Сабақтың тақырыбы: Тәрбиенің мақсат-міндеттері, мазмұны



бет1/7
Дата31.12.2021
өлшемі72,84 Kb.
#21392
түріСабақ
  1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
ТЖӘ


Сабақтың тақырыбы: Тәрбиенің мақсат-міндеттері, мазмұны.

Тәрбие – жастарды әлеуметтік өмірге, еңбекке дайындау, оларға қоғамдық тарихи-тәжірибені үйрету үдерісі.

Тәрбие – аға ұрпақтың жас ұрпаққа беретін үлгі өнегесі.

Тәрбие туралы ғұламалардың көзқарастары:

1. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек. Тәрбиесіз алынған білім – адамзаттың қас жауы» (Әл-Фараби).

2. «Тәрбие дәрменсіз болмауы үшін, ол халықтық сипатта болуы тиіс» (К.Д.Ушинский)

3. «Тәрбие басы – тіл» (Ж.Аймауытов).

4. «Анағұрлым қиын тиетін қайта тәрбиелеу жұмысына оралмау үшін әуелден дұрыс тәрбие беруге тырысу керек» (А.С.Макаренко).

Адамзат дамуының қай кезеңінде болмасын тәрбиенің тиімділігін арттыру үшін көптеген істер атқарылып келеді. Бұл жұмыстар әр мемлекеттің саяси, экономикалық, мәдени қажеттіліктеріне сай жүргізіледі. Олай болса тәрбие тиімділігінің ең басты шарты – мемлекет мүмкіндігінен туындайтын қажеттікке сай тәрбиенің мақсатын нақты анықтау болып табылады.

Жалпы адамзаттық тұрғыдан тәрбие мақсаты – тұлғаны жан-жақты, жарасымды етіп тәрбиелеу.

Қазіргі қоғамдағы тәрбиенің мақсаты – дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, еңбекққор жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру.

Жеке тұлғаның қалыптасуы – үздіксіз және күрделі процесс. Мұнда балаға табиғатынан берілген тума қасиеттері, қоғамдағы саяси-әлеуметтік жағдай, іс-әрекет пен қарым-қатынас сияқты негізгі күштердің өзара ұтымды байланысы және сәйкестігі саналы азаматтық көзқарастың қалыптасуына мүмкіндік береді.

Тәрбие мен қоғам бір мезгілде пайда болды. Тәрбие қоғамдық құбылыс, онсыз қоғам өмірі ілгері дамымайды.

Алғашқы қауымдық құрылыста ересектер балаларды еңбекке дағдыландыру үшін қауымның әдет-ғұрпын, салтын үйретті, яғни қарапайым еңбек дағдылары қалыптастырылды.

Құл иеленуші қоғамдық құрылыста құлдар, өндіріс құралдары (жер, еңбек құралдары) - құл иеленушілерінің жеке меншігі болды. Тәрбиенің мақсаты құл иеленушінің мүддесіне бағындырылып, балаларды басқыншылық соғыс өнеріне тәрбиеледі, яғни дене тәрбиесі, әскери тәрбие.

Феодалдық қоғам – діни тәрбие, қолөнер, сауданы дамыту

Капиталистік қоғам – индивидуализм негізінде үйлесімді дамыған тұлғаны қалыптастыру

Социалистік қоғам – ұжымдастыру негізінде тұлғаның дамуына жағдай жасау (коммунистік тәрбие)

Қазақстан Республикасы өз алдына дербес, тәуелсіз ел қатарына қосылған соң, ұрпақ тәрбиесінде жаңа мақсат-міндеттер туындады, олар Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында жазылған.

Тәрбиенің мақсатынан міндеттер туындайды.

Мектептегі тәрбиенің басты міндеттері – теориялық білімді еңбекпен, өмірмен байланыстырып жүргізу, оқушыларды еңбек тәрбиесіне баулу, оларды политехникалық, экономикалық, экологиялық біліммен қаруландыру, кәсіптік бағдар беруге тәрбиелеу.

Тәрбиенің жалпы мақсатын жүзеге асыру ең алдымен тәрбиенің құрамды бөліктерін (бағыттарын, түрлерін) байланыстырып шешуді талап етеді.

Тәрбиенің құрамды бөліктері: ақыл-ой тәрбиесі, адамгершілік тәрбиесі, еңбек тәрбиесі, экономикалық, экологиялық тәрбие, эстетикалық, дене тәрбиесі, т.б..

Тәрбиенің құрамды бөліктерінің бірлігі мен өзара байланысының нәтижелі болуы ең алдымен мұғалімнің шеберлігіне, жалпы дайындығына байланысты. Сондықтан ол өзін-өзі дамытып, барлық іскерлігі мен білімін баланың бойына қоғамда өмір сүру үшін және оның істерін басқару үшін қажетті адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеуге және қалыптастыруға әрқашан да дайын болуы қажет.

Міне сонда ғана мектептегі тәрбие жұмысы жемісті болуы мүмкін.
Сабақтың тақырыбы: Тәрбие үдерісінің ерекшеліктері
Тәрбие – жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастыруға бағытталған мақсатты, ұйымдастырылған үдеріс.

Тәрбие жұмысының негізінде балаға деген көзқарас, қарым-қатынас жатады. Баланы тәрбиелеудің әртүрлі жолдары:

1.«Еркін тәрбиені» жақтаған Ж.Ж.Руссо

2.«Авторитарлы педагогика» И.Гербарт

Тәрбиеде гуманистік жолдың маңызы жоғары, яғни баланы тәрбиенің субъектісі ретінде қабылдау.

Гуманизм (лат. humanus – адамдық, адамгершілік) – адамды бірінші

орынға қоятын және тұлғаны ең жоғары құндылық деп қарастыратын тұжырымдама.

Гуманизм адамға көрсетілген құрмет, әлеуметтік әділеттілікпен, оған қойылатын адамгершілік талаппен ұштастырылады. Адамға талап қою оның күші мен мүмкіндіктеріне деген сенімге негізделеді.

Бұл орайда тұлғаға бағытталған тәсілдеме басшылыққа алынады. Тұлғалық-гуманистік педагогиканың негізгі ережелері Ш.А.Амонашвили, М.Н. Берулава, Е.В. Бондаревская, О.С. Газман, В.В. Горшкова, Л.М. Лузина, В.В. Сериковтың және т.б еңбектерінде баяндалған.

ХХғ. 20-30 жылдары гуманистік принциптерді өз еңбектерінде басшылыққа алғандар Л.С.Выготский, П.П.Блонский, С.Т.Шацкий.

ХХ ғ. ортасында гуманистік идеялар В.А.Сухомлинскийдің, К.Д.Ушинскийдің, Л.Н. Толстойдың, Я.Корчактың еңбектерінде көрініс тапты.

Қоғамда атқаратын қызметіне орай тәрбиенің өзіндік ерекшеліктері бар:

1. Тәрбие - қоғамдық құбылыс. Себебі қоғамдағы әлеуметтік экономикалық, саяси жағдайлардың өзгеруіне қарай тәрбиенің мақсат-міндетері, мазмұны мен ұйымдастыру формалары өзгеріп отырады. Өйткені, адам жеке тұлға болғанымен, қоғамнан тыс дамымайды.

2. Тәрбие - мақсатты процесс. Тәрбиенің мақсаты айқын әрі нақты болғанда ғана дұрыс нәтиже береді. Тәрбиенің мақсаты қоғамның, мемлекеттің әл-ауқатымен, оның саясатымен байланысты болады.

3. Тәрбие - біртұтас процесс. Жеке тұлғаның дамып қалыптасуы тұтас процесс болғандықтан, оның қасиеттерін қалыптастыру жеке дара атқарылмайды.

4. Тәрбие – ұзақ, әрі күрделі процесс. Адам баласы туғаннан ержеткенге дейін тәрбиенің ықпалында болса, кейін ол өзін-өзі тәрбиелеуге ұласады. Сонда адам өмір бойы тәрбиеленеді деуге болады. Адамның мінез-құлқы, дербес ерекшеліктері, дүниетанымы бірден қалыптаспайды, әрі тәрбие мақсатының нәтижесі де бірден көрінбейді.

5. Тәрбие - көпжақты процесс. Тәрбиені отбасы, мектеп, жұртшылық бірлесіп атқарады.

Қазіргі кезде қоғамдағы әлеуметтік және саяси өзгерістерге байланысты тәрбиенің мақсаты да өзгереді. Қазақстан Республикасының тәуелсіздікке ие болуы, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуы, «Білім туралы», «Жастар саясаты туралы» Заңдардың қабылдануы тәрбиенің мақсатын қайта қарастыруды талап етеді. Сонымен қазіргі кездегі тәрбиенің мақсаты - дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан адамды тәрбиелеу.

Заңдылық - процестің маңызды бөлшектерінің арасын байланыстырып отырады. Тәрбие процесінің заңдылықтары:

1) Тәрбиенің қоғаммен байланысы;

2) Тәрбие мен өзін-өзі тәрбиелеудің бірлігі;

3) Іс-әрекеттің маңызы;

4) Оқушылардың жас және дербес ерекшеліктерін ескеру;

5) Ұжым мен жеке адамның өзара байланысы;

«Принцип» сөзі латын тілінен аударғанда ереже, талап деген мағынаны білдіреді.

Тәрбие принциптері дегеніміз - тәрбие процесіне қойылатын негізгі талаптар. Тәрбиеші тәрбие принциптерін басшылыққа ала отырып, тәрбие жұмыстарын жоспарлайды, ұйымдастырады.

Тәрбиенің мақсаттылық, өмірмен байланыс, ұжым арқылы тәрбиелеу, тәрбиеленушінің тұлғасына қойылатын талаптар мен құрметтің бірлігі, тәрбиелік ықпалдардың жүйелілігі, беріктігі, үздіксіздігі және оқушылардың жас және дербес ерекшеліктерін ескеру принциптері бар....

Сабақтың тақырыбы: Мектептің тәрбие жүйесі, мазмұны.


Мектептің тәрбие жүйесі – жеке тұлғаның дамуына тиімді және мақсатты әсер ететіндей етіп құрылған, реттелген тәрбие үдерісі.

Тәрбиелік жүйе – біртұтас әлеуметтік ағза, оның қызмет істеу шарты: негізгі компоненттері бір-бірімен тығыз байланыста (мақсат, мазмұн, іс-әрекет тәсілі) болады.

Адамзат тарихында әртүрлі тәрбиелік жүйе болды. Олардың әрқайсысы, сол қоғамға тән сипаттағы талаптарды, әлеуметтік, саяси, экономикалық қатынастарды бейнеледі. Олардың ішіндегі белгілері:

• Спартандық тәрбие жүйесі;

• Афиндық тәрбие жүйесі;

• Діни тәрбие жүйесі;

• Джентельмен қалыптастыру жүйесі (батыс-европалық жүйе Дж.Локк);

• Адамды ұжымда және ұжым арқылы тәрбиелеу жүйесі (А.С.Макаренконың жүйесі).

