Ақынның 1922-23 жылдардағы шығармаларының тіліне қатысты аз-кем пікірлер мен кейбір араб, парсы, орыс сөздерінің түсініктемесін Абайдың 1922 ж. Ташкентте шыққан өлеңдер жинағына редакция атынан берілген ескерту сөзден және татар ғалымы А. Сағдидың «Ақжол» газетінің 1923 жылғы бірнеше санында басылған мақаласынан табамыз. Абайдың қазақ әдебиетінде алатын орны мен ұстаған бағыт-бағдары жайында 20 жылдардың ішінде, тіпті 30 жылдардың 2- жартысына дейін баспасөз бетінде болып келген пікірталастар кезінде ақынның тілі туралы да айтылып өтті. Бұлардың ішінде, әсіресе, Ы. Мұстанбаевтың батыл да ашық айтқан пікірлері Абай тілі жөніндегі қазіргі бағаларымызбен ұштасып жатыр. 1930 жылдардың орта шенінен бастап Абай шығармаларының тілі жөніндегі пікірлер көбірек және айқынырақ айтыла бастады. Әсіресе, бұған 1934 ж. Абайдың қайтыс болғанына 30 жыл толуын атап өту шаралары үлкен себепкер болды. М. Әуезов, Қ. Жұбанов, I. Жансүгіров, Е. Ысмайылов, 3. Шашкин ұлы ақынның тілге деген көзқарасы мен еңбегін, сөз қолдану шеберлігі мен өлең құрылысын арнайы сөз етеді.