Алтыншы. Абай қазақ өлеңінің құрылысына да бұрын-соңды болып көрмеген жаңалықтар енгізіп, бұл ретте де қазақ поэзиясын жоғары сатыдағы жазба әдебиет қатарына қосты. Бұл жөнінде тұңғыш рет Қ.Жұмалиев айтып дәлелдеген болса, одан кейін 3.Ахметов қазақ өлеңі құрылысын ғылыми негізде талдаған еңбегінде кеңінен сөз етеді[9]. Ал бұлардан да бұрын үстіміздегі ғасырдың бас кезінде Абайдың қазақ поэзиясын жетілдіру, жоғары көтеру жолындағы еңбегі мен орны жайында жалпы түрде ең алғашқы сөзді Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсыновтар айтқан болатын[10].
Абай, ең алдымен, өлеңнің ұйқас түрлерін көбейтіп, құбылтты. Оның ішінде абаб суретті шалыс ұйқас пен 6, 7, 8, 14 тармақты жаңа шумақтардың ұйқас фигурасы – қазақ поэзиясында бұрын болмаған мүлде тың дүниелер. Соңдай-ақ Абай өлеңнің жаңа өлшемдерін енгізді, әсіресе аралас буынды тармақтардың өлшемі қазақ поэзиясында соны түр болды.
Мысалы:
Әм жабықтым – 4 буын
Әм жалықтым – 4 буын
Сүйеу болар қай жігіт – 7 буын
Көңілден кеткен соң тыным? – 8 буын
Немесе:
Алыстан сермеп – 5 буын
Жүректен тербеп – 5 буын
Шымырлап бойға жайылған – 8 буын
Қиуадан шауып – 5 буын
Қисынын тауып – 5 буын
Тағыны жетіп қайырған – 8 буын
Толғау тоқсан қызыл тіл – 8 буын
Сөйлеймін десең өзің біл – 8 буын
деген шумақтардағы тармақ өлшемдері қатарында көрсетілгендей әртүрлі.
Өлеңді шумақтау саласында да Абай көп жаңалық қосты. Абай өлеңдері арқылы қазақ поэзиясында бірнеше түрлі шумақтар пайда болды. Бұрынғы 11 буынды 4 тармақты шумақпен қатар, 8 тармақты («Сегізаяқ»), 6 тармақты («Ғашықтық іздеп тантыма», «Кешегі Оспан»), 14 тармақты («Сен мені не етесің?», «Ата-анаға көз қуаныш», «Қатыны мен Масақбай») шумақтық (строфикалық) құрылымдарды ұсынды.
Жаңаша әрі түрлендіріп құрылған ұйқас, шумақ түрлері өлеңнің композициялық-синтаксистік құрылысын да өзгертті: абаб болып келетін шалыс ұйқастың әрбір аб фигурасы көбінесе бір тұтастық (единица) болып құрылады, ал қатар келетін ұйқастарға, мысалы, «Сегізаяқтың» аа, бб, вв ұйқасты жолдарына көбінесе жарыспа (параллель) конструкциялар орналасады: білгенге маржан ~ білмеске арзан, ауырмай тәнім ~ ауырды жаным...
Қазақ поэзиясында тұңғыш рет Дулатта байқалған тәсіл – өленді композициялық бөліктерге ажыратып құру да Абайда жүйелі түрде кездеседі. Мұндайда әрбір композициялық бөлік өзгелерінен ұйқас суретінің бірдейлігі, модальдық реңктің тұтастығы, бір субъектіге қазықталу т.т. сияқты белгілі бір элементтермен ажыратылады. Мысалы, «Болыс болдым, мінекей» деп басталатын өлеңі 7 бөліктен тұрады, олардың әрқайсысы – бір шоғыр (тирада), бір тақырыпты қамтиды және бір ұйқаспен топтастырылады: 1-бөлік 14 тармақтан тұрады, ұйқасы: шығындап ~ тығындап ~ мығымдап... болып келеді, тақырыбы: бар малын тығындап болыс болған Күлембайдың күштілерге бас изеп, әлсіздің сөзін шала тындайтын портретін беру, 2-бөлік – 18 тармақ, ұйқас суреті: лүпілдеп ~ дүпілдеп ~ күпілдеп...; тақырыбы: сол болыстың келесі жолғы болатын съезді естіген кездегі күй-қалпы мен іс-әрекеті... осылайша әрі қарай ажыратыла береді.
