Сабақтың мақсаты: Мәтінді лингвистикалық талдау әдістерімен танысып, оларды тәжірибе жүзінде қолдану



бет4/8
Дата23.10.2022
өлшемі108,59 Kb.
#45061
түріСабақ
1   2   3   4   5   6   7   8
Абай – қазақтың бас ақыны.
(Ахмет Байтұрсынұлы)
Біздің бұл еңбегіміздің тақырыбы – Абай өлеңдерінің тілі, дәлірек айтсақ, тіл өрнегі, сөз кестесі. Демек, алдымен, өзекті әңгімемізді бастамас бұрын, нақты зерттеу нысанамызды көздеп алсақ, талдайтын материалдарымызды іріктеп, анықтап алсақ дейміз. Ол үшін поэзия тілін жеке бөліп зерттеудің қажеті қандай болмақ? Зерттелсе, қай қырынан келу керек, қандай мақсат көздеу керек деген мәселелерді айқындап алу керек болар. Өлең тілін зерттеуде назарға алынатын негізгі объектілер неменелер және осы мәселелер жайында ғылым не деп келді деген сияқты сұрақтар да көлденең тартылады. Жоғарғы сауалдарға филология ғылымы мен оның тіл білімі саласы жауап іздеп, өлең тілін жеке-дара әңгіме етудің қажеттігін дәлелдеген болатын. «Прага мектебі» деп аталған лингвистикалық бағыттың өкілдері өлең тілі дегеніміз бір төбе де, әдеби тілдің қалған қолданыстары («практикалық стильдердің тілі») бір төбе деп бөліп қарайды1 . Бұл – жаны бар тезис, өйткені поэзия – көркемдік әлемінен. Ал көркемдікке ие болу үшін мұнда тілдік-көріктеу құралдарының айрықша қалыпта қолданылуы шарт. Оның үстіне өлең техникасына, яғни өлеңді жасауға (жазуға, шығаруға) қажет ұйқас, ырғақ, шумақ, шоғыр (тирада) сияқтылар поэзия дүниесін көркем сөздің өзге түрлерінен: көркем прозадан, драматургиядан, көркем публицистикадан бөліп тұрады. Көркем шығарманы, айталық өлеңді, тұтас бір эстетикалық дүние деп қарастыратын болсақ, оның айтпағын (мазмұнын) білдіретін құрал – поэтикалық тілін тану қажет. Поэтикалық тілдің жақсы көрінетін жері – поэзия, өлең – жыр. Өлең – тілмен берілген контекст, демек, сол контекстегі көркем 1 «Прага мектебі» – о баста, 1926 жылы, В. Матезиус сияқты чехословак тіл мамандары ұйымдастырған үйірме негізінде пайда болған лингвистикалық бағыт. Кейін бұл бағытқа Н.С. Тубецкой, Р.О. Якобсон, Г.О. Винокур, Е.Д. Поливанов, Б.В. Томашевский, Ю.Н.Тынянов, Л. В. Шерба, И.А. Бодуэн де Куртенэ сияқты орыс ғалымдары да ден қойған. 9 құралдардың көрінісін зерттеу қажеттігі туады, жалпақ тілмен айтсақ, ақынның көркемдік сөз кестесін тану мақсаты тұрады. Әдетте тіл – адамдардың бір-бірімен жасайтын қатынас құралы болып табылады дейміз де, оның осы қызметін көбірек сөз етеміз. Ал тіл – сонымен қатар эстетикалық құрал, көркем дүние құралы. Тілдің бұл екі қызметі – бір-бірімен тоғыспайтын екі бөлек нәрсе емес. Керісінше, тілдің поэтикалық қызметі коммуникативтік (қатынас құралы ретіндегі) қызметіне негізделеді, сонымен қатар ол тілдік тәсілдердің өнерге тән эстетикалық және әлеуметтік-тарихи заңдылықтарға бағынған жаңа әлемін жасайды2 . Демек, негізінде қарым-қатынастық жүк арқалағанмен (көркем шығарманы жазушы, ақын өзі үшін жазбайды, өзгелер оқысын деп, өзгелерге ойын білдіру үшін жазады ғой, сондықтан бұл да қарым-қатынас), көркемдікпоэтикалық қызмет атқаруға келгенде, оның өзіне тән тәртіпзаңдылықтары болады, тіпті әдеби нормадан ауытқитын «орынды қыңырлықтары» да табылады. Міне, бұлар өлең тілін зерттеудің өзіндік қырларынан келуді талап етеді. Поэтикалық тіл әрдайым метафора, эпитет, теңеу сияқты көріктеу құралдарының санымен (көптігімен), тіпті сапасымен (аса көріктілігімен) танылмайды, суреткердің өз міндетіне алған эстетикалық талаптарына сәйкес болмысты тіл арқылы әсерлі де бейнелі түрде көрсете білуінен танылады. Ал әсерлілік пен бейнелілік көркем әдебиетте, оның ішінде поэзияда әрқашан образды метафора, теңеулермен берілмей, ешбір экспрессивтік бояуы жоқ сөздермен немесе сөз тіркестерімен берілуі де мүмкін. Әңгіме көріктеу құралдарының материалдық көрінісінде ғана емес (әрине, ол да орын алуға тиіс), шығармада сол көркемдіктің бар болуында, оның оқырман сезіміне әсер ететіндігінде. Міне, өлең тілін зерттеуде осы жайтқа да назар аудару қажет. Сөйтіп, сөз патшасы – өлеңнің көркемдігін оның поэтикалық тілі көрсетеді. Көркемдік дегеніміз – өлең тілінің сыртқы жылтырақтығы емес. Көркемдік – ең алдымен, мазмұн мен қалыптың (форманың) сәйкестігі, яғни ой мен тілдің гармония2 Виноградов В. В. Стилистика. Теория поэтической речи. Поэтика. - М., 1962. - С. 155. 