Сара саңлақ/ Құраст. Ш. Бейсенова-Әшімбаева



Pdf көрінісі
бет3/23
Дата15.03.2017
өлшемі1,06 Mb.
#9982
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23

42

Ханның бір батыры еді қалмақ Сайын,

Қашанда қажетіне тұрған дайын.

Елінің арқа сүйер ері сол еді,

Өзгелер қалмақ жерін шапқан сайын.

Айыбы жалғыз еді, кедей еді,

Еңіреген ер ішінде егей еді.

Атса оқ, шапса қылыш өтпес күшін

Қоңтəжі қоңыр қойға теңемеді.

«Қызымды жан алмайды ханнан басқа!

Қалыңға берген қазына, малдан басқа.

Ендеше атсыз, затсыз кедейлерге,

Тиісті Баян қызым алданбасқа!».

Қоңтəжі сол кеткеннен «Қораны» асып,

Өрмелеп тау басына кетті қашық.

Жоңғардың мəңгі қарлы жотасына,

Шығарды қашырға артып, жүгін тасып.

Көшірмек болғанында қызын зорлап,

Қозғалмай Баян көрін қаздырды орлап.

Жары үшін – Бөлек үшін жан тапсырып,

Қалды ол ақ жүректің сертін қорғап.

Осыдан түстік жерде Бөлек өлген,

Оны да тау басына бөлек көмген.

Екі тау: Сайынбөлек, Баянжүрек,

Өзгеден сондықтан да еректенген.


Сара саңлақ

43

Ару қыз ақ жүрегін қорғап өлген,

Өзінің жүрегін де жерге көмген:

«Жан сүйген Сайын-Бөлек жар қабірін,

Көріп тұр мəңгі бақи, – деген, – көзбен!»

Қыз өлді, жүрегі оның жерге айналды,

Арманы таудай тола шерге айналды.

Күйіктен қайнап шыққан ыстық жасы,

Толтырған «Жүрек» астын селге айналды.

«Жер болып сол жүректің сырты қатқан,

Сақталып түскен жалын махаббаттан.

Қазіргі «Арасандағы» ыстық бұлақ,

Жас еді сол жалыннан қайнап аққан.

Баянның сол жүрегі болып бір тау,

Жоңғардың саласынан тұрады оқшау.

Қасында Сайынбөлек шоқысы бар,

Әлікүн қарауылдап тұрғандай жау.

Қорадан мойын созып Қоңтəжі тұр,

Ызғарлы тілсіз, мылқау ақ шоқы құр.

Баянды көктей солған бір көре алмай,

Зарланад, деп: «Балам, бір мойныңды бұр!»

Осылай сырын айтып «Баян-жүрек»,

Кеудесін бір күрсінді кере уһілеп.

Кеше мен, ал бүгін сен, дертіміз тең,

Ғасырлар ашылмайтын неткен түнек.


Сара саңлақ

44

Бəрі бір: қалмақ па, əлде, ұлты қазақ,

Осылай қыздарының көргені азап.

Қосылмай жүрек сүйген жігітіне,

Өтеді махаббаты болып мазақ.

Сара қыз, еліктеме Баянға сен,

Шыдай тұр бұл өмірден қаяу көрсең.

Өзгеріс ел салтында болмай қалмас,

Өлме əзір, қорға өзіңді, аялда сен!

Саңқ еткен таудың үні осылай деп,

Сабыр боп жүрегіме ұйыды кеп.

Мен сергіп орынымнан тұра келдім,

Жүректен өз өміріме алғандай леп.

Түн жарымы, ел ұйқыда, ауыл жым-жырт,

Маужырап жусаған мал күйсеп бырт-бырт,

Өзгенің бəрі үйінде, өз орнында,

Бұл рахат тыныштықтан тек Сара сырт...


Сара саңлақ

45

аШындыМ

Ашулы, арманы арта түскен Сара,

Ой – улы, қиял – қышқыл, жүрек жара.

Аттандым ашындым да, белді байлап,

Болудың мағынасы жоқ енді бала.

Аралап өмір сырын ойым сергек,

Саралап алды-артымды, ақыл тербеп.