Қазақ поэзиясында проза синтаксисіне жақын құрылымды да тұңғыш рет Абай ұсынды. Мысалы, «Қатыны мен Масақбай» өлеңін тармақтарға бөлмей, тұтас жазсақ: Сырмақ қып астына байының тоқымын, отының басына төрінің қоқымын бүксітіп,бықсытып,қоқсытып келтірді деген екі-ақ сөйлем (ал өлеңде – 7 жол) болып оқылар еді. Демек, бұл – тармақараларында өлең тасымалы қолданылған прозаға жақын құрылым. «Сен мені не етесің?» өлеңі де – осындай. Бұл да – жетілген жазба поэзияның белгісі.
Стильдік мақсатта инверсияны (сөздердің орнын алмастыруы) қолдануда да Абай үлгі көрсетіп, жол салды. Өлең тасымалының алғашқы нышандары да Абай өлеңдерінен басталады.
Қорыта келгенде, Абай қазақ өлеңінің құрылысына барлық жағынан өзгеріс-жаңалықтар қосты деуге болады, осы арқылы ол қазақ өлеңін жоғары дәрежелі жазба поэзия деңгейіне көтерді.
Отандық лингвистика ғылымындағы маңызды саланың бірі - фразеологизм болып табылады. Эрине, фразеологизм дегеніміз қай тілдің болмасын негізін құрайтын тіл бірліктерінің тұрақты сөз тіркестері деп аталатын күрделі түрін зерттейтін сала екені белгілі. Тілімізде қолданылатын жеке сөздермен бірге, көптеген ерекше қалыптасқан сөз тіркестері және сөйлемшелер бар, осының бәрі айналып келгенде тіл білімінің осы саласына кіреді. Сондықтан фразеологизм тілдегі фразеологиялық жүйенің тарихын зерттейтін тіл білімінің маңызды саласы. Сонымен қатар бұл бағыттың лингвомәдениеттанымдық және этнолингвистикалық маңызы да ерекше, себебі, фразеологизмдерді зерттеу барысында белгілі бір тілдің тарихын ғана емес, осы тілді қолданушы этностың мәдениетін де терең білуге болады. Сондай-ақ, ұлт тарихындағы тілдік тұлғаны зерттеуге де фразеологизмнің орыны ерекше болып келеді. Тілдік тұлға қай халықтың өкілі болса да сол ұлттың дүниетанымын, тіл байлығын, тіпті санасын жаңғыртуға үлес қосатын үлкен парасат иесі болатыны белгілі. Қазақ халқы үшін осындай тілдік тұлғаның Абай екені күмәнсіз. Оның үстіне ұлы ақынның қазіргі қазақ жазба әдеби тілінің негізін салушы екенін ескерсек, ол қолданған фразеологизмдердің біздің тіліміздегі орны мен мәні биіктей түсері сөзсіз.
Сондықтан, ұлттық фразеологизмдердің ерекше үлгісін біз Абай туындыларынан табамыз. Эрине, Абай сөздері мен сөйлемдері талай тілші ғалымдар талдап, зерттеп келе жатқан, бітпейтін қазына, терең теңіздей ой. Сол себепті Абай еңбектеріндегі фразеологизмдердің өзіндік ерекшелігін, оның құрылымын тілдік талдау тілімізге және отандық лингвистика ғылымына үлес қосатын нәтижелі әдістемелік маңызы зор зерттеу болары сөзсіз.