10 сы: ақын идеясын білдірген сөздердің оқырман сезіміне әсер ететін экспрессиялылығы мен эмоциялылығы. Ал бұл белгілерді жүзеге асырудың амал-тәсілдері сан алуан. Ол амалдарды таңдай білу суреткер шеберлігінің сыны болмақ. Демек, поэтикалық тіл дегеніміз – бір жағынан, сөзбен түскен әсем кестелер болса, екінші жағынан, сол кестелерді төгетін амалдардың көрінісі. «Поэтикалық тіл» мен «өлең тілі» деген ұғымдар бір-біріне мүлтіксіз пара-пар емес. Поэтикалық тіл тек өлең тексінде емес, қара сөзде де, ауызекі сөйлеу барысында да орын ала алады. «Поэтикалық» деген анықтауыш тіл көркемдігінің, дәлірек айтсақ, көркемдік үшін қолданыстың биігін, идеалын білдіреді. Сондықтан өлең біткеннің барлығында поэтикалық көрініс тұнып тұрмайды. Көріктеу құралдары қолданылған текстің өзінде әрдайым мазмұн мен қалыптың сәйкестігі бола бермеуі мүмкін, демек, текст әсемдік биігінен көрінбеуі ықтимал. Өлең тілін сөз етуде бұған да көңіл қою керек болады. Өлең тексін талдауда жеке сөздерді нысанаға алу – белгілі бір поэтикалық (стильдік) жүк арқалаған сөздерді айырып тануға алып барады. Ал сөздің жеке тұрғандағы беретін атауыштық (номинативтік) мағынасы жалпы тілдік хабарламалық (информативтік) болса, көркем әдебиеттегі, оның ішінде өлең тіліндегі мағынасы өзгеше болуы мүмкін, яғни өлеңде сөз мағынасы ауыспалы, қосалқы, бояулы сипаттарда келуі занды. Мұндайда сөз экспрессивтік мәнге ие болып, тыңдаушы (оқырман) сезіміне белгілі бір әсер беретін элемент ретінде жұмсалады. Ол сөздердің бірқатары тек осындай әсерлі, экспрессивті мәнімен жиі қолданыла келе тұрақтала түседі де, ғылымда «поэтизм» деп аталатын топ құрайды, бейнелеп айтсақ, оларға қазақша «көрікті сөздер» деген айдар тағуға болар. Мысалы, қазақ тіліндегі ару, пәк, арзу, әз сияқты сөздер негізінен поэзияда кездеседі де, сұлу, таза, қымбатты, құрметті деген сөздердін поэтикалық вариантын түзеді және осы мағыналарда тұрақталған поэтизмдер болып танылады. Ал енді бірсыпыра сөздер тек сол контексте, сол өлеңнің ішінде ғана ауыспалы-бейнелі мағынаға ие болады. Мысалы, Абайдың: «Сен де бір кірпіш дүниеге Кетігін тап та, бар қалан» 11 деген жолдарындағы кетік сөзінің атауыштық – мағынасы «белгілі бір заттың, айталық, үй қабырғасының толмай тұрған үңірейген тұсы» немесе «ағаш тостағанның сынған (кетілген) жері» дегенді білдірсе, ақын бұл сөзді осы контексте «адамдар қауымының қажет бір мүшесі» деген ауыспалы мәнде, бейнелеп қолданып отыр. Өлең тіліндегі жеке сөздерді зерттеу объектісі етуде тек олардың поэтикалық қызметін ғана емес, информативтік қызметтерін де талдауға тура келеді. Бұл – өлеңнің мазмұны мен оның тілдік көрінісі арасындағы сәйкестікті анықтауға алып барады. Мысалы, Абай тіліндегі болыс, ояз, пысық, саудагер, білім-ғылым, медресе, қазы, би, тілмаш деген сөздер өздерінің номинативтік тура мағыналарында қолданылған, бұған Абай өлеңдерінің тақырыбы (мазмұны) себепкер болып тұр. Демек, бұл топтағы сөздердің актив-пассивтігі, өзге сөздермен тіркесу қабілеттері және образ жасауға қатысы жайында да әңгіме болуға тиіс. Суреткердің, айталық ақынның, поэтикалық тілін зерттеуде өз алдына бөлініп шығатын дербес тақырып – ақынның өзіне тән көркемдік қолтаңбасы, мұны ғылымда «шығармашылық контекст» деп те атайды. Бұл орайда ақын тіліндегі сөз-символдарды, өзі сүйіп, жиі пайдаланған троптарды және өзге де тіл элементтерін эстетикалық қызметте жұмсауының принциптерін, стильдік ерекшеліктері арқылы көрінетін «автор образын» ашып талдау қажет болады. Бұлардың үстіне поэзиядағы дыбыстық символизм немесе дыбыс арқылы жасалған образ деген де кеңінен сөз болмақка керек. Грамматиканың поэзиядағы үлесі (И.Д.Благойша айтсақ, «поэзияың грамматикасы») деген қызық тақырып зерттелер болса, поэтика саласы қарастыратын мәселелер көбейе түседі. Бұлардың көпшілігі қазақ ғылымында жеке-жеке арнайы сөз болмай келеді. Поэзия тілін талдауда образ (бейнелілік) проблемасы басты тақырып екені мәлім. Поэтикалық образ көркемдік құралдармен де, стильдік бояуы бар сөздермен де, бейтарап (бояусыз) сөздермен де берілетін сәттері болады. Поэтикалық образдың тілдік көрінісін зерттеу – өлең тілін талдаудың бір мақсаты. 12 Текстің фоникалық (музыкалық, әуезділік) құрылымын (оркестровкасын) зерттеу де қазақ ғылымында әлі бел алып кеткен жоқ. Бұл жөнінде ішінара З. Ахметовтің «Казахское стихосложение» (1964) және біздің «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» (1971) деген монографияларымызда сөз болады. Ішінара дейтін себебіміз мынада. Текстің әуезділігі немесе дыбыстық эффект тек қатар келген сөздердің басқы дыбыстары, я болмаса өлең жолдарының бірінші сөзі біркелкі дауысты дыбыстан басталып, ассонанс, біркелкі дауыссыз дыбыстан басталып, аллитерация құралуы арқылы ғана пайда болмайды. Өлең жолдарында не бір жолдың ішінде түбірлес сөздердің қатар келуі де өлең үнінің әсерін ерекше етеді. Мысалы, Абайдың: «Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын» деген өлең жолында қу, қулық сөздері қатар келіп, дыбыс әуезділігін күшейтіп тұр. Ал бұл құбылыс – қазақ лингвостилистикасында мүлде сөз болмаған тақырып