Самбо күресінің ережесі
https://youtu.be/1FJS6uQqbHE
Самбо күресінің әдіс - айласы жекпе - жекте қарапайым қозғалыстан (ол қозғалыс кеңістік және уақыт арқылы бірімен-бірі байланысты) тұратын тұтас әрекет болып табылады. Яғни әр бір әдіс қол, аяқ, дене арқылы жасалатын қарапайым қозғалыстан тұрады, ол қарапайым қозғалыс деп аталады. Күресте қозғалыстар шартты түрде былайша бөлінеді:
Қолдардың қозғалысы - ұстау, орап ұстау, қысу, итеру, жұлқу, тұю, тарту, тіреу, басу,т.б.
Аяқтардың қозғалысы- қою, аттау, кейін қою, аттап кету, бүгу, жазу, ілу, шалу, қағу, үстіне салу, итеру т.б
Дененің қозғалысы- еңкею, тік көтеру, иілу, бұрылу, қысу, итеру, құлату.т.б.
Палуанның қимылдарының біразы бір мезгілде, біразы бірінен соң бірі орындалады. Барлық әдістерді шартты түрде қарапайым қозғалыс және қозғалу фазасы деп бөлуге болады.
Палуанның негізгі жағдайы және қозғалыстары, олардың биомеханикалық талдауы (тіреу алаңы, жалпы ауырлық орталығы. Күрескен кезде палуандар көбінесе тіреу алаңын көзбен бақылайды.
Мұндай жағдайда тіреу алаңы екі табаны мен табандарының арасындағы кеңістік болып табылады. Жалпы ауырлық орталығына түсетін түзу сызық тіреу алаңының ішіне келсе не одан шығып кетсе тепе -теңдік бұзылады. Сондықтан палуан қимылдаған кезде ауырлық орталығының түзу сызығы алаңның ортасына жақын болуының маңызы зор. Тепе -теңдікті сақтау өнері мынаған саяды:
Тіреу алаңын тез өзгертіп, «қауіпты бағытта» орнықтылық бұрышын арттыратын қимылдар жасау; қарсылас жұмсаған күшін бейтараптау немесе кері серпу үшін тиісті бұлшық етерін қатайту немесе босату. Мұндай қимылдар жасау үшін ең қолайлы жағдайды күресте палуанның тұрысы деп атайды.
Бастапқы қалыпта күресу әдіс-айласы-тұрып күрескенде қолданылатын амалдар.
Ұстасу- қолмен орындалатын әрекет, палуан шабуылдау, қорғану немесе қарсы шабуылдау мақсатында қарсыласының киімінің бір жерінен ұстау.
Бір жақты ұстау- оң қолмен қарсыласының оң қолынан (сол қолмен сол қолынан ) ұстау.
Әр жақты ұстау - оң қолмен қарсыласының сол қолынан (сол қолымен оң қолынан) ұстау.
Шалу-аяқпен жасалатын қимыл, бұл кезде палуан балтырын, жіліншігін қарсыласының тізесінен төмен қойып, сырттан шалады.
Ілу-аяқпен жасалатын қимыл, бұл кезде палуан қарсыласының денесінің қандайда болмасын бір бөлігін ұстап, өзіне немесе бір жағына қарай тартады да, аяқтың басымен не өкшесімен қарсыласының өкшесінен іледі.
Орау- аяқпен жасалатын қимыл. Палуан қарсыласын қимылдатпай ұстап, оны өзіне немесе бір жанына тартып, онымен бір мезгілде жіліншігімен және аяғының басымен аяғынан орайды.
Қағу- аяқ қимылы. Палуан табан жағымен, табанның ішкі ,сыртқы қырларымен қарсыласын аяқтан қағады.
Төрт таған- екі қолмен және аяқпен кілемге (алақан, шынтақ және тіземен) бауырын көтеріп яғни ішін тигізбей тіреп тұру.
Жүде- кілемнің үстінде етбетімен яғни ішімен жатуы.
Соққы- қолмен және аяқпен жасалатын қимыл.
Төте соққы- қолмен тіке жасалатын соққы.
Қапталдан жасалатын соққы- қолмен құлаштап не аяқпен жаннан жасалатын соққы.