Отандық ғалымдар Абай фразеологизмдерін зерттеуде біраз нәтижелі еңбек етіп келеді және бұл зерттеулерге көптеген белгілі тіл мамандары үлес қосты. Көрнекті ғалым Р.Сыздықова ақынның фразеологизмдері жайлы арнайы мақаласында былай деп тұжырым жасайды: «Абай тіліндегі фразеологизмді жалпы халықтық тілден, сонымен бірге өзіне дейінгі ауызша әдеби тілден алып қолданған және ақынның өзі жасаған тіркестері деп бөліп қараған абзал», - дейді [4, 587]. Абай фразеологизмдерін зерттейтін жас ғалымдар үшін бұл тұжырымның әдістемелік тұрғыдан маңызын ескерген жөн сияқты. Р.Сыздықовадан ертерек бұл мәселе бойынша Қ.Жұмалиев «Қазақтың өлең құрылысы, тіл жөніндегі Абайдың жаңалықтары» мақаласын және З.Машабаева деген зерттеуші «Абай шығармаларындағы фразеологиялық ерекшеліктері» сияқты мақалалар жазғаны белгілі. Бірақ Абай фразеологизмдерін толымды зерттеген «Абайдың сөз өнері» кітабын жазған белгілі ғалым Рабиға Сыздықова болды. Р.Сыздықова Абайдағы образды тіркестердің көптігін айта келе, олардың өлең жолдарында көп қолданылуымен түсіндіреді және ақын пайдаланған фразеологиялық тіркестердің экспрессивтік бояуына көңіл аударады. Жалпы ғалым Абай фразеологизмдерін зерттеуге қатысты мынадай әдістемелік екі қағиданы ұсынады: «Абай тіліндегі фразеологизмдерді зерттеуде оларды екі қырынан талдау қажет. Бірінде,.. фразеологиялық тіркестерді жалпы түстеп-түгендеу, мұнда негізгі назар Абайдың өзі ұсынған авторлық фразеологизмдерге аударылады, олардың жасалу механизмі сөз болады, екіншісінде фразеологизмдерді ақынның қалайша жұмсағанын айқындау, мұнда негізгі фразеологизмдердің құрылымы мен мағынасына енгізілген өзгерістерге аударылады» [5, 98].Абай тіліндегі фразеологизмдердің көбі афоризмдер, мақал- мәтелдерге айналуы да оның сөз тіркестерінің ұтымдылығын, терең мән-мағынасын көрсетеді. Ол өзінің ақындық ішкі дүниесін, сезімін немесе көңіл-күйін көрсету үшін де көптеген тың тіркестерді қолданады, мысалы, « ... сол себепті бір жүрген (қуыс кеудемін)» (қара сөздер, 9-сөз) осылайша дене мүшесін білдіретін, соматикалық атау «қуыс кеуде» ұғымын (тіркесін) адам жанының жағдайын білдіретін тіркеске айналдырады. Немесе он үшінші қара сөздегі « ... қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын» тіркестерінде бірнеше психологиялық, мінездемелік сипаттар тіркестіріле беріледі. Бұл фразеологизмдер семантикалық жағынан ойшылдың дүниетанымын тереңнен беріп, оның ақындығымен қатар ойшылдығын паш етуге көмектесіп тұр.
Абайдың тұрақты тіркестері, мақалдары қарама-қарсы бинарлық оппозицияларды қолдану түрінде жиі көрініс береді. Мысалы, «кісі ақылымен бай болғанша, өз ақылыңмен жарлы бол» (7-сөз).
