Пәнаралық байланыстар Әдетте мұғалімдер мұнда жай ғана пән атауын көрсетіп қана қояды. Бұл жеткіліксіз, тек пәндерді көрсету аздық етеді.
Бүгінгі білім беру жүйесінің басты ерекшеліктерінің бірі мынада: оқу мақсаттары мен күтілетін нәтижелер тек танымдық-пәндік тұрғыда ғана қалыптастырылмай, тұлғалық және метапәндік (пәнаралық, үйреншікті пән ауқымынан тыс) деңгейлерді қамтиды. Бұл ұстаным оқушылар арасында кең таралған «клиптік санаға» қарсы бағытталған. «Клиптік сана» өмірді бүтін деп қабылдамай, оған деген үзік-үзік көзқарас құрастырады, Әлемді әр пәннің тар ауқымында ғана тануды қалыптастырады.
Ал метапәндік тәсілдеме оқушыларды әр пәнді Әлемді тану жүйесінің құрамдас бөлігі деп тануға жетелейді, өйткені мұнда оқыту пән ауқымынан шығып, өзге пәндермен байланыс құрап, әмбебап білім қалыптастыруға бағыттайды. Метапәндік түсінік оқушыларды өмірдің мәні мен мағынасы, құндылықтары мен қағидалары, адамның онда алатын орны мен міндеттері туралы ойлануға шақырып, олардың түсінігін, ойлауын, үйренуін, қарым-қатынасын, рефлексиясын, іс-әрекеттерін дамытады. Метапәндік тұрғыда оқушылар әр сабақта «Мен қалай үйренемін, дамимын? Білімімді қалай жақсарта аламын? Бұл білім маған не үшін керек? Ол маған қалай және қай жерде қажет болады?» деген сұрақтарға жауап іздейді.
Сабақтардағы метапәндік байланыс тек пәндердің кіріктілуі ғана емес. Бұл өмірге деген бүтін көзқарасты бірнеше пәннің тоғысуында қалыптастыру. Мұнда «Адам», «Өмір мәні мен мақсаты», «Өмір құндылықтары», «Бақыт», «Сана», «Білім», «Сөз», «Уақыт және кеңістік», «Қарым-қатынас», «Денсаулық», «Табиғат», «Экология», «Проблема шешу», «Табыс пен жетістік», т.б. секілді ортақ мақсаттар қарастырылады. Шәкәрім кезінде айтқандай, «Әңгімелесуде басты мәселелер: Отан, адам бойындағы Руханилық пен Адамгершілік туралы ой толғау керек».
Мәселен, 1-сынып математикасының «Геометриялық фигуралар және олардың жіктелуі» тақырыбы бойынша өтетін сабақта сынып бөлмесінің балаларға жайлылығы туралы, қала не ауыл ғимараттары мен үйлерінің қалай салынғаны туралы, ойыншықтар туралы әңгімелесуге болады.
Ал «Қазақ хандығының жерлерін Хақназар хан кеңейте алды ма?» тақырыбындағы сабақта тарихтағы тұлғалардың рөлі туралы, қазіргі қоғамдағы танымал тұлғалар туралы, сыныптағы көшбасшылық туралы мәселелерді көтеруге болады.
Сондықтан да ҚМЖ-ның бұл бөлімінде сабақтағы кіріктірілудің қандай пәндермен жүзеге асырылатынын ғана көрсетпей, ондай байланысты ортақ тақырыптың мазмұны арқылы көрсеткен орынды.