Арқаға ұстау- палуандың кілемнің үстінде арқасына (жауырынына) белгілі уақыт ұстау.
Буынын ауырту- қол және аяқтың белгілі бір буынын (иық, шынтақ, тізе, қылта, шат, бел және жуан сіңірді) бүгілуіне қарсы қайырып ауырту.
Қылқындыру – миға баратын қан тамырларының жолын бөгеу (қол сайысқа тән).
Тұншықтыру – тыныс алу жолын бөгеу (қол сайысқа тән).
Көтере итеру- аяқ қимылы. Палуан қарсыласын санымен немесе жіліншігімен өзінің алдынан жоғары көтере итереді.
Еңкею- денені тік тұрған күйінен горизанталь күйге қозғалту.
Тікею- денені горизанталь күйден тік күйге келтіріп қозғау.
Шалқаю- денені артқа қарай шалқайтып доғаша иілу.
Айналу- артқа қарай құлаған кездегі дененің қозғалысы: палуан шалқалап құлап бара жатқанда кеудесімен немесе төрт тағандап түсу үшін айналады.
Жұлқу- палуан қарсыласын қатты тартып қалады.
Итеру- палуан қарсыласын өзінен ары қарай немесе қапталға қарай қатты итереді.
Жығу- түрегеліп тұрған қарсыласты кілемнен көтеріп алмай-ақ кеудесімен немесе арқасы, қырынан түсіруге көмектесетін әдістер.
Әдіс- палуанның толық аяқталған әрекеті, қарсыласынан басым түсу немесе жығу амалы.
Қорғану- қарсыласының шабуылын тойтаруға мүмкіндік беретін әрекеттер.
Қарсы әдіс- қарсыласының әдісіне қарсы қолданылатын әдіс.
Лақтыру- қарсыласын кілемнен көтеріп алып жауырынымен немесе кеудесімен түсіруге көмектесетін әдістер.
Күрес әдіс - айласын анықтау үшін палуандардың барлық негізгі қимылдарын талдаудан өткізу қажет. Мұндай талдауды ең алдымен ол қимылдарды орындауға жұмсалатын механикалық күш тұрғысынан қарау керек. Ең қарапайым қимылды орындағанның өзінде де адам денесінің бір қатар ағзалары өзара қимылға келіп, оны орталық нерв жүйесі реттеп тұратындығы белгілі. Сондықтан күрес әдіс–айласын талдап анықтағанда жеке бұлшық ет қызметі қарастырылмайды. Күресте оның қысу немесе тарту күші, тарту ұзақтығы, шапшаңдығы пайдаланылады. Сонымен палуандар әсер етуші күш мыналар ескеріледі:
-салмақ күші;
-бұлшық еттің тарту күші;
-дененің инертті (қозғалыссыз тұрған кездегі) қарсылығы;
Осы күштер әсер еткенде палуан денесі әртүрлі жағдайға түседі, оның жеке бөліктерін рычаг ретінде қарастыру ынғайлы.
Самбо күресінің айла–тәсілі – дегеніміз жеңіске жетуге бағытталған белгілі бір әрекеттер жүйесі.
Тактикалық даярлық амалдар- палуанның шабуылдау немесе қарсы шабуылдау үшін қолайлы жағдай жасайтын әрекеттер.
Барлау- палуанның қарсыласы жөнінде мәліметтер алуына көмектесетін тактикалық әрекеттер.
Бүркемелеу - палуан қарсыласынан шын ойын жасыру үшін жасайтын тактикалық әрекет.
Қауып төндіру- палуанның қарсыласын қорғанысқа көшуге мәжбүр ететін тактикалық әрекет.
Жалған әрекеттер- арырына дейін жеткізілмеген және қарсыласты тиісті қорғанысқа көшуге мәжбүр ететін амалдар, қарсы амалдар. Ұстау. Жұлқу, итеру және басқа да әрекет.
Алдау - бұл да жалған әрекет.
Шақыру - палуанның қарсыласын белсенді қимылдар жасауға мәжбүр ететін тактикалық әрекет.
Тұқырту-палуан қарсыласын еркін қимылдауына мүмкіндік бермейтін тактикалық әрекет.
