Сабақтың номері Сабақтың типі: аралас Мамандық: 0111000 «Негізгі орта білім беру»


Лекция тақырыбы: Қазақ тілінің фразеологиясы



бет2/3
Дата02.11.2022
өлшемі27,83 Kb.
#46961
түріСабақ
1   2   3
Лекция тақырыбы: Қазақ тілінің фразеологиясы
Фразеология деген грамматикалық термин гректің фразис (сөйлемше), логос ( ілім) деген сөздерінен біріктіру арқылы жасалған. Тіл ғылымындағы қазіргі мағынасы тұрақты сөз тіркестері деген ұғымды береді. Сондықтан фразеология деудің орнына кейде грамматикада тұрақты сөз тіркестері деп те қолданылады.
Тілдегі жеке сөздер грамматиканың қарамағына еніп, белгілі морфологиялық тұлғаларды қабылдап, өзара бір-бірімен тиісті грамматикалық байланысқа түсіп, сөз тіркестерін құрайды. Сөйлемдегі сөздер, ең алдымен, өзара байланысқан бірнеше тіркестерден тұрады. Мысалы: Бұл оқиға былтыр бір кішене қалада болған еді (А.Қ.) деген сөйлемді алатын болсақ, бұл сөйлемде сегіз сөз бар. Ол сөздер өзара байланысқан бұл оқиға, бір кішкене, кішкене қалада, болған еді, оқиға болған еді, қалада болған еді, былтыр болған еді деген жеті түрлі сөз тіркесін құрап тұр. Бірақ тіркестер тарихи қалыптасқан, жігі ажырамайтын тұрақты тіркестер емес, әрбір сөздің бастапқы мағыналары мен грамматикалық мағыналары толық сақталған, морфологиялық тұлғалары мен тіркестегі орындарын ауыстырып қолдануға келетін ерікті тіркестер. Сондықтан тіркестерді бұл жағдай, үлкен қалада, шағын қалада, ертеректе болған еді, бұрын болған еді деп, өзгертіп қолдана беруге болады.
Тілдің тарихи даму процесінде бірқатар сөздер белгілі морфологиялық тұлғада бірте-бірте қалыптасып, белгілі бір мағынада қолданылатын тұрақты сөз тіркестеріне айналды. Қабырғаңмен кеңес, жігері құм болды, қой аузынан шөп алмайтын, жағыңа жылан жұмыртқаласын деген сөз тіркестері ақылдас, ойлағаны болмады, момын, жуас , жаман сөз айтпа деген мағыналарда қолданылып тұр. Бұл тіркестегі сөздердің жеке мағыналары мен тіркес күйіндегі беретін мағыналары бір-біріне сәйкеспейді және бұл тіркестегі сөздерді синтаксистік арақатынастарын ажыратып талдауға келмейді. Біртұтас тілдік тіркес ретінде, бір ұғым ретінде қолданылып тұр. Бұл сияқты сөз тіркестерінің қалай жасалып, қалай бір ұғым ретінде қалыптасқанын дәлелдеу қиын. Сөйтіп, бір ұғымда қолданылатын, сөйлем мүшелеріне ажыратуға келмейтін, грамматикалық мағыналарын өзгертіп, тіркестегі орындарын алмастыруға болмайтын тарихи қалыптасқан тұрақты сөз тіркестерін ф р а з е о л о г и я дейді.
Фразеологиялық сөз тіркестерінің мынандай ерекшеліктері бар:
1. олар біртұтас сөз ретінде даяр қалпында жұмсалады ;
2. мағына тұтастығы болады, ол мағына фразеологиялық тіркесті құрастырушы сыңарлардың мағыналарына тәуелсіз, өздігінен өмір сүреді;
3. өзге тілге сөзбе-сөз аударуға келмейді.
Қазақ тілінде тұрақты сөз тіркестері беретін мағыналарына, тілдегі қолданылатын қызметіне қарай өзара идиомалық тіркестер және мақал-мәтелдер болып бөлінеді.
