Құндылықтарды дарыту Әл Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөздері өскелең жас ұрпақты оқып, үйретудің негізгі қағидасы деп түсінген жөн. Сол себепті де оқу процесін ұйымдастыруда басты назарды танымдық мазмұнмен бірге адами, рухани құндылықтарды қалыптастыруға аудару – заманауи білім беру жүйесінің басты ұстанымдарының бірі болып табылады.
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының әдістемелік нұсқау хатында былай делінген: «Оқытудағы құндылықтарға бағытталған тәсіл – ол оқу әрекетін белгілі бір құндылықтар тұрғысынан ұйымдастыру және жүзеге асыру, нәтижелерге қол жеткізу және пайдаланудың тәсілі. Құндылыққа бағытталған оқу процесі білім алушының бойында тұлғалық құндылықтар жүйесін қалыптастырады.
Құндылықты бағдарлау – тұлғаның өз әрекетінде жекелеген құндылықтарды (құндылықтарға бағдарлану қабілеттілігі) бағдар ретінде таңдап алу қабілеттілігі (қасиеті), сондай-ақ оларды өзінің жеке әлеуметтік маңызды құндылықтары ретінде сезіну және қабылдау қабілеттілігі.
Құндылықтарды іске асыру құндылықтардан шығатын талаптарға сай болу және күнделікті өмірді сол талаптарға бағындыру. Құндылықтардың мәні белгілі бір қоғамның сәтті әрекет етуі үшін қажетті ережелерді, дағдыларды, өмір салтын, мінез-құлық мәнерін қалыптастыруда көрініс табады.
Құндылықтар – қоғам қолдайтын және адамдардың көпшілігі бөлісетін белгілі нысандардың және құбылыстардың, адамдық қасиеттері мен өзін-өзі ұстау ережелерінің тұлғалық және әлеуметтік-мәдени маңыздылығы. Құндылықтар тұлғаны ынталанырудың өте маңызды факторы ретінде мінез-құлығы мен іс-әрекеттерін көтермелейді.
Орта білім берудің құндылықтары «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының құндылықтарына негізделген. Орта білім берудің құндылықтары ретінде:
1) қазақстандық патриотизм және азаматтық жауапкершілік;
2) құрмет;
3) ынтымақтастық;
4) еңбек пен шығармашылық;
5) ашықтық;
6) өмір бойы білім алу белгіленді (2017-2018 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы: Әдістемелік нұсқау хат. – Астана: Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2017, 16-17 б.). Әр пәннің оқу бағдарламасында бұл мәселе туралы былай жазылған: «Кең ауқымдағы дағдылармен бірлікте жеке қасиеттердің дамуы: «қазақстандық патриотизм мен азаматтық жауапкершілік», «құрмет», «ынтымақтастық», «еңбек пен шығармашылық», «ашықтық», «өмір бойы білім алу» сияқты білім берудің басты құндылықтарына оқушыларды дағдыландырудың негізі болып табылады.
Бұл құндылықтар оқушының тәртібі мен күнделікті іс-әрекеттерін ынталандыратын тұрақты тұлғалық бағдары болуы тиіс» (Математика. Орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында бастауыш мектепке (1-4 сыныптар) арналған оқу бағдарламасы. – Астана, 2016, 6 б.). Сонымен, бұл «Құндылықтарды дарыту» бөлімінде нақты осы сабақта балалардың бойында қалыптастыруға арналған оқу бағдарламасындағы және ұлттық, жалпыадами құндылықтардың негізінде қалыптасатын құндылықтарды (адами қасиеттер, жоғарғы ұстаным, мәдениет, мінез-құлық пен қарым-қатынастың жағымды көріністері, т.б.) көрсету (іс-әрекет және/немесе тақырып мазмұнын сипаттау арқылы).
smk.edu.kz порталында жарияланған кейбір сабақ жоспарларында құндылықтар былайша көрсетілген:
- тұлғааралық қарым-қатынасты дамытуға және бағалауға мүмкіндік беретін жұптық және топтық жұмыстарды қолдану;
- бірлік пен ынтымақтастықты сақтауға, бірлесе еңбектенуге баулу;
- жеке тұлғаның пікірін ескеру және әрбір ойдың құндылығын құрметтеу;
- саналы да ерікті еңбек адамды бақытқа кенелтеді деген ойды санасына сіңіру;
- өз ұлтын, халқын құрметтеу және мақтаныш сезімін қалыптастыру;
- өзін- өзі бағалау және өзара бағалау арқылы жауапкершілік сезімін қалыптастыру,
- мінез-құлықтың этикалық және эстетикалық нормаларын қалыптастыру;
- өзара сыйластық, сенімділік, қарым-қатынасты қалыптастыру.
Назар аударсақ, мұнда құндылықтар дәл сол қалпында келтірілмей («қазақстандық патриотизм және азаматтық жауапкершілік», «құрмет», «ынтымақтастық», «еңбек пен шығармашылық», «ашықтық», «өмір бойы білім алу»), тақырып аясында нақтыланған.