объектісі. Көркем шығарма тілін талдаудағы басты объект – сөз. Өйткені сөз поэтикалық қызмет атқарғанда өзінің мүмкін (потенциалды) және жасырын жатқан, яғни контексте ғана көрінетін мағыналарын ашады. Өлең тілін танудың үлкен бір мұраты осында дейміз. Поэтикалық тіл әңгіме болғанда, өлең тексіндегі көріктеу құралдары: троптардың көрінуін, перифраздардың қолданыстарын, теңеулердің, образды анықтауыштардың, поэтикалық синоним дегендердің жұмсалуын көрсетіп, олардың бейнелеуіш қызметтерін анықтау қажет, сонымен қатар сол көркемдеуіш құралдардың жасалу амалдарын анықтау керек. Бұл амалдарға сөз мағынасының ауысуы (метафоралануы), сөздің айшықты мағынасы (орысша «фигуральное значение»), фразеологиялык тіркес құрап, оған поэтикалық өң беру сияқтылар жатады. Осыларды қарастыру – ақынның поэтикалық тілін зерттеудің лингвистикалық объектілерінен саналады. Өлең тіліндегі сөздің экспрессивтік-мағыналық бояуларын таныту, сөздердің тіркесу барысында беретін жаңа ұғымдарын, оның ішінде контекстік, кейде окказионалдық ұғымдарын көрсету, синтаксистік құрылымдағы жарыспалы қатарларын (варианттарын) қарастыру – бұлар да тілдік поэтиканың проблемалары. 13 Қорыта келгенде, өлең тілін талдауда негізгі мақсат – жоғарыда көрсетілген зерттеу қырларынан келіп, ақынның сөз кестесін: көріктеу құралдары мен көркемдеу тәсілдерін танып-таныту болмақ, екінші сөзбен айтсақ, ақын поэзиясының мазмұны мен сол мазмұнның тілдік көрінісін – тілдік механизмін зерттеу болмақ. Ғылымда мұны суреткердің идиостилін көрсету деп те атайды. Жеке суреткердің идиостилін танытуда әдеби дәстүр, көркем сөз мектебінің ұласуы, әдеби тіл нормаларының көрінісі, ақынның тілдік-көркемдік әлеміндегі ізденістері, шеберлігі, қосқан үлесі дегендер де әңгіме өзегіне айналады. Міне, осы мақсат-мұраттарды көздей отырып, біз ұлы Абайдың поэтикалық тілін хал-қадарымызша талдап, қазақтың көркем сөзінің құдіретін қалайша танытқанын айтпақпыз. Абай сияқты сөз зергерінің тілін зерттеуде екі түрлі үлкен мақсат көзделуге тиіс. Бірі – Абайдың қазақ әдеби тілінің даму барысындағы алатын орны, яғни «Абай және қазақтың ұлттық жазба әдеби тілі» деген тақырып. Екіншісі – оның тілдіккөркемдік шеберлігі, яғни Абайдың сөз өрнегі, поэтикалық тілі деген проблема. Алдыңғысы – қазақ әдеби тілі курсының үлкен бір бөлігі, өйткені Абай дайын тұрған әдеби тілді пайдаланған қатардағы қаламгер емес, ол – осы тілдің ұзын-сонар көшін жаңа бағытқа салған, тілдің даму тарихының жаңа сапалы кезеңін бастаған суреткер. Ұлттық әдеби тілдің қалыптасу барысындағы көркем әдебиеттің рөлі жайындағы мәселе өте күрделі, мұнда тілдердің кай-қайсысына да тән бағыттармен қатар, әрбір әдеби тілдің өзіндік жеке тарихи шешімдері болатындығын мойындау қажет. Қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің қалыптасуы мен дамуы да өзге ұлт тілдерінің басып өткен ізін жолма-жол қайталамай, өзіне тән тарихи жолын бастан кешірді. Егер әдеби тіл деп қоғамның қолданыс тәжірибесінде сыннан өткен, өңделіп-қырланған, яғни әр алуан нормаларын қоғам санасы дұрыс деп қабылдаған әрі ол нормалары барлық үлгілерге ортақ болып келетін тілді атайтын болсақ және ондай тіл қоғам мүшелерін топтастырушы қызмет атқаруға тиіс екендігін мойындасақ, қазақтың ұзақ дәстүрлі әрі күшті 14 дамыған әдеби тілі Абайға дейін көп бұрын-ақ, тіпті сонау қазақ қазақ болып жеке халық (этнос) ретінде тарих сахнасынан көрінген кездерден өмір сүріп келгенін айтып жүрміз. Ол тіл ауызша дамып, ауызша таралып, ауызша сақталып келгенін, соған қарамастан жалпылық, ортақтық, тұтастық, ұйымдастырушылық қасиеттерге (сипаттарға) ие болып, нормалары едәуір қалыптасқан, сөздік қазынасы бай, көркемдік белгілері күшті дамыған әдеби тіл болды деген тезисті де ұсынып, дәлелдеп келеміз. Бұл тілді ұлттық кезеңге дейінгі әдеби тіл санатында қарап, оны танытқан үлгілерді іздестіргенде, ең алдымен, мыналарды айту қажет. Әдеби тіл статусын тану сол халықтың мәдени-рухани болмысының, әр алуан әдебиетінің тарихын танып-білумен тығыз байланысты. Көптеген халықтардың әдеби тілінің қалыптасуы мен дамуы оның көркем әдебиетіне қатысты болып келеді. Соның ішінде, мысалы, қазақ әдеби тілі алғашқы кезеңдерінде XV-XVIII ғасырлардағы ақын-жыраулар шығармашылығымен тікелей байланысты болды. Сондықтан Абайдың алдындағы сан ғасырлық қазақ поэзиясының тілі өзге де үлгілермен қатар, қазақтың ұлттық кезеңге дейінгі әдеби тілінің ең басты сүбелі үлгілерін танытады. Бұлардан басқа билердің шешендік сөздері және ауызша-жазбаша түрде тараған шежірелері де қазақтың төл әдеби тілінің үлгілері болып саналады. Бұлардың барлығын «фольклор» деп аталатын халық ауыз әдебиеті мұраларынан бөлек дүние деп санау қажет. Өйткені