Арман мен ақ сырымды өлең қылып,

Ән салу домбырамен болды ермек.

Аңырап ақ домбыра бозінгендей,

Наз-мұңым қос ішектен шығады еңірей.

Той, жиын, шілдехана болса қайда,

Сайрайтын болдым енді даусым сембей.

Қызымын Тастанбектің атым Сара,

Жасымнан жылап өскен мен бір бала.

Он үште өміріме ор қазылып,

Жүрекке өшпестей боп түсті жара.

Жетпеген балапандай темір қанат,

Жан едім жасы балғын, жаңа талап.

Арман боп ақ жүрекке қадалды оқ,

Қандайлық атты екен жау сығалап.

Көз жетпейді ой түбіне, білімім аз,

Ағайын, аясаңдар дертімді жаз.

Білетін дүние сырын апа-жеңгем,

Алдында ақ жүректен айтамын наз.


Сара саңлақ

46

Қуансам əн салар ем саңқылдатып,

Азынаған ақ домбыраны аңқылдатып.

Айрылған балапаннан қоңыр қаздай,

Қоймаса қарт анамды қаңқылдатып.

Дүниеге неге туып, неге келдік,

Көретін болсақ өңкей қорлық, кемдік?

Жетімдік, жеткіліксіз шерлі өмірдің

Дүниеде болған ба тек бəрі мендік.

Бұғаудан босанудың кілтін таппай,

Іздеймін, халқым, сенен тұрмай, жатпай.

Көрінбей көп ішінде кетсем деймін,

Жайыннан жаны қалған ақ шабақтай.

Айтамын күнде еліме арыз-арман,

Әркім-ақ қамығады құлақ салған.

Кемсеңдеп кемпір жылап, қатындардың

Арманы «аһылаған» жүрек жарған.

Болғанмен малды, жанды кейбір ана,

Көңілінде көбінің-ақ болған жара.

Әйелдер тағдырының бəрі де ұқсас,

Зарлаған, – деп ойласам, – жалғыз Сара.

Қамығып, – дейді көбі, – күшіңді алма,

Ашылып, ойнай-күліп көңіліңді алда.

Өзіңдей он үшімде өңменді үзіп,

Мені де берген, – дейді, – жұртым шалға.


Сара саңлақ

47

Жыладым, жалбарындым, амалым жоқ,

Сатылып кете бардым алған малға.

Қылғынта көгендеген ақ тұсақтай,

Қалыңнан қыз құтылып қалған бар ма?

Өмірін өрістетпей өре салып,

Тұқыртқан тұрмыс талай бағландар да.

Әйелге бұл заманда атқан таң жоқ,

Не өнеді айтып бəрін зарланғанда?

Мұны айтып апаларым кеңкілдесіп,

Еске алып, ескі арманын еңкілдесіп.

Жаны ашып, жұбатады мен сорлыны,

«Қайтейік, əйел солай еншің» десіп.


Сара саңлақ

48

арСалаң алдында

Қызымын Тастанбектің атым Сара,

Арман көп, айта берсем, көңлім нала.

Қорғалар көп ішінен бұта таппай,

Шырылдар бозторғайдай мен бір бала.

Еңіреттің ерте бастан, туған елім,

Кір жуып, кіндігімді буған менің.

Кең жатқан Садыр, Матай елдерінен,

Бір теңім болмады ма ұлдан менің.

Жеткізіп сабырлықпен ұстап бақпай,

Бəйгеде топқа қосып, тұмар тақпай.

Желкемді көктейінен қидыңдар да,

Бөріге байлап бердің жетім лақтай.

Несіне жасырамын, елім сенен,

Еріксіз бір жетіммін дертім терең.

Адамдай құтыла алмас, қорлық беріп,

Көрдіңдер қанша жазық, жапа менен.

Немді айтам, басымдағы мұңымды айтпай,

Сатылған бір жемтікке құнымды айтпай.

Қаны бір қарындаспын, Арнай аға,

Қарқ қылып қажы берген пұлымды айтпай.

Елімнің биі де бар Телібайдай,

Бергеннің біреуі сол мені байлай.

Бəрі де қажы аулының қамын істеп,

Жабысад терідегі шелі майдай.