Идиома. Тарихи жағынан қолданыла келе бір ұғым ретінде қалыптасқан тұрақты сөз тіркестері, жалпы алғанда, бір тектес, бірыңғай болып келсе де, тіркеске енген сөздердің ара қатынастары, өзара мағыналары жөнінен бірдей бола бермейді. Белді бекем буу, ата жолын қуу, қол қусыру деген сияқты тіркестер мен қырғи қабақ болу, жүрек жалғап алды, бүйрегі бұрып тұрады деген тіркестегі сөздерді салыстырсақ, олардың өзара байланысу тәсілдері мен мағыналары бірдей емес екенін байқауға болады. Алдыңғы сөз тіркестеріндегі сөздердің жеке тұрғандағы мағыналары мен сол тіркеске еніп тұрғандағы мағыналары бір-бірінен алшақ емес және тіркестегі сөздерді бір-бірінен ажыратып, синтаксистік қарым-қатынастарын анықтауға болады. Ал кейінгі тіркестегі сөздердің жеке тұрғандағы мағыналары тіркеске еніп тұрған мағыналарына сәйкес емес. Ол сөздер бастапқы мағыналарынан айырылып, біртұтас мағыналарға айналған. Ол тіркестегі сөздерді ажыратып, синтаксистік қарым-қатынас жағынан мүшеге бөліп талдауға келмейді. Мысалы, жүрек жалғап алайық дегенде жүрек деген нәрсе бар, оны жалғауға болады деген ұғым тумайды. Жеңіл-желпі тамақтанып алайық деген ұғым туады. Бұлардың алдыңғылары жай фразеологиялық тіркестер де, соңғылары идиомалық тіркестер.
Сөйтіп, жеке тұрғандағы мағынасы тіркестегі мағынасына сай келмейтін, бірінен-бірін бөліп алып қарауға болмайтын, өзге тілге сөзбесөз аударылмайтын тұрақты сөз тіркестерін и д и о м а л ы қ т і р к е с т е р немесе и д и о м а дейді.
Қазіргі қазақ тілінің лингвистикасында тұрақты сөз тіркестері тіркестің беретін тұтас мағынасы мен құрастырушы сыңарларының мағыналарының арақатынасына қарай фразеологиялық тұтастық, фразеологиялық бірлік, фразеологиялық тізбек, фразеологиялық сөйлемше болып төрт топқа бөлінеді.
Мағыналық жағынан бөлініп ажыратылмайтын, беретін біртұтас мағынасы сыңарларының мағынасымен еш жуыспайтын тұрақты сөз тіркестері фразеологиялық тұтастық деп аталады. Бұған жүрек жалғап алу, жүрегінің түгі бар, аузы-мұрны қисаймастан, түйе үстінен сирақ үйту сияқты тұрақты сөз тіркестері жатады.
Біртұтас мағынасы өзі құрастырушы сыңарлардың мағыналарының бірлігінен тұратын тұрақты сөз тіркесі ф р а з е о л о г и я л ы қ б і рл і к деп аталады. Мысалы: ауыз жаласу, тілі қышу, тайға таңба басқандай, екі езуі екі құлағына жету т.б.
Ерікті немесе тура мағынадағы сөз бен фразеологиялық байлаулы мағынадағы сөздің тіркесінен тұратын тұрақты сөз тіркесі ф р а з е о л о г и я л ы қ т і з б е к деп аталады. Мысалы: асқар тау, шалқар көл, ну орман, тас қараңғы, судай жаңа, қыпша бел, оймақ ауыз т.б. Мағынасы ерікті сөздердің тіркесінен құралатын тұрақты сөз тіркесі ф р а з е о л о г и я л ы қ с ө й л е м ш е деп аталады. Оған : Айдағаны екі ешкі, ысқырығы жер жарады, түйенің үлкені көпірде таяқ жейді, аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін , ұлығың соқыр болса, қөзіңді қыс, заманың түлкі болса, тазы боп қу, молда көп болса, қой арам өледі, жат елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол, қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда деген сияқты тіркестер жатады. Мақал мен мәтелдер. Тарихи қалыптасқан тұрақты сөз тіркестеріне идиомалық тіркестермен қатар ғасырлар бойына созылған ұзақ дәуірлік өмір тәжірибесінен екшеліп алынған сөзі ұйқасымды, мағыналары тұжырымды болып келетін халықтық мақалдар мен мәтелдер де жатады. Тілдегі қолданылып жүрген әрбір мақал, мәтелдер ауыздан-ауызға беріліп, талай ғасырларды көктей өтіп, тілде сақталып, өңделіп қолданылып, келе жатқандықтан , мақал мен мәтелдегі сөздер де белгілі дәрежеде тұрақталған, қалыптасқан тіркесте айтылады. Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей; Ырыс алдыынтымақ; Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар; Өнерлінің өзегі талмас деген қазақ мақалдарының құрамына енген сөздер белгілі тұлғада, белгілі орында тұрып қалыптасқан. Олардың көпшілігінің морфологиялық тұлғасын не қалыптасқан орнын өзгертсе, мақалдардың мағынасы бұзылады.
Мақал мен мәтелдің идиомалық тіркестегі сөздерден мынау сияқты ерекшеліктері бар: идиомалық тіркестегі сөздер өздерінің жеке тұрғандағы мағыналарын сақтамай, сол тіркес күйінде бір ұғымды білдіріп, жігі ажырамай бір логикалық топ ретінде жұмсалса, мақал мен мәтелдердің құрамына енген сөздер өздерінің бастапқы мағыналарын сақтап, синтаксистік қарымқатынасы жағынан мүшеленіп тұрады. Мысалы: өнер білсең, өлмейсің; Өтірікшінің шын сөзі зая кетеді; Ексең егін, ішерсің тегін деген мақал мен мәтелдердегі әрбір сөз өз мағынасында қолданылып, әрқайсысы сөйлемнің белгілі мүшесі түрінде айтылып жүр.