ақын-жыраулар мұрасы – авторлы, профессионал әдебиет үлгілері, ал фольклор – авторсыз және өзіне тән ерекшеліктерімен ажыратылатын халықтық мұраның қазынасы. Бірақ екеуіне ортақ бір белгі бар, ол – қазақтың ақын-жырауларының өлең-жырлары мен билерінің сөздері де, фольклор дүниесі де ауызша тарап, ауызша өмір сүргендігі. Сондықтан XV-XIX ғасырлардағы қазақ ақын-жыраулар поэзиясы тілін «қазақтың ауызша әдеби тілі» деп, ал фольклор тілін «ауыз әдебиеті тілі» деп бөліп атауды орнықтырып келеміз. Абайға дейінгі қазақтың мәдениет көгінде және бір тіл өмір сүріп келді. Ол ортаазиялық және Еділ бойы мен Кавказды мекендеген бірсыпыра түркі халықтарының да жазба дүниесіне 15 қызмет етіп келген «түркі» деп аталған дәстүрлі жазба тіл еді. XVI ғасырдың соңында жасап өткен, қазақтың тарақ таңбалы жалайыр руынан шыққан тарихшы ғұламасы Қадырғали бидің «Жами ат-тауарих» атты шығармасы да осы тілде, яғни қазақтың ескі жазба әдеби тіл дәстүрінде дүниеге келген. Бұл дәстүрді XVI-XVIII ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандарының Ресей әкімшілігімен, Орта Азия хандықтарымен араларында болған хат-хабарларда және өзге де жазба қатыныстарда пайдаланған. Қазақтың осындай сан ғасырлық тарам-тарамды тіл тарихында Абайдың орны ерекше, яғни жеке өз алдына сөз етерлік тақырып екендігі оның осы ұлан-асыр тіл тарихы көшінде жаңа кезеңді бастауына байланысты. Абай қазақтың байырғы әдеби тілін ұлттық жазба тілге айналдырып, соның іргетасын қалады, оның даму бағыттары мен принциптерін ұсынды. Бұл ретте Абай тілін зерттеу ұлттық әдеби тілдің тарихына барып ұласады. Бұл тақырып қазақ ғылымында едәуір зерттеліп келеді. Абайдың қазақ әдеби тілі тарихындағы орны мен қызметі М. Әуезов, Қ. Жұбанов, Қ, Жұмалиев, Н. Сауранбаев, I, Кеңесбаев, С. Аманжолов, Ғ. Мұсабаев, А.Ысқақов, Қ. Өмірәлиевтердің еңбектерінде жақсы көрсетілді. Сондай-ақ осы мәселеге біз де арнайы «Абай шығармаларының тілі» атты монография («Ғылым» баспасы, 1968) ұсындық. Бұл кітапта Абай тілін көркемдік көрінісі жағынан емес, қазақ әдеби тілінің жаңа ұлттық жазба тіл кезеңін бастау тұрғысынан және XIX ғасырдың II жартысындағы қазақ тілінің статикалық күйқалпын көрсететін материал ретінде сөз еттік. Бұл зерттеуіміздің жалғасы ретінде «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» атты («Ғылым» баспасы, 1971) екінші монографиямызды да жарияладық. Бұлардан басқа ХV-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдеби тілі тарихына арналған кітабымызда («Ана тілі» баспасы, 1993) Абайға жеке тарау беріп, кеңінен сөз еттік, оның ана тіліміздің тарихындағы орны мен еңбегіне, қосқан зор үлесіне тоқталдық. Аталған еңбектерімізде қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің қалыптасуы, оның негізгі арналары, бұл процестегі ескі 16 түркі жазба дәстүрдің, оның ішінде XIX ғасырдың соңғы ширегінде қазақ топырағында орын алған «кітаби тіл» дегеннің рөлі сияқты мәселелерді сөз еттік, сонымен қатар мұнда осы процестердегі Абайдың ұстаған принциптері мен жөн сілтеген бағыттары, өлеңдері мен прозасының тілі арқылы тікелей көрсеткен үлгісі, қысқасы, бүгінгі ұлттық жазба тіліміздің қалыптасып, әрі қарай даму барысындағы Абайдың қызметі нақты фактілермен талданды. Бұл аталған авторлардан басқа да көптеген ғалымдар мен өзге де зерттеушілер тарапынан қазақ әдеби тілін дамытудағы Абайдың қызметі айтылып, мүмкіндігінше әр тұстан баяндалғанын көрсетуге болады (М. Мырзахметов құрастырған, 1988 жылы шыққан «Абайтану» атты библиографиялық көрсеткішті қараңыз, бірақ бір өкініштісі – Абайдың тілі жайындағы еңбектер мұнда түгел қамтылмапты, мысалы, жоғарыда аталған, Абайдың тілін жеке монография түрінде тұңғыш рет сөз еткен біздің екі кітабымыздың екеуі де көрсетілмеген, сондай-ақ ұлы ақынның тіліне қатысты жариялаған мақалаларымыз да түгел емес). Демек, Абай тілін зерттеудің бірінші аспектісі – оның қазақ әдеби тілінің даму процесіндегі орны мен қызметін көрсету жақсы қолға алынып, пікірлер тұрақтала түскенін көреміз. Ұлы ақын поэзиясы тілін танудың екінші қыры – поэтикалық сөз өрнегі де назардан тыс қалған жоқ, бұл да танымдық және ғылыми әңгіме арқауына негіз болып келеді. Бұған алдымен әдебиеттанушылар барды. Абайдың тіл көркемдігін тұңғыш рет кеңінен және арнайы монографиялық еңбек жазып зерттеген адам – ірі әдебиеттанушы ғалым Қажым Жұмалиев. Ол 1960 жылы жарияланған «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі» атты кітабында алдымен Абай өлеңдеріндегі өзінің тура мағынасында қолданылатын сөздерді бөліп қарап, содан соң көнерген, жергілікті сөздер (диалекті сөздер), кірме сөздер («шет сөз»), Абайдың өзі енгізген жаңа сөздер деп көрсетіп, талдайды. Олардың Абай өлеңдеріндегі