ЖОБАМЕН ТАНЫСУ. Арада үш ай өтті. Мұхит пен Айбек кітапты жазу үшін менің үйіме келді. Үйілген кітаптың арасында үшеуміз қисса жинап жатырмыз. Бейсен Алматыға тағы келді. Шақырды. Бардым. Әңгімелесіп отырмыз.
- Айтпақшы жігіттер үйде. Қаласаң үйге барып, жобамен жақын танысуға болады,-дедім. Ол кезде Бейсен өзінің ескі жобасын әлі де қимай бір екі элементін көңілінде сақтап жүрген. Ол қипақтап тұрды да:
- Негізі миллион ісім бар. Уақытым өте тығыз. Сонда да барсақ барайық. Бірақ кешке дейін қалаға қалайда қайтуым керек. Ертең монтаждарым бар,-деді.
- Ендеше үлгерейік. Кеттік.
Түстен кейін Бейсен біздің үйден бір-ақ шықты. Бибім оны көріп талып қала жаздады. Бұлай тез келеді деп күткен жоқ. Ал, Айбек пен Мұхит мәз. Шәй-тамақ ішіліп болар болмастан Бейсен кітапты көрсетіңдер деді. Таныстыру басталды. Іші пысып отырған Айбек пен Мұхиттың құдайы берді. Екеуі екі жақтан отырып алып қиссаның құдіреті туралы жарыса баяндайды. Ақжүрек Бейсен әңгімеге қанбай қызыққа бата түседі. Сағат түнгі үш болды. Ол әлі отыр. Таңғы беске таман шаршап құлады. Монтажы жайына қалды. Таңда шәйға шақыруға мансардаға көтерілдім. Жігіттер оянып, көрпе төсегін жинап жатыр екен. Бейсен басы салбырап ортада көңілсіз отыр.
- Бейсеке, не болды, мазаңыз жоқ қой?- дедім.
- Бүгін мына жобаны 100 пайыз мойындадым. Өткенде сен айтқанда сырттай сынсам да, іштей өз концепциямды қимай кетіп ем. Енді соған ұялып отырмын. Все-таки тақсыр көрген адамсыңдар. Ілімнің аты ілім. Құранның аты Құран! Мына екі көмекшің сұмдық екен. Таң атқанша мені таңғалдырудан шаршамады. Осы әңгіменің бәрін бала кезден әжемізден тыңдап өстік. Бірақ соған осылай мән беріп, ғылыми анализ жасап көрмеппіз. Бір өзімнің ұрандап шаба жаздағаныма қысылып отырмын,- деп күлді.
Бәріміз төменге түстік. Бибім түске ет асайын ба деді. Қайдағы ет асқан. Ол өте асығыс. Монтажы бар. Шәйдің өзіне әрең қалып отыр. Бірақ шәйің етке бергісіз супер болсын дедім. Солай болды да. Дастарқан басында рухани әңгіме қайта қызды. Сағат 12 болды. Бейсен басқа әлемге өтіп кеткен. Көңілденіп көсіліп соғып отыр. Бибім мені шақырып алды да: Кәне, сен асығыс дегенің. Ендігі ет пісетін уақыт болды. Құр босқа мені ұятқа қалдырдың. Мен енді тез-тез палау пісірем деді де палауға кірісті. 2 сағаттан соң палау келді. Әңгіменің темпі түскен жоқ. Ол тіпті алдына ыстық палау келгенін де байқамады. Бұқар палауы мен күрең шайды сораптап қойып әңгімені соғып отыр. Бір кезде сағат төрт болғанда барып Бейсен сағатына қарап ысқырып жіберді.
- Әй, жігіттер, сағат төрт болыпты. Масқараааа!!! Менің бүкіл жұмысым жайына қалды. Қалаға барайық. Менімен бірге жүріңдер. Қалаға жеткенше тағы да сұхбат құрайық. Сосын сендерге керек-жарақ кітаптар әперем,- деді. Үшеуміз оның көлігіне жайғасып алдық. Ол ашылған үстіне ашыла түседі. Көзді ашып жұмғанша қаладағы кітап дүкеніне келіп жеттік. Бейсен ішке кірді де:
- Қандай кітап керек, бәрін алыңдар. Бағасына қарамаңдар. Елдің игілігіне жарайтын не кітап бар, бәрін алыңдар,-деді. Екі нөкерім көздері жайнап шыға келді. Қалың кітаптың ішіне аш қасқырдай жалаңдап кіріп кетті. Бір кезде кітаптарды тау қылып үйіп қойды. Бейсен ақшасын төледі де:
- Мен жұмысқа кеттім. Кітапты тезірек бітіріңдер. Бұл енді бәріміздің жобамыз! – деді де кете барды. Біз кітапты арқалап үйге қайттық.
АТ ҚОЮ Кітап жазылып бітті. Бірақ аты жоқ. Метрикасы алынбаған бөпе құсап, алғашқы кітабымыз электронды кейіпте кампутарда мөлдіреп тұр. Бұл іске Бейсен асқан ұқыптылықпен кірісті. Тіпті өзінің әйелі босанғанда қызының есімін қоюға дәл бұндай жауапкершілікпен келмеген шығар! Ол кітаптың атын қоямыз деп Талдықорғаннан арнайы менің үйіме келді де:
- Асықпа, Сәке, асықпа! Бұл мәңгілікке қалатын жоба. Қалай болса
солай, өзімбілемдікке салынуға болмайды. Мозговой штурм жасау керек. Көзі ашық достарыңның бәрі кітапқа ат қоюға қатыссын. Қандай есім бар - бәрін ортаға тастасын. Сосын ішінен ең мықтысы сүзіліп шығады,-деді. Соның дегені болды. Бәріміз жан-жақтан жамырап, ойымызға келген атауларды ортаға лақтырып жатырмыз. Елуге жуық есім тізімге енді. Ертесіне келісім бойынша Дидахмет ағаның алдына барып тізімді тастады. Жазушы ағамыз көп ойланып жатпастан:
- Мына «Әлдиден эпосқа дейін» деген ат көзіме оттай басылды. Кім қойса да мына атауды қатырыпты,-деп атаудың астын сызып, парақты кері қайтарды. Бейсен сол атауды мәңгіге бекітті.
Әлдиден эпосқа дейіннің презентациясы Ғалымдар үйінде өтті. Ол кезде бізде түк те тәжірибе жоқтын. Оның үстіне ешкімге сөзіміз өтпей бишара боп жүрген кезіміз. Ол істі де Бейсен өзі қолға алды. Шараға Мекемтас ағаны ертіп әкелді. Осылайша кітап ресми жолмен жарыққа шықты.