«Бойы бұлғаң...» - Абайдың 1893 ж. жазған өлеңі. Әрқайсысы 6 тармақты 8 шумақтан тұрады, барлығы 54 жол. Туынды-ақынның өз кезіндегі халқының жай-күйіне, замана ағымына жасаған барлау-шолуы, тозған елдің тоқыраған тағдырына деген ауыр күрсінісі, азған адамдарына деген көз жасына толы шағымы, ел үшін қорланған ақынның «аһ» ұрған үні, кеудесін қақ айырған қайғысы. Ел қамын ойлауды азаматтық борышым деп білген Абай өз заманындағы бар пәле, кесір-кесапат, былық-шылықты ашына әшкерелемей отыра алмаған. Қандыауыз қанаушыларға, елді емген езушілерге, «әзір астың атасы» арамтамақтарға, бірді-бірге тасқаяқтай соғыстырған сойқанды содырларға, момын мысықтай қалғып-мүлгіп отырып, елді сорған сұрқия «сопыларға», ардан безіп, жамандыққа жанын жалдаған жалақорларға жаудай тиген. «Ас ішіп, аяқ босатудан» басқаны білмейтін надандықты, аллаға қарап аузын ашып отыра беретін жалқаулықты, етпетінен түспей ештемені ескермейтін енжарлықты өлеңдерінде өткір тілмен түйреген. «Бойы бұлғаң...» - ақынның уытты шығармаларының бірі, үскідей үшкір, өткір сатира, заман, тұрмыс күйіндегі зиянды дерттерді мұрнынан тізе әшкерелеген сатира. Оның жанры—сатиралық шолу. Мұнда ақын оқырман қауымды сөзінде пәтуа жоқ сұйық суайттармен де, «күнәсізбін», «кінәсізбін» деп безілдейтін «періштелермен» де, сыртта «үзеңгі бауы алты қабат болып» шіренетін, үйіне келсең, сусын тауып бере алмайтын бейшаралармен де, тілемсектік істеп, бермесең, безіп кететін безбүйректермен де, бірді-бірге айдап сап, ел арасына от тастап, антын, арын сатқан екіжүзділермен де таныстырады. Мұнан әрі Абай ел ішінің бұзылғанын, ұрлық дендеп, өтірік гулеп кеткенін, сыпыра қу әулекілердің әні салынып, сөзі жүріп тұрғанын, әділдік айтар, бірлік іздер, жөнге сілтер, сыйласуға тұрар адам қалмағанын, бәрінің пәле қуып, батырсынып, «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» боп кеткенін әйгілейді. Осының бәрін ақын сатиралық қуатпен айтады. «Ызалы жүрек, долы қол, улы сия, ащы тілмен» сынап-мінейді. Ашынған сөздерді айналасынан түңіліп, болашағына үңіліп отырып, зармен, мұңмен жырлайды. Абай жүрегін жаралаған осындай дерттер ақынның кеудесіне жаңа бір идея дәнін тастаған. Сол дән өсіп-өніп, пісіп-жетіле келе оны айтпауға ақын жанын қоймаған. Сондағы ой-пікірді сыртқа шығаратын шығарма тудыруға мәжбүр еткен, ақын сезімін баурап, оны шабытқа мінгізген. Осындай ынта-зар, құлшыныстың үстінде осы өлең дүниеге келген. Келгенде ерекше өрнек-айшықпен, келісті пішім-бітіммен келген. Қазақтың соны тынысты жаңаәдебиетіне Абай әкелген жаңалықтардың бірі - осы туынды. Туынды 4,7 буыннан түзіліп, маржандай төгіліп, мөлдір бұлақтай сылдыр қағады. Ұйқасы - -а, -а, -б, -в, -в, -б. Алғаш рет 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта жарияланды. 1935 ж. Ә. Ысқақовтың айтуы бойынша Л. Хамиди осы әннің бір үлгісін нотаға түсірген. Бүл әннің тағы бір түрін Б. Ерзакович 1948 ж. Қ. Лекеровтен, бөлек бір үлгісін Қ. Жүзбасов 1984 ж. Абайдың немересі Мәкен Мұқамеджанованың орындауында нотаға түсіріп алған. Мұның үшеуі де «Айттым сәлем, Қаламқас» атты Абай әндері жинағына (1986) енген. Әнді композитор А. Жұбанов «Абай» симфониялық поэмасына пайдаланған.