рет аһ ұрған ащы сырын ашып, аңырай жөнелгенде, үйдегілер түгел елең ете қарасып, Балайымды шын түсініп, ұға бастады. ( "Елім-ай" 156 бет)
4. Өйткені диуан дау-дамайсыз тез біткен жылдары хан жасағымен біріккен бүкіл қазақ қолы соғыс тәсілдеріне машықтанатын. ( "Елім-ай" 41 бет)
5. Толыны шайқап төгіп, майға бөккен қордалылар сонау кең даланың ырғып ішер ырысын шақтап сыздықтар ма? ( "Елім-ай" 54 бет) т.б.
Қазақ тіл білімі ғылмында да көркем әдебиеттің тілі мен стилі, сөз зергерлерінің шеберлігі сөз болғанда метафораға соқпай кетпейді. "Метафора – сөз мәнін өндендіре өзгертпей айту, суреттеп отырған затты не құбылысты айқындай, ажарландыра түсу үшін оларды өздеріне ұқсас өзге затқа, не құбылысқа балау; сөйтіп суреттеліп отырған заттың не құбылыстың мағынасын үстеу, мазмұнын тереңдетіп әсерін күшейту".
"Сөз шеберлігіне қиыннан қиыстырған асылды саралау заң. Осы бір қасиетті заңды табанды ұстаған зергерлер өзіндік ою-өрнегімен ақындық әуенмен ерекше танылмақ. Бұл ретте ақын-жазушылардың қаламынан туған индивидуалдық метафоралар, яғни сөздердің метафораны қолдануы пайда болған. Әр түрлі стильдік мақсатта метафоралардың тіркеске түсуі арқылы сөздердің сиымдылығы арта түседі", -дейді ғалым Б.Хасанов[7,61б]. Мысалы:
Мініп кетсең – көлік, жүні – киім, шұбаты – тамақ. ( "Елім-ай" 36 бет ) Күнім – арай, жүзім – шырай дейтін хауас сәлим шақты бұзатын да, үзетін де мал дауы. ( "Елім-ай" 54 бет ) – Өзіңіз айтыңызшы, Құлеке, атсыз жігіт – қанатсыз қыран емес пе? ( "Елім-ай" 60 бет ) Шалқысақ – шалқар боп, жайылсақ – жазық боп, асқақтасақ – аспан боп дүбірлеген кезде Қырымда қиқулап, Көк ордада көк жалын ойнатқанбыз. ( "Елім-ай" 85 бет )
Суреткер көркем бейнені мүсіндеу барысында оның болмысын неғұрлым жан – жақты әрі шынайы, толыққанды тұлғалау мақсатымен түрлі көркемдік әдеби амал – тәсілдерді шебер пайдалануға ұмтылады. Ондай тәсілдердің негізгілерін атар болсақ, олар:
ü портреттік тәсіл,
ü мінездеу, кейіпкер тілін даралау жолдары,
ü адамның күйініш – сүйініш халін суреттеу т.б.
Көркем бейненің жанды, нақты, әсерлі бейнеленіп, танылуында портреттік тәсілдің алатын орны ерекше.
Ғалымдар көркем әдебиеттегі портретті 2-ге бөледі: ситуациялық және жалпы портрет. Жалпы портретте көркем бейненің өзіне тән үнемі болып тұратын сипат белгілері суреттелсе, ситуациялық портрет кейіпкерлердің бір сәттік эмоциялық кейпін береді. [8,106б]
Тілде портретті белгілеуде соматикалық, вестиалды, кинетикалық терминдері де кездеседі. Сонда портреттің лексикалық құрамын үш сөздер тобы құрайды.
1. Адам денесі мен мүшелерін атайтын сөздер - соматикалық лексика.
2. Киім-кешекті атайтын сөздер - вестиалды лексика.
3. Бет өзгерісін, дене қимылын, дене қалпын суреттейтін сөздер - кинетикалық лексика.
Адам денесі мен мүшесіне қатысты портрет
1. Қыр мұрнының қос қапталы мен кең маңдайы бөрте тершіген Ақмырза жастықты шынтақтап жатыр. ( "Елім-ай" 37 бет )
2. Үнсіздік ұзарып бара жатқан соң, отырғандардың ішінен кең иық, қынай бел, қиық мұрт дембелше жігіт лып етіп түрегелді. ( "Елім-ай" 48 бет )
3. Анау өзен нобайындай доғаланған қап-қара жіңішке екі қасын да, кіршіксіз аппақ жазық маңдайын да, қою ұзын кірпігі көмкерген үлкен мойыл көздерін де, жұқалаң қырлы мұрнын да көрмесе де анық танып, біліп отыр. ( "Елім-ай" 77 бет )т.б.
Жазушы Софы Сматаев "Елім-ай" атты шығармасында кейіпкерлердің алуан түрлі бейнесін жасайды және олар бір-біріне ұқсамайтын қайталанбас тұлғасымен, мінез-құлық, таным-түсінігімен ерекшеленеді. Қаламгер туындыларында кейіпкер бейнесін сомдауда көптеген жалпыхалықтық этнографизмдер мен афоризмдер жалпы көркемдегіш құралдарды
кездестіруге болады.Ұлттық тілдің бай қазынасы – сөздік құрамын шебер пайдаланып, әр сөзін, сөйлемін, тұтас мәтінін мәнерлі, өткір шебер тілмен өрнектей білген. Белгілі бір стильдік мақсатпен ұтымды пайдалана отырып, оқырманға түсінікті тілмен жеткізе білген.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет