БҰЛАҚ ІЗДЕГЕН АДАМ. Бейсен сөзінде тұрды. Дүркіреген атағын тек елдің игілігіне жұмсады. Бұлақ көрсең көзін аш деген кредоны мықтап ұстанды. Қысым көрген талантты кісіні «Айтуға оңайдың» студиясына шақырып, өнерін елге паш ету арқылы қысымнан құтқарып қалатын. Бір күні аса талантты бір танысым хабарласты. Өз саласының майталманы еді. Надан басшылары таланттың тірсегін қию үшін қорқаулар сияқты оны жан-жағынан қамап келе жатты. Ол менен көмек сұрады. Дереу Бейсенге жолықтырдым. Ол мұндай қорлыққа шыдап тұра алмайтын. Айтуға оңайдын бір хабарын дереу соның саласына қарай бұрып жіберді. Ана дарынды жігітті сол хабарға эксперт етіп шақырды да бүкіл талантын елге танытты. Аз уақыттан соң ол қысымнан құтылып, жұмысында қауіпсіз позицияға бекініп алды. Ол қазір елдің игілігіне еңбек етіп жүр.
2014 жылы «Салт-дәстүр сөйлейді» кітабын жазып жатқанда негізгі материалды этнограф Болат Бопайұлынан алдық. Бірақ Болат ағамыз жұмыссыз қалып, қаржылық қыспаққа түскен еді. Іске тағы да Бейсен араласты. Бүкіл беделін салып Болат ағаға арнайы штат ашып, шұғыл түрде жұмысқа алып, жоғары жалақы төледі. Болат ағаның төтемен жазылған бүкіл қолжазбасын кирилл әрпіне түсіретін арнайы адам жалдап кампутарға тергізді. Теруші қызға өз қалтасынан жалақы төледі. Осылайша ғалымның еңбегі жарыққа шығып кетті. Бейсен қазақ халқы жан-жақты дамыған сауатты жұрт болуы керек деп бүкіл саладағы таланттарды жұртқа танытып насихат қылудан шаршамайтын. Тіпті «Айтуға оңайдың» форматына келмесе де қиыннан қиыстырып жарыққа алып шығатын. Бір күні қаладағы жақын туысымның үйіне барып шәй-тамақ ішіп отырдық.
- Аға, сіздің кәсібіңіз не? – деді Бейсен. Ағамыз:
- Мен каратемен шұғылданам. Басқа жұмысым жоқ. Бүкіл өмірім тек спорт залда өтеді, - деді.
- Әне саған керек болса! Окинаваға барып сабақ алдыңыз ба?
- Иә, Окинавадағы сенсейіме жыл сайын барып, екі апта ұстаздың үйінде жатып жаңа каталар үйреніп келем.
- Мәссаған, анаң қара! Мен де бұрын айкидомен шұғылданғам. Окинаваға барып сенсейден сабақ алғам. Кейін қолым тимей тастап кеттім. Нағыз қазақ жігіттеріне керек бекзат өнер. Мұны ел білуі керек. Мен сізді хабарыма шақырайын. Өнеріңізді паш етейік.
- Маған жарнаманың керегі жоқ. Залым онсыз да толы. Каратеге
қызығатын жастар жетеді.
- Жоқ, оны көріп отырмын. Жарнама сізге керек емес, жұртқа керек. Елдің танымы кеңісін. Сіз өзіңізді емес, елді ойласаңызшы. Қарапайым болам деп елдің алдына шықпайсыз. Соның кесірінен қара халық надан боп қалады. Ол дұрыс емес. Басқа жұрттың жақсысын елімізге таси берейік те, – деп қолқа салып отырып алды. Спорт залға әбден үйреніп, студия десе мазасы қашатын ағам қанша қашса да табанды Бейсен оны ақыры көндірді. Осылайша жапонның бекзат өнерін меңгерген қазақ жастары Айтуға оңайға топырлап барып елге насихат жасап қайтты.