Тақырыбы: Сапалық анализ, мақсаттары және әдiстерi.
Жоспары: 1. Аналитикалық химия пәні.
2. Сапалық анализ әдістері. Физикалық, физика-химиялық және химиялық анализ әдістері.
3. Реакция сезімталдығы.
Аналитикалық химия пәні Жалпы химиялық анализ қойылатын мақсаттарына байланысты сапалық және сандық болып екі тарауға бөлінеді. Сапалық анализдің негізгі мақсаты зерттелетін заттың сапалық құрамын анықтау, демек қандай элементарлық (жай) бөлшектерден (атом, ион, молекуладан) тұратындығын табу. Сонымен қатар белгілі қосылыстардың ұқсастығы (индентификациялау) негізінде көбінесе сапалық анализдің бірнеше әдісі қолданылады.
Аналитикалық химияның даму тенденциясы.“Химиялық анализ“ деген ұғымды XVII ағылшын ғалымы Бойль Р. енгізген, ол қазіргі сапалық анализдің негізін құрайды. Бойль химиялық элементтер деген түсінікті толықтырып, оларды күрделі заттардың бөлінбейтін бөлігі деп қарастырды. Сонымен қатар, сол кездегі белгілі сапалық реакцияларды бір жүйеге келтіруге тырысты.
Ловиц Т.Е. жүзден астам тұз криссталдарын зерттеп, оларды бір кестеге келтірді. Бұл микрокристаллоскопиялық әдіс сапалық анализ тәсілдерінің бір түрі болуына себепті болды.
Севергин В.М. 1801 жылы аналитикалық химиядан оқу құралын жазды. Ол аналитикалық химияға колориметрлеу әдісін енгізді және титриметриялық әдістің, оның ішінде нейтралдау әдісінің мәнін түсіндірді.
XVIII ғасырдың аяғында Бергман Т.О. металл катиондарын аналитикалық топтарға бөліну қағидаларын тауып, жүйелік сапалық анализдің негізін қалады.
XIX ғасырдың басында Берцеллиус И.Я. химиялық элементтердің атомдық массаларын анықтады, ал Гей-Люссак титриметриялық анализдің тәсілдерін жариялады.
Бутлеров А.М. ашқан органикалық қосылыстардың химиялық құрылыс теориясы мен Д.И. Менделеевтің периодтық заңы да аналитикалық химияның дамуына үлкен әсер жасады. Айталық, химиялық элементтер қасиетінің ұқсастығын пайдаланып жаңа элементтер ашуға мүмкіндіктер туды.
Д.И. Менделеевтің гидраттану теориясы, С. Аррениустың электролиттік диссоцияция іліміне де аналитикалық химияның ілімінің дамуына үлкен үлес қосты.
1871 жылы Н.А. Мешуткин аналитикалық химияның оқыту методикасын ұсынды, ол “Аналитикалық химия” деген оқулық жазды. Н.А. Мешуткин анализде қолданылатын тәсілдерді ғылыми пән етіп бөліп шығарды.
1894 ж. неміс химигі Вильгельм Оствальд (1853-1932) “ Die Wissenschaftlichen Crundlagen der analitischen chimie” деген кітабында химия ғылымының, соның ішінде аналитикалық химияның маңызын, орнын айқын айтып көрсетті. Аналитикалық химияның әрі қарай ғылым ретінде дамуы физикалық химияның машықтық және іліми жетістіктеріне байланысты екенін көрсетті. Шынында да физик-химиктердің арқасында аналитикалық химия ғылыми пәнге айналды. Оған мынадай мысалдар келтіруге болады. 1890 ж. С.П.Соренсен рН деген ұғымды енгізіп, оны колориметриялық және потенциометриялық әдістермен анықтау жолдарын көрсетті. Соренсен буферлі ерітінділердің толық тізімін, олардың рН өзгеру аралығын, индикатор қателерін жариялады. Бұл ғалымның еңбегі 1910ж. ұсынған Нойестің қышқыл-негіздік титрлеу теориясының негізін қалауда үлкен орын алды. Осы бағытта 1927 жылы химик–физик Дж. Конант (Гарвард университеті) титрлеу процесінде еріткіш ретінде мұзды сірке қышқылын алып, қышқылдар мен негіздердің сусыз ерітінділеріндегі әрекеттесу жолдарын, ерекшеліктерін көрсетті.
Қазіргі кездегі комплексонометриялық титрлеу негізін координациялық негізге сүйеніп жазған 1896 жылы А Уэннер еді, әрі қарай бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізген Г. Шварценбах (Цюрих университеті). Ол қазіргі хелатометрия және хелатометриялық титрлеу теориясының пионері болып саналады.
Электроаналитикалық химияның дамуы неміс ғалымы Вальтер Герман Нернст ерітіндідегі редокс процестерді зерттеу нәтижесінде ұсынған Нернст теңдеуімен тығыз байланысты.
1924 ж. Дебай – Хюккель ұсынған күшті электролиттер теориясы жарық көрді. Бұл теорияға алғашқы кезде Нернст пен Казимир Фаянс ( Мюнхен университеті) өте қарсы болды. Бірақ кейін өткен физик–химиктер кездесуінде А.С. Аррениус, Дебай – Хюккель ілімі дұрыс деп толық қабылданды. Күшті электролиттер теориясы Аррениустың электролиттік диссоцияциялану теориясын толықтырып дамытты.
Анализ әдістерін Р.Бунзен, Г.Киргхофф, М.С. Цвет, М.А. Ильинский, Л.А. Чугаев т.б. әрі қарай дамытқан.
Р. Бунзен мен Г.Киргхофф спектральді анализдің негізін қалады. М.С. Цвет - хромотографиялық анализ тәсілін ұсынды, ал М.А. Ильинский, Л.А. Чугаев анализде органикалық реагенттерді қолдануға болатынын көрсетті.
Қазіргі кезде аналитикалық химияның ғылыми дамуы жан жақты, алуан түрлі, ал қоғамның аналитиктер алдында қоятын мақсаты түрліше. Ертеден келе жатқан ерітінді түрінде жүретін анализдің маңызы өте зор. Бірақ енді анализ көбіне инструментальды әдістер көмегімен орындалады.