Сара саңлақ

49

Елімде батыр да бар Мүсəпірдей,

Жүрген жоқ жағдайымды көрмей, білмей,

Алдында Тұрысбектің құрдай болып,

Жорғалайд жақсылардың бəрі бірдей.

Мұңымды əнмен айтам жылай алмай,

Қайғыға жастай көрген шыдай алмай.

Өшетін көрінбейді қасірет оты,

Қоржиған Жиенқұлды Құдай алмай.

Бүйтермем болсам егер баласы бай,

Тұрса егер əкем тірі, төрт жағым сай.

Бұлаңдап асау кердей жүрген басым,

Тоқтыдай борышқа кеттім, уа дариғай!

Мүсəпір күнде алатын елден шауып,

Мен үшін бере алмай ма бір ат тауып?!

Неткенің осыншама, Арнай ағай,

Қоя алмай бір тентектің ісін жауып.

Секілді айтпасам дерт арылмайтын,

Жүрек мұз, жаудан қорқып жарылмайтын.

Ағайын Жайсаңбекке жаны ашыса,

Жөн бар ма ед бір тайынша табылмайтын.

Таусылмас сөйлей берсем айтар сөзім,

Сүйенген қызыл тілге шын сорлы өзім.

Шырылдап шынжырлаған жас күшіктей,

Төрт болар құлға барсам екі көзім.


Сара саңлақ

50

Өлшеу жоқ қиялымның өрісіне,

Шыдаймын, шығармаймын көбісіне.

Айттырған күйеуіңіз, Арнай аға-ау,

Сыйғандай бір тоқтының терісіне.

Сөйлетті елім мені ұлға балап,

Сатпаймын əнімді мен бұлдамалап.

Мұңымды сендерге айтпай, кімге айтайын,

Қоржиған өл демесең Құлға қарап.

«Ақ бата», «Ақ қой қаны» деген атақ,

Әрқашан көлденеңдеп алдап жатад.

Дегенде-ақ: «Құдай», «Құран» құл боласың,

Қайсыңнан бұл қамалға қолың батад?!

Қор болып дінге уланған ел жүрегі,

«Бұйрыққа ылаж бар ма?» деп жүреді.

Көзсіз ел, көргенсізге жем болғанша,

Суға ағып бір күн өлгім кеп жүреді...


Сара саңлақ

51

орТақ Мұң

Ортақ мұң əркімнің-ақ ойын тербеп,

Азаттық жыры айтылса-ақ арман кернеп.

Намысы əр əйелдің түрткілейді,

«Сараны сайратуға жəрдем бер» деп.

Біреуі ақық моншақ, бірі тана,

Алып кеп: «Омырауыңа, – дейді, – қада».

Шеріктеп, кездеп шығып шəйі көйлек,

Табылды қамзол тігер Қатипа да.

«Құралмақ көп түкірсе – көл» дегендей,

«Жармысын бүтініңнің бөл» дегендей.

Біреуге біреу осылай пейіл тауып,

Азаттық жыр тыңдауға шөлдегендей.

Аз күнде-ақ «қыз» атандым бойым сылап,

Оқалы қамзол киіп, белді қынап,

Шоқпардай үкі таққан кəмшат бөрік,

Ақша жүз ажарыма тұрды ұнап.

Көтерген көп көмегі бір баланы,

Көрікті киімдерге жырғалады.

«Базарлық», «орамалым» деген атпен,

Сақина, болды күміс сырға-дағы.


Сара саңлақ

52

Кешегі күл-көмеште өскен басым,

Толықсып, толған айдай ырғалады.

Ары өтіп, бері өткені «сыйлық» тастап,

Көбейді қызға «ұнамақ» мырза-дағы.

Көркейіп, сырт пішінім өзгергенмен

Кетпейді жүректегі ызғар əлі.


Сара саңлақ

53

аққУ

Қымбатты апа, жеңгем, құрбы-құрдас,

Қайғыма қатар ортақ мұңы мұңдас.

Ғажайып түсімде мен бір іс көрдім,

Көп болып бұл түсімнің жоруын аш.

Білмедім ауысқан ба ай менен күн,

Болмаса өзгерген бе дүние бүтін.