Мақал мен мәтел бір-біріне ұқсас, бір тектес болып келеді.Сондықтан да мақал мен мәтел жіктері ажыратылмай, бірінің орнына екіншісі қолданыла береді.Сөйте тұрса да бұл екеуі – бір нәрсе, бір түсінік емес. Олардың өзара аз да болса белгілі дәрежеде айырмашылықтары бар. Мақалдар бір сөйлемнен де, бірнеше сөйлемнен де құралып келе береді.Мақалдарда белгілі аяқталған, тұжырымды, тиянақты ой айтылады. Ал мәтелдерде аяқталған, тиянақты ой айтылмайды.Олар сөйлемдік дәрежеде болмай, бір-бірімен байланысты бірнеше сөздердің тіркестері түрінде айтылып, ой аяқталмай тұрады. Бұлардың өзара айырмашылығын анығырақ түсіну үшін бірнеше мысалдар келтірейік: Шөптің басы жел тұрмай қимылдамайды; Жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң, қаларсың ұятқа; Жері байдың елі бай дегендер – мақалдар. Өйткені бұлардың әрқайсысында белгілі аяқталған ой айтылып, сөйлемдік дәрежеде тұр. Ер елінде, гүл жер-інде; ұлынұрымға, қызын-қырымға; жауыр атқа жіп құйысқан; балапан басына, тұрымтай тұсына;заманына қарай амалы дегендер мәтелдер қатарына жатады. Бұларда айтылуға тиісті ой аяқталмай, ойдың бір нәрсесі жетпей тұрғандай болады. Белгілі тақырып қана айтылып, оның немен бітетін себебі айтылмайды.
Мақал мен мәтел - талай ғасырлар бойына екшеліп, сақталып келген, еңбекші қалық туғызған алтын қазына, баға жетпес мұра.Бұл –халық данышпандығының ерекше қорытыла айтылған түрі.Мақал мен мәтелде халықтың талай ғасырлар бойы жасаған өмірі де, ісі де, жүргізген күресі мен қолы жеткен жеңісі өткір көркем сөздер арқылы сарқыла айтылған.
Мақал мен мәтелдер ақиқаттық өмір тәжірибесінен алынып айтылған қорытынды пікір болғандықтан, әрбір тарихи дәуірде туып отырады. Мысалы, бұзаудың басы болғанша, өгіздің аяғы бол деген мақал Махмұт Қашқаридың Сөздігінде кездессе, мағынасы жағынан осыған жақын көп жаманның ағасы болғанша, бір жақсының інісі бол деген мақалдың кейінгі уақыттарда туғаны анық. Мақал, мәтелдер біздің заманымызда да жасалып, халық қазынасына қосылып жатады. Мысалы: Сын түзелмей, мін түзелмейді; Әкім бол, халқыңа жақын бол;Үйдегі қиялды базардағы нарық бұзады; Теңге тиыннан құралады; Тұрақты сөз тіркестеріне фразеологиялық, идиомалық тіркестер ғана еніп қоймайды. Сонымен қатар екі кейде одан да көп сөздердің белгілі дәрежеде қатар айтыла келіп, бастапқы мағыналарын сақтай отырып, бір ұғымды білдіретін тіркес ретінде қалыптасқандары да тілде жиі кездеседі. Бұларға: қол қою, көз салу, тап беру, жең ұшынан жалғасу, жан қалта,қол сағат, бет орамал, бас киім, темір жол, күре тамыр, диплом жұмысы, сынақ кітапшасы, өндірістік тәжірибе тағы сол сияқты алуан түрлі сөздер де жатады. Бұл сияқты сөз тіркестері әр сөздің бастапқы мағыналарын сақтай отырып бір ұғым ретінде жұмсалатын болғандықтан, бұларды лексикалық тіркестер деп атауға болады.
Тақырып бойынша сұрақтар:
1) Фразеология нені зерттейді ?
2) Ерікті және тұрақты сөз тіркестері деген не ?
3) Тұрақты сөз тіркестерінің негізгі ерекшеліктері қандай?
4) Тұрақты сөз тіркестері тіркестің беретін тұтас мағынасы мен құрастырушы сыңарларының мағынасының арақатынасына қарай нешеге бөлінеді ?
5) Қандай тіркестер идиомалық тіркестер деп аталады ?
6) Мақал-мәтелдер –қандай сөзтіркестері Олардың өзара ұқсастықтары мен айырмашылықтары қандай ?


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет