Алдыңғы оқу/ Бастапқы білім Кез келген жаңа тақырып таныс ұғымдар арқылы меңгеріледі.
Бұл бөлімде оқушылардың тақырып бойынша бұрыннан не білетіндігі (немесе бұрыннан не білуі керектігі) көрсетіледі (негізгі ұғымдар, деректер, фактілер, формулалар, теориялар, ережелер). Бұл жерде бағдарлама бойынша оқылған алдыңғы тақырып жазылмайды. Мұнда сабақ тақырыбы бойынша өткен оқу жылы қарастырылған оқушылардың білуге қажетті деректер келтіріледі.
Мысалы, 7-сыныпта тарих сабағында «Ұлы Дала мұрагері – Қазақ халқы қалай қалыптасты» тақырыбын табысты меңгеру үшін оқушылар бұрыннан мына мәселелерді білуі және түсінуі керек:
- Қазақстан территориясындағы миграция бағыттарын, мемлекеттердің этникалық құрамын.
- Қазақ этносының қалыптаса бастауына моңғол шапқыншылығының кедергі келтіргенін түсінеді.
- Моңғол империясының ыдырауы нәтижесінде құрылған мемлекеттердің саяси картасы мен этникалық құрамын біледі.
Осындай білімі бар болса ғана оқушылар жаңа тақырыпты табысты игереді. Бұл дегеніңіз оқушылардың осы мәселелерді үйден қайталап келіп немесе сабақ басында естеріне түсіруі қажет дегенді білдіреді.
Ал математика сабағында (5-сынып) «Ондық бөлшектер және оларға амалдар қолдану» тақырыбы бойынша сабақ мақсатына жету үшін оқушылар «жай бөлшектер», «дұрыс\бұрыс бөлшектер», «бөлу және бөлшек байланысы», «бөлшектің негізгі қасиеттері», «ондық бөлшектердің разрядтары» сияқты ұғымдарды білуі керек. Өйтпеген жағдайда оқушылардың бүгінгі сабақта ондық бөлшектерді қосып, азайтуы қиынға соғатындығы анық.
Жоспар Ресурстар. Бұл жерде сабақта қолданатын кеңсе тауарларын (қағаз, флипчарт, маркерлер, желім, скотч, қайшы, т.б.) көрсетпей, мазмұндық материалдарды (контент) келтірген дұрыс. Олардың қатарына сабақ мақсатына жетуге көмектесетін сабақта қарастырылатын кітап не басқа да дерек көздері, мәтіндерді (мәселен, оқулықтағы параграф), интернетте ұсынылған материалдарды, видеокөрсетілімдер, слайдтар және басқа да ақпарат көздерін жатқызуға болады.