Түсімде батыс жақтан таң сібірлеп,

Шығысты басып тұрды бір көк түтін.

Адасып орынынан аспанда ай,

Көміліп көк түтінге тұр табылмай.

Күн батқан ұясынан кері шығып,

Аспанға сəуле шашты бұрынғыдай.

Айдын көл – күн шағылысқан алдым ашық,

Көзімше көбеюде тасқын тасып.

Сол көлдің ортасында бір аққу құс,

Қорғанып дұшпанынан қонды қашып.

Шүйіліп аспандағы бір қара құс,

Аққуға алдындағы көрсетті сұс.

Көл толқып көбігімен көлегейлеп,

Тудырды қарақұсқа қиын жұмыс.

Ойладым: көл дария – халқым, елім,

Өсетін ортасында қалқып менің.

Сенемін, қара ізіме түскен жауға,

Мені де жегізбес деп халқым тегін.


Сара саңлақ

54

Аққудай бұдан былай қанат сермеп,

Ағытсам асыл сөздер қиял тербеп.

Бостандық бір басыма тумас па екен,

Болатын еркін жүріп, еліме ермек.

Замандас – мұңы бірге апа, жеңгем,

Бір жанға көп көмегі тимес пе екен!

Жинаңдар үкі, тана, киім маған,

Аттанып ел ішіне шығайын мен.

Қоңыр күй қобызындай Молықбайдың,

Үкісін домбыраның толықтайын.

Айтайын елге шынын, əйел мұңын,

Сайрайын сансыз топта, қорықпайын.


Сара саңлақ

55

қарлыҒаШ

Толғанып терең ойға баттым, ағай,

Бір таңға көз іле алмай жаттым, ағай.

Жайдары жүрегіме от боп түсті,

Әр сөзі сіздің жазған хаттың, ағай.

Сөзім жоқ жалғыз ауыз қарсы қояр,

Әр сөзің ем секілді-ақ дертті жояр.

Қорғаған бұтағыңмен бəйтерек ең,

Қай жағынан болса да көңілім тояр.

Таба алмас қазақ қызы сіздей аға,

Етегін жел жаққа ұстап болған пана.

Ақ жүрек, адал ниет, асыл сөзді,

Тең тұтқан ғылым, білім артық баға.

Артық деп айта алмаймын сізден басым,

Қыз алып, қызық көрер қамал жасың.

Сырымның бір түйінін түйіп салдым,

Шешсін деп өзі аңғарып мағынасын.

Гүл еккен қаратасқа бір қарлығаш,

Мəпелеп өсірем деп шыбықты жас.

Тамырын балшық тасып орнықтырып,

Қорекке тасушы еді аузымен ас.

Шырылдап қос қанатын көлеңке ғып,

Қорғайтын гүл тамырын қызғанда тас.

Қандырмай гүл сусынын қоймаушы еді,

Тамшы ғып ағызса да көзінен жас.


Сара саңлақ

56

Қарлығаш қанатымен су себелеп,

Өскен гүл болып шықты елден ерек.

Сол шыбық мəуелі ағаш болған шақта,

Көбіне-ақ жан-жануар болды керек.

Құрт мұжып, гүлін сормақ көп көбелек,

Шынарға жабылғанда өскен бөлек.

Мейірімді бір қыранның көзі түсті,

Ерте ұшып қалықтаған тау көбелеп.

Шынардың басында еді құзғын қарға,

Қожаңдап сұс көрсеткен басқаларға.

Тырнағын батырып ол гүл бүріне,

Шайқалтып жас шынарды салған зарға.

Қыран құс қиялап кеп шыңнан ұшқан,

Қанатын қағып өтті қарға тұстан.

Сол құстың қанатынан соққан желден,

Шынардан құрт, көбелек, қарға да ұшқан.

Баяғы бейнет көрген жас қарлығаш,

Гүл егіп тырнағымен қашаған тас.

Қыранға мың бір рахмет алғыс айтты,

Жүректе қуанышы, көзінде жас.

Ойлады ол өзімдік деп енді шынар,

Кетті деп құрт, көбелек гүлге құмар.

Шынарға енді өзі ұя салып,

Емген ед еңбек жемісін көңіл тынар...


Сара саңлақ

57

Батырдай қорғау үшін туған елін,

Сата ма қанатының қыран желін.

Мен бір жан қарлығаштың қамын күткен,

Ағатай, əділдеп шеш осы жерін.


Сара саңлақ

58

ТорыҒаМ

...Қысылма, қызым! – дейтін Павел ата,

Болды ма айтатұғын сөзі қата?

Жақындап Жиенқұлдың қыл шылбыры,

Барады буындырып жанға бата.

Қайда өзі, азаттығы «ішкі жақтың»?

«Арманы болмақ», – деген ісі ақтың.

Айтқалы Павел ата үміт күтіп,

Қажымай жылға тарта шыдап бақтым.

Қай жақта, Омбы деген қандай қала?

Көз жетер төңірегім мидай дала.

Күсембай қарт Павелмен қатар барып,

Омбыдан үйренбекші қандай сана?

Жұмбағын Павел қарттың жете білмей,

Ойланам оңашада көзімді ілмей.

«Түбінде жетім-жесір жеңеді», – деген,

Сөздері таңдандырад ішке кірмей.

Айтса рас, болса-дағы қай халықта,

Секілді кедей күйі бір қалыпта.

«Бірлесіп барлық ұлттар жеңіс табад!»

Деген сөз ұға алмаймын, шын анық па?

Шынында, орыстан көп халық бар ма,

Көп жерден шықпай ма көп зарыққанда!

Бостандық туын солар көтермекші,

Шынымен сенер болсақ Павел шалға.


Сара саңлақ

59

Қарт айтқан: «Батыс жақтан ататын таң»,

«Әлемге орнап келмек əділдік заң».

Көзімен еш белгісі көрінбейді,

Ол үшін ел ішінде істелген қам.

Тосушы ем жақсылықты шын қуанып,

Қарт айтқан жұбанарлық сөзге уанып.

Көңіліме ешбір медеу көрінбейді,

Айналам қалыбында тұр қуарып.

Төңірегім үнсіз, тілсіз меңіреу дала,

Ыстық жел өрт жүргендей бетті шала.

Өзгенің өзегінде сілкіну жоқ,

Қарт сыры мəлім бе тек маған ғана.

Ақылсыз ағайындар, елім-мешеу,

Селт етпес күнде күйіп жатсың нешеу.

Бүгінгі жіберілген қателікке

Демейді түзетуге ертең кеш-ау.

Қарт Павел Күсембаймен басын қосып,

Жүр ме екен бостандықтың жолын тосып.

Келуі солардың кеш бола ма деп,

Қорқамын Жиенқұлдан жаным шошып.

Адам жоқ ағайыннан ақылдасар,

Жерім жоқ жаудан басымды алып қашар.

Ертең күн екі адам кеп дұзақ салса,

Істермін қанша қайрат мен бір нашар.


Сара саңлақ

60

Сарғайдым, сағынып көп, Күсембайым,

Қинады қиындалып менің жайым.

Жарамның дертін жазар сен деуші едім,

Көлеңкең көкейіме түскен сайын.

Қайтейін, қазір жоқсың сен де мұнда,

Қалмады қақсай-қақсай менде құн да.

«Тағдырдың бұйрығынан» бұлтара алмай,

Күн жетті таба болар Жиенқұлға.

Осылай күңіренемін есіз үйде,

Бұраймын домбырамды мұңлы күйге.

Кеудемді тыныс кере уһілесем,

Омыраудан үзіледі таққан түйме.


Сара саңлақ

61

ШыМылдық

Көк жайлау, көтеріңкі ел, көңілді жаз,

Мал күйлі, жайылым гүлді, жан-жануар мəз.

Өрмелей тау бөктерін өскен қайың,

Бұралып жел қозғаса айтады наз.

Жалтылдап жасыл жапырақ күн нұрымен,

Ырғала күле қарайд бір қырымен.

Бұтаққа-бұтақ тиісіп, гүл сүйісіп,

Сырласып əрқайсысы өз сыбдырымен.