қолданылу себептерін айқындайды, аз-көптігін айтады, бұлардың ауыз әдебиеті үлгілеріндегі, өзге ақын-жыраулардағы (ғалымның 17 өз термині бойынша «тарихи әдебиет» өкілдеріндегі), шағатай әдебиетіндегі көрінісін де қамтып, салыстырады. Жұмыстың көлемді бөлігі Абай тіліндегі көріктеу құралдары (Қ. Жұмалиевтің терминімен «поэтик тілдердің негізгі саласы»): эпитет, теңеу, троптарды (метафора, метонимия, синекдоха, символ), фигураларды көрсетіп, талдауға арналған. Зерттеуші бұларды түр-түрге бөліп көрсетеді, тарихи әдебиет пен ауыз әдебиетіндегі көрінісімен салыстырады. Келесі тарауында Абай текстеріндегі ирония, сарказм, гипербола, литоталарды (автор бұл терминдерді осы түрінде қолданған) жоғарғы үлгімен талдайды, олар кездесетін мысалдарды келтіреді, Абайға дейінгі әдебиеттегі түрлерін береді. Қысқасы, бұл монография – Абай тіліндегі көркемдеуіш-бейнелеуіш элементтерді тауып көрсетіп, талдау арқылы оның поэтикалық тілін зерттеген тұңғыш құнды еңбек. Бұл зерттеушінің негізгі мамандығы әдебиеттанушы болғандықтан, әрине, өзі тауып талдаған көріктеу құралдардың тілдік механизмін (сырын, амалын, элементтерін) көрсетпеген. Ол – тіл маманының үлесіне тиетін жүк болғандықтан, монография авторы бұл міндетті мойнына алмаған. Монографияның негізгі бөлігі Абайдың «поэтик тіліне» арналып, қалған бөліктерінде ақынның аудармалары, жалпы тіл туралы Абайдың көзқарасы, қазақ әдебиеті мен әдеби тілінің тарихындағы Абайдың орны деген мәселелерге де тоқталған. Абайдың поэтикалық тілі белгілі әдебиеттанушы Зәки Ахметовтің еңбектерінде талданады. «О языке казахской поэзии»3 деген зерттеуінде автор Абайдың поэтикалық тілін дәстүр мен жаңалық проблемасына жанастыра қарастырады. Ақын тіліндегі табиғат пен адамды суреттейтін эпитеттер мен теңеулердің мейлінше анық, дәл екендігін танытады, ол үшін «Қансонарда», «Жазғытұрым», «Күз» өлеңдерінің көріктеу құралдарын талдайды. Абай тіліндегі поэтикалық образдардың символдық мағыналарын ашады. Абай енгізген жас бұлт, кәрі жартас, тірі сөз, тентек өмір, салқын өмір, қараңғы өмір, өткен күннің улары сияқты фразеологизмдердің аударма 3 Ахметов 3. О языке казахской поэзии. - Алматы, 1970; Өлең сөздің теориясы. - Алматы, 1973. 18 өлеңдерінде кездесетіндігін айтады, олардың орысша баламаларын көрсетеді. Ал «Өлең сөздің теориясы» деген кітабының III тарауы «Абайдың тіл ұстарту өнегесі» деп аталып, мұнда автор Абайдың метафорамен келген образдар арқылы нені сипаттайтынын дәлелдейді, ұйқасқа алынған сөздердің поэтикалық жүгін танытады, өткен шақ көсемше тұлғасымен келген етістіктерді (шығындап, мығымдап деген сияқты) талдап, оларды эпитет деп табады. З. Ахметовтің бұл зерттеулерін Абай поэтикасын әдебиет теориясы тұрғысынан танытатын құнды еңбектер деп танимыз

Абай буын саны жағынан өлеңнің өзіне дейін болмаған жаңа түрін жазғанмен, сайып келгенде, олардың барлығы да силлабикалық (буын санына қарай) құрылыс заңдылығына бағынады, өйткені қазақ өлеңінің жасалу табиғаты – силлабикалық. Абай өлеңінің тармақ саны мен ұйқасуына небір алуан жаңа түрлерін ұсынғанымен, сайып келгенде, олар енді ұйқасқа құру шартына бағынады, өйткені соңғы дәуірлердегі қазақ өлеңінің негізгі белгісі аллитерация емес, ұйқастыру[2]. Зерттеушілер жалғыз қазақ емес, Кіші Азия, Кавказ, Орта Азия, Еділ бойын мекен ететін түркі халықтарының поэзиясындағы ырғақтық құрылыстың соңғы дәуірлердегі басты құралы ұйқас екендігін де көрсетеді[3]. Абай да осы зандылықты аттап кетпейді.


Қазақ өлеңі бұрын білмеген теңеудің, эпитеттің, метафораның жаңа түрлерін Абай поэзиясында ғана кездестіргенімізбен, олардың қолданылу принциптері мен жасалу техникасы Абайға дейінгі қазақ өлеңіне де тән болатын. Бұл шарттан да ақынның аттап өтуі мүмкін емес. Бірақ осылардың барлығын жетілдіру, түрлендіру, кеңейту, оларға жаңа сапалық белгілер қосу – ұлы ақынның тіл дамуында айрықша қызмет еткен каламгердің еңбегі.
Бұл жерде Абай өзіне дейінгі дамыған, халықтың эстетикалық-рухани сұранысын сан ғасыр бойы өтеп келген қазақ поэзиясы тілінің жалпы заңдылықтарын сақтай отырып, қазақ өлең сөзіне орасан көп өзгеріс-жаңалықтар енгізді деп кесіп айтуға болады.

Абайдың қазақ поэзиясы тіліне қосқан үлесі, істеген еңбегі, енгізген жаңалықтары ретінде мына тақырыптарды көрсетіп, оларды жеке-жеке талдаған жөн:


1) поэзия тіліне қаламгер қолтаңбасын салу дәстүрі, яғни шығармашылық (творчестволық) контекст дегеннің Абайда айқын көрінуі;


2) өлең тілінің сөздік құрамына енген өзгерістер;
3) айқындық пен дәлдік;
4) фразеология саласындағы жаңалықтар мен өзгерістер;
5) жеке сөздерді тандап, талғап жұмсау, оларды поэтизмге айналдыру;
6) өлеңнің синтаксистік-композициялық құрылысына енген өзгерістер.
