Жоқтау жырларының басқа жырлардан ерекшелігі Қазақ халқының әдет-ғұрпында адам қайтыс болған күннен бастап оның жылы өтіп, асы берілгенше жоқтау айтылады. Қазаны естіген жанашыр туыстар ауылға “ой, бауырымдап” ат қойып шауып келіп, атынан жығыла түсіп, жақындары жоқтау айтып, қайғылы сарынмен көріседі. Жаз күндері қаралы ауыл көшіп-қонғанда, үй жығып жатқанда дауыс салып жоқтау айтылады. Таң сәріден тұрып, жүк артып болып, көш жолға шығар алдында да жоқтау айтылған. Мұның бәрі – қайтыс болған адамның соңғы күндері өткен, соңғы рет жүріп-тұрған жерін, қоныстанған жұртын қимай, сол атамекені мен қайтқан адамның арасындағы үзілген байланыстың қайғысын жария етуді білдіреді. Баратын жеріне жеткенше қаралы көш жоқтау айтуды жалғастырып, сол мұңды, зарлы қалыптарымен келесі қонысқа жеткенше ешқайда бұрылмай жүре беретін. Жолда кездескен ауыл қаралы көштің қонақасын көтеріп алатын болған. Сондай-ақ жоқтау қаралы хабарды кеш алған сыйлы адамдар келгенде де айтылады. Жоқтау жырының тілі мейлінше бай болып келеді. Онда “ақылға дихан кемеңгер”, “мұхит дария суындай”, “ақылы терең мол еді”, “жапырағы алтын шынарым”, т.б. шешендік өрнектер көп қолданылады.
Жоқтау жырларының зерттелуі Жоқтау жырларын зерттеу 19 ғасырдан басталады. Ш.Уәлиханов оған алғаш ғыл. баға беріп, бірнеше үлгісін жазып алған. Жоқтау ауыз әдебиетінің бағалы үлгісі ретінде жинап, 1926 ж. “23 жоқтау” деп аталатын кітап етіп шығарған Ахмет Байтұрсынов болды.
19 ғасырдың соңы 20 ғасырдың басындағы ақын-жыраулардың шығармаларында әр түрлі жоқтау үлгілері кездесіп отырады. Әсіресе, 20-ші ғасырдағы қиын кезеңдерде ақын-жазушылар қаламынан туған жоқтау жырлар, Ұлы Отан соғысынан оралмаған, ерлікпен өмірін қиған ұлдарына арнаған халық жоқтаулары жеткілікті. Жоқтауды Ахмет Байтұрсыновтан кейін жүйелі түрде жинап, зерттеген тілші-ғалым Т.Арынов болды. Ол қазақтың жоқтау жырларын мұқият жинастырып, “Боздағым” деген атпен кітап етіп, бастырып шығарды (1990).
Аңыз әңгімелер. Қазақ халқының оқиғасын шындық өмірден алып ауызша шығарған көркем шығармаларының бір саласы – аңыз әңгімелер. Аңыз әңгімелер тарихта болған белгілі бір адамдардың атына, іс-әрекетіне байланысты туады. Мұндай адамдардың ел үшін еткен еңбегі, қамқорлығы, халық намысын қорғауы, сол жолда жасаған игілікті іс-әрекеттері ел аузында аңыз әңгімеге айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен. Аңыз әңгімелерде халықтың қоспасы болғанымен, негізгі ой түйіні барлық жерде бірдей сақталады. Олардың өміріне байланысты әңгімелерде ертегілердегідей әсіре қиялдау көп кездеспейді. Уақиға желісі күнделікті өмірде кездесетін қарапайым сюжетке құрылады.
Кейіпкерлері. Қазақ аңыздарындағы Асан қайғы, Жиренше шешен, Алдар көсе, Қожанасыр, Қорқыт, т.б. – бәрі де қарапайым адамдар ретінде суреттеледі.
Аңыз әңгімелерде көбінесе сарандық пен сақилықты, жалқаулық пен қиқарлықты өткір сатирамен ажуалап сынау арқылы жастарды жаман әдет, жат мінездерден аулақ болуға баулуды мақсат тұтады.