Сара саңлақ
САрА
САңлАқ
Алматы
“Жазушы”
2014
Сара саңлақ/ Құраст. Ш. Бейсенова-Әшімбаева. –
Алматы: Жазушы, 2014. – 432 + 16 бет фотожапсырма.
ISBN 978-601-200-482-3
Қазақ мəдениеті тарихында өшпестей аты қалған, ұлттық өнеріміздің
көрнекті тұлғаларының бірі Сара Тастанбекқызының мұрасы бүгінгі
ұрпақ үшін қымбат рухани қазынаға айналды. Ақын Сара есімі сөз
сайысында бақ сынасқан өнерпаздардың пір тұтары болып жүргені де
ақиқат. Бұл жинаққа ақын Сараның өлеңдері мен айтыстары, сондай-ақ
өнерпаз қыздың өнері мен өмір жолын арқау еткен мақалалар, естелік
əңгімелер, ақын өнеріне бас иген кейінгі толқын ақындардың өлең-
жырлары, қаламгерлердің туындылары топтастырылды.
Кітап қалың оқырманға арналған.
ӘОЖ 821.512.122
КБЖ 84 (5қаз)
ӘОЖ 821.512.122
КБЖ 84 (5қаз)
С 22
©
Құраст. Ш. Бейсенова-Әшімбаева, 2014
©
“Жазушы” баспасы, 2014
С 22
Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі
«Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»
бағдарламасы бойынша жарық көрді
Жоба жетекшісі және идея авторы:
Шəрбану БЕЙСЕНОВА,
«Алаш» Халықаралық сыйлығының иегері,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-журналист
Редакциялық алқа төрағасы:
Фариза ОңҒАрСЫНОВА,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,
Қазақстанның Халық жазушысы, ақын;
Мүшелері:
Ж.Әскербекқызы, ақын, филология ғылымдарының докторы;
Б.Ердембеков, филология ғылымдарының докторы, профессор;
С.Нұржан, ақын; Д.Берікқажыұлы, ақын;
қ.Сарекенова, филология ғылымдарының кандидаты.
ISBN 978-601-200-482-3
3
Менің Шолпан жұлдызыМ
(алғысөз орнына)
Білгіштер дүниеде кездейсоқ ешнəрсе болмайды деседі
екен. Менің ол жағынан хабарым жоқ.
Мен кітап оқуды ерте бастадым. Біздің балалық
шағымыз теледидарсыз, компьютерсіз, ұялы телефонсыз
өтті. Бар арман-мақсатымыз – кітап, газет-журнал оқу.
Дүниенің небір қызықтарын кітаптан іздейтінбіз.
Кешкісін ауыл адамдарына ертегі, батырлар жыры
секілді дүниелерді дауысымыз қарлыққанша айқайлап
оқып беретінбіз.
Үйдегі аға-əпкелерім жинаған көп кітаптардың ара-
сында жасыл түсті қабы бар «Айтыс» (ұмытпасам) деген
қалың кітап көзіме түсті. Оның ішіндегі Біржан мен
Сараның, Құлманбет пен Жамбылдың айтыстарын оқи
бастадым. Басқаларын бір сыдыртып шықтым да, əлгі екі
айтысқа тоқталдым.
Әсіресе, Сараның түйдек-түйдек шумақтары мені
бірден баурап алды. «Ойпырым-ай, қыздар да ер адам-
дармен айтыса алады екен-ау» деп таң-тамаша қалдым.
Ол менің кітап, газетті бас алмай оқитын жылдарым
болатын. Өлең жазу деген ойымда да болған емес. Біздің
көршілерімізде мен ғұрыптас қыз бала атымен жоқ, мен
амалсыз ер балалармен ойнайтынмын. Доп, шілдік, мəлік,
асық ойнағанда, коньки тепкенде мен олардан жеңілмеуге
тырысып, қызарақтап бар күшімді салатын едім.
Сара саңлақ
4
Біржан мен Сараның айтысын жастанып жатып оқып,
«Сара жеңсе екен» деп тілейтінмін. Кейде Сара ақынды
түсімде көретінмін: үстіне етегі кең ақ көйлек, басына
үкісі бұлғақтаған тақия киген сұңғақ бойлы бейнесі
анандай жерден елестейтін.
Содан бері Сара ақын менің Жыр-Шолпаным болып
қалды жəне сол жарқыраған күйінде қала береді.
Кейін 5-6 кластардан бастап шатпақтап бірдеңелерді
жаза бастадым. Кейін Сараға арнап «Сайраған Жетісудың
бұлбұлымын» атты өлеңдер топтамасын жаздым. Оның
кіріспесін:
Ақын Сара, саңлағы жыр-жарыстың,
Шашылғандай бейуақта шыңнан ұшқын,
Арманшылдау жанымды алау шарпып,
Қанатымды жырыңа шыңдап ұштым.
Арман-жолда шың-құздар өріндегі
Адастырмай албырттау көңіл мені –
Жалқы Темірқазығым – Махамбет те,
Жыр-Шолпаным – өзіңсің көгімдегі!
Жыр-əлемде жолдар аз таң нұрындай,
Зулап өтер дауылға, шаңға ұрынбай,
Бұралаң жол, бұрқасын өткелімен
Сендік тағдыр менің де тағдырымдай...
Бас тарттым да басқаның соқпағынан,
Жол таңдадым жел ұрып, шоқ қарыған.
Адаспайын адассам, шағылысқан,
Темірқазық, Шолпанның оттарынан! –
деген шумақтармен бастағанмын.
Сара саңлақ
5
Мені ақындыққа талпындырған жəне жазғыш ер-аза-
маттардан қалыспауға үйреткен Сара апамыздың тағ-
дыры, шығармашылығы.
Қазақ даласында Сара, Дина секілді ғажайып талант
иелері – талай апаларымыз ғұмыр кешкені ақиқат деп
ойлаймын. Тек тарихтың тылсымдарында қалған.
Біз о бастан «ауылдағының аузы сасық» деп өзіміздің
асыл дарымызды елемеуге тырысатын халықпыз. Бұл –
бір. Екіншіден, ұлтымыздың өмір шежіресіне келгенде
біз тіптен салақпыз. Әйтпесе, Сара Тастанбекқызының
шығармашылығы тек Біржанмен айтысы ғана емес деп
ойлаймын.
Бұл ойыма себеп – Сара ақынның өз өмірбаяны туралы
баяндаған «Тағдыр тəлкегі» атты жалпы атпен берілген
бір топ өлеңдері. Осы топтамаға «Ашындым», «Жүрек»,
«Торығам», «Ортақ мұң» секілді əрқайсысы бір балладаға
тұрарлық бірнеше жеке өлеңдер енген.
Мүмкін ол өлеңдерге тақырып қойған «Тордағы тоты»
атты шағын жинақты құрастырушылар болар. Қалай бол-
ғанда да Сара Тастанбекқызы қазақ жыр өнерінің тарих-
намасынан өз орнын ойып алатын ақын екені шындық.
«Қазақ – ақын халық» деп жиі айтылады. Сол ақын ха-
лықтың талай-талай талантты ақын қыздары да болғанына
күмəн келтіруге болмайды. Әрине, олардың туындылары
уақыттың шаңына көміліп, бізге жеткен жоқ. Оның үстіне
«əйелдің жолы жіңішке» деген Шығыстың философия сын
қағидаға айналдырып өскен ұлт өздері де «байтал шауып,
бəйге алмас» деп, ақылы болмаса да, басында қисайған
бөркі бар біреудің тіркесін мəтел қылып, қыздардың
өздерін де, өнегелі сөздерін де жоққа шығаруға тырысқан.
Сара саңлақ
6
Алайда дана халқымыз Тұмардай, Әлия мен Мəншүк,
Хиуаздай батырларды, Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын,
Қамбар секілді батыр ұлдарға ақылшы да, қорған да бола
білген Гүлбаршын сұлу, қыз Құртқа, Ақжүніс, қыз Назым
жəне Қарашаштай данагөй қыздарды туған, аялап өсірген.
Халқымыздың жады соның бəрін ғасырлар бойы
ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып, кейінгіге өнеге етіп
келеді. Сара жазу столының басына оңаша отырып өлең
жазбағаны белгілі. Әр жерде айтқан жырларын əркім
жаттап алып, кейінгі хат білетіндердің қағаз беттеріне
түсіруі тумысынан ақын халықтың өнерге, оның ішінде
əдебиеттің негізі – поэзияға деген ықылас-ілтипатының
қашанда шексіз болғанын айқын көрсетеді.
Дейтұрғанмен, Сара ақынның шығармашылығы түге-
лімен бізге жетпеген деп ойлаймын.
Он үш жасынан қолына домбыра алып, өлең жолына
түскен ақын өзінің тым қысқа өмірінде үлкенді-кішілі
бірнеше айтыскерлермен жыр-жарысқа түскен болар,
бірақ олардың бəрін кезінде оқу-тоқуы жоқ ауыл адамдары
жазып не жаттап үлгере алмаулары əбден мүмкін.
Сара бұрынғы Талдықорған (қазіргі Алматы) облы-
сының Ақсу ауданында Тастанбек пен оның жұбайы
Жанкөкшенің отбасында 1878 жылы дүниеге келген.
Тастанбек сіңірі шыққан кедей, Сарадан үлкен Сахари
атты ұлы болған. Тастанбек ертерек өмірден озады. Оның
немере інісі Жайсаңбек батыр денелі, қарулы жігіт екен.
Ағасы Тастанбек өлгеннен кейін ол Сахари екеуі бірлесіп
Ақсу ауылының шет жағындағы кедей-кепшіктер тұратын
жерден шағын үй салады. Сара сол жерде анасының
жанында өседі. Анасы Жанкөкше аурушаң адам екен.
Сара саңлақ
7
Сараның өлеңіне қарағанда Жанкөкше өкпе ауруымен
сырқаттанады.
Салынған сал қорадан аласа үй,
Есіксіз, терезесіз, қараша үй,
Қазандық, көне алаша, тозған қомша,
Жетімсіз жарлы тұрмыс – іштегі күй.
Әйнек жоқ, терезеге тартқан қарын,
Азынатқан босағадан қыс ызғарын.
Төрт жағын төңіректің қар үрлеген,
Жан да жоқ келіп-кетер бірлі-жарым.
Жылтылдап сол бір үйден шыққан жарық.
Кейде өшіп үзіледі, кейде жанып.
Сол үйде тынбайтұғын мен ғанамын,
Уыстап тамызыққа отын салып.
Міне, Сараның көз ашқалы көргені – осы жоқшылық,
жас өреннің көңіліне қайғы ұялатқан қасірет.
Алайда бұл отбасын тағы да қасірет бұлты торлады.
Ауылдағы байсымақ Арнай болыс «менің малымды
ұрлап сойып алдың» деген жаламен Жайсаңбекті түу
десе түкірігі жерге түспейтін, ауыл-елге үкім жүргізетін
Тұрысбек қажының алдына əкеліп шағымданады. Ал,
Тұрысбек қажы болса, Жайсаңбекке менсінбей қарап:
– Қарындасыңды Жиенқұлға берсең, бостандық ала-
сың, – дейді.
Ал, Жиенқұлды Сара былай суреттейді:
Сара саңлақ
8
Өлшеу жоқ қиялымның өрісіне,
Шыдаймын, шығармаймын көбісіне.
Айттырған күйеуіңіз, Арнай аға-ау,
Сыйғандай бір тоқтының терісіне.
Сөйлетті елім мені ұлға балап,
Сатпаймын əнімді мен бұлдамалап.
Мұңымды сендерге айтпай, кімге айтайын,
Қоржиған өл демесең құлға қарап.
Кейін атақты Біржан Қожағұлұлымен айтысқанда да:
Арғынға жол бермеген есіл тілім,
Күн өтпей, қор боп ұшқан қызыл гүлім,
Сіздерден ұялғаннан үндемеуші ем
Есекке қосақтаулы өтті күнім.
Өзі білер деуші едім жақсылардың
Ақыры қайғы болды енді мұңым.
Алтайдың саңлағымен сөйлессем де
Жоқ екен жүйрік иттей өлсем құным.
Сіздерге сенетұғын сорлы басым,
Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім.
Өздерің Жиенқұлды көріп едің,
Құдайдан қорықпай шыдап беріп едің.
Шақырған «Найман шалдың» аруағын,
Бəріңе қыз да болсам серік едім.
Сара саңлақ
9
Біржанға көрсетіңдер Жиенқұлды,
Ол мені осы жерде тірі өлтірді.
Ұяттан кісі өлмейді, сағы сынар,
Қайтейін Құдай қосып ием қылды, –
деп көкірегі қарс айырылып ашына сөйлейді.
«Мына Арғыннан біздің кесірімізден жеңілді-ау» деп
жəне Найман руының намысы кеуделерінде бас көтерген
жақсылар ақыры ақын қызға бостандық беруге мəжбүр
болады.
Бірақ ақын қыз азаттық алды дегенмен, шын мə нін-
де оған бостандық əкелмеді. «Атастырған жерін мен-
сін беген», «Жынды қыз» деген секілді əртүрлі қаңқу
сөз дер соңынан ерді, оның үстіне қазақ ақындарды қа-
дір легенмен, оларды кейде ақыл-есі дұрыс еместей кө-
ретіндер ел арасында əлі де бар екенін білеміз.
Ақырында Сара өзінен біраз жас үлкен, адамгершілігі
мол Бекбай деген азаматпен бас қосады. Бірақ жастайынан
көрген жоқшылық, нəзік жүрегін жылатқан жетімдік
пен Жиенқұлдай көкірегінде сəулесі жоқ мүгедекке
өзінің еркінсіз атастырылуы – осының бəрі ақын Сараны
денсаулығынан айырып, ол 1916 жылғы көктемде отыз
сегіз жасында жарық дүниемен қоштасады.
Азаттық деп аласұрған дара саңлақ арманына жете
алмай, өмірдің ағынына, талантының жалынына өрте-
нумен өтті.
Содан бері тұлпар-уақыт зымырап, бір ғасырға жуық
тірліктің таңы атыпты. Біз ылғи тырнақ астынан кір
іздеуге, əйтеуір сын тағып мін табуға əзір тұрамыз.
Кейбіреулер Біржан мен Сараның айтысы шын мə-
нінде болмаған, оны ойдан шығарып жазған Әріп ақын
Тəңірбергенов дегенді айтатын көрінеді.
Сара саңлақ
10
Енді біреулер «Сара анандай болған, мынандай бол-
ған» деп оның төсек-орнын қопарып сөз етіп жүр.
Атастырылған адамы ақсақ, соқыр, Сарадай əрі сұлу, əрі
ақылды, дүйім ел қадірлеген ақын қыз бас бостандығын
сұрап ағаларға назын айтса, оның не оғаштығы бар екен.
Әріп ақындай озық ойлы ағайына жауап хат жазса, ол да
қазақ қызына тəн қарындастық наз емес пе екен.
Жанын, мұңын түсінетін ел ішінен пана таппай арманы
алыстап, көңілі нала, торға түскен торғайдай шырылдаған
ақын қыздың талантына ұрпақтардың ғасыр өткесін шүбə
келтіруі, оның өлеңдерінің өмірден ашынып айтқан əр
жолынан көңірсіген иіс іздеп, тіміскілеп тінту жүргізу –
қыз баласын төрге отырғызып, жақсы киімді иығына
жауып, үйдегі дəм-тұзының тəттісін аузына тосқан қазақ
деген ұлттың ар-намысына балшық жаққанмен бірдей.
Өле берсін күншілдер күйігінде,
Өз ғасырым өзімнің иінімде.
Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты
Мен өлемін өзімнің биігімде, –
деп Төлеген ақын жырлаған ақындық биіктік Сара
Тастанбек қызына да ортақ.
Қазақ елі жыр-жарыстың теңдессіз ақтаңгер жүйрігі –
өзінің Сарасын ұмытпайды, оның есімі Жер деген киелі
мекеннің бетінде қазақ халқымен бірге жасай береді.
Еліміздің театр өнерінде өзіндік орны бар «Біржан – Сара»
операсы – ақын апамызға қойылған өнер ескерткіші.
Әдебиеттің бір шетінде жүрген мен үшін Сара апамның
сонау бала кезімде елестеп биіктерге жол сілтеген жарқын
Сара саңлақ
11
бейнесі əлі күнге дейін бір сəт көмескіленбей, Шолпан
жұлдызым болып алдымнан сəуле шашып тұрғандай
сезінемін.
Фариза Оңғарсынова,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері,
Қазақстанның Халық жазушысы
12.10.2012
12
ақын Сара арМаны
(немесе ақын Сараның кітабын шығару
туралы ой қалай туды...)
Кім-кімнің де «оқып шығайыншы» деп жинап жүретін
кітабы болады ғой. Уақыт тапшылығынан, оқуға мұрша
болмай жинала-жинала бірталайының жатып қалатын
кездері де бар. Кімнің, кітап оқуға қалай уақыт табарын
қайдам, өз басым алда-жалда ауруханаға түсе қалсам,
өзіммен бірге бір құшақ əлгіндей жиналып жатқан
кітаптарды ала барамын. Алаңсыз, өндіре оқып тастауға
қолайлы орын. Өткен күзде ауруханаға кетіп бара жатып
біраз дүниелер ала шыққан едім. Ішінде Тəңірберген
Қалилахановтың «Ақын Сара» атты қалыңдау еңбегі
де бар. Оны маған алдында Гүлша Тəңірбергенқызы
сый лаған болатын. Ем-домдардың арасында оқып тас-
тадым. Жеңіл оқылады екен. Оқып шыққан соң кітапты
парақтап отырып, ақын Сара туралы білгенімнен
білмейтінім көп екенін аңғарып, өзімнен-өзім қысылып,
ұялыс тапқандаймын. Біздің білетініміз – ақын Сараның
Біржан салмен айтысқаны. Одан қалды, «Біржан-Сара»
операсы ғой. Қолымдағы кітапта Сараның айтыстарынан
басқа бірталай өлеңдері жарияланған, талданған екен.