70 жылдардың соңына қарай мектептің тәрбиелік жүйелік идеялары тәрбие теориясына ене бастады. Бұл салада Ф.Ф.Королевтің еңбектері әдіснамалық рөл атқарады.

Жалпы білім беретін мектептердің тәрбие жұмысының тиімділігін арттыруда М.М.Поташниктің еңбектерінің маңызы зор.

Жүйелік әдіс арқылы тәрбие жүйесін әртүрлі деңгейде жобалау, құрастыру, жетілдіру және қайта құру мәселелерін Л.И.Новикова зерттеді.

Тәрбие жүйесінің қалыптасып, дамуында келесі 4 кезеңді атауға болады:

1-кезең – жүйені жобалау (бұл кезеңде сынып оқушыларының қызығушылығын, қабілетін, мінез-құлқын, т.б ерекшеліктерін зерттеу жұмысы атқарылады);

2 кезең – жүйенің қалыптасуы (бұл кезеңде оқушылардың өзара қарым-қатынастарының қалыптасып, ұжымдық бірлікті сезінуіне бағытталған бірлескен әрекеттерге ерекші мән беріледі, сыныптың жеке дәстүрлері қалыптасады);

3 кезең - жүйенің тұрақты жұмыс істеуі (өзіндік бастаманы,өз бетімен әрекет етуді дамыту, қабілеттерінің дамуына қолайлы орта қалыптастырылады);

4 кезең – жүйе жұмысын аяқтау немесе қайта жаңарту (бұл жерде екі бағыт болуы мүмкін: бірі сыныптағы ең үздік әрекеттің, әдістің барлық мектептің игілігіне айналуы; екіншісі – жаңа әдіс, әрекет, тәсілдерді табу арқылы сынып тіршілік-әрекетін жаңарту).

Мектеп ұжымының басты міндеті – тәрбие жұмысының жүйесін қалыптастыру.

Жалпы мектептегі тәрбиелеу жүйесі, сыныптағы тәрбие жүйесі бір-бірімен сабақтастырыла жүргізіледі. Сыныптағы тәрбие жұмысы мектептегі тәрбие жүйесінің бір бөлігі болып табылады.

Мектептің тәрбие жұмысын жүйе ретінде төмендегі сызбанұсқадан көруге болады:

Сызбанұсқада көрсетілгендей, мектептің тәрбие жүйесі оқушылардың сабақ үдерісіндегі және сабақтан тыс уақыттағы тәрбиесін қамтиды. Ол сыныпта, мектепте, мектептен тыс тәрбие мекемелерінде ұжымдык және жеке-дара тәрбие мәселелерін шешіп отырады, сонымен бірге мектептің тәрбие жұмысының отбасымен және жұртшылықпен тығыз байланыста жүргізілуіне аса зор мән беріп, оны өз іс-әрекетінде қоса атқарады.

Тәрбие жүйесін құруда ескерілетін жағдайлар:

- оқушылардың қызығушылықтары, қабілеттері, қажеттіліктері;

- педагогикалық ұжымның мүмкіндігі (мектеп қандай әрекет түрлерін ұйымдастыра алады), шығармашылық әлеуеті (потенциалы);

- ата-аналардың білім мен тәрбиенің нәтижесіне мүдделігі болуы.

Мектептегі тәрбие жүйесінің мазмұны оқушыларды жан-жақты дамытып, ұлттық тәлім-тәрбие негізінде құрылуы керек.

Мектептің ұлттық тәрбие жүйесінің негізі, оның мазмұнының өзегі, тұп қазығы ретінде мынадай құндылықтарды атай аламыз: туған жер, Отан, отбасы, еңбек, ұлттық мәдениет, ана тілі, ұлттық өнер, ғылым, ұлт тарихы, дін, білім, бейбітшілік, адам, азамат, ұлттық салт-дәстүр.

[

Сабақтың тақырыбы: Бала құқығы туралы Конвенция


Конвенция – 0-ден 18 жасқа дейінгі барлық балаларға қатысты Халықаралық заңы бар құжат.

Бала құқығы туралы Конвенцияны 1989 жылы 20 қарашада Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қабылдады.

Бала құқығы туралы Конвенциясы ҚР 1994 жылы 11 қарашада заңды күшіне енді.

Бала құқығы туралы конвенцияда балалардың кім екендігі түсіндіріледі, сондай-ақ олардың барлық құқықтары мен үкіметтің міндеттемелері тізіліп көрсетіледі. Барлық құқықтар өзара байланысты, олардың барлығы да бірдей маңызды және оларды балалардан бөлек қарастыру мүмкін емес.


1 бап. Бала жайлы анықтама

Өз елінің заңына сай 18 жасқа толмаған әрбір адам бала болып табылады, және ол осы Конвенцияда бекітілген құқықтарға ие.

2 бап. Кемсітушілікті болдырмау

Әрбір бала нәсіліне, терінің түсіне, жынысына, тіліне, дініне, әл-ауқаты мен әлеуметтік шығу тегіне қарамастан, осы Конвенцияда көрсетілген барлық құқықтарға ие. Ешкімді кемсітуге болмайды.

3 бап. Баланың мүдделерін қорғау

Шешімдерді қабылдау барысында үкімет балалардың мүдделерін барынша қамтамасыз етіп, оларға ерекше қорғау мен күтімді көрсетуі тиіс.

4-бап. Құқықтарды іске асыру

Үкіметтер елдегі әрбір баланың Конвенцияда бекітілген құқықтарды пайдалана алуы үшін барлық жағдайды жасаулары қажет.

5-бап. Жанұяда баланы өсіру мен баланың қабілеттерін дамыту

Үкімет баланың даму ерекшеліктерін ескере отырып, ата-аналардың баланы тәрбиелеудегі құқықтарын, міндеттерін және жауапкершіліктерін құрметтеуі тиіс.

6-бап. Өмір сүру, аман болу және даму құқығы

Әрбір баланың өмір сүруге құқығы бар, және үкімет баланың психикалық, эмоциялық, ақыл-ой, әлеуметтік және мәдени деңгейін қолдай отырып, оның аман-есен, сау болып дамуын қамтамасыз етуге міндетті.

7-бап. Аты-жөні мен азаматтығы

Әрбір бала туылғанда аты-жөні мен азаматтығын алуға құқылы, сондай-ақ өз ата-аналарын білуге және олардың қамқорлығына сүйенуге құқылы.

8-бап. Даралықты сақтау

Үкімет баланың өз даралығын сақтау құқығын құрметтеуі тиіс, оның ішіне есімі, азаматтығы және отбасылық байланыстары кіреді. Егер бала олардан айырылған жағдайда, үкімет оған барынша тез қалпына келітіруге көмектесуі керек.

9-бап. Ата-анасымен айырылысу

Бала ата-анасынан айырылмауы қажет, оны тек оның мүддесін қорғау үшін ғана жасауға болады. Мысалы, егер бала тиісті ата-аналық күтім алмаса немесе ата-анасы балаға қатігездік көрсететін болса. Егер бала ата-анасының біреуінен, не екеуінен айырылатын болса, ол олармен үнемі түрде көрісіп тұруға құқылы (тек баланың мүддесіне қайшы келетін жағдайлардан басқа). Егер үкіметтің шешімі нәтижесінде бала ата-анасының біреуінен, не екеуінен айырылатын болса, онда үкімет балаға оның ата-анасының мекен-жайы жөнінде ақпаратты беруге міндетті (тек балаға зиян келтірілетін жағдайлардан басқа).

10-бап. Жанұяның қайта бірігуі

Егер бала мен оның ата-анасы әртүрлі елдерде тұратын болса, онда олар қарым-қатынастарын жалғастыруы үшін елдер арасындағы шекараларды өтіп тұруға мүмкіндіктері болуы қажет.

11-бап. Заңсыз түрде жүру және қайтару

Үкімет балалардың елден заңсыз түрде алып кетілуіне тыйым салуы тиіс.

12-бап. Баланың көзқарасы

Бала өзіне қатысты барлық мәселелер бойынша көзқарасын еркін білдіруге құқылы. Үлкендер балалардың пікіріне құлақ асулары қажет.

13-бап. Ой-пікірді еркін білдіру

Бала өз пікірін еркін білдіруге, кез-келген ақпаратты іздеуге, алуға және таратуға құқылы, тек бұл басқа адамдарға зиянын келтірмеуі керек, мемлекеттік қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті бұзбауы қажет.

14-бап. Ой, ар-ұждан және дін бостандығы

Үкімет баланың ойлауға, ар-ұждан және дініне қатысты бостандығын құрметтеуі тиіс. Ата-аналар немесе қамқоршылар балаға осы құқық жайлы түсіндіріп беруі керек.

15-бап. Қауымдастық еркіндігі

Балалар өзі қалаған топтарға қосылуға немесе топтар мен ұйымдарды құруға құқылы, тек бұл басқа адамдарға зиянын келтірмеуі керек, мемлекеттік қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті бұзбауы қажет.

16-бап. Жеке өмір құқығын қорғау

Әрбір баланың жеке өмірге құқығы бар. Ешкім оның абырой-беделіне нұқсан келтіруге, сондай-ақ рұқсатсыз оның үйіне кіруге және оның хаттарын оқуға құқығы жоқ. Бала өзінің ар-намысы мен абыройына заңсыз қол сұғудан қорғау алуға құқылы. 17-бап. Пайдалы ақпаратқа қолжетімділік

Әрбір бала ақпарат алуға құқығы бар. Үкімет бұқаралық ақпарат құралдарын балалардың рухани және мәдени дамуына ықпалын тигізетін материалдарды таратуға ынталандырып, балаларға зиян келтіретін ақпаратқа тыйым салуы қажет.

18-бап. Ата-ананың жауапкершілігі

Ата-аналар бала тәрбиесі мен дамуына бірдей жауапты. Үкімет ата-аналарға баланы тәрбиелеу мен дамытуда көмек көрсетіп, сондай-ақ балалар мекемелерінің желісін дамытуды қамтамасыз етуі керек.

19-бап. Қатыгездік пен немқұрайлықтан қорғау

Үкімет баланы ата-аналар немесе басқа адамдар тарапынан болатын зорлық-зомбықтың барлық түрлерінен, немқұрайлылық пен қиянат көрсетушіліктен қорғауы қажет, сондай-ақ ересектерден қатыгездік көрген балаға көмектесуге міндетті.

20-бап. Отбасысыз қалған баланы қорғау

Егер бала отбасынан айырылған болса, онда ол үкімет тарапынан арнайы қорғау мен көмек алуға құқылы. Үкімет балаға қажетті тәрбие мен күтімді қамтамасыз ету үшін оның тілін, дінін, мәдениетін құрметтейтін адамдарға баланы тапсыра алады.

21-бап. Асырап алу

Бала асырап алған жағдайда үкімет оның ең жақсы мүдделерінің сақталуын, оның заңды құқықтарының бұлжытпай орындалуын қадағалауы қажет. Бала асырап алу кезінде ел ішінде де, шетелде де бірдей ережелер, кепілдіктер мен нормалар қолданылуы қажет.

22-бап. Босқын балалар

Басқа елден келген балаларға үкімет ерекше қорғауды, олардың мектепке барып, білім алуын, тамақтануын, отбасына оралуын қамтамасыз етуі керек.

23-бап. Мүгедектігі және ерекше қажеттіліктері бар балалар. Ақыл-ой немесе физикалық тұрғыдан ерекше қажеттіліктері бар әрбір бала қоғамда барынша лайықты өмір сүруге құқығы бар. Үкімет мұндай балаларға сабақ оқу, ем алу, еңбекке дайындалу, демалу, барынша тәуелсіз болуға, яғни толыққанды өмір сүру мүмкіндігін қамтамасыз етуі керек.

24-бап. Денсаулық пен денсаулық сақтау

Әрбір бала өз денсаулығың сақтау үшін дәрігерлік көмек алуға, таза су ішуге, таза және қауіпсіз ортада өмір сүруге және толыққанды тамақтануға құқығы бар. Барлық ересек адамдар мен балалар денсаулықты сақтау жайында толық ақпаратпен қамтамасыз етілуі тиіс.

25-бап. Қамқорлыққа алынған балаларды мерзімді бағалау

Үкімет қамқорлыққа алынған әрбір баланың өмір сүру жағдайы мен ахуалы жайлы үнемі тексеріп отыруы қажет.

26-бап. Әлеуметтік қамсыздандыру

Үкімет жағдайы нашар отбасылардағы балаларға ақшалай немесе басқалай көмектесуі керек.

27-бап. Өмір сүру деңгейі

Балалар өздерінің толыққанды дамуы үшін тамаққа, киімге және қауіпсіз тұрғын жайға құқығы бар. Үкімет бұл құқықты жүзеге асыруға мүмкіндіктері жоқ отбасылар мен балаларға көмектесуі тиіс.

28-бап. Білім алу

Әрбір бала білім алуға, мектепке баруға құқылы. Бастапқы білім алу тегін болуы тиіс. Ал одан кейінгі берілетін білім әрбір бала үшін қолжетімді болуы керек. Мектепте бала құқықтары толық қорғалып, оның адами қадір-қасиеті құрметтелуі керек. Балалардың мектепке үнемі баруын үкімет қадағалап, бақылайды.

29-бап. Білім алудың мақсаттары

Білім беретін мекемелер баланың жеке тұлғасын, дарынын, ақыл-ой және физикалық қабілеттерін ашып, оларды дамытуға көмек көрсетуге міндетті. Сондай-ақ баланы өзінің және басқалардың құқықтарын біліп, құрметтеуге, ата-анасын сыйлауды үйретуі тиіс.

30-бап. Аз ұлттар мен байырғы халықтарға жататын балалар

Басқа елден келген баланың өз тілінде сөйлеуге, өз дінін ұстануға, халқының әдет-ғұрыптарын сақтауға құқығы бар.

31-бап. Демалыс, бос уақыт пен мәдени өмір

Әрбір баланың демалуға, ойнауға, сондай-ақ мәдени және шығармашылық іс-шараларға қатысуға құқығы бар.

32-бап. Балалар еңбегі

Үкімет баланы қауіпті және зиянды жұмыстан қорғауы қажет. Жұмыс баланың білім алуына, рухани және физикалық дамуына кедергісін келтірмеуі керек.

33-бап. Есірткіні заңсыз қолдану

Үкімет жасөспірімдердің есірткі секілді зиянды заттарды заңсыз қолдануына жол бермеуі керек, және осыдан қорғау үшін қолдан келгенше баланы барынша қорғау қажет, және балалардың есірткіні өндіруде және таратуда қатысуына жол бермеуі тиіс.

34-бап. Сексуалдық қанаушылық

Үкімет балаларды сексуалдық зорлық-зомбылықтың барлық түрлерінен қорғауға міндетті.

35-бап. Сату, адам саудасы және ұрлау

Үкімет балалардың ұрлауына, контрабанда арқылы сатылуна жол бермеу үшін бар күш-жігерін салуы қажет. Ата-аналар балаларға бейтаныс адамдармен сөйлеспеуді ескертуі керек.

36-бап. Қанаудың (пайдаланудың) басқа да түрлері

Үкімет балалардың пайдаланылуына жол бермеуі тиіс, оларға зиян келтіретін кез-келген әрекеттерден қорғауы қажет.

37-бап. Азаптау және бостандығынан айыру

Үкімет әрбір баланы қатыгездіктен, жазықсыз қамалуынан қорғау қажет. Еркіндік пен бостандығынан айырылған бала жақын адамдарымен хабарда болуы керек.

38-бап. Қарулы қақтығыс

Үкімет 15 жасқа толмаған балаларға әскерге баруға, соғысқа қатысуға рұқсат етпеуі керек. Соғыс болып жатқан жерлердегі балалар ерекше қорғау мен күтім алуы қажет.

39-бап. Қалпына келтіру күтімі

Егер бала қатыгездіктен, қанаудан запа шексе, онда үкімет ол балаға көмек көрсетіп, денсаулығын қайта жақсартуға қолдау көрсету қажет.

40-бап. Заңды бұзушы балаларға құқықтық көмек

Заңды бұзған балалар қажетті көмекке жүгінуге және оларға әділетті түрде қарауға құқығы бар. Оларға қоғамның жақсы азаматы болуға қажетті көмек көрсетілуі тиіс.

41-бап. Ең жоғары нормаларды қолдану

Елдің заңы балалардың құқықтарын осы Конвенцияға қарағанда жақсырақ қорғайтын болса, онда сол елдің заңы бірінші кезекте қолданылуы қажет.

42-54 баптарда ересек адамдар мен үкіметтер бірлесе отырып балалардың құқықтарын қамтамасыз ету үшін қандай әрекеттер жасауы қажет жайлы ақпаратты қамтиды.

Сабақтың тақырыбы: Тәрбие жұмыстарының түрлері.


Тәрбиенің мақсатын жүзеге асыру тәрбиенің құрамды бөліктерінінің (бағыттарын, түрлерін) бір-бірімен байланыста болуын талап етеді.

Тәрбиенің құрамды бөліктері (бағыттары, түрлері): азаматтық-патриоттық тәрбие, ақыл-ой тәрбиесі, адамгершілік тәрбие, еңбек тәрбиесі, эстетикалық тәрбие, экологиялық тәрбие, экономикалық тәрбие, дене тәрбиесі т.б..

Азаматтық-патриоттық тәрбие – Қазақстан азаматы мен патриоты тұлғасын қалыптастыру және дамыту, Отанының тағдырына жауапкершілікпен қарау, оны бейбіт өмір мен соғыс уақытында қорғауға дайын болу.

Ақыл-ой тәрбиесі – адам зиялылығының негізі. Ақыл-ой тәрбиесіне екі ұғым кіреді: зер салып ойлау және ақыл-ой күштері.

Ақыл-ой тәрбиесінің мінедеттері:

- қазіргі заман талабына сай оқушыларды ғылым негіздерімен қаруландыру, таным қабілеттері мен білім қызығуларын арттыру;

- негізгі ойлау операцияларын меңгерту;

- зиялылық біліктерін қалыптастыру;

- дүниетанымын қалыптастыру.

Адамгершілік тәрбие – адамгершілік сезім, сана, мінез-құлық нормаларын қалыптастыруды басшылыққа алады. Гуманизм, ар-ұят, ождан сақтау, намыс, борыш, жолдастық, қайырымдылық, кішпейілділік, инабаттылық, талап қоюшылық, діни құндылықтарды игеру, оқушыларды ана тіліне, мемлекеттік қазақ тіліне деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеу, ынтымақтастық, ұлттық келісім, басқа да халықтардың дәстүрі мен тілін, мәдениетін құрметтеу және сыйлауға бағыттайды.

Тәрбие беру мазмұнында адамгершiлiк тәрбие педагогикалық процестiң iзгiлендiру идеясын ұсынады.

Эстетикалық тәрбие - табиғаттағы, өнердегі, еңбектегі, өмірдегі ең жақсыны қабылдау, одан ләззат алу. Эстетикалық тәрбие адамды дүниедегі әдемілік атаулыны бағалай білуге үйретеді.

Балалардың әдемілікке деген сезімін қай жерде болмасын: мектепте, үйде, демалыста т.б. жетілдіріп отыру керек.

Эстетикалық тәрбиенің негізгі құралдары - әдебиет пен өнер.

Еңбек тәрбиесі – оқушыларды еңбекке тәрбиелеу, баулу, кәсіптік бағдар беру, оларды қоғамдық пайдалы, өнімді еңбекке тікелей қатыстыру, оқуға деген саналы көзқарасты тәрбиелеуді басшылыққа алады.

Еңбек тәрбиесінің міндеттері:

- еңбек сүйіспеншілік пен еңбек адамдарына құрметпен қарау;

- оқушыларды халық шаруашылығының салаларындағы еңбектің түрлерімен таныстыру;

- мамандықты таңдауға даярлау.

Балалардың, жасөспірімдердің және жастардың өзіне-өзі қызмет көрсету шеберлігін және дағдыларын, еңбек қызметінің саналуан түрлеріне адалдықпен, шығармашылық және жауапкершілікпен қарап, ұжымда, топта жұмыс істей білу икемдігін қалыптастырады.

Экологиялық тәрбие - адамның бойында табиғатқа әдепті көзқарастың және оған қарым-қатынастың қалыптасуы мен дамуын, табиғи ресурстардың жағдайына жеке жауапкершілік сезімін және адамдардың олармен парасатты іс- әрекеттерін жобалайды. Экологиялық тәрбиенінің негізі алдымен, қоршаған ортаны және халықтың денсаулығын қорғауды, елімізде экологиялық жағдай туралы халықты ақпаратпен қамтамасыз етуді көздейді.

Экологиялық тәрбиенің негізгі міндеттері:

- экологиялық нормалардың, ережелердің қажеттілігін жастардың мінез-құлқында тәрбиелеу;

- қоршаған ортаға жауапсыздықпен қарауға жол бермеу;

- жастардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Экономикалық тәрбие – оқушыларды экономикалық білім негіздерімен қаруландыру, қоғамдық экономикалық саясатты ұғындыру, өндіріс, айырбас, бөлісу және тұтыну шеңберіндегі экономикалық қатынастарды тәжірибеде меңгерту.

Негізгі мақсат – қоғам дамуының қазіргі кезеңіне сай оқушылардың экономикалық ойлауын қалыптастыру.

Дене тәрбиесі - жастардың бойына психикалық тұрақтылықты және тиімді кәсіби қызмет қажеттілігін қамтамасыз ететін салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатын қояды. Салауатты өмір салтын қалыптастыру адам ағзасының мүмкіндіктерін, оның қызметінің ерекшіліктерін болжау, адамның физикалық, психикалық және рухани саулығының өзара байланысы, сондай-ақ, тәрбиеленушілерді саналуан спорт түрлеріне тікелей қатыстыру жолымен ағартушылық және ақпараттық түсіндіруші жұмыс барысында жүзеге асырылады.

Дене тәрбиесін ұйымдастыру формаларына дене шынықтыру сабақтары, үйірмелер, секциялар (жеңіл атлетика, волейбол, баскетбол, футбол, күрес т.б.) жатады. Мектептен тыс жаппай спорт жұмыстары оқушылардың тұрғын жерлерінде, балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептерінде, спорттық базаларда (стадион, жүзу бассейндері, мұз айдыны т.б.) жүргізіледі. Дене тәрбиесін ұйымдастыруда басқа формалар: саяхат жасау, туристік жорықтар, спорттық тақырыпқа байланысты кештер, ойындар т.б.

Дене тәрбиесінің маңызды құралдарына дене жаттығулары, гимнастика, ойын, туризм, спорт табиғи факторлар (күннің көзі, ауа, су, топырақ) жатады.

Жақсы ұйымдастырылған тәрбие адамды өмірдегі ең басты үш рөлге дайындайды – азамат болуға, жұмыскерге, отбасылық өмірге.

Сабақтың тақырыбы: Тәрбие үдерісін ұйымдастырудың формалары


Оқушыларды тәрбиелеу процесі әр түрлі формалармен жүзеге асады.

Тәрбие жұмысының формаларын таңдау тәрбие жұмысының мазмұнына, оқушылардың жас ерекшеліктеріне, тәрбиешінің шеберлігіне, т.б. жағдайларға байланысты.

Тәрбие жұмысын ұйымдастыру формасының мазмұны өте кең, жан-жақты.

«Форма» латын сөзінен енген, ұйымдастыру тәсілі деген мағынаны білдіреді.

Тәрбие жұмысын ұйымдастыру формасы – тәрбиеші мен тәрбиеленуші қарым-қатынасын және әр түрлі ішкі байланыстарды айқындайтын, тәрбие жұмысын ұйымдастыру тәсілі.

Тәрбие жұмысын ұйымдастыру формасы – тәрбие процесіне қатысушылардың іс-әрекетінің сыртқы көрінісі.

Педагогикалық әдебиеттерде оқушылардың қалайша ұйымдастырылғанына байланысты (тәрбие үдерісіне бүкіл сынып, оқушылардың шағын топтары немесе жеке оқушы қатыстырыла ма) тәрбиені ұйымдастыру формаларының жіктелуі беріледі. Соны есепке ала отырып, мынадай ұйымдастыру формалары белгіленеді:

1 Жаппай немесе бұқаралық

2. Топтық немесе үйірмелік

3. Жеке немесе дара


1. Жаппай формаларына кештер, мерекелер, олимпиадалар, сенбіліктер, туристік жорықтар т.б. жатады.

2. Топтық формаларына: пәндік үйірмелер, спорттық үйірмелер, техникалық үйірмелер, ансамбльдар, т.б. бірлестіктер.

3. Жеке формаларға: сыныптан тыс жұмысқа байланысты мұғалімнің әр түрлі тапсырмаларын жеке оқушылардың өз бетімен орындауы. Газетке хабарлама беру, мақала, баяндама даярлау, т.б. Жеке жұмыстарға талантты, икемді оқушыны да, сабаққа нашар оқушыны да қатыстыруымыз керек.


Тәрбиелік іс-әрекетті әдісіне қарай жүйелеуге де болады:

1. Сөздік формалар: жиналыс, саяси хабарлар, баяндама, оқырман конференциялары, пікірталас, кездесулер

2. Тәжірибелік формалар: жорық, саяхат, олимпиада, сайыстар, жас техниктер, натуралистер үйірмелері

3. Көрнекілік формалар: мектеп мұражайы, кітап көрмелері, еңбек, соғыс ардагерлерінің залдары, көркемөнер көрмелері, т.б.

Сабақтың тақырыбы: Сыныптан және мектептен тыс тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру жолдары
Жоспар:

1. Сыныптан тыс тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру жолдары

2. Мектептен тыс тәрбие мекемелерінің жұмысы
1. Оқушыларды тәрбиелеу тек сабақпен ғана шектеліп қоймайды, ол сабақтан тыс уақытта да жалғасады, тереңдетіледі. Сабақ үдерісі кезінде тәрбие міндеттерінің барлығын шешу мүмкін емес.

Сабақтан тыс тәрбие жұмыстарының кеңінен тараған түрлері: сыныптан және мектептен тыс тәрбие жұмыстары.

Сыныптан тыс тәрбие жұмыстары деп – мектепте оқушылармен жүргізілетін тәрбиелік, білімдік сипаттағы, мақсатты түрде ұйымдастырылған шаралар жатады.

Сыныптан тыс шаралар түрлері: мектептегі үйірмелер, клубтар, әдеби-музыкалық қоғам, ғылыми-зерттеу орталығы, т.б.

Оқыту сабақтарына қарағанда сыныптан тыс жұмыстарының өзіндік ерекшеліктері болады:

1. Сыныптан тыс жұмыс ерікті негізде өткізіледі.

Оқушылар ынта мен бейімділіктеріне байланысты өз беттерімен әртүрлі үйірмелерге жазылады, сабақтан тыс уақытта өз қалаулары бойынша көпшілік және жеке атқаратын жұмыстарға қатысыды. Еріктілік сыныптан тыс жұмыстар түрлерін таңдау кезінде ғана болады. Педагогикалық ұжымның міндеті – сыныптан тыс жұмыстарға барлық оқушыларды тарту.

2. Сыныптан тыс жұмыс міндетті бағдарламалар көлемімен байланысты болмайтындығында.

Оның мазмұны мен формасы оқушылардың ынталары мен талап-тілектеріне, жергілікті жағдайларға байланысты болады. Пәндік және басқа үйірмелердің бағдарламалары шамалы, бағдарлық күйде болады. Осы бағдарламалардың және әдістемелік нұсқаулардың негізінде үйірмелердің жетекшілері нақты жағдайларды және оқушылардың ықылас қалауын ескере отырып, жұмыс жоспарын жасайды. Бұл сыныптан тыс жұмыстың мазмұны анағұрлым икемді, мектеп оқушылардың ынтасы мен тілек-талаптарына сай келетіндей етуге мүмкіндік береді.

3. Сыныптан тыс жұмыстарға қатысатын оқушылардың жас ерекшелігінің әр түрлілігі.

Мысалы, мектеп хорына, үйірмелерге әр түрлі жастағы балалар қатыса алады.

4. Сыныптан тыс жұмыстарында оқушының өз бетімен айналысудың басым болуы.

Әрине бұл жұмыстарда педагогтар бағыттап отырады, бірақ оқыту сабақтарынан ерекшелігі – оны негізінен мектеп оқушыларының өздері ұйымдастырады.

5. Сыныптан тыс жұмысында қоғамдық пайдалы іс-әрекеттің салмағының артқандығында.

Қазіргі кезде сыныптан тыс жұмыстар қоғамға пайдасы мол бағытқа ие болып келеді. Соның нәтижесінде ол мектеп оқушыларына, әсіресе, жоғары сыныптарда кәсіптік бағдар берудің өте маңызды құралы ретінде көрініп отыр.

6. Сыныптан тыс жұмыстардың формалары мен әдістердің саналуандығы.

Сыныптан тыс жұмыстардың барлық формалары мен әдістерін санап шығу өте қиын және мүмкін де емес.

7. Сыныптан тыс жұмыстың ерекшелігі - оның бұқаралығы.

Ол табиғатты, техниканы, өнерді сүйетін жеке балаларды ғана емес, барлық оқушыларды қамтиды.

Төмендегі бірқатар талаптарды орындағанда сынаптан тыс жұмыстардың құндылығы артады:

- сыныптан тыс жұмыс өмірмен, тәжірибемен байланысты болу керек;

- сыныптан тыс жұмыстың мазмұны, ұйымдастырылуы мектептің оқу-тәрбие жұмысына бағындырылуы қажет;

- сыныптан тыс жұмыс үздіксіз өткізілуі тиіс;

- сыныптан тыс жұмыс оқушыға түсінікті болуы және жаңа әдістермен өткізілуі тиіс.


2. Арнаулы мектептен тыс мәдени-ағарту мекемелері мен қоғамдық ұйымдар тарапынан жүргізілетін тәрбиелік, білімділік мәні бар жұмыстарды мектептен тыс тәрбие жұмыстары деп атайды.

Мектептен тыс мекемелер балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастартын негізгі орталық база. Балалармен мектептен тыс жұмыстарды жүргізетін мекемелер мемлекеттік, қоғамдық, жеке болып ұйымдастырылады. Мектептен тыс мекемелер оқушыларды жеке тұлға ретінде қалыптастыратын, шығармашылық қажеттілігін қанағаттандыратын, қоршаған ортамен таныстыратын, гуманистік және демократиялық тұрғыда қоғамды құруға қатынастыратын әлеуметтік тәрбе институты болып табылады.

Мектептен тыс тәрбие – үздіксіз білім беру жүйесінің толық құқылы саласы, ол барлық балалар мен жасөспірімдерге өз мүмкіндігін анықтауға, сабақтан тыс уақытта әр баланың қызығушылығына, қабілетіне, дарындылығына қарай жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.

Мектептен тыс мекемелердің балалармен тәрбие жұмысын алғаш бастап жүргізуінің өзінде-ақ бұл жұмысқа ғылыми негіз керектігі аңғарылды, оның мазмұнын, түрі мен әдісін, бағыттарын анықтау қажеттілігі туды. Осындай мұқтажыдық 1929 жылы Халық ағарту комиссариаты жанынан мектептен тыс жұмыс Кеңесін құруды керек етті. Бұл Кеңесті Н.К.Крупская басқарды. Н.К.Крупскаяның бұл бағыттағы жұмыстары тұңғыш Халық ағарту комиссариаты - А.В.Луначарский еңбектерінен қолдау тауып отырған. Ол жылдарда мектептен тыс мекемелердің қызметкерлеріне арнап журналдар («Внешкольник») шығарылды.

Мектептен тыс мекемелер: балалардың шығармашылық үйлері, балалар мен оқушылар сарайы, жас натуралистер станциясы, жас техниктер станциясы, балалардың туризм және экскурсия орталықтары, балалар мен жасөспірімдердің спорт сарайлары, балалар стадиондары, музыка, өнер мектептері, сауықтыру және еңбек лагерлері, т.б..

Мектептен тыс алғашқы мекеме 1918 жылы Мәскеуде «Жас табиғатты сүйюшілер» деген атпен құрылды.

Мектептен тыс мекемелердің кеңінен дамыған кезеңі – 20-30 жылдар. 30-40 жылдарда мектептен тыс мекемелердің жаңа кешенді түрлері пайда болды: пионерлер үйі, балалардың мәдениет үйлері, балалар паркі, жас техниктер станциясы, балалар кітапханалары, т.б.

Мектептен тыс мекемелердің негізгі міндеттері:

- әр оқушының қалыпты дамуына тиімді жағдай жасау;

- ғылыми дүниетанымын қалыптастыру;

- адамгершілік қасиеттерін дамыту;

- өзбетімен білім дәрежесін көтеруге жағдай жасау;

- еңбекке баулу, кәсіби бағдар беру;

- балалардың бос уақыты мен демалысын ұйымдастыруға көмектесу;

- жеке және ұжымдық шығармашылығын дамыту, т.б..

Мектептен тыс мекемелері мектептерге жан-жақты көмек көрсетеді, мектептермен біріге отырып, оқушыларды әр түрлі жұмыстарға тартады.

Барлық мектептен тыс мекемелердің жұмысы өз ережелері мен бағдарламасына, оқушылардың өз іс-әрекеттеріне негізделе отырып, жүзеге асады.

Сабақтың тақырыбы: Тәрбие әдістері, тәсілдері туралы түсінік


Әдіс – алға қойған мақсатқа жетудің жолы.

Әрбір әдіс оқушылардың әрекетін ұйымдастырып, олардың мінез-құлқына, сезіміне, санасына ықпал етеді. Мақсат әдістің бас критерийі.

Тәсіл - әдістің бір бөлігі. Әрбір әдістің тәсілдері болады. Мысылы, мадақтау әдісінің тәсілдері мақтау, марапат беру, мақұлдау, т.б.

Тәрбие әдісі – тәрбиеші мен тәрбиеленушілердің өзара байланыс іс-әрекетінде оқушылардың тұлғалық қасиеттерін қалыптасуына бағытталған педагогикалық жұмыс тәсілдері.

Тәрбие тәсілі – тәрбие әдісінің жеке бір бөлігі.

Тәрбие әдістерін жіктеуде белгілі педагогтар Гончаров Н.К., Конникова Т.Е., Огородников И.Т., Болдырев Н.И., Щукина Г.И., Сластенин В.А., т.б. зор үлес қосты.

Педагогика оқулықтары мен ғылыми-зерттеу еңбектерінде тәрбие әдістерін жіктеуге байланысты ортақ пікір жоқ.

Ғалым-педагогтар Н.И.Болдырев, Н.Г.Гончаров, Р.Р.Королев еңбектерінде тәрбие әдістері сендіру, жаттығу, мадақтау мен жазалау деп қарастырылады.

Г.И.Щукина тәрбие әдістерін:

1. Жеке адамның санасын қалыптастыру әдістері;

2. Қоғамдық мінез-құлықты, іс-әрекетті ұйымдастыру әдістері;

3. Мадақтау мен жазалау әдістері деп жіктеді.

Мектеп тәжірибесінде Сластенин В.А. жасаған тәрбие әдістерінің жіктелуі кеңінен қолданылады.

Сластенин В.А. «Педагогика» оқулығында тәрбие әдістерін мынадай төрт топқа бөліп қарастырады.:

Бірінші топ – жеке адамның санасын қалыптастыру әдістері: әңгіме, лекция, пікірталас, өнеге.

Екінші топ – қоғамдық мінез-құлық тәжірибесін қалыптастыру және іс-әрекетті ұйымдастыру әдістері: педагогикалық талап, қоғамдық пікір, үйрету, жаттықтыру, арнайы тәрбиелеуші жағдаяттар, тапсырма.

Үшінші топ – Ынталандыру әдістері: жарыс, мадақтау, жазалау.

Төртінші топ- бақылау, өзін-өзі бақылау және тәрбиеде өзін-өзі бағалау әдістері: педагогикалық бақылау, психологиялық сұрақтар, т.б.

Тәрбие жұмысында әдістерді таңдап алу оқушылардың жас және дербес ерекшеліктеріне, өмір тәжірибесіне, педагогикалық жағдаяттарға тәуелді.

Барлық тәрбие әдістері бір-бірімен өзара байланысты. Тәрбие әдістерінің өзара байланысы тәрбие жұмысына игі әсер етеді, балалардың білімін, іскерлігін, дағдысын тереңдетеді, қоғамдық өмірге, еңбекке баулиды.


Сабақтың тақырыбы: Педагогикалық талаптың мәні мен түрлері.
Педагогикалық талап әдісі әр түрлі іс-әрекеттердің бір түріне тежеу, ал енді бір түрін күшейту мақсатымен тәрбиеленушінің санасына педагогикалық ықпал жасау.

Оқушылар өмірін ұйымдастыруда педагогтің талап қоюы шешуші роль атқарады.

Мұғалімнің нақты, ойланып қойған талаптары болмаса, тұтас педагогикалық үрдістің сапасын арттыру, оқушылардың бірлесіп істейтін жұмыстарын ұйымдастыру мүмкін емес.

Тәжірибелі педагог оқу, тәрбие жұмысын өткізу үшін алдына айқын талаптарды белгілеу қажет. Нақты педагогикалық жағдайға байланысты талаптың түрі, мазмұны іріктелінеді.

Тәжірибеде педагогикалық талаптың негізгі екі түрі қалыптасқан:

1. Тікелей талап.

2. Жанама талап.

1. Тікелей талап - мұғалімнің оқушыға, ұжымға тура талап қою.

2. Жанама талап – оқушы мен ұжымға қоршаған орта арқылы әсер ету.

Талаптың бұл түрінде мұғалім тікелей әрекет жасамайды, оқушыларға жолдастары, оқушылар ұжымы арқылы әсер етеді.

Мүғалім мен оқушының өзара қарым-қатынасынан, мұғалімнің оқушының жасаған іс-әрекетіне деген көзқарасынан жанама талаптар үш топқа бөлінеді:
Жанама талаптың түрлері Мұғалімнің оқушыға, оның іс-әрекетіне қарым-қатынасы

1. Өтініш, сенім білдіру Мұғалімнің оқушыға, оның іс-әрекетіне оң /жақсы/ қарым-қатынасы.

2. Кеңес, ишарат білдіру Мұғалім мен оқушы арасындағы айқын қарым-қатынас байқалмайды, бірақ бұрыңғы қарым-қатынас негізінде құрылады.

3. Айыптау, сенімсіздік көрсету Мұғалімнің оқушыға, оның іс-әрекетіне теріс көзқарасы


А.С.Макаренко: «Балаға неғұрлым жоғары талап қойылса, соғұрлым жоғары құрмет көрсетілуі тиіс» - деген.

Сондықтан тәжірибелі педагогтар оқу-тәрбие үдерісін басқаруда мынадай принциті басшылыққа алады: оқушыға барынша көбірек талап қойып, барынша көбірек құрмет көрсету керек.

Баланың ақылы, сезімі, қайраты мұғалімнің жігерлі ықпалы арқасында жетіледі.
10&. Сабақтың тақырыбы: Мадақтау және жазалау әдістері.
Мадақтау – баланың жағымды мінез-құлқын ынталандыру құралы. Мадақтау әдісі арқылы оқушы өзінің мінез-құлқы қандай болу керектігін түсінеді, өзінің бойындағы жағымды мінез-құлықты дамытып, өз ісінің дұрыстығын көріп, өзіне сенімділігі артады. Мадақтаудан алған әсері оқушыны теріс әрі келеңсіз істерден сақтандырып отырады.

Мектеп тәжірибесінде мадақтаудың мақұлдау, алғыс айту, мақтау, силық беру т.б. түрлері бар.

Егер бала өзінің жетістігін және ұжым алдындағы жауапкершілігін сезе білсе, онда мадақтаудың құндылығы арта түседі. Орынсыз мадақтаған балада менмендік, тәкаппарлықты туғызады. Сондықтан мадақтау үшін жеткілікті мәлімет керек.

Жазалау – бұл балаға қоғамдық талап қою, оның мінез-құлқында байқалатын теріс қылықтарды тежеу әдісі.

Жазалау үшін оның шындығын толық білу, сонымен бірге ұжым пікірі жазалау жағында болғанда ғана баланы жазалауға болады. Күдіктеніп немесе ұжымның пікірінсіз жазалауға болмайды.

Жазалау баланың жағымсыз мінез-құлқы мен іс-әрекетінің теріс екендігін түсіндіру, оқушының ұжым алдындағы жасаған қателігіне айыпты екендігін ұғындыру және істеген теріс іске қынжылатындай мақсатын көздейді.

Жазалау әдісін қолдануда ескерілетін кейбір талаптар:

- оқушыға жаза қолданғанда талап қоя білу және оқушының басына құрметпен қарай білу принципін ұштастыру керек;

- жазаның еш уақытта кек алу, баланың жеке басының адамгершілік қасиетін кеміту, намысын қорлау, жәбірлеу түрінде болмауын ескеру керек;

- жаза қолдануда әділеттілік өте қажет. Әділетсіз және негізсіз жаза балаларды тәрбиешілерден алыстатып, ұжымнан бөлектенуіне әкеліп соғады;

- жаза қолдануда педагогтік әдепті сақтау керек;

- жаза қолдануда оқушының жас және дербес ерекшеліктерін ескеру керек.

Тәжірибелі педагогтар жаза қолдануда оқушылар ұжымының көмегіне, қолдануына арқа сүейді.

Мектеп тәжірибесінде арнайы қабылданған нұсқау бойынша жазалаудың түрлері: ескерту, сөгіс, оқушының тәртібі жөніндегі бағасын төмендету.

Нақтылы педагогикалық үдеріс жағдайында тәрбие әдістердің барлығы оқушыларға комплексті ықпал етеді, ол әдістер бір-бірімен тығыз байланыста қолданылады.

Тәрбие әдістері жеке тұлғаның жан-жақты дамуына бағытталады.


Сабақтың тақырыбы: Сынып жетекшісінің рөлі, атқаратын міндеттері
Жоспар:

1. Сынып жетекшісінің рөлі, міндеттері

2. Сынып жетекшісінің циклограммасы

3. Сынып жетекшісінің профессиограммасы


Сынып жетекшісі өте маңызды, әрі жауапты міндеттерді атқарады. Ол сыныпта тәрбие жұмысын ұйымдастырушы және оқушылардың ұстазы болып табылады.

Сыныптағы тәрбие жұмысын барлық мұғалімдер жүргізеді. Бірақ, бұл жұмыстың негізгі ұйымдастырушысы – сынып жетекшісі.

Сынып жетекшісі – ол кім?

Қазақстан Республикасында сынып жетекшісі – сабақтан тыс тәрбие жұмысын ұйымдастырып, үйлестіріп өткізетін педагог. Бастауыш сыныптарда сынып жетекшілік қызметті сынып мұғалімі атқарады.

1934 жылдан бастап оқу-тәрбие үдерісінде сынып-сабақ жүйесінің енуіне байланысты топ жетекшілері сынып жетекшісі деп өзгертіліп, олардың тәрбиелік қызметінің міндеттері мен мазмұны, формалары мен әдістері жаңа сипатқа ие болды. Сынып жетекшісі оқушылар ұжымын ұйымдастырады, басқа мұғалімдердің тәрбиелік күш-жігерін біріктіреді, ата-аналармен жұмыс жүргізеді.

Сынып жетекшісі жұмысының негізгі мақсаты - мектеп оқушыларын қоғамның белсенді саналы азаматттары етіп, жан-жақты дамыған тұлғаны тәрбиелеуге барынша ықпал жасау. Сондықтан оның жұмысының мазмұны мен тәрбиелік шараларының бәрі де осы мақсатты жүзеге асыруға бағытталу тиіс.

Сынып жетекшісінің ең басты міндеттері қандай?

1. Когнитивті-диагностикалық - оқушыларды жан-жақты зерттеу және тәрбиелік деңгейін анықтау.

Оқушыларды жан-жақты етіп тәрбиелеу үшін сынып жетекшісі оларды зерттей білу керек. Жеке шәкірттер жайлы сынып жетекшісі келесі мәліметтерді білу керек:

- баланың денсаулығы;

- отбасындағы баланың тұрмыс жағдайы;

- мінез-құлқын, темпераменті, қабілетін, қызығушылығын, еркін, зейінін, т.б. психологиялық ерекшеліктерін;

- үлкендермен, ата-анасымен, жолдастарымен қарым-қатынасын;

- баланың ішкі жан-дүниесін, моральдік бейнесін;

- еңбекке көзқарасын, саяси сауаттылығын;

- интеллектуалдық дамуын, т.б.

Сынып жетекшісі тек жеке оқушыларды зерттеп қана қоймай, сонымен қатар сынып ұжымын, яғни оқушылардың өзара қарым-қатынастарын, ұйымдасқандығын зерттеп білу керек. Өйткені, ұжым оқушыларды тәрбиелеуде басты рөл атқарады.

Оқушыларды зерттеу әдістері:

- бақылау;

- әңгіме;

- сауалнамалар толтыру;

- оқушылар құжаттарымен танысу;

- табиғи эксперимент;

- тәуелсіз мінездемелерді қорыту әдісі;

- социометрия, т.б.

2. Оқушылар ұжымын құру мен топтастыру міндеті.

Оқушылар ұжымын тәрбиелей отырып, сынып жетекшісі әр оқушының жеке басын қалыптастырады. Ұжымды ұйымдастыру жұмыстарын оқушылардың жасын, дамуын, тәрбиелік дәрежесін ескере отырып жүргізу қажет.

Сынып ұжымын ұйымдастыру, топтастыру жолдары:

- белсенділер тобын айқындау, тәрбиелеу;

- оқушылар алдына қызықты перспективалар қою;

- сыныпта жағымды дәстүрлерді қалыпастыру.

3. Пән мұғалімдермен байланыс жасау.

Пән мұғалімдерінің оқыту-тәрбиелеу жұмыстарының ерекшеліктерін зерттейді, олардың талаптары мен оқушылармен қарым-қатынастарын, әр бір оқушы жайлы пікірлеседі, оларға ықпал жасаудың жолдарымен келіседі. Себебі, әр мұғалім тек сабақ беруші ғана емес, сонымен қатар оқушылардың моральдік бейнесін, көзқарастарын қалыптастыратын тәрбиеші де.

4. Отбасымен байланыс жасау.

Балалардың тәрбиесі отбасынан басталады, ата-аналардың педагогикалық мәдениетіне байланысты болады.

Ата-аналармен жүргізілетін жұмыстың түрлері: оқушының отбасына бару, ата-аналар жиналысы, ата-аналарға арналған дәрістер, ашық есік күндері, ата-аналар комитетімен жұмыс, т.б..

Осы міндеттерді атқарғанда сынып жетекшісінің төмендегідей қызметтері көрініс табады:

1. Коммуникативтік:

- оқушылар арасында өзара қарым-қатынас қалыптастыру;

- «оқушы-оқушы», «оқушы-ата-ана», «оқушы-мұғалім» арасындағы өзара қолайлы байланыс орнату;

- оқушылардың қоршаған ортамен қолайлы қатынас орнату;

2. Тәрбиелік – жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастыру, тәрбиелеу;

3. Прогностикалық (болжамдылық):

- тәрбиелік ықпалмен жоспарланған іс-шараның нәтижесін болжау;

- оқушылардың жеке дара даму деңгейінің нәтижесін болжау;

- ұжымның қалыптасуы мен даму кезеңдерін болжау;

4. Ұйымдастырушылық - оқушылар ұжымын құру және топтастыру

5. Дамытушылық – оқушылардың танымдық, шығармашылық қабілеттерін дамыту;

6. Конструктивтік - тәрбие жұмыстарын, жоспарларын құрастыра білу;

7. Әдістемелік – тәрбенің әдістері мен тәсілдерін жетілдіріп отыру;

8. Рефлексивтік - іс-әрекетінің өзіндік талдауы және оның нәтижесі.

«Рефлексия» сөзі латын тілінде «reflexio» - артқа қарайлау деген мағына білдіреді. Шет тілдер сөздігінде «рефлексия» - ой елегінен өткізу, өзін-өзі тану, өз-өзіне есеп беру деген сөз.


2. Сынып жетекшісінің циклограммасы

Күнделікті атқаратын қызметі

1.Сабаққа кешігіп келген оқушылармен жұмыс және олардың себебін анықтау.

2.Сынып бөлмесінде кезекшілік ұйымдастыру.

3.Оқушылармен жеке дара жұмыс.

Апта сайын өткізілетін жұмыс

1.Жоспар бойынша сыныппен іс-шара өткізу.

2.Ата-аналармен жұмыс (нақты жағдайда).

3.Пән мұғалімдерімен жұмыс (нақты жағдайда).

4.Оқушылардың аурып қалуына байланысты алған анықтамасы бойынша мектеп дәрігерімен кездесу.

Ай сайын өткізілетін жұмыс

1.Өз сыныбындағы сабақтарға қатысу.

2. Мектеп психологымен кездесу.

3. Ата-аналар комитетімен кездесу.

4. Жұмыс жоспарлау мәжілісіне қатысу.

Тоқсан сайын өткізілетін жұмыс

1.Тоқсан бойынша сынып журналын толтыру.

2.Тәрбие жұмысын қортындылау.

3.Ата-аналар жиналысын өткізу.

Жылына өткізілетін жұмыс

1.Ашық іс-шара өткізу.

2.Оқушылардың жеке құжаттарын толтыру.

3.Сынып жұмысының жоспарын жасау, талдау.

4.Сыныптың статистикалық көрсеткіші.


3. Сынып жетекшісінің профессиограммасы қандай? Сынып жетекшісіне қандай қасиеттер қабілеттер тән болуы керек?

Профессиограмма - кәсіби маңызды сапалар жиынтығын, қабілеттерін, білімін, іскерлік, дағдыларын құрайтын мамандардың сипаттамасы.

Сынып жетекшісі басқа мұғалімдерге қарағанда оқушыларға тәрбие беруде қосымша өте маңызды міндеттер атқарады. Сондықтан оған педагогикалық жоғары талаптар қойылады:

- ұйымдастырушылық қабілет пен іскерліктің айқын болуы;

- жоғары моралдік бедел;

- педагогикалық шеберлік;

- педагогикалық әдептілік, балаларға деген сүйіспеншілік пен құрмет;

- тәрбие жұмысында шығармашылық көзқарас.

Сынып жетекшісіне қойылатын талаптар мектеп мұғаліміне қойылатын жалпы педагогикалық талаптардан туындайды.

Сабақтың тақырыбы: Сынып жетекшісінің жұмысын жоспарлау және есепке алу


Жоспар:

1. Сынып жетекшісінің тәрбие жұмысының жоспары

2. Сынып жетекшісінің есебі
1. Сынып жетекшісінің тәрбие жұмысының жоспары – педагогикалық құжат. Тәрбие жоспарын құру, оның орындауындағы жауапкершілік сынып жетекшісіне жүктеледі.

Сынып жетекшісінің жоспары тәрбиенің мазмұнын, түрлері мен әдістерін таңдап алуға деген комплексті көзқарасты қамтамасыз етеді. Онда тәрбиенің негізгі түрлерін: азаматтық-патриоттық, ақыл-ой, адамгершілік, еңбек, экологиялық, эстетикалық т.б. тәрбие берудің тығыз байланысын ескеру қажет.

Жоспар жасағанда сынып жетекшісінің окушылардың жас ерекшеліктерін, қызығушылықтарын, ықыластарын ескерген жөн.

- Жоспарды қандай мерзімге жасаған жөн?

Мектеп тәжірибесі көрсеткендей сынып жетекшісінің тәрбие жоспары тоқсан сайын, жарты жылға, бір жылға арнап жасалынады. Сынып жетекшілерінің тәжірибесінде апталық жұмыс жоспарлары да кездеседі. Олар негізгі жоспарларды нақтылауға мүмкіндік беріп, тәрбие жұмысын ұйымдастырып өткізуді қамтамасыз етеді.

Оқу жылы басталар алдында сынып жетекшісі жоспарды мектеп директорының бекітуіне береді. Одан әрі жоспардың қандай мерзімге жасалғанына қарай, тоқсан сайын немесе жарты жылдың бойында бекітіліп отырады. Орта мектептерде жоспарды бекітуді директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарына тапсырылуы мүмкін. Жоспар бекітілген соң онымен сыныптың барлық оқушыларын таныстыру керек.

- Жоспар қандай болуы керек, оған қандай талаптар қойылады?

Жоспар сыныпта тәрбие жұмысының тиімділігін арттыру үшін ол бірқатар педагогикалық талаптарға жауап беруі керек:

1. Жоспардың белгілі мақсатқа бағытталуы.

Тәрбие жұмысының жоспары мектептің ортақ мақсатына бағындыруды қамтамасыз ететіндей идеялық жағынан мақсатқа бағытталған болуы керек. Барлық жекелеген тәрбие міндеттері мектептің негізгі мақсатын шешуге, оқушыларды жан-жақты дамытуға, оларды өмірге дайындауға жәрдемдесетін болуы керек.

2. Сыныптағы тәрбие жұмысы мазмұнының, формаларының және әдістерінің әртүрлі болуы.

Бұл тәрбие жұмысын эмоциялы және қызықты етуге көмектеседі.

3. Оқушыларды тәрбиелеудің сабақтастығын, жүйелілігін және дәйектілігін қамтамасыз ету.

Бұл талапта әрбір келесі шаралар өзінен бұрынғылардың жалғасы болып табылады және тәрбиенің қол жеткен нәтижелеріне негізделеді. Оқу жұмысынан айырмашылығы – оқушыларды тәрбиелеуде үзіліс болмауы керек.

4. Жоспардың нақтылы болуы.

Белгіленген жұмыстардың көлемі оқушылар ұжымының мүмкіндігіне сай болуы қажет.

5. Жұмысты келісіп жоспарлау.

Жоспарды жасамастан бұрын мектептің жоспарымен танысып, оқушылардың ұсыныстары мен тілектерін, сыныпта сабақ беретін мұғалімдермен келісіп, олардың тілектерін ескеру керек.

Мектеп тәжірибесінде сынып жетекшілерінің жоспарлары түрліше құрылып, әртүрлі бөлімдерден тұрады. Себебі, әр сыныптың жұмыс жағдайлары бірдей емес, жаңа бастаған сынып жетекшісі жоспарды кең, көлемді етіп жасаса, тәжірибелі педагог қысқаша тұжырымдауы мүмкін.

Сынып жетекшісінің жоспары әдетте төмендегідей бөлімдерден тұрады:

- Сыныптың қысқаша сипаттамасы және оқушылар жайында жалпы мәліметтер.

- Сыныптағы тәрбие жұмысының мақсат-міндеттері.