Бірінші. Абайда өз қолтаңбасының (шығармашылық кон-текстің) айқын көрінуі. Абай, Пушкин сияқты, әдебиеттің, яғни өлеңнің іші «поэтикалық ойға»–«идеяға» толы болуы­на күш салды. Ойға, мазмұнға құрылған өлең сол ойды дәл, әсерлі етіп беретін амал-тәсілдерді іздеттірді. Сондықтан да Абайда өлең мазмұнын, ақынның айтпақ идеясын білдіретін элементтердің айқындала, көріне түсуі басым, яғни Абайдан «шығармашылық контексті» көре аламыз. Шығармашылық контекс дегеніміз – жазушының көркемдік-бейнелеуші түр-тұрпатын тікелей көрсететін тілдік фактілер жүйесі[4]болса, бұл тұрғыдан келгенде, Абайдың тілі өзіне дейінгі, өзімен тұстас қазақ көркемсөзі тілінен ерекшеленіп тұрады.
Абайдың өз қолтаңбасын сипаттайтын мынадай тілдік фактілерді көрсетуге болады:
1) Абай қаламына бір ұғымды (объектіні) әр алуан тұрғыдан айқындау, ол үшін дәстүрлі эпитеттерді де, жаңаларын да пайдалану тән. Мысалы, ет жүрекжау жүрек, ит жүрек, ыстық жүрек, ауру жүрек дегендерінде кәнігі тұрақты эпитеттерді жұмсаса, асау жүрек, асыл жүрексұм жүрек, мұз жүрек, жылы жүрек, үрпейген жүрек, қырық жамау жүрек дегендерінде жаңа белгілерді, тосын эпитеттерді келтіреді. Абай тіліндегі тың эпитеттер – бір жағынан, ауы­спалы мағынада келтірілген образды сөздер. Мысалы, сүтпен енген надандық, аума-төкпе заман, қырмызы қызыл жібек бозбала, нұрлы сөз, нұрлы ақыл дегендердегі анықтауыштар – өздері қатысты нәрселердің (надандық, сөз, ақыл) бойлары­на тән сындары емес, ауыспалы мәнде бейнеленген сөздер. Ал, екінші жағынан, Абай қолданған эпитеттердің көпшілігі заттың, нәрсенің, құбылыстың тікелей сыр-сипатын көрсететін нақты сындар болып келеді: ыңғайлы ықшам киім, күркіреп жатқан өзен, шұрқырап жатқан жылқы, түсі суық сұр бұлт, дымқыл тұман, жарық ай, желсіз түн.
Бір объектіні әр қырынан анықтау арқылы Абай сөздің метафоралық қызметін ұлғайтады, олардың тіркесу мүмкіншілігін кеңейтеді.
2) Абайдың өзіне тән қолтаңбасын танытатын белгілердің және бірі – экспрессивтік бояуы күшті, модальдық реңкі бар сөздерді образ үшін шебер пайдалануы. Мысалы, өз заманда­стары – болыс пен пысықтар бар ма, «әсемсіп, сәнсіген» кер­без, керімдер бар ма, «бойы былғаң, сөзі жылмаң» ауылдаста­ры бар ма, «салақ, олақ» «Масақбайдың қатындары» бар ма – осылардың баршасының образын дәл, әсерлі етіп беру үшін жағымсыз қимылды білдіретін етістіктерді қолданады және бір ерекшелігі – оларды көбінесе өткен шақ көсемше тұлғасында пайдаланады. Мысалы, бір ғана «Болыс болдым, мінекей» де­ген өлеңінде Абай болыс, шабарман, пысықтардың портретін жасау үшін далпылдап, жалпылдап, барқылдап, бартылдап, шаңқылдап, аңқылдап, тарпылдап, қарқылдап, шартылдап, тарпылдап, лепілдеп, дікілдеп, өкімдеп, күпілдеп, шыбындап, жымыңдап деген жағымсыз бейнелі етістіктерді келтіреді. Бұлардан басқа да осы өлеңде ақын бейтарап мағыналы беру сөзін емес, тығындау етістігін алса, ол – әлдеқайда бейнелі: соңғы сөзде жалпы «беру» семантикасымен бірге, толып жатқан қосымша реңктер бар. Бұл – бар малын елге құр бере салу емес, берген үстіне беру, алушының еркіне қоймай беру, әрине, қалтқысыз беру емес, «еруліге қарулы барын» есте тұтып беру т.т. Сондай-ақ «сияз бар десе» болыстың жүрегі құр лүпілдемейді (лүпілдеу сөзі қалыпты күйді білдірер еді), суыл­дайды.
«Байлар жүр жиған малын қорғалатып» деген 18 жолдық шағын бір ғана өлеңінде қолданған қорғалатып, Құдай атып, бұтып-шатып, есіріп, ісіп-кеуіп, қабарып, ырылдатып, Құдай қалжыратып сияқты бір топ етістіктің барлығының дерлік мағынасында эмоциялық бояу бар. Тегі, етістіктердің өткен шақ көсемше тұлғасы қазақ әдеби тілінде белгілі бір поэтикалық міндетті өтейтін құрал ретінде қалыптасқан деуге болады[5].
Образды сөздерді Абай тек етістік тобынан емес, өзге сөз таптарынан да алып пайдаланады. Ол қыртың, тыртың, бай-ғұс қылпың, қу борбай, сымпыс шолақ деген сындық мағы-надағы сөздерді да жатсынбайды, тіпті орайы келіп кеткенде, образды одан сайын күшейте түсу үшін, кезінде Құдайберген Жұбанов көрсеткендей, анау-мынау тұрпайы сөздерден де (қаншық, ойнас, күйлеу, мақтанның к..і көрінді, болыстың к...шөмейді деген сияқты) қашпайды. Бүкіл поэзиясы жалғыз көңіл күйі лирикасы емес, өзге де жанрларды қамтитын Абайдай ақынның тілінде тұрпайы элементтердің болуы – қаламгердің талғамсыздығынан кеткен ақау деп емес, шығарманың экспрессиясы үшін қолданылған амалдар жүйесінің талабы деп тану қажет.
Қазақ поэзиясы бұл тәрізді стильдік мәні бар элементтерді бұрыннан да образ үшін пайдалануды білген. Бірақ бұл бұрын әр тұста бір ұшырасатын факт болса, Абай оны жүйелі түрде жиі пайдаланып, әрі өз қадамына тән, әрі қазақ поэзиясы үшін ұтымды тәсілдердің біріне айналдырған.
