Сапар Ерсайын
Механика 19-1
«Мәдениетті рәміздер, мәндер, таңбалар мен мағыналар ретінде талдау үшін мәдениеттің ақпараттық-семиотикалық түсінігін негіздеу»
Адам баласы өмірінің басты мақсаты – мәдениет ұстындарына сүйене отырып, өзінің бойындағы қасиетті дәйекті де тұғырлы етіп тәрбиелей отырып, жүзеге асыру. Өйткені мәдениеттің өзі өмірдің тиянақтылығын, дәйектілігін, мәнділігін, табандылығын, тұрақтылығын қамтамасыз ететін бірден-бір институт болып табылады. ХХІ ғасырда басталған жаңа үрдістердекөп деңгейлі және көп мағыналы болып табылатын осы мәдениет феноменіне өскен қызығушылық себептерінің бірі – қазіргі кездегі қоғамдық өмірдедәйексіздік, тұрақсыздық, тиянақсыздық, негативтілік сияқты белгілердің біршама орын алғандығынан деп білу қажет. Қоғамда айқын көрінетін мына жағдайлар – ата-ана мен баласы арасындағы түсініспеушілік, олардың арасындағы дау-жанжалдар, адамдардың бір-біріне сенімсіздік білдіруі, бір мемлекеттің азаматтары бола тұрып, ұлтқа, нәсілдікке, діни ұстанымға бөліну, бір-бірін белгілі бір себепсіздіктен жек көру, т.с.с. негативті бейсаналыққа, эмоцияларға негізделген келеңсіздіктер қоғам, мемлекет, әлем өміріндеорын алып келуде. Мұның себебін іздеп, анықтап алудың кезі әбден келді деуге болады. Ал қоғам өміріндегі мәдениет функцияларының бірі – бұл реттеу функциясы. Оның негізгі мәні – адамдардың қоғамдық және жеке әрекет түрлерін реттеу. Мәдениет моральмен құқыққа негізделе отырып, адамдардың мінез-құлқына ықпал етеді.
Сонымен, мәдениет ұғымы бір жақты да емес, бір сатылы да емес болып табылады. Мәдениет түсінігі аясына жеке адамға, қоғамға, халыққа, ұлтқа, мемлекетке және Әлемге қатысты мәдени ұстанымдар жүйесі енеді. Айтып кететін бір нәрсе, мәдениетті анықтаудағы үш көзқарасты қолдана отырып, зерттеуші соған тән барлық үдерістерді толық қарастыра алады: тарихи (уақыттылық) – қандай да бір мәдени құбылыстардың өмір сүруінің уақыты және орны; формальды-функциональды (уақыттан тыс) – мәдениеттің қызметі мен құбылыстарын талдау, олардың уақыттан тыс, қайталанатын және кері түріндегі үдерістерін, интеграция мен дезинтеграцияны түсіну; формальды-уақыттылық үдеріс, әдетте, мәдениеттің өсуі немесе дамуы деп атайды – бұл мәдени жүйенің әр уақытта өзгеруі,бір форма алдыңғы формадан шығуы және келесі бір формаға айналуы. Бұл үдерістің шеңберінде өзгерістер жеке құбылыстармен емес, мәдени құбылыстардың сыныптарымен болады.
Мәдениет ұғымына адамзаттық қоғамның өндірістік, қоғамдық және рухани өмірдегі жетістіктер, ережелер мен тәртіптер жиынтығы, тәрбие мен білімділіктің белгілерітағы с.с. түсініктер кіреді. Ауылдар, аймақтар, этникалық топтар, халықтар, діни ұстанымдар – бұлардың барлығы мәдени әртүрліліктің деңгейлерін көрсететін өзіндік ерекшелігі бар белгілі бір мәдениетке ие.Мәдениет туралы ХХ ғасыр гуманисі Альберт Швейцер былай дейді: «Мәдениет дегеніміз адам баласының және бүкіл адамзаттың алға қарыштауының жиынтығы, ал бұл қарыштау индивидтің рухани жетілуіне ықпал тигізуі тиіс. Өйтпеген жағдайда, бұл қарыштау мәдениетке апармайды» (Швейцер А. Культура и этика. – М.: Прогресс, 1973. – 103 б.). Яғни, бұл алға қарыштау адам баласының рухани жетілуінің белгісі болып табылады және солай болуға тиіс. Алға қарыштау дегеніміз тек ғылыми техникалық прогресс емес, керісінше, рухани дүниенің, қазынаның, құндылықтың, болмыстың өркендеуі болуы тиіс.
Біріншіден, мәдениет адам жасағаннан немесе жасайтыннан тұрады: адам қызметінің түрлері мен нысандары, соның нәтижесінде пайда болатын өнімдер (артефактілер) және қатынастар. Сәйкесінше, бұл жағынан мәдениет табиғатқа қарама-қарсылық, жасандының табиғиға қарсы қойылуы ретінде болады. Екіншіден, мәдениет қоғаммен сәйкес келеді де, сәйкес келмейді, өйткені адамның тіршілік әрекеті мен қоғамда табиғи сипаттағы факторлар аз орын алмайды. Үшіншіден, және де бұл ең бастысы, мәдениеттің мазмұны адамды «жасау», тәрбиелеу, қалыптастыру болып табылады, яғни адамның биологиялық жағынан тұлға болуы (әлеуметтік адам).
Бұл үдерісте адамның өзін дамытуы үшін жасалған қызмет жүйелері мәдениетке жатады. Сонымен біз мәдениетті адамның табиғатты түрлендіруініңсаналы қызметі,материалдық және рухани салаларда іске асырылған осы қызметтің нәтижесі ретінде түсінеміз.
Мәдениеттің қоғам өміріне белгілі бір дәйектілік пен позитивті дамуы бойынша әсеріне қатысты «мәдениет» ұғымы гуманитарлық ғылымдардағы ең басты ұғымдардың бірі болып табылады. Бұл ұғым қазіргі мағынада XVIII ғасырда Еуропада Дж. Вико, И.Г. Гердер, Ш. Монтескье сынды ойшылдардың еңбектері арқасында пайданалына басталды. Бұл кезеңде географиялық экспансия толқындары адамдардың өз мәдени құндылықтарын, стереотиптерін, өмір сүру тәсілдерін өзге мемлекеттерге тән мәдениет құндылықтарымен салыстырудан мүдделер шиеленісуіне әкелді және мәдени көптүрлілік құқығы туралы пікірталастардың тууына ықпал етті.
XIX ғасырдың екінші жартысынан кейін «мәдениет» ұғымы біртіндеп ғылыми категория мәртебесіне ие бола бастады. Сөйтіп, Ағартушылық кезеңіндегі мәдениеттің қоғам дамуындағы «жоғары» деңгейі деген мағынасы өз құндылығын жоя бастады. «Мәдениет» біртіндеп өркениет, қоғамдық-экономикалық формация, жаһанды аймақтандырукатегорияларымен тоғыса бастады.
Мәдениет – бұл өте күрделі, көп деңгейлі жүйе.Әрбір мәдениет этносқа, халыққа қатысты болады, ұлттық болып табылады. Алайда осы мәселе бойынша әртүрлі көзқарастар бар. Ежелгі заманда мәдениеттің этноұлттық сипаты бойынша екі қарама-қарсы тенденция пайда болды: этноцентризм және космополитизм. Біріншісіне сәйкес қандай да бір этнос өзінің мәдениетін үлгі мен эталонның кейбір үлгісі ретінде қарастырады, оны басқадан жоғары қояды, басқа мәдениеттерді сенімсіздікпен немесе өшпенділікпен, кейде ксенофобия, не басқадан қорғау түрінде қабылдайды. Екінші тенденция -өзінің этносы мен елінің шеңберінен шығып, әлем азаматы болу. Бұл жағынан космополитизм патриотизмге қарама-қарсы болады.
XVIII ғасырдан бастап көрсетілген үрдістер ұлттық және әлемдік мәдениеттер арасындағы қатынастар мәселесін құра отырып, мәдени релятивизм мен мәдени әмбебаптылық нысанында болады. Мәдени релятивизмнің басында француз философы Монтень тұрды, ол әрбір ұлт өзінің жекеұлттық идеясын құрайды деп болжаған. Алайдабұл неміс философы Гердердің жұмыстарында жеткілікті түрде дайын күйінде ұсынылған. Мәдени релятивизмнің қазіргі өкілі француз мәдениеттанушысы К. Леви-Строс болды.
Мәдени әмбебаптылықтың белгілі өкілдері Руссо, Кант, Гете, көптеген ағартушы-философтарадамгершілік әмбебапты, көпшілік ұстындар жағында болады деп болжаған. Кант белгілі кесімді императивті тұжырымдады, оған сәйкес егер қылық әмбебапты, жарамды болса, жақсы болып саналады. Осыдан әділеттілік жалпылық болады, әділеттілік дәрежесі әмбебаптылық дәрежесіне сай келеді.
Мәдениет – философиялық ой-толғамның аса маңызды, терең теориялық мәнді ұғымдарының бірі. Мәдениет ұғымы қоғам өмірінің түрлі салаларына байланысты жиі пайдаланылады. Қысқасы, бұл ұғым саналы іс-әрекет жемісін даму үдерісінде көрсетуге бағытталған. Әрбір тарихи дәуірдің өзіндік мәдениеті бар. Сол сияқты әрбір халықтың өзіне ғана тән дәстүрлері болады. Бұдан мәдениеттің көптүрлілігі ондағы жалпылықты, әмбебаптықты теріске шығарады деген қорытынды тумайды. Керісінше, мәдениеттің нақтылы-тарихи түр алуы оның мазмұнының күрделілігін және ондағы жалпы ерекшеліктің диалектикасын білдіреді.
Көпшілікке арналған әдебиетте мәдениет мәселесін рухани, көркемдік салалармен байланыстыра қарау басым. Шынына келгенде, мәдениет – адам әрекетінің, саналы қызметінің көрінісі. Олай болса, оған рухани да, материалдық та жетістіктер жатады. Басқаша айтқанда, адам болу үшін еңбек құралдарын жасауы, сөйлесуі, пікір алысуы, түсінісуі қажет.
Мәдениеттің философиялық сипаттамасын оның құрылымы арқылы көруге болады. Ресми әдебиетте «саяси мәдениет», «экономикалық ойлау мәдениеті», «адамгершілік мәдениеті», «тәрбие мәдениеті», «ұлтаралық қатынас мәдениеті» деген көптеген мәдениетке қатысты сөз тіркестері кездеседі. (Глобалистика: Международный междисциплинарный энциклопедический словарь / ред. И.И. Мазурь, А.Н.Чумаков. - М.- СПб: ИЦ «Елима», ИД «Питер», 2006. – 421 б.). Олардың әрқайсысы, жекелеп алып қарағанда, философиялық мәселелер. Басқаша айтқанда, философия мен мәдениеттің арақатынасы қоғамның рухани өмірінде орын алатын келелі, күрделі құбылыс екенін бөліп қарау қажет.
Ұлттық және әлемдік мәдениеттер арасындағы қатынастар проблемасы кейде «Батыс –Шығыс» белгілі мәдениеттану дилеммасы арқылы қарастырылады. Батыс және Шығыс мәдениеттері арасындағы үйлесімділік немесе үйлесімсіздік туралы дау ертеде пайда болды және әлі шешімін таппай, жалғасуда. Оның бірін Р. Киплинг ұсынды: «Батыс ол Батыс.Шығыс ол Шығыс… Олар ешқашан қосылмайды».К. Юнг де осындай көзқараста болды. Ол Шығыс пен Батысқа тән ойлау типтері соншалық өзгеше болғандықтан, қосылу оларға мүмкін емес, әрі қажет емес деп есептеген.В. Соловьев керісінше, болашақта Шығыс пен Батыс бірыңғай әлемдік өркениетке бірігеді де, бұл «алқалық» ұстындардың толық жеңуіне негіз болады деп санаған.
Мәдени релятивизм және әмбебаптылықты бағалай отырып, оның көптеген ережелері толық негізді және дәлелді болады деп санауға болады, алайда оның бірде-біреуі толық шындыққа үміттене алмайды. Сондықтан олардың қарама-қарсы тұруы емес, бірін-бірі толықтыруы жемісті болар еді.
Қазір ғаламшарымызда тұратын халықтардың ұлттық мәдениеттерінің ең үздік жетістіктерінің синтезі ретінде «Әлемдік мәдениет» ұғымы қалыптасуда. Ұлттық мәдениет өз кезегінде сәйкес қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтары мәдениетінің синтезі болады. Ұлттық мәдениеттің өзінділігі, оның белгілі қайталанбас ерекшелігі және сонылығы өмір мен қызметтің рухани (тіл, әдебиет, музыка, кескіндеме, дін) және материалдық(экономикалық құрылыс, шаруашылық жүргізу, тұрмыс, еңбек және өндіріс салтының ерекшеліктері) салаларында байқалады.
Мәдениеттің нақты таратушысына сәйкес әртүрлі субмәдениеттер бөлініп көрсетіледі. Субмәдениеттергедифференциация қоғамда әртүрлі таптардың, топтардың болуынабайланысты болады. Осы фактордың рөлі қазір азайған, бірақ қалған. Қоғамның кедей, маргинал топтарының мәдениеті өте төмен болады, ол білімнен жеке бас гигиенасына дейінгі бар салада байқалады. Жоғары топтағы адамдардың қоғам элитасының мәдениеті жалпы жоғарғы деңгеймен, кейбір сыртқы түрлерімен ерекшеленеді: қатаң этикет, таңдамалы мәнерлер, ерекше кішіпейілділік, ежелгі (аристократтық) дәстүрлерді сақтау.
Орташа топтар мен таптар қазір «бұқаралық мәдениет» деп аталатын ең көп тараған, басым мәдениетті тарататындар болып саналады. Олардың жалпы деңгейі жоғары емес, орташа болып табылады. Сонымен қатар бұл топқа барлық мәдениеттің жаңаруының негізгі көзі болып табылатын, зерде мен шығармашылық потенциалдың жоғарғы деңгейін таратушы ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның негізгі бөлігі жатады. Ауыл мен қала мәдениетінің арасында едәуір айырмашылық бар.Сонымен қатар кәсіптік мәдениеттің ерекшеліктері туралы да айтуға болады.
Мәдениет нақты түрлерге бөлінеді. Адам қызметінің алуан түрін есепке алу осылай бөлуге негіз бола алады. Осыдан материалдық және рухани мәдениет бөлініп шығады. Материалдық мәдениет ең алдымен материалдық өндіріс сферасы мен оның өнімдері – техниканы, технологияны, байланыс және коммуникация құралдарын, өндірістік ғимараттар мен үймереттерді,жолдар мен көлікті, тұрғын үйді, тұрмыстық заттар мен киімді қамтиды.
Рухани мәдениет рухани өндіріс саласынан және оның нәтижелері – дін, философия,мораль,өнер, ғылымнан құралады.Рухани мәдениеттің ішінен көбінесе өнер мен ғылым туындыларынан құралатын көркем мәдениетті арнайы бөліп көрсетеді. Ғылым, өз кезегінде, зерделік, ғылыми-техникалық мәдениет негіздері ретінде қарастырылады.
Материалдық және рухани мәдениет арасында терең бірлік бар, өйткені олардың екеуі адам қызметінің нәтижесі болып табылады, оның бастауында рухани басы – адамның материалдық формаға айналдыратын идеясы, жобалары, ойлары тұр. Алайда материалдық және рухани мәдениетке бөлу көбінесе шартты түрде болады,өйткені шынайы өмірде олар тығыз байланысты, бір-бірімен сіңісіп, толықтырып тұрады. Тек материалдыққа немесе руханиға жатқызуға болмайтын мәдениеттің бірқатар түрлері бар (экономикалық, саяси, экологиялық, эстетикалық).
Дәстүрлер жүйесі қоғамдық жүйенің тұтастығын, тұрақтылығын бейнелейді. Оған өрескел қарауға болмайды, өйткені мәдениеттің нәзік және күрделі механизмдері бұзылуы мүмкін. Ескі рухани құндылықтарды, тарихи естелікті ұмыт қалдырып, рухани өмірді жақсарту мүмкін емес. Екінші жағынан, мәдениет жаңарусыз болмайды. Шығармашылық,өзгеріс қоғам дамуының екінші жағы болып табылады. Дәстүрлер мен жаңарулар бірлігі – кез келген мәдениеттің әмбебап сипаттамасы. Мәдениетте дәстүрлер мен жаңарулардың, шығармашылықтың әртүрлі арақатынасы қоғамдар үшін дәстүрлі және қазіргі негізді береді. Бірінші дәстүрлерде шығармашылыққа билік жүргізеді. Мәдени үлгілер бастапқы түрінде өндіріледі. Өзгерістер жүйесіз және кездейсоқ жолмен дәстүрлер шеңберінде енгізіледі. Нормадан ауытқу қабылданбайды және теріске шығарылады.
Мәдениет нормалары – нақты үлгілер, мінез-құлық пен әрекет ережелері. Олар қоғамның үйреншікті танымында қалыптасады, бекітіледі. Осы деңгейде мәдени нормалардың қалыптасуында дәстүрлі және аңдаусыз сәттер үлкен рөл атқарады. Қабылдау дәстүрлері мен тәсілдері жылдар бойы қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырған. Қайта өңделген түрінде мәдени нормалар идеологияда, этикалық ілімдерде, діни тұжырымдарда іске асырылған.
Мәдениеттің нормативтілігі адамдардың тұлғааралық, көпшілік қарым-қатынастары және әртүрлі әлеуметтік институттардың жұмыс істеуі арқасында қолдау табады. Ұрпақтан ұрпаққа рухани тәжірибені жеткізуде білім беру жүйесі орасан зор рөлатқарады. Онда өмірге аттап басқан индивид тек білім алып қана қоймайды, қабылдау мен әрекет ету, қоршаған ортаны түсіну және қатынас жасау ұстындарын, нормаларын алады. Мәдениет нормалары өзгермелі, мәдениет ашық сипатта болады. Ол қоғамда болып жатқан өзгерістерді бейнелейді.
Мәдениет, негізінен, қарқынды түрде қоршаған ортаны, қоғамды, адамзаттың өмір сүру салтын өзгеріске ұшырата алады, сондықтан да ол өмір сүрудің шығармашылық факторы ретінде және қоғамдық жаңа өзгерістердің шексіз қайнар көзі ретінде бағаланады. Осыдан мәдениеттің әлеуетін, оның ішкі байлығын іздеп табуға және оның мүмкіндіктерін жүзеге асыруға деген құлшыныс туындайды. Адам баласы мәдениетті өзінің ішкі әлеуетін жүзеге асыруы мен өзінің жеке ерекшелігін атап көрсетуінің құралы ретінде қарастыра отырып, мәдениеттің тарихи үдерістерін және адам баласына позитивті әсер ететін жаңа түпсіз, шексіз импульстарын көруге болады.
Мәдениет мемлекеттік немесе халықаралық қарым-қатынаста тек әлеуметтік, ділдік, сана-сезімдік ерекшеліктерді көрсететін белгі емес, керісінше, ол саясаттың, экономиканың өркендеуіне және кең етек алуына «жәрдемдесетін» құрал болып табылады. Осындай пікірді ұстанушы неміс ғалымы, тарихшы Д. Гиноу-Хехт былай дейді: «Қырғиқабақсоғыс кезінде американдық дипломаттар Америка Құрама Штаттары өзінің өмір сүру салтының артықшылықтарын шет елдерге мәдениет арқылы көрсетуі қажет деген ұйғарымға келді. Егер Кеңес Одағы коммунизмді экспорттаса, АҚШ-тың қоғам қайраткерлері мен саяси стратегтері өз елінің бүкіл Әлемге ықпалын мәдениет арқылы жүргізу әрекеттерін одан сайын күшейте түсті». (Резник Ю. М. Человек и общество (опыт комплексного анализа) // Личность. Культура. Общество. – М., 2000. – Выпуск 3. – С. 123-139) . Қазіргі уақытта бұл тәсіл болашақты болжап көре алатын шынайы көрегендердің әрекетін күткен нәтижеге апаратын тәсіл екендігін көріп отырмыз.
Мәдениет – адамдардың әлеуметтік мінез әрекеттерінің түрі немесе ерекше формасы. Мәдениеттің пәндік мазмұнын сараптай отырып, Б. Малиновский мынадай қорытындыға келді: Мәдениет – бұл артефакт әлемі. Артефакт дегеніміз жасандылық жолмен жасалған объект немесе зат. Артефактыны оның мәдени формасынан және материалды негізден (субстраттан) айыруға болмайды. Ол белгілі бір мәдениет контекстінде (аяқталған дүние) ғана жасалынады және тіршілік етеді.
Мәдениет белгілер мен мағыналардың әлемі болып табылады. Бұл нұсқа бойынша, адам баласы мән-мағыналар жүйесінде өмір сүреді, ал бұл мән-мағыналар жүйесі адам баласын басқа адамдарға және жалпы қоршаған әлемге қатысты бағыт-бағдар беріп отырады. Сондықтан да, мәдениетті өзіндік ерекшелігі бар мән-мағыналар жүйесі ретінде түсініп-білу үшін адамдардың іс-әрекеттерінің және өзара әрекеттерінің мән-мағыналарының түпкі сырын ашып алу қажет. Бұл көзқарас тұрғысынан қарағанда мәдениет адамдардың мінез әрекеттерінің себебі болып табылатын сыртқы күш емес, осы мінез әрекеттің контексті болып табылады және осы контекстте ғана іс-әрекеттің мән-мағынасын түсінуге болады. Сонымен, мәдениет шынайы мағыналық кеңістіктің феноменологиялық (заттандырылған) саласы болып табылады, ал бұл сала болса қарама-қайшылықтардың: «имманентті – трансцендентті», «сакральды – профанды» және т.с.с. ендірілуі және түсіндірілуі арқылы анықталынады.
Мәдениет – бұл белгілер жүйесі (мәдениеттің семиотикалық қызметі). Бұл түсіндірме алдыңғы анықтамаға мазмұны жағынан жақын, бірақ кейбір ерекшеліктерімен ерекшеленеді. Белгілер мен мәндер мағынаға қарағанда оның рәміздік дәнекерлері болып табылады. Белгі деп басқа заттар туралы мәліметтерді сақтауға, қайта өндіруге және тасымалдауға арналған затты-дүниені айтуға болады. Белгілер жүйесі белгілі бір мәдениет қалыптарының материалды тасымалдаушы ретіндегі артефакттер мен шынайлықты ой жүйесі арқылы қайта өндіретін және құрайтын сана жүйесі (ментал) ортасында орналасады. Лесли Уайт адам баласының рәмізденуге деген қабілетіне тәуелді заттар мен құбылыстарды «символаттар» деп атайды. (Уайт Л. Мәдениет ұғымын сараптау // Мәдениеттанулық мұра. – Т. 1. – Алматы: Жазушы, 2005. – 21-38 бб.).
Сонымен, белгілер адам баласының мағыналық іс-әрекетінің элементтері ретінде адамдардың рәміздеу (символдау) қабілеті көмегімен мәдениеттің құрылымдық мазмұнына кіреді. Олардың материалды дәнекер болып табылатын артефактерден еркшелігі іс-әрекеттің рәміздік дәнекер болуында.
Мәдениет – ақпараттықүдеріске қосылған өзіндік ерекшелігі бар механизм, ол, сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар ақпараттарды қалыптастыратын және тасымалдайтын механизм болып табылады. Басқа сөзбен айтқанда, мәдениеттің өнімі – бұл белгілік құралдар арқасында қоғамда жасалынатын және сақталынатын әлеуметтік ақпарат.
Мәдениеттің әлеуметтік рөлін ары қарай анықтар болсақ, оның рөлі зор екенін байқаймыз. Яғни, мәдениет адам баласын жабайылық пен тұрпайылыққа, еріншектік пен зұлымдылыққа, менменшілдік пен жауапкершіліксіздікке жол бермейді.
Достарыңызбен бөлісу: |