Жоңғардың жотасын тең екі жара,

Талқандай тау кеудесін аққан Қопа.

Жарасып, жасыл жайлау ортасында,

Арқырайд асау тасқын күшке тола.

Арудың бұрымындай Бұрқан бұлақ

Басынан кербез Кердің төмен құлап.

Сұлудың өкше соққан шолпысындай,

Жайлаудың табынына тіреп тынад.

Болғанмен қанша қатал Қоңтəжі шың,

Ызғарлы ақшалмалы басы мығым.

Жайната жасыл кілем жайған жазға,

Амалсыз бастырғандай екі иығын.

Жайлы жаз, жасартатын əлем жанын,

Талқандап тауға салған қыс қамалын.

Ызғарлы мейрімсіз хан-Қоңтəжінің,

Жылытып қозғағандай жүрек қанын.


Сара саңлақ

62

Жылыған жаз нұрына қатыгез хан,

Кеудесін қозғағандай боласың таң.

Көк арша, шар қарағай, аю жүндер,

Бұл таудың баса шыққан көкірегін паң.

Айрықша біткен мұнда əулие тас,

Көп адам тілек тілеп, иетін бас.

Жайнаған жаз нұрына қынасымен,

Құбылып көрінеді ол-дағы жас.

Жайнаған жан-жағымның бəрі де өмір,

Кенелген жаз нұрымен бүкіл өңір.

Өбісіп мал да, құс та, шөп те, гүл де,

Жадырасып жас жарлардай жарқын көңіл.

Қажы ауылы сол жайлауда көшіп-қонып,

Әркім мəз аяқ қолын еркін созып.

Қызынған қымыз ішіп бай-манаптар,

Қыдырып қыз іздейді қырсық қозып.

Қызды да алдыменен мал іздейді,

Қалыңмал бере алатын хал іздейді.

Сондықтан бозбалалар былай тұрып,

Малы көп, байып алған шал іздейді.

«Басы бос» дейді халқым ақын Сара,

Азаттық алған жылап кеше ғана.

Көптеген қызқұмарға болдым душар,

«Сара» деп ынтығатын жүрек жара.


Сара саңлақ

63

Әуре ғып, қалмаған жоқ құрық созып,

Бəсеке, бақ таластық, намыс қозып.

Басымды шатыстырды шал-шақпыт та,

Бірінен аламыз деп, бірі озып.

«Құтылмас көптен қоян» деген мақал,

Қалжың сөз бірі майда, бірі қатал.

Сөзі өтпей өкінішті боп жүргендер,

Дейді екен бай таңдағыш «бедеу байтал».

Қылжақ сөз тұс-тұсымнан мазамды алып,

«Әмеңгер» əлегіне басым қалып.

Азаттық алдым деген сорлы басым,

Күңіренем тағдырыма күнде налып.


Сара саңлақ

64

КӨп СӘлеМ ыБеКеМе, дұҒаЙ-дұҒаЙ

Әй, Шəке-ай, қабырғамды кетті-ау тіліп,

Айтқаны Ыбекемнің қадір біліп.

Қажыған қайғы басып, аға-екеме.

Тілеймін ұзақ жылдар ғұмыр-тірлік.

Мен неге толғанбайын, толғанса ол,

Ұлына сəлем еттім, қусырып қол.

Мəйіттен қалайша аяп қалармын мен,

Халқымның қонақ күткіш ықыласын мол!

Санасын Ыбырай аға мені өзіндей,

Баласын күтіп алдым өз көзіндей.

Мен де ортақ қайғысына, жүрек жалын,

Әбішке айтқан оның зар сөзіндей.

Қонағым тірісіндей Әбіш бүгін,

Көтерем артсаңыздар нардың жүгін.

Тай сойдым құрметіне қысыр емген,

Бал тамған қазысынан тартса түгін.

Төгілтіп бал-бауырсақ дастарқанға,

Ақ ниет, адал жүрек тұрмын алда.

Даярмын шырақ қойып күзетуге,

Әбіштің аруағын ұзақ таңға.

Төрімде ол да отырсын сіздердей боп,

Жайнаған жас өмірі алқызыл шоқ.

Риза боп, ойнап-күліп аттаныңдар,

Арқаның бағландары – аяулы топ.