- Сынып ұжымы қызметінің негізгі бағыттары мен формалары.

- Сыныпта сабақ беретін мұғалімдермен жұмыс.

- Ата-аналармен жұмыс.

2. Тәрбие жұмысы нәтижелерінің есебін жүргізу – күрделі іс. Сынып жетекшісі жұмысының есебін жүргізудің маңызды және қажетті түрі күнделік дәптері, күнделік жүргізу міндетті емес, бірақ көп сынып жетекшілерінің күнделіктері бар. Онда тәрбие жұмысының нәтижелері ғана ескерілмейді. Сонымен қатар жұмыстар да талданып отырады, сыныптағы кемшіліктерді жоюдың нақтылы жолдары көрсетіледі. Әрбір оқушыға бір-екі бет бөлінеді, онда оқушылардың мінез-құлқына жасалған бақылаулар нәтижелері жазылып, мінезінің ерекшеліктері, қызығушылығы мен бейімділігі көрсетіледі.

Өз жұмысының нәтижелері туралы сынып жетекшісі мектептің педагогикалық кеңесінің мәжілісінде немесе сынып жетекшілерінің әдістемелік бірлестігінде есеп беріп отырады. Оқу жылының аяғында сынып жетекшісі мектеп әкімшілігіне өз сыныбындағы тәрбие жұмысы туралы, сынып ұжымы туралы жазба түрде есеп тапсырады. Мұнда сынып жетекшісі жұмысын талдап кемшіліктері мен табыстарын көрсетеді. Келесі оқу жылына қандай тәрбие жұмыстарын жүргізу керектігін қандай оқушыларға назар аудару керектігін белгілейді.
Сабақтың тақырыбы: Сынып сағаттарын жоспарлау және өткізу жолдары.
Орта мектептегі оқушылармен ұйымдастырылатын тәрбие жұмысының негізгі формасы – сынып немесе тәрбие сағаты деп аталады.

Сынып сағаты – бұл барлық сыныптарда міндетті түрде ұйымдастырылатын тәрбиелік шара. Сынып сағатын өткізу күні мектеп кестесіне енгізіліп, аптасына 1 рет белгілі күнде өткізіледі.

Сынып сағатының тақырыбы сан алуан, тәрбие бағыттарына, мінез-құлық мәдениетіне, өзекті мақалаларды талқылауға, өмірі қызық адамдармен кездесу өткізуге, мектепішілік шараларға қатысуға, психологиялық тренингтерді өткізуге арналады.

Сынып сағаты – оқушылардың адамгершілік қасиетін қалыптастыруда, өнер саласындағы талғам-тілектерін тәрбиелеуде, дұрыс көзқарасты қалыптастыруға, елжандылық сезімдерін шындауда сабақтан тыс кезде өткізілетін тәрбие жұмысын ұйымдастырудың негізгі бір формасы болып саналады. Тәрбие сағаттарын өткізу барысында оқушылардың танымдық белсенділіктері артады, іскерлік, дағды қалыптасады.

Сынып сағаты мен сынып жиналысының міндеттері, ұйымдастыру формалары және тәсілдері әртүрлі болып келеді. Сынып сағатының сынып жиналысынан ерекшелігі, талқыланып отырған мәселеге қатысты соңынан шешім (қаулы) қабылданбайды.

Сынып сағатының жоспарын төменде ұсынылған үлгі бойынша құруға болады:

1. Тақырып (тақырып өзекті, қызықты болуы шарт).

2. Тәрбиелік іс-шараның мақсаты (тәрбие жұмысының кез келген формасы үшбірлікті мақсатты көздеуі қажет: білімділік, тәрбиелік және дамытушылық).

Тәрбиелік іс-шараның тиімділігі қойылған мақсаттың жүзеге асырылуына, таңдалған іс-шара тақырыбының шығармашылықпен ұштасуына, ұжыммен қарым-қатынас іскерлігіне байланысты.

3. Көрнекі құралдар: сынып сағатында қолданылатын көрнекі құралдар (суреттер, презентация, қима қағаздар, т.б.)

Сынып сағатын өткізу құрылымы (сынып сағатының барысы) негізінен үш бөлімнен тұрады:

1. Ұйымдастыру

2. Негізгі

3. Қорытынды бөлімі

Ұйымдастыру бөлімінде оқушылардың назарын талқыланып отырған тақырыптың мақсат-міндеттерінің маңыздылығына аударып, оның барысымен таныстырады. Кіріспе сөзді оқушыларға ой тастайтындай проблемалық жағдаяттан немесе тақырыпқа қатысты кейбір деректерден мысал келтіру арқылы ұйымдастырған жөн. Бұл оқушылардың қызығушылығы мен көңіл күйін көтеруге мүмкіндік береді. Ол шамамен 3-5 минут уақыт мөлшерін алады.

Негізгі бөлімінің міндеті Сынып сағатының міндеттері мен қызметі арқылы анықталады. Бұл бөлімде жоспардағы негізгі талқыланатын мәселелердің мазмұны ашылып көрсетіледі. Оқушылар тақырыпта қаралып отырған мәселеге қатысты жаңа мағлұматтар алады, оған өздерінің көзқарастарын білдіріп және пікірлерін қосады, сонымен бірге алдын-ала даярлаған материалдары бойынша жұмыс істейді. Осыған орай сынып сағатының басым уақыт мөлшері осы бөлімге беріледі.

Қорытынды бөлімде оқушылардың сынып сағатынан алған әсерлерін, қанағат сезімдерін орнықтыру, олардың жеке бастарына және сынып өміріне немесе мінез-құлқына жаңа сипат ендіруге деген ықыластырын ояту, келешекке деген талпыныстарын, сенімдерінің пайда болуына әсер ету. Бұл бөлім уақыт мөлшері жағынан шектеулі, онша ұзақ болмайды. Себебі, оқушылардың негізгі бөлімнің мазмұны арқылы алған әсерлеріне кері ықпалын тигізбеуі және оларды мезі етпей, көбінесе демалысына, жақсы көңіл күйіне баса назар аудару қажет. Сонымен бірге сынып жетекшісі сынып сағатының қорытынды болімінде оқушыларға кеңес беріп, оның жұмысын қорытындылайды.

Сынып сағатын нәтижелі өткізу көбінесе мына шарттарды еске алар жағдайда табысты болмақ:

1. Сынып жетекшісі сынып сағатының ұйымдастыру формалары мен мазмұнын, әдіс-тәсілдерін түрлендіріп отырғаны абзал.

2. Сынып сағатының мазмұнын құрастыруда оқушыларға жаңа мағлумат бере отырып, біртіндеп оны бағалау, талдау әрекетіне көшіп отыру тиіс.

3. Оқушылардың материал мазмұнын қабылудың психологиялық ерекшеліктерін ескеру керек. Әсіресе, сынып сағатының шамамен 20-25 минут өту барысында оқушылардың белсенділігі бәсеңдеу болған жағдайда мазмұны қызықты жаңа мәселені қою, таңқаларлық жағдаят ойластыру, әрекет түрін өзгертуді ойластыру қажет.

4. Сынып жетекшінің сөз мәнері, дауыс ырғағы оның қырым-қатынаста тілектестігін ескертудің маңызы өте ерекше.

5. Сынып сағатын өткізу барысында оқушылардың жағымды қарым-қатынасын тәрбиелеу қажет (тыныштықты сақтау, сөйлеушілердің сөзін бөлмеу, жақсылап тыңдау). Мұндай дәстүрлі тәртіптің орнығуы оқушыларда жалпы мінез-құлық мәдениетін қалыптасуына ықпалын тигізеді.

6. Сынып сағатының барысында оқушылардың орналасуы, кіммен парталас болу, таңдау құқығын өздеріне қалдыру.

Сабақтың тақырыбы: Оқушылардың ұжымдық шығармашылық іс-

әрекетін ұйымдастыру


Ұжым – бір мақсатқа бағытталған ортақ іс-әрекет арқылы біріккен тұрақты адамдар тобы.

Жақсы ұйымдасқан оқушылар ұжымының белгісі – жағымды қоғамдық пікір, жоғарғы жауапкершілік, өзара сенім. Ұжымда шығармашылық белсенділік, достық, жолдастық байланыс нығаяды. Бала ұжымда жеке тұлға ретінде қалыптасады.

Ұжымда жеке адамды тәрбиелеу теориясының негізін қалаған кеңес педагогы А.С.Макаренко.

Жеке тұлға әртүрлі іс-әрекет арқылы дамып қалыптасады. Іс-әрекетті дұрыс ұйымдастыру, оның өмірге көзқарасының дұрыс қалыптасуына әсер етеді.

Оқушылардың ұжымдық іс-әрекеті – бұл нағыз өмір мектебі. Ұжымдық іс-әрекет арқылы оқушылардың қоғамдық өмірге қажетті білім, іскерлік, дағдысы қалыптасады.

Ұжымдық жұмыстар неғұрлым көп ұйымдастырылса, ұжымның беріктігі соншалықты болады. Әрбір ұжымдық жұмыс оқушыларды бір-біріне, қоршаған ортаға, достарына қамқор болуға үйретеді. Ұжымдық шығармашылық іс-әрекетте оқушылар алдарына қойған мақсаттарды орындауда бірігіп ізденеді, жоспарлайды, ұйымдастырады.

Ұжымдық шығармашылық жұмыстың (коммунар әдісі) негізін қалаған И.П.Иванов. Бұл мәселелер И.П.Ивановтың «Коллектившілдерді тәрбиелеу» атты еңбегінде қарастырылған

Ұжымдық шығармашылық жұмысты ұйымдастыру алты кезеңнен тұрады.

1 -ші кезең: күні бұрынғы ұжыммен жұмыс, бұл алғашқы әңгімелесу түрінде өтеді. Әңгімені балаларды қызықты пайдалы іске жұмылдыру мақсатымен мұғалім жүргізеді. Не істейміз? Кім ұйымдастырады?

2 – ші кезең: ұжымдық істі жоспарлау. Жоспар шағын топтарда жасалынады, оның шешімі жалпы топқа жарияланады, топта бекітіледі.

3 –ші кезең: ұжымдық шығармашылық істі әзірлеу. Әзірлік орталығын құру үшін уақытша ұйымдастырушы орган - іс кеңесі сайланады. Кеңесшілер ата-аналар, педагогтар бола алады. Кеңестің мақсаты – жоспарды іске асыру үшін, жоспарды нақтылау, әзірлікке бақылау жасау.

4 - ші кезең: ұжымдық шығармашылық істі өткізу. Мұнда ұжымдық жоспар іске асырылады. Бұл кезең әртүрлі таңғажайыптарға толы болады.

5 – ші кезең: ұжымдық істің қорытындысын шығару. Ұжымның жалпы жиынында өткізілген істің қорытындысын шығару.

6 – шы кезең: шығармашылық істің әсерін бақылау.

Ұжымдық шығармашылық жұмыс (ҰШЖ) – ұжымдық ізденіс, жоспарлау және қойған мақсатты шығармашылықпен іске асыру.

Ұжымдық – бұл тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің жолдастық, тұлғааралық қатынасын білдіреді.