2) Кейбір грамматикалық тұлға-тәсілдерді жандандырып,жиі қолдануы да, біздің байқауымызша, Абайдың өз қолтаң-басын танытатын белгілердің бірі бола алады. Мысалы, оның өлеңдерінде кісімсу, батырсу, еркесу тәрізді -сы жұрнағы арқылы жасалған сөздер көзге түседі. Бұл тәсілмен Абай жеке сөздерді ғана емес, жер тәңірісу, қалжыңбассу, еңбегі жоқ еркесу сияқты жаңа тіркестерді де жасайды. Мұның себебін ақын шығармаларының мазмұнынан, дәлірек айтсақ, оның ар-ұждан жөніндегі көзқарасынан іздеу керек. Бұл жұрнақ адам өзін біреуге не бір нәрсеге теңеп, балап айтумен немесе бірдеңені істеген я істемеген етіп көрсетумен байланы­сты көлгірсу мәнін береді, сондықтан Абай «сөзуар, білгіш, закөншік, көргіштер», «малдан басқа мұңы жоқтар», «тобықты молыққан пысықтар» сияқты замандастарының көлгірсіген, әсемсіп, сәнсіген, өтірік қайраттысып, қамқорсыған бейнесін беру үшін осы жұрнақты қалайды, оны активтендіріп, өз қолтаңбасының біріне айналдырады.

Әрине, Абайға дейінгі немесе онымен тұстас ақындардың ешқайсысының өзіндік беті (қолтаңбасы) мүлде болған жоқ деген тұжырым айтуға болмайды, бірақ ешбірі де дәл Абай­дай өз қаламын, өзінің сөз қолданыс мәнерін көрсете алған жоқ. Мұрасы едәуір мол сақталған Бұхар жырауды алсақ, «мы­нау – Бұхардың қолы» деп тап басып, дәл телитін белгі көп емес. Бұхардың өзі сүйіп, стильдік жүк артып, Абайша жүйелі түрде қолданған элементтері өте аз. Бұхардың сөз саптауы – өзіне дейінгі есімі сақталған-сақталмаған жыраулар мектебінің жақсы үлгісі.


Қазақ поэзиясында сөз мәнері, стилі өзгелерден бөлекше танылатын «өзіндік қаламының ізі» едәуір айқын сезілетін Махамбетте де Абайдай үлес жоқ. Махамбеттің өзіндігі («контексі») тілінен гөрі, өлеңдерінің мазмұнынан, идеясы­нан байқалатын тәрізді. Абайдың дәл алдында өткендерден ақындық қуаты да, ізденісі де өзгелерден биік тұрған Дулат біршама ерекшеленеді, онда әудем жерден «дулаттықты» көрсететін тілдік белгілер аз емес, бірақ ол да Абайға шендесе алмайды. Демек, Абайдың поэзия тілі үшін сіңірген еңбегінің бірі – қаламгерлік даралықты, яғни өз қолтаңбасын айқын көрсетуі деп түюге болады.
Екінші. Абай шығармашылығы арқылы қазақ көркемсөзінің лексикалық құрамына өзгеріс енді. Ол өзгерісті туғызған – екі нәрсе: бірі – ақын жырлаған тақырыптар мен шығармаларының жанрлық құрылысы, екіншісі – жаңа образдар іздеу. Поэзия тілінің лексикалық құрамы оның мазмұны (тақырыбы) мен айтпақ идеясына тікелей байланысты болатындығы мәлім. Дегенмен соның өзінде де өлеңге катыстырылатын сөздерді поэтизмге айналдыру – ол жеке ақынның ісі. Ал лексикалық поэтизм дегеніміз – белгілі бір кезендегі поэзия тілінде пай­да болған немесе іріктеліп шыққан сөздер мен тіркестер (обороттар)[6], яғни өлеңнің көркемдік талабын өтеу үшін қалыптасқан элементтер.
Абай, ең алдымен, қазақ поэзиясының тіліне бұрын көп ұшыраспайтын лексикалық топтарды қатыстырды. Оның басты тақырыбының бірі – адам, адамның моральдық бет-бейнесі, сыртқы портреті, іс-әрекеті. Бұл тақырыптарды Абай бұрынғы ақын-жыраулардың жалпы түрде өсиет-ақыл айтуы сияқты сипатта емес, нақты заттың немесе әр қимыл-әрекеттің өзін бөлшектеп суреттеу түрінде, әр мінез-қылықтың өзін дәл атау түрінде жырлайды. Сондықтан адамның психологиялық күйін білдіретін сөздерді өлең тіліне молынан енгізеді. Мы­салы, сүйіскен жастардың бір-бірімен кездескен кездегі ішкі көңіл күйлерін дәл беру үшін бұрыннан жиі қолданылатын жүрегі лүпілдеу, буыны босау, жүрегі елжіреу, тән шымырлау, жүрек балқу, ләззат алу, сағыну тәрізді тіркестермен қатар, су­ыну, ысыну, елең қағу, бос шошу, қызару, сұрлану деген сияқты жай-күй атауларын пайдаланады.
Жалпы Абай өлеңдері тілінде адамды әр алуан жақтан бейнелейтін етістіктердің өте көп екенін атап айтуға болады. Ақын тіпті көктем тәрізді табиғат құбылысына суреттеген­де де, оны адам бейнесінде бергендіктен (персонификация әдісін қолданғандықтан), күннің көзі елжірейді, гүл мен ағаш майысып қарайды, су бұлаңдап ағады, жер иіп емізеді, күн қырындайды, жер күлімдейді т.т.

Әсіресе жағымсыз замандастарының образын жасау­да бұрын поэзия тіліне көп қатыстырылмайтын бұртақтау, тыртыңдау, арсаңдау, ит көрген ешкі көздену, ыржыңдау, кірбіңдеу, тізесін созғылау сияқты қимыл атауларын еркін енгізеді. Бұлар стильдік қызмет атқарып, поэтикалық құралға айналады.


Тек психологиялық ішкі көңіл күйі емес, адамның осы сәттегі сыртқы бейнесінің суретін оқырманның көз алдына дәл келтіру үшін тамаққа иегі кіру, сүйеніп тұру, иықтары тиісу, көздері төмендеу, саусағы суыну деген сияқты сөз-дерді молынан жүйелі түрде келтіру – қазақ өлеңі үшін тың құбылыс болды.


