УАҚЫТТЫ ЖЕҢГЕН БЕЙСЕН Философияда ең қызық тақырыптың бірі - Адам Болмысы мен Уақыт факторының бір бірімен байланысы. Жауапкершілік алмайтын қорқақ адамның болмысы онтологиялық уақыттың түрмесінде тұсауланып тұрады. Яғни, жан-жануар мен шөп-өсімдікке берілген табиғи уақытқа тәуелді боп қалады. Ондай кезде 24 сағаттық тәулік адамды жан-жағынан сығып, еш нәрсеге үлгертпей әбден діңкелетеді. Бастаған ісін аяғына дейін тындыра алмай пенде пақыр шашылып қалады. Ал, саналы түрде тарих алдында жауапкершілік арқалаған адам онтологиялық уақыттың құрсауын бұзып, параллел жатқан феномендік уақыттың ішіне енеді. Болмыс феномендік уақыттың ішінде ашылғанда 24 сағаттық тәулікті керіп уақытты созып жібереді. Мұны уақыттың ішіндегі уақыт деп те айтады. Бейсен тура солай істеген адам. Ол бір тәуліктен үш тәулік, бір жылдан бірнеше жыл жасап алған таңғажайып тұлға. (Мысалы миғражға ұшқан пайғамбар сияқты) Менің осы ойыма бір де бір таныс қазақ қарсы дау айта алмас еді. Себебі ол сияқты қисапсыз шаруаны қатар атқарған адамды әлі ешкім көрген жоқ. Өзі Жетісу арнасының білдей бастығы. Оның мың-миллион қол қоятын қағазы бар. Сонымен бірге аптасына бақандай бес рет Айтуға оңайды жүргізеді. Оның қандай күрделі жұмыс екенін редакторлар өте жақсы біледі. Талдықорған мен Алматының арасы 300 км. Ол осы аралықты ары-бері күн сайын кесіп өтіп, екі каналға қатар қызмет етеді. «Қазақстан Барысы» деген жарысқа одан басқа жүргізуші жарамады. Одан бөлек елдің ішінде атқарып жатқан лента қию, кездесу, интервью, семинар, тағысын-тағы толып жатқан қисапсыз шаруасы және бар. Тап-таза логикаға салып, тұп-тұнық рационалды таныммен қарасаң Бейсеннің мұншама жұмысты қатар атқаруы мүмкін емес. Ол ол ма, мына қызыққа қараңыз. Саят аға қамауда жатқанда ол кісінің үлкен ұлымен танысып, отбасымен жақын туыстай араласып кетті. Болмаса Саят ағаны өмірінде көрмеген. 2015 жылы күзде ағаның үлкен ұлы үйленетін болды. Құдалыққа баратын беделді кісілер іріктелді. Сол кезде Бейсен «Құдалықты өзім бастап барам. Келінді өзім түсірем» деп ұйымдастыру ісіне белсенді араласты. Сол кезде бір нәрсеге қайран қалып едік. Альтруистік мінезіне емес. Оған үйреніп кеттік қой. Бұл бала мына құдалық пен тойға қалай уақыт жеткізіп жатыр? Себебі Жетісудағы жұмысы да, Айтуға оңайы да қатар айналып жатыр еді. Ол екі жақтың да тойы мен құдалығына бастан-аяқ қатысып, тойды тарқатып, құдаларды риза қылып қайтарып, сосын барып үйне оралды. Жі:іттер «осы біздің Бейсен бір уақытта бірнеше жерден көрінуге қабілетті кереметті әулие емес пе?» деп әзілдеуші еді. Бұл менің өзім куә болған бір ғана оқиға. Ал Айтуға оңайдың ішінде мұндай оқиғаның нешесі айналып жатты. Кейде жағдайы жоқ кейіпкерлерін үйлендіріп, қалың малын жабуға атсалысып, құдалығына өзі қатысып кете беретін оқиғасы өз алдына бөлек әңгіме. Осыншама қыруар шаруаны атқаруға 49 жыл ғұмыр жете ме? Ақылға салып қарасаң ол бар жоғы 49-ақ жыл ғұмыр кешті. Атқарған ісіне қарасаң 490 жыл өмір сүрген адам сияқты. Онтологиялық уақытты сағыз сияқты созып ойнаған бұл адам расымен де кім болғаны сонда?