Өлеңдерінің келісті сөз өрнегі, алмастай өткірлігі, табиғат
суреттері мен ақын көңіл-күйінің жымдаса өрілгені еріксіз
Сара саңлақ
13
өзіне баурайды. Ақынның өз тағдырын өзі өлеңмен жа-
зып кеткені тəнті етеді. Оқып отырып ойға қалдым...
...Есіме көп жылдар бұрынғы бұлыңғыр елес жаң-
ғырығы қайта оралды. «Қазақстан əйелдері» журналында
қызмет істеп жүрген кезім еді. Талдықорған облысында
іссапарда бірталай аудандарын аралағаным бар. Сонда
жол бастаушы жергілікті азамат: «Апай, біздің ауданда
ақын Сараның бейіті бар», – деген соң, арнайы алып
баруын өтінгенмін. Жолдан бұрылып, жазық дала төсіне
шықтық. Айнала мидай жазық. Көне қорым алыстан
қарауытады. Жапан далада қорымға қойылған ескерткіш
көзге еріксіз шалынғандай. Қорым басы жым-жырт, өлі
тыныштық. Күз уақыты еді. Күн желді. Денеміз тоңазып
қалтырағандай. Желмен бірге сыңсыған мұңды əуен
құлаққа жеткендей. Көңілді мұң торлады... Ақ мəрмəр
тасқа Сараның:
«Дүниеге келіп, кетер əркім қонақ,
Солардың біреуі мен – өмірі шолақ», –
деген өлең жолдары қашалып жазылыпты. Өмірдің өткін-
шілігін, пенде баласының бұ дүниенің қонағы екендігін
тағы бір мəрте еске алдық... Білген дұғамызды оқып, əрі
аттандық.
Өнерпаз ару туралы кітапты оқып шыққан соң көкі ре-
гіме сондағы мұң қайта оралғандай. Осы жолы оған кі -
таптағы ұзақ талдаудан алынған мына жолдар тікелей се-
бепші болған еді:
Сара саңлақ
14
...Адаммын мен де сондай ұқыбы жоқ,
Құр тілді санап жүрген көңілге тоқ.
Қағазға жалғыз сөзім түспеген соң,
Ұмытылып қалар Сара құр аңыз боп.
Жүргендей көмекейім текке гулеп,
Солды өмір шешек атып, бір-ақ гүлдеп.
Белгілі байлауы жоқ, матауы жоқ,
Есіл сөз босқа кетті желдей улеп...
Аяулы ару ақынның өксікті үні ғасырлар тереңінен
естілгендей. Тіпті ақын Сара маған тіл қатып тұрғандай
қабылдадым. Сыңғыр қаққан даусы құлағыма келгендей
болды. Жапандағы жалғыз қорым тағы да есіме оралғаны.
Тебірендім, толқыдым. Ақын мұрасына қатысты бір нəрсе
істеуім керектігін анық ұғындым. Әлгі өлеңді ақынның
ақтық аманат сөзіндей қабылдадым. Ақын Сараның
шығармашылығы, жарық көрген кітаптары жайлы дерек
іздей бастадым. Соңғы рет (бəлкім алғаш рет) 1980 жылы
«Жазушы» баспасынан «Тордағы тоты» деген атпен
өлеңдері шағын кітап болып шыққан екен. Бұл кітап қазір
табылмайтын құнды библиографиялық сирек туынды
іспетті. Алматыдағы, Астанадағы ұлттық кітапханаларда
бірер данасы сақталған, бірақ оқу залында ғана пайдалануға
рұқсат етіледі, үйге оқуға, қолға берілмейді. Сонда қалай?
Кітап қолжетімді болу үшін не істеуге болады? Қайтадан
мол таралыммен шығару керек екен деген ой түйдік. Кітап
шығарудың жолын қарастырдық, демеуші іздедік. Ақын
Сара мұрасына қатысты жарияланған материалдарды,
зерттеулерді жинастыра бастадық...
Сара саңлақ
15
Осы күзде Қазан қаласына жолымыз түсіп еді. Қазан
көне шаһар, көнеліктері мол дегенді көп естіген едік.
Төң керіске дейін біздің інжу-маржан жыр-дас тан да-
рымыз Қазанда жарық көрген дегенді де көкі ре гі мізге
жат тағанбыз. Жол түсіп, барып қалған соң сол асыл-
да рымыздан не бар, не жоқ, іздеп көрсек пе екен деген
де ой түскен. Қазан университеті кітапханасының, қол-
жаз балар қорының, ұлттық кітапханасының сирек кі-
таптар қорының каталогтарын ерінбей-жалықпай екі күн
ақтарып қарағанымызда көңіліміздің бір түкпірінде «Бір-
жан – Сара» айтысы шықпас па екен деген де үміт оты
бар еді. Іздеген жоғымызды Татарстан Республикасының
Ұлттық мұрағатынан таптық. Бұл арада төңкерістен
бұрынғы қазақ тіліндегі əдебиеттер бөлек қор болып
жиналыпты. Белгілі шығыстанушы ғалым Н.Ф.Катанов
жинақтап өткізіпті. Мың алғыс, жатқан жері жарық бол-
сын! Бұл арада: «Қисса. Біржан сал менен Сара қыздың
айтысқаны» деген атпен айтыстың 1900 жылы Жүсіпбек
қожа Шайхысламұлы бастырған нұсқасының кітабын
ұшыраттық. Бір ғасырдан астам жасаған жəдігер! Қуа-
нышымызда шек жоқ! Ұлпадай жұп-жұқа қағазын аямай
ұстап, тоқыма өрнегіндей өрілген əсем жазуына жүрексіне
үңілеміз. Жүз жыл бұрынғы кітапты қолыма ұстап тұрып,
ақын Сараның:
... Белгілі байлауы жоқ, матауы жоқ,
Есіл сөз босқа кетті желдей улеп, –
дегеніне ойша дау айтқым келеді. Жо-жоқ! Дау айтпас
бұ рын, алдымен аманат сөзін тегіс жинап, кітап етіп
Сара саңлақ
16
шығартып алғанымыз абзал болар. Кітапқа осылайша
қызу əзірлік басталып кетті...
Мен бұл арада ақын Сараның ғұмырбаяны, өлеңдері
туралы сөз қозғамадым. Оны осы кітаптан Сараның өз
аузынан естігендеріңізді жөн көрдім, қымбатты оқырман.
Бір-ақ нəрсені бөліп айтқым келеді: қазақ елі, жері аман
тұрғанда ақын аты, оның сөзі өлмейді. Ұрпақ алмасқан
сайын жаңа толқын ішінен кешегісін, бүгінін, ертеңін
саралайтын оғландар туатыны сөзсіз ғой. Ел аман, жұрт
тыныш, тəуелсіздігіміз баянды болғай! Қолы ңыздағы
кі тап ақын Сараның аманаттай сөзін сізге жеткізіп,
көкірегіңізге сəулесін түсіре алса, біздің мін детіміздің
орындалғаны. Ақын Сара аруағы алдындағы па ры-
зымыздың өтелгені. «Қағазға жалғыз сөзім түспеді», – деп
өкінбеңіз, ғазиз жан. Сөзің кітап болып шығып жатыр, ел
руханиятына қызмет етуде. Есімің ел аузында, аяулы ару
Сара!
Шəрбану Бейсенова
Бірінші бөлім
ӨлЕңДЕр.
ДАСТАНДАр
18
ТаҒдыр ТӘлКеГі
1. Жоқшылықта
Ақша қар алғаш жауған қыстың басы,
Көңілсіз көк салбырап қабақ-қасы.
Бекеті Абдыраның ашық дала,
Ақсудың жарғабақты босағасы.
Ышқынған оқтын-оқтын дала желі,
Жаныштап жер үйлерді бекеттегі.
Көшіре айдаланың аппақ қарын
Бүркеді борандата аяз демі.
Салынған сал қорадан аласа үй,
Есіксіз, терезесіз, қараша үй,
Қазандық, көне алаша, тозған қомша,
Жетімсіз жарлы тұрмыс – іштегі күй.
Әйнек жоқ, терезеге тартқан қарын,
Азынатқан босағадан қыс ызғарын.
Төрт жағын төңіректің қар үрлеген,
Жан да жоқ келіп-кетер бірлі-жарым.
Сара саңлақ
Достарыңызбен бөлісу: |