Тепе-теңдіктен шығару - палуанның өзінің шабуылға шығуына ыңғайлы, ал қарсыласы тепе -теңдігін сақтай алмай қолайсыз жағдайға түсуге мәжбүр ететін тактикалық әрекеттер.
Шабуыл-тактикалық әрекет оның мақсаты басым түсу немесе жеңіске жету.
Комбинация- белгілі нәтижеге жету үшін орындалатын әрекеттерді тактикалық жағынан ұштастыру немесе әдістерді бірінен соң бірін орындау.
Алдын алу- палуанның қарсыласының шабуылымен бір мезгілде жүргізілетін шабуылдау әрекеттері, барлық палуан қарсыласының алдын алу үшін оны шапшаң орындайды.
Күрес тактикасында аса тиімді әрекетер сараланып шықты. Оларды шабуылдау, қорғану, қарсы шабуылдау әрекеттері деп бөлуге болады. Осылардың ішінде палуанның әдіс-айлалық шеберлігін артыруға ең пайдалысы шабуылдау әрекеттері болып табылады.
Шабуыл тактикасы - күрес күшті қарқынмен басталып. Алдына бәсекелесін таза немесе ұпай санымен ұтуды мақсат етіп қояды. Тактиканың бұл түріне тән қасиеттер: кілемде еркін жүру, өзі жақсы білетін әдістерді бірінен соң бірін қолданып, түйдек–түйдек комбинациялар құру, қарсыласының шабуылына іле – шала қасы жауап әдіс жасау, шегінбеу, тайсақтамау тән. Шабуыл тактикасы палуанның жан – жақты және жақсы психологиялық дайындығын, әдіс - айланың техникалық жағынан шебер орындалуын талап етеді. Міне мұның өзі үдемелі және мезгілдік болып екіге бөлінеді.
Үдемелі шабуыл тактикасы - палуан бар мүмкіндікті өз қолына алып, өзіндік әдістерді қолдана отырып, қарсыласын таза немесе ұпай санымен ұту мақсатын көздейді. Үдемелі шабуыл тактикасын қолдану үшін палуан өте күшті. Шыдамды, айлакер болумен қатар жан – жақты дайындықтан өтуі тиіс. Осындай қасиеттері аз палуандар кейде өте үдемелі шабуыл тактикасының құрбаны болып кетуі де жиы кездеседі. Себебі олардың белдесуді жоғары қарқынды өткізуіне шыдамдылығы жетпейді де, соңында күші жетпей ұтылып қалып жатады. Бұл арада жаттықтырушыға үдемелі шабуыл тактикасының екі палуаннан да көп күш талап ететіндігін ескеру керек.
Мезгілдік шабуыл тактикасы- палуан тек өзіне ыңғайлы деп тапқан кезеңдерде шабуылға шығады. Шабуыл арасындағы әр қимыл арасындағы уақыттар да ол қарсыласының әр қимылын бағып, жалған қимылдар жасап шатастырады. Осылай өзіне қолайлы сәт тудырған кезде қапы қалмай күтпенген жерден үрдіс шабуылға шығады.
Қарсы шабуыл тактикасы- қарсыласының алға ұмтылуын бағып жүріп, өзіне қолайлы сәтте шабуылға шығады.
Қорғаныс тактикасы - көбінесе өзінен күші басым, тәжірибесі мол, дайындығы жақсы палуандармен кездесу кезінде қолданады. Сондықтан қорғанушы жағдайы шабуыл жасаушы палуанның қимылына тікелей байланысты. Қорғаныс тактикасы қарсы әдістерді шебер қолдана білеті палуандар үшін өте пайдалы.
Самбо күресінің тактикасы - деп белдесудің әр сәтіндегі жағдайды, қолданған айла - әдістерді дәл әрі дұрыс бағалап, палуанның жан - жақты дайындығы мен ерік күшін бір бағытқа, жеңіске жете беру үшін пайдалана білуді айтамыз.
Үй тапсырмасы және сұрақ- жауаптар
Бастапқы қалыпта күресу әдіс-айласы-тұрып күрескенде қолданылатын амалдардың қандай түрлерін білесің?
Самбо күресінің айла–тәсілілдері?
Қандай самбо тактикасын білесің?
Конспектілеу
Достарыңызбен бөлісу: |