Сара саңлақ

65

Жасымнан танушы едім жақсы сырын,

Жақсы үшін құрбандық ед əн мен жырым.

Ыбырайдың аяулы ұлы қонақ болса,

Емес пе мен үшін бұл жақсы ырым.

Бұл сенім, мен ғана емес, бүкіл елге,

Қадірін білмес мұның қандай пенде?!

Күйзелді Найман елі түгел дерсіз,

Қайғыдан көкірегі толық шерге.

Көп сəлем Ыбыкеме, дұғай-дұғай,

Көңілін шат, ғұмырын ұзақ қылсын Құдай.

Көп жерге ере шығып қарындасың,

Қош айтып қалды дерсіз қолын бұлғай...


Сара саңлақ

66

қоШ Бол, еліМ!

Жүргенде бір шапандық олжа сынды,

Ел-жұртым көрген еді көз жасымды.

Қанды көз қарақұстың тырнағынан,

Босатып зорға алып ем өз басымды.

Сонда бір қызыл гүлім сарғайып ең,

Жаралы жүрегімнен зар жайып ем.

Бұтаға қорғалаған бозторғайдай,

Халқымнан көмек тілеп қол жайып ем.

Ел-жұртым тілегімен құлақ салып,

Шығып ед жаным күйген өрттен алып.

Қайықтай дауыл қуған қалтылдасам,

Сен едің пана болған, қалың халық.

Мен риза, риза шығар жұрт та маған,

Сезе ме тұщы-ащыны ұрттамаған.

Ақ жүзім күзгі гүлдей солғын тартты,

Күн қаққан шүберектей жұртта қалған.

Ел едік Үйсін – Найман аулы аралас,

Қосылған төскейде мал, төсекте бас.

Көптен-ақ өздеріңе мəлім еді,

Көзімнен жас аққаны қан аралас.


Сара саңлақ

67

Жалайыр жалпақ жуас берекелі,

Жасымнан мəлім еді ел екені.

Арықтап, аңсай іздеп келгенімде,

Ортаңнан қызық көрдім мерекелі.

Бір кезде сайраушы еді тілім бұлбұл,

Жүйткіген желдей өсіп ойым дүлдүл.

Қанаты қиялымның қайрылса да,

Баяғы қалпында тұр көңіл құрғыр.

Сəлем де Жалайырдың қариясына,

Жасы үлкен, ақылдың кен-дариясына.

Кім білсін көрер қанша жарығым бар,

Әйтеуір жеттім тірі елге асыға.

Ортаңда көп күн болдым Балғалы, Андас,

Рахымың, құрметіңе иемін бас.

Дертіме шипа іздеп келіп едім,

Жегі құрт жей берген соң жаныма қас.

Балпық пен Ескелдідей кемеңгер де,

Айтуға сөзге жүйрік тереңдер де.

Ақылмен хан, төрені бағындырған

Қадірлі Қарынбайдай зереңдер де.

Дарынды Дарабоздай бəйбіше өткен,

Ақылы асып туған ерлерден де.


Сара саңлақ

68

Дұшпанның он екіде шебін бұзған,

Атақты Тəттібайдай мергендер де,

Солардай ұлдар менен қыз туғызған,

Кім алғыс айтпас сіздей өнерлі елге!

Сəлем де Мəулімбайдай ақыныңа,

Жас түлек Ақшабектей батырыңа.

Еліне он екі ата Жалайырдың,

Жұрт сүйген ел басшысы – ата ұлына.

Қырымпоз жігіт екен Қыдыралы,

Көбірек қызды ауылды қыдырады.

Түбінде үлкен ақын болар деймін,

Көрінед басылмаған қызуы əлі.

Сөздері салмақты екен қорғасындай,

Құр сөзде құн бола ма үн қосылмай!

Серпінді, зор дауысты əнге шебер,

Жақсы ақын Қыдыралы – міне осындай.

Дейді екен жеңгелері Молдабала,

Кететін сөзге жылжып жорға қара.

Артына хатқа жазып сөз қалдырса,

Ұмытпас халқы оны сонда ғана.


Сара саңлақ



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет