Әуезов ақынның өмір кешкен ортасы мен қалдырған мұрасына үңілген еңбектерінде Абайдың тілі жөнінде де дұрыс әрі түбегейлі пікір айтып отырды. 1934 ж. «Абай ақындығының айналасы» деген мақаласындағы ойын 1951 ж. жазған «Абай мұрасы жайында» деген еңбегінде де, содан кейінгі «Абай Құнанбаев» деген монографиясында да өрбітіп, анықтап айтады. Бұларда Әуезов Абайдың қазақ әдеби тілінің даму жолындағы орнын көрсете келіп, екі ерекшелігін атайды: 1 - «Қазақтың халықтық, салттық және өзінен бұрынғы ауыз әдебиетіне көрік берген мол, шебер сөздік қорынан пайдаланып, халықтың әдебиеттік тілін қалай жасаудың жолын көрсетуі»; 2 - «Қазақ қоғамы ортасында Абай заманында кіре бастаған жаргондық сипаттағы кітаби шұбар тілден іргесін ашып алуы, одан бас тартуы». Абай шығармаларының тілі жайында арнайы пікір айтқан ғалым - Қ. Жұмалиев. Өзінің мектеп оқушыларына арналған оқулықтарынан бастап, 18-19 ғ-дағы қазақ әдебиеті тарихы туралы жазған ғылыми зерттеулерінде, әдебиет теориясына арналған еңбектерінде Жұмалиев Абайдың шығармашылығымен қатар, оның тілін талдап: 1) Абайға дейін де қазақтың поэтикалық тілі дамып келді... оның өзінше даралық байырғылық сипаты болды. Абай осындай әдебиеттің о заманнан қалыптасып қалған поэтикалық тілін жоғары мәдениеттілік сатыға көтерді. 2) Абай заманында едәуір етек жайған тілдегі шағатай шылау, татар шылауға қарсы күрес ашты, қазақ тілін аса қадірлеп, таза сақтауға күш салды, оның сөздік қорының бір бұтағы орыс тілі болды. 3) Абай қазақтың мол сөз байлығын қолданумен қатар, өзі де жаңа сөз, жаңаша сөйлем құрылыстарын енгізді. 4) Өлең құрылысына қыруар жаңалықтар қосып, көркемдеудің жаңа тәсілдерін ұсынған деген тұжырым жасады. Ақын шығармаларының тілі жайында жеке монография жазбаса да, ол жөнінде белгілі жазушылар мен ғалымдар Ғ. Мүсірепов, М. С. Сильченко, Б. Кенжебаев, Е. Ысмайылов, Т. Нұртазин, Т. Әлімқұлов, X. Сүйіншәлиев пікір айтты. Қазақ тіл мамандарының ішінде Абай тілі жайында алғаш терең әрі дәлелді пікір айтып талдау жасаған Құдайберген Жұбанов болды. 1934 ж. жазған «Абай - қазақ әдебиетінің классигі» деген еңбегінде екі үлкен принципті пікір білдіреді: «бірі - бүтін Орта Азия ескі күншығыс ислам мәдениетінің кірлі көрпесін қалың жамылып жатқан кезде», түркі тілдес көрші халықтардың ең ірі қалам қайраткерлері... шағатай тілінің шырмауынан шыға алмай, шығармашылығына өз ана тілдерін қару ете алмай отырған кезде, Абайдың жеке-дара үздік шығып, таза қазақ тілінде жоғары поэзия тудыруы.