Абай өз шығармаларында мефафораларды жиі қолданады, семиотикалық тәсілді тың тіркестер арқылы жүзеге асырады. Мысалы, «қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» - «... бір жаңа ұқсатамын туған айды». Абайдағы жаңа фразеологизмдерді жасаудың бір жолы материалдық мәдениет элементтерін, табиғат заттарын идеалдық мағынада, рухани өлшемдер ретінде трансформация жасауы. Мысалы: еті тірі кісі- көңілі тірі; іш тарту- ыстық тарту; пайдасы тию- панасы тию; күшін жалдау- жан жалдау; пайдалану- адам сауу; зат ұрлау-бойды ұрлау; тозатын зат - иман жүзін тоздыру; аттың майы- сөздің майы т.б.
Ғалым өз кітабында ақын қолданған фразеологизмдердің лексика- семантикалық және құрылымдық сипаттамасын зерттейді. Осыған байланысты ақын шығармашылығының негізгі тақырыбы-адам, қоғам, сол қоғамның заманы екеніне назар аударады. Әрі қарай ғалым Абай қолданған фразеологизмдердің мына бағыттарын атап өтеді: «... адамды сипаттайтын, адамның ішкі жан-дүниесін танытиатын, адамның іс-әрекет, қимылын суреттейтін, сол қимыл, іс-әрекеттің орындалу амалын бейнелейтін, өмірді, өлімді, жастықты, кәрілікті, астарлап атайтын, табиғат құбылыстарын бейнелейтін фразеологизмдер деп қарауға болады. Бұл семантикалық топтағы фразеологизмдер байырғы және жаңа болып және бөлінеді» [5, 104]. Сонымен қатар Абайдың жаңа фразеологизмдер туғызудағы жаңалығы ретінде ақынның бір сөзді бірнеше фразеологизмнің компонент! етіп пайдалану тәсілін көрсетеді және «сату» етістігін тіркем жасам құралы ете отырып бірнеше жаңа тіркестер жасағанын мысал етеді. Абай сөз өнерінің жаңалығы ретінде зерттеуші синкреттік амалмен жасалған фразеологизмдердің тобын айтады: «синкреттік тәсіл - Абайда жүйеге айналып, көріктеудің, актив құралдардың бірінен саналады» [5, 114]. Академик Р.Сыздықова Абайдың фразеология саласында көзге түсетін еңбегінің зоры - оның жаңа тіркестер ұсынуы - деген қорытынды жасайды. Абай қолданған фразеологизмдер жайлы зерттеуін ғалым былайша тұжырымдап, ақын ензіген негізгі ерекшеліктерді айырып көрсетеді.
Академик Р.Сыздықова Абайдағы фразеологизмдердің ерекшелігіне байланысты осындай терең ғылыми тұжырымдар жасайды, сыншының бұл түжырымдары ұлы ақынның шығармашылығындағы фразеологизмдерді зерттеу үшін аса маңызды екені сөзсіз. Бұл тұжырымдардың ақиқатын жоғарыда келтірілген мысалдар да дәлелдейді деп санаймыз.
Ғалымның пікірінше, Абай қолданған жаңа фразеологизмдердің шағын тобының аударма өлеңдеріндегі орыс тілінен тікелей калька жолымен жасалғандары болуы және Абайдағы фразеология саласындағы өзгеріс, жаңалықтың бәрі стильдік мақсатты өтейтін құрал болуы
Абай шығармаларындағы фразеологизмдер қазақ тіліліндегі құрылымы мен жасалу жолдары ерекше жаңа тілдік құбылыс болып табылады. Сондықтан оларды тіл біліміндегі тың теориялық-әдістемелік концепцияларды негізге ала отырып талдау отандық лингвистика үшін әлі өз маңызын жоймаған мәселе болып табылады. Ұлы ақын, ойшыл қолданған сөз тіркестерін, фразеологизмдерді зерттеу арқылы қазіргі қазақ тілінің тілдік қоры немесе жасалу жолдары ғана емес, оның лингвомәдениеттанымдық және этнолингвистикалық мәнін де ашуға мүмкіндік аламыз. Себебі Абайдың фразеологизмдері тек тілдік құбылыс қана емес, терең мәнді дүниетанымдық семантикалық өріске ие даналық болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |