Ажым – бетке түсетін нәрсе, ол – көзге көрінетін сызықтың атауы. Абай осы сөзді көңіл деген дерексіз ұғым атауымен қабыстырып, көңілге ажым салу деген жаңа тіркес жасаса, бұл да – соны образ әрі оның экспрессиясы көңілі қалу, көңілі жабырқау деген кәнігі тіркестерге қарағанда, әлдеқайда күшті. Абай үрпиген жүрек, қырық жамау жүрек деген соны фразеологизмдер ұсынғанда, тағы да мағыналары бір-біріне жуыспайтын сөздерді тіркестіреді. Сірә, Абай өлең тілінің образдылығын арттыру үшін кейіптеу (персонификация) амалын кең қолданған деуге болады. Сондықтан да тентек жиын, саңырау қайғы, жабырқаңқы сөз деген Абай жасаған жаңа тіркестердегі эпитеттер – адамға тән сын-сипат атаулары. Бойды ұрлау, қызығын ұрлау, қулық жалғау, қулық сауу, жүрегін ұстап сату, иман жүзін тоздыру дегендер де – осы қатарда.
Абай белгілі бір етістіктерді қазық етіп алып, оған әр алуан зат есімдерді тіркестіреді де соны мағына беріп, поэтикалық ойды құбылтатын жаңа фразеологизмдер жасайды. Мысалы, сату етістігінің қатысуымен бұрыннан бар сақалын сату, арын сату деген тіркестердің үстіне қулық сату, еңбек сату, күлкі сату, құлағын сату, жүзін сату, өз басын сату, жүрегін сату, сөз сату деген жаңаларын қосады. Сол сияқты сауу (қулық сауу, адам сауу, еңбек сауу), күйлеу (мақтан күйлеу, әуелілік күйлеу, күлкі күйлеу), бағу (күлкі бағу, ғылым бағу, ел бағу), табу (ақыл табу, ғылым табу) сөздері – жақша ішіндегі тіркестердің кіндік-қазығы ретінде таңдап алынған етістіктер.
Көңілге ажым салу, қайғының иыққа шығуы, көңілге қалың беру, қорлыққа жығылу, ақылға сәуле қону, айлаға шырақ жағу тәрізді образдар да мағыналары алшақ сөздердің тіркесуінен пайда болған. Кейбір зерттеушілер бұларды орыс поэзиясының әсері деп тануға бейім. Біздіңше, бұл сыңайлас фразеологизмдердің жасалу үлгісі – Абайға дейін де бар құбылыс. Мысалы, Абайдың: Адасқан күшік секілді Ұлып жұртқа қайтқан ой дегеніндегі ойдың жұртқа қайтуы мен Дулаттағы: Мөңіреп жұртқа ой қайтты Бұзауы өлген сиырдай дегеніндегі ойдың жұртқа қайтуы – бір қалыппен жасалған образдар. Абаймен тұстас Шәңгерей Бөкейұлының: Тотықты нәпсіге еріп ақ ниетім дегені, Ақан серінің: Көңілдің заһарына салдың ұя дегендері, Дулаттың: ақылды көңілдің құтысына құю дегендері қазақ поэзиясының тілі үшін бұл амалдың жат еместігін, тек қана орыс әдебиетінен келген еместігін көрсетеді. Бір ғана айырмашылық – Абай осы модельді активтендіріп, белгілі бір жүйелі амалға айналдырады.
б) Абайдың қазақ көркем тіліне қосқан және бір жаңалығы – бұрынғы тұрақты тіркестерді жаңғыртып, өзгертіп қолдануында. Ол өзгертудің өзі бірнеше түрлі. Абай дәстүрлі тіркесті алып, оның бір-екі сөзін синонимдерімен алмастырады да мағынасын сақтайды. Мысалы, уайым жеу тіркесін қайғы жеу деп, өсекке таңуды өсекке салу деп, ауызға сөз түспеді деудің орнына тілге сөз түспеді деп береді. Сол сияқты ант бұзуды ант шайқау, ақылы кіруді ақылға ену, жүзін жылытуды шырайын жылыту, ар-ұяттан безуді ардан кету, арын төгуді қасиетін төгу деп өзгертіп құру Абайда жүйелі тәсілге айналады.
Бұрынғы тіркестердің мағынасын қуалап, соның ізімен жаңасын жасау да – Абайдың активтендірген тәсілдерінің бірі. Бұрынғы аттың майы, көліктің майы дегендердің үлгісімен көздің майын ағызу, сөздің майын аямау деген тіркестер құрады. Көліктің (аттың) майы дегенде «аттың күші» деген ұғым берілетін болса, көздің майы, сөздің майы дегендерге де Абай осы мәнді телиді: көздің майын ағызу – көздің күші жасында болса, соны төгіп, «қалқаға сөз айту».
Достарыңызбен бөлісу: |