Шығармашылық – бұл істі белгілі бір үлгі бойынша емес, жаңаша, бұрынғыдан да жақсы жасауды білдіреді. «Бәрі шығармашыл, басқаша қажеті не?»

Жұмыс – бұл оның нәтижесі, ортақ пайда және қуаныш дегенді білдіреді. «Жұмыс, шара емес!»

Ұжымдық шығармашылық жұмыс түрлері:

1. Еңбекке баулитын ҰШЖ. Оның негізгі мақсаты айнала қоршаған орта туралы балалар білімін молайту, қуанышты өмір негізі еңбек екендігіне балалардың сенімін, көзқарасын қалыптастыру, еңбекті өз еркімен, шығармашылықпен істеуге үйрету. (Мысалы: «Еңбек десанты»)

2. Танымдық – қабілет пен білімді дамытатын, зияткерлік ҰШЖ оқушылардың білімге ұмтылуын, табандылығын, байқағыштығын шығармашылық ойлауын, рухани байлығын дамытады. (Мысалы: «Брейн-ринг»)

3. Көркем өнерге баулитын ҰШЖ балалардың эстетикалық талғамын дамытып, өнерге деген рухани мәдениетін көтеріп, жан дүниесін байытады. (Мысалы: көркем-эстетикалық, шығармашылық)

4. Спорттық ҰШЖ оқушылардың шапшаңдық, ептілік, шыдамдылық, батылдық, ерлік қасиеттерінің қалыптасуына көмектеседі (Мысалы: «Спартакиада»)

5. Экологиялық ҰШЖ табиғатты қорғауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталады. (Мысалы: табиғаттағы тіршілікке қамқорлық)

Сабақтың тақырыбы: Тәрбие жұмысының бағдарламалары, олардың мазмұны.
Мектептегі тәрбие жұмысының мазмұны оқушыларды жан-жақты дамытып, ұлттық тәлім-тәрбие негізінде құрастырылуы қажет. Мектеп өмірінде халықтық педагогика негізінде жасалынып, тәрбие жұмысында кеңінен қолданып жүрген бағдарламалар: «Атамекен», «Кәусәр бұлақ», «Елім-ай», т.б..

«Атамекен» бағдарламасының авторы – ғалым, Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Мұхамедрақым Құрсабаев.

«Атамекен» - жалпы білім беретін мектептердегі оқу-тәрбие үдерісін, сыныптан тыс жұмыстарының өзіндік ұлттық ерекшеліктерін айқындайтын, қазақ халық педагогикасының тәлім-тәрбие принциптеріне негізделген ғылыми-педагогикалық және әдістемелік бағдарлама.

«Атамекен» бағдарламасының мақсаты – халқымыздың мыңдаған ғасырлар бойы жинақталған ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың, тарихи шежірелер мен мәдениетінің киелі асыл мұралардың қазынасын жас ұрпақтың сана-сезіміне сіңіру.

«Атамекен» бағдарламасы негізінен 30 бағыттан тұрады.

«Салт» бағыты – мұғалім мен оқушылар халқымыздың салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымыздың бесік жыры, тұсау кесу, тоқым-қығар, қыз ұзату т.б. өзіндік ұлттық ерекшеліктерімен толық танысады.

«Шежіре» бағытында – халқымыздың дамуы мен қалыптасудың тарихы туралы, ежелгі тарихи шежірелермен танысу.

«Шахар» - ежелгі көне қалалар (Отырар, Сығанақ, Созақ, Тараз, т.б.) туралы, олардың архитектуралық маңыздарын, саяси-экономикалық маңыздары туралы мағлумат алады.

«Жібек жолы» - кең байтақ даламыздың қасиетті, киелі жерлер мен ежелгі сауда керуен жолдарымен танысу (Ұлы Жібек жолы, Ұлытау, Оқжетпес, т.б.).

«Сөнбес жұлдыздар» - халқымыздың қасиетті біртуар перзенттер, хандар мен билер, данышпандар, ғұламалар, көрнекті қоғам, өнер, саясат, мәдени ағарту қайраткерлердің қызметтері туралы деректер жинау.

«Толғау» - халық ауыз әдебиетінің ұлттық төл мұралары (айтыс, терме, эпостық жырлар, батырлар жыры, ертегілер, жұмбақтар, т.б.) туралы терең мағынада жан-жақта танысады.

«Асыл мұра» - күні бүгінге дейін сақталып келген ежелгі Қожа Ахмет Яссауи, Арыстан бап, Айша бибі, Алтын адам қазынасы тарихи архитектуралық ескерткіштерін, сондай-ақ ежелгі тарихи мазарлар, зираттар, таңбалы тастардың құндылық жағына назар аударып, оларды қамқорлыққа алады.

«Домбыра дастан» - қазақтың домбыра, қобыз, сазсырнай, сыбызғы, шанқобыз секілді фальклерлық-этнографиялық, музыкалық аспаптар түрлерімен таныстырады.

«Наурыз» - наурыз, тасаттық, ерулік беру, соғым секілді ертеден келе жатқан халқымыздың мейрам-жоралғылары, діни мерекелерімен таныстырады.

«Зергер» - қазақ және өзге халықтарының ұлттық қол өнер туындылары – алаша, текемет, кілемдер, зергерлік бұйымдар – моншақ, білезік, сырға, т.б. бұйымдармен таныстырады.

«Төрт түлік» - халқымыздың мал шаруашылығымен таныстырады.

«Көкпар» - халқымыздың көкпар, аударыспақ, ақ сүйек, қыз қуу, тоғыз құмалақ секілді ұлттық ойындармен таныстырады.

«Дұлыға» - халқымыздың ұлттық киім үлгілері - қамзол, такия, шапан, мәсі, батырлардың ұлттық киім үлгілері- дұлыға, найза, жебе, қорамсақ, т.б. тарихи мәліметтермен таныстырады.

«Қасиет» - халық арасындағы емшілердің ілімдерін талдап, жеке адамдардың табиғи дарын қабілеттерін зерттеп бақылайды, зодиак белгілердің ғарыштық құпияларын танытады.

«Ас» - халқымыздың ұлттық тағам түрлерімен таныстырады

«Бабалар өсиеті» - қазақ даласындағы өмір сүрген дуалы, от ауызды, орақ тілді шешендердің ұрпақтан ұрпаққа жеткен асыл сөздері, мақал-мәтелдері, аңыздар, нақыл сөздер, т.б. таныстырады.

«Зерде» - Орта Азия мен қазақ жерінде астрономия, математикка, медицинаның дамуы туралы мағлуматтер береді.

«Құсбегі» - халқымыздың аңшылық өнерінің түрлерімен таныстырады (бүркіт баулу, жылқы мен тазыны жарату, т.б.)

«Қыз бен жігіт» - қазақ жігіті мен қызының бойындағы ұлттық салт-дәстүрімізге сай көріктілігін, ептілігін, сегіз қырлы бір сырлы жан-жақты ұлттық қасиеттерін танытады.

«Заман-ай» - өлкенің, аймақтың табиғатын қорғау, «Невада-Семей», «Арал-Балхаш» экологиялық қозғалыстары мәселелерімен таныстырады.

«Алыстағы бауырлар» - шет елдерде тұратын қандас қазақ балаларымен ауқымды шығармашылық жұмыстар жүргізу туралы мәлімет береді

«Достық» - қазақ мемлекетінің дамуы мен гүлденуіне үлес қосқан туысқан ұлт өкілдері Г.Потанин, М.Поло, Ф.Достоевский, А.Затаевич, Л.Хамиди, т.б. өмірлері мен қызметтері туралы таныстырады.

«Ардагер» - Ұлы Отан соғысы, Ауған оқиғасы, репрессия құрбандары, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының құрбандары туралы мәліметтерді жинастырады.

«Ою-өрнек» - ұлттық ою-өрнектердің өзіндік қайталанбас айшықтармен таныстырады.

«Бейнелер сыры» - Орта Азия мен Қазақстандағы бейнелеу өнері тарихымен таныстырады

«Ата-ана» - қазақ отбасының жас ұрпақ тәрбиесіндегі мәні мен ерекшеліктерімен таныстырады.

«Шариғат-Құран» - қасиетті Құран кітабінің тәрбиелілілк мәселелерімен таныстырады.

«Сәби» - мектепке дейінгі сәби, балаларды қамқорлыққа алу мәселелерін қарастырады.

«Қайырымдылық» - қарт адамдарға, ақыл-естері кем және жетім балаларға қамқорлық көрсету мәселелерімен таныстырады

«Сауда» - сауда, делдалдық, жалға алу, менеджерлік, дипломатиялық т.б. экономикалық маңызы зор істермен таныстырады.

Ұстаз жазушы Зейнеп Ахметованың басқаруымен халық педагогикасының негізінде «Кәусәр бұлақ» бағдарламасы /Алматы, 1993 жылы/ жасалды.

Бағдарламаның басты мәселелері:

1. Сөз анасы – сәлем

2. Ұлттық болмыс ұғымдары /дүниетаным, қазақша ай, жыл атаулары мен сипаты/

3. Имандылық иірімдері

4. Қазақтың салт-дәстүрі

5. Еңсесі биік Ақорда

6. Өнер жайлы

7. Ұлттық ойындар.

«Елім-ай» бағдарламасы халықтық педагогика негізінде эстетикалық тәрбие беруге арналған бағдарлама. Авторы М.Балтабаев.

1991 жылы Қазақстан Республикасы балалар мен жасөспірімдер ұйымдары үшін Ақмола облыстық балалар ұйымының авторлық ұжымы профессор Е.А.Дмитриенконың басшылығымен «Жұлдыз» бағдарламасын жасады.

Бұл бағдарлама 1991 жылы мамыр айында қабылданды.

«Жұлдыз» бағдарламасында балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты төрт кезең көрсетілген.

1. «Балапан» - 6-8 жас.

2. «Балдырған» - 9-11 жас.

3. «Жас ұлан» - 12-14 жас

4. «Мұрагер» - 15-18 жас.

Осы төрт кезеңінің негізінде балалар іс-әрекетінің мақсатқа бағытталып, нәтижелі аяқталуына «Жұлдыз» бағдарламасында жеті сәуле көмектеседі.

«Үйелмен» сәулесі – өзің шыққан ата тегіңді тануға көмектеседі.

«Достар» сәулесі – сенімді дос табуыңа, өзіңнің де нағыз дос болуыңа көмектеседі

«Жер» сәулесі – туған жеріңді, Отаныңды сүйюге, халқының адал азаматы болуыңа көмектеседі.

«Білім мен іскерлік» сәулесі – көп біліп, көп нәрсені танып, үйренуге көмектеседі.

«Құштарлық» сәулесі – бос уақытыңды қызықты, пайдалы өткізуге көмектеседі.

«Мамандық» сәулесі - өмірде өз орныңды табуға, өзіңді қызықтыратын ісіңді табуға көмектеседі.

«Үндестік» сәулесі - әдемі, лайықты өмір сүруге көмектеседі.

Әрбір сәуледе төрт кезең қайталанып отырады.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет