«Қартайдық қайғы ойладық», «Жігіттер, ойын арзан,…
Ақын өлеңдерінің синтаксистік құрылысына арналған 2-монографияда қазақ өлеңдерінің, оның ішінде Абай туындыларының синтаксистік амал-тәсілдері, ұйқасы, өлшемі, композициясы және олармен синтаксистік құрылымының өзара байланысы нақты талданды. Күрделілігі, сыйымдылығы, көркемдік әсері жағынан Абай өлеңдерінің синтаксистік жазба поэзия талаптарына сай түсетін, өзіне дейінгі қазақ поэтикасы дәстүрінен жоғары көтерілген, кейінгі қазақ поэзия тіліне бағыт-үлгі болатын сипатта екендігі дәлелденді. Бүл 2 еңбекте негізінен Абай шығармалары тілінің лексикасы мен грамматикасы жүйелі түрде зерттелді, дегенмен, Абайдың шеберлік тәсілдері, даралық ерекшеліктері, қысқасы, көркемдік дүниесі арнайы талдау дәрежесіне көтеріле алмаса да мұнда ұлы ақын поэтикасына қатысты мәселелер кеңінен қозғалды. «Ғылым» баспасынан 1968 ж. «Абай тілі сөздігі» жарық көрді. Бұл - ұлы ақын шығармаларының тілін танып-білу саласындағы аса қажетті, қомақты жұмыстардың бірі. Ол Абайдың тілін, әсіресе, лексикасын зерттеймін немесе білемін деушілерге өте қолайлы, реттелген материал, белгілі бір сөздің немесе сөз тіркесінің қай мағынада қанша рет қолданылғанын, бір мағынадағы кейбір сөздерді Абай қалайша қатар жұмсағанын, оның ішінде қайсысын жиі, қайсысын сирек қолданғанын көре алады. Мыс., Абайда тіршілік, тірлік, өмір, мағишат деген төрт сөз бір ұғымды білдіреді, бірақ бұлардың қолданылу жиілігі, поэтикалық, жүгі бірдей емес: тіршілік 6 рет, тірлік 11, өмір 113, мағишат 1 рет қолданылған. Абай тілін танып-зерттеуге тікелей қатысты қарекеттің бірі - текстологиялық ізденістер мен түзетулер