Абайда жалпы суреттеме (оқушының көз алдына белгілі бір суретті елестету) тәсілі күшті берілген. Мұның өзі де – қазақ поэзиясында тың нәрсе. Осы әдіс өлең тіліне күнделікті тұрмыс-салтқа байналысты лексика тобын әкелді. Мысалы, «Күз» деген өлеңінде келтірілген жыртық киім, шуда жіп, кемік сүйек, сорпа-су, жамау, ыс деген сөздер бұрынғыдай ауыспалы мағынада емес, тура өз мағыналарында сурет үшін пайдаланылған. Сондай-ақ «Қараша, желтоқсан мен» деп басталатын өлеңіндегі отын, и тон, шекпен, от, қи, қап, үйген жүк деген тұрмысқа қатысты сөздер қыстыгүнгі қазақ ауылының нақты суретін беру үшін алынған. Ақын өзінің айтпақ идеясын осындай нақты сурет арқылы беріп отыр. Бұл әдіс – қазақ әдебиеті тілінде соны құбылыс болса, оның тілдегі көрінісі де жаңа. Өйткені бұрынғы поэзия тілінде тұрмыстық лексика өзінің тура мағынасында сирек қолданылатын.


Суреттеме тәсілдің бір түріне көзге елестетіп берілген об­раздар жатады. Мысалы, аңға салған құс пен одан қашқан түлкінің суретін көзге елестетіп беру үшін ақынға қайқаң қағу, сылаң ету, аузын ашып қоқақтау, құйрық-қанат суыл­дау сияқты сөздер қажет болған. Сол сияқты наданның намаз оқыған кездегі суретін көзге елестету үшін құржың-құржың ету, тоңқаңдау деген тіпті тұрпайы сөздерді алған. Әрине, Абай қазақ поэзиясына тұрмыс-салт лексикасын молынан енгізгенде, олардың барлығы тек нақты сурет үшін ғана қолданылған деуге болмайды. Оларды әр алуан поэтикалық құрал ретінде жұмсауды Абай әрі қарай дамытады. Мысалы, қырмызы қызыл жібек, оңғақ бұл сөздерінің тура мағынасы – тұрмысқа қажетті бұйым-матаның атын білдіру, ал ақын оларды теңеу үшін пайдаланған: Қырмызы қызыл жібек бозбалалар, Оңғақ бұлдай былғайды бір дым тисе.
Қоғамның саяси-экономикалық құрылысына, оқу-білімге, философия мен дінге қатысты сөздер мен тіркестерді, кейде тіпті терминдерді поэзия тіліне молынан енгізу Абайдан баста­лады. Бұған, әрине, ақынның әйтеуір сөздікті толықтыру ниеті емес, оның шығармашылығының мазмұны мен тақырыбы себепкер болды. Сөздіктің бұл топтары арқылы Абай өз заманындағы қазақ қоғамын жан-жақты суреттеумен қатар, оларды да поэтикалық құралға айналдырады. Абай тіліндегі бай, кедей, болыс, пысық, аларман, қазы сөздері образдық эле­менттер ретінде де келеді.
Сөйтіп, қазақ поэзиясы тілінің лексикалық құрамын кеңейту, яғни бұрын актив қатыстырылмайтын сөздер тобын өлең тіліне енгізу және оларды тура да, ауыспалы да мағыналарында пай­далану – Абайдың әдеби тілге, оның ішінде өлең тіліне қосқан үлесі, саналы түрде істеген қызметі деп айтуға болады.
Үшінші. Абай поэзиясының тіліне айқындық пен дәлдік тән. Дәлдік үшін өмір шындығына сай образдарды алу – ба­сты шарт. Сондықтан Абай қолданған образдардың басым бір тобы – қазақ халқының көп ғасырлық күн көріс тіршілігінің негізі – малға байланысты болып келетіндігін көреміз. Еңбексіз күнкөрісті жөн көретін замандастарының жағымсыз портретін беруде: «Үш күн қолың босаса, Бола қалдың бас асау» немесе: «Ұрлық пенен қулыққа Байлағанда кестің бау» деп келтірген образдары – жылқыға қатысты. Болыстың: «Күштілерім сөзайтса, Бас изеймін шыбындап» деуі, «алқыны күшті асау-лардың ноқтаға басы керілуі» – осылардың баршасы мал өсіру тіршілігінен алынған. Абай өлеңдерінде күлкіні мәліш саудаға, алыс-берісті асық ұтысқа, бозбаланы оңғақ бұлға, жапырағынан айрылған ағаш-қурайды қайыршы кемпір-шалға баласа, мұндағы мәліш саудаасық ұтыс, оңғақ бұл, қайыршы кемпір-шал – барлығы да өз тұсындағы қазақ тіршілігіне өте таныс нәрселер.
Суреткер талаптың аты, асау жүрек, жүйрік уақыт, үміттің аты, қу тілмен қулық сауу тәрізді соны тіркестер жа­сауда да қазақ оқырманына таныс образдарды алады. Сонымен қатар Абай образдар жасауда айналадағы болмыс-тіршіліктің малдан басқа да жақтарын қатыстырады. Өз үйінде өзендей Күркірейді айтса дау десе, өзеннің күркіреуі – қазақ оқырманы үшін жат емес, өмір шындығы. Сөйтіп, шындықтан алынған образдарды келтіру – Абай үшін поэзия тілін айқын, түсінікті, оқырман көкейіне қонымды ететін тәсілдің бірі.

Абай өлең сөзінің «іші – алтын, сырты – күміс» болуын қалағанда, сырттай әсер беретін әсіреқызыл сөздерден аулақ болуын тілегенде, ол поэзияның терең (көп) мәнді, аз сөзді болу принципін ұстаған. Сондықтан да болар, Абайда дәстүрлі эпитеттерден гөрі, сонылары көбірек кездеседі. Қанша әдемі болса да, кәнігі образдар (тұрақты эпитетті тіркестер) кез-келген идеяға, әсіресе жаңа ойларға сай келе бермей, құр жылтырақ фраза болып шығуы мүмкін. Мұны ақынның өзі де бірнеше рет ескертіп өтеді. Бірде: (сөзім) әсіреқызыл емес деп жиренбеңіз десе, енді бірде: өлең деген – әр сөздің (орайлы) жарасымы дейді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет