СарасөЗ (Әдебиеттану, сын әлемі)



Pdf көрінісі
бет26/41
Дата28.12.2016
өлшемі2,26 Mb.
#667
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   41

– үштігі.
  Онда С.Әшімбаев жазушы М.Мағауин және Т.Әбдіковпен 
қазіргі  қазақ  прозасы  туралы  пікірсайысына  барады.  Форма 
тың.  Үштіктің  композициясы  жұтынып  тұр.  Ой  жарыс.  Пікір 
сайыс. Қазақ прозасы жай-жағдайын әлем әдебиетіндегі озық 
құбылыстармен сабақтас қарау – үштік бәсін арттыра түседі.
“Ізденіс  бағдарын  барлағанда”  –  мақаласы  да  Сағаттай 
жап-жас сыншының жап-жақсы ізденіс жемісі.
Ақиқат! Сағат аға оны талмай іздеді. Сыншы атанып ақи-
қатшыл болмау адамгершілікке жат. Алайда жақсысы мен жа-
маны, адалы мен аяры мидай араласқан мынау өмірден ақиқат-
ты тап басып тани қою, танығанды бетің бар, жүзің бар демей 
айту  қиынның  қиыны.  Сыншы  ретінде  Сағат  аға  сол  қиынға 
құмартты. Оның бір кітабының «Ақиқатқа іңкәрлік» аталуы да 
тектен тек емес. Ол – ақын, жазушыны ақиқат жаршысы деп 
түсінді.  Габриэль  Гарсиа  Маркестің  “Өмірдегі  жалғандық­
тан әдебиеттегі жалғандық анағұрлым қауіпті” – деген сө - 
зін ұдайы жадында ұстады. Әдебиет – шыншыл болуы керек 
деп білді. 
Ол  өмірден  әдебиеттің  шындығын,  әдебиет  пен  өнерден 
өмірдің  шындығын  іздеді.  Өйткені,  аз  өмірі  ізденіспен  өтіп 
келе  жатқан  ол  өз  әлемін  қалыптастырып  үлгерген.  Дүние-
ғаламға ол өз әлемі – өз дүниетанымы тұрғысынан қарайтын. 
Сағат әлемі әдеби білімге толы пайым, кіршіксіз таза парасат 
болатын. Көп айтса – көнді, жұрт айтса – болды Сағатқа жат 
еді.  Ол  жұрт  айтқан  сөз  түгілі  алыптар  оятқан  ойдың  өзіне 
ояу  көз,  сыншыл  көзқараспен  қарайтын.  Орайымен  оңтайлы 
айтылыпты деп көбіміз сүйсінген ойларды ақиқатқа үндеспесе, 
көңіліне қонбаса жоққа шығарып жататын. Мына пікірге ден 
қоялықшы.
«Кезінде  Белинский  Пушкинді  Байронмен,  не  соңғы сын 
алдыңғысымен салыстыру рабайсыз деген ғой. Ал сондықтан 
да Н.Погодиннің: «Әуезов – қазақтар үшін екін ші Абай, біз үшін 
Шығыстың  Шолоховы»,  –  деген  сөз дері  орынсыз­ақ.  Мұнда 
пәлендей терең ой жатқан жоқ. Шындығына келгенде, Әуезов 
және  Шолохов  творчествосы  екі  бөлек  ұланғайыр  дүниелер. 
Творчествосы ұқсамаған жазушыларды бір­бірімен салысты­
ру қалай десек те кө ңілге қонбайды» (302 бет) – деп орынсыз 
анологияны жоққа шығарады. Сыншылық әдемі байқам, өзіндік 
әділ байлам. Ең бастысы – ақиқатқа құштарлық!
Олай  болуы  заңды.  Өйткені  Сағат  Әшімбаев  қазақ  әде-

364
365
биетінің әр дәуірін де жетік меңгерген, аға буын дәстүрін ая лап, 
оның кейінгі буын-буынға ықпалын үздіксіз қадағалап отыр ған 
алымды-шалымды сыншы. Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мү   сірепов 
шығармашылығы жайында іздене жазып, олар дың әдеби дәстүрін 
кейінгі  толқын  қаламгерлер  туындылары нан  қапысыз  тауып, 
талдай отырып ой сабақтаған интеллектуал сыншымыз – Сағат 
Әшімбаев. Ол бірде былай деп жазыпты: «ХІХ ғасырдың екінші 
жартысында қазақ халқы сана­сезімі оянуының бұрқ еткен ең 
айқын көрінісі – Абай поэзиясы. Ұлттық сана­сезім оянуының 
басы  Абай  болса,  оның  кәмелетке  жетіп,  толықсып  тола 
бастауының жарқын мысалы – Мұхтар Әуезов творчествосы» 
(299  бет).  Пікірі  қаншалық  қастерлі!  Осындай  ой  айтқан 
С.Әшімбаев  енді  бірде  «М.Мағауиннің  Тазысы,  Ә.Кекілбаев­
тың  Бәйгеторысы,  О.Бө кеевтің  Бурасы,  С.Санбаевтың 
Аруанасы  зоология лық  тақырыптағы  әдеттегі  образдар  ғой 
деп  қарау  сол  шығармалардың  мөлдір  рухын  түсінбегендік 
болар  еді.  Олар  көркемдік  шарттылыққа  негізделген  терең 
ойлы, реалистік­символикалық образдар арқылы өмір туралы 
толғаныс­ойларын батыл айта білген. Бұл образдардың жа­
салу  дәрежесі  жас  жазушылардың  интеллектуалдық  ізденіс 
ой өрісін, философиялық дүниетанымын да та ны тады». (325 
бет) – дейді.
Бұдан не көреміз?
Ұлт  тәуелсіздігін  көксеген  шығармаларды  тап  басып  та-
нып, жанымен қабылдап, философиялық ойын символдық об-
раз  арқылы  астарлы  жеткізетін  дүниелердің  тақырыбын  ғана 
малданып  тыс  қабатын  ғана  түсініп  қалмаса  екен,  халықтық 
тамырымызға  баратын  нәзік  тіндерді  түйсініп  қабылдаса 
екен  деп  оқырманмен  араға  дәнекер  болғысы  келетін  жайсаң 
сыншыны  көреміз  бұдан.  Мен  білгенді  халқым  білсе,  көркем 
әдебиетті құрандай көріп оқыса, дүниетанымы қалыптасса, ұлт 
болып ұйыса, өзгелермен терезесі тең ел болса деп жанымен 
шырылдап  жүрген  сыншыны  табамыз  бұдан.  Әдебиеттегі 
жақсыны  көру,  замандас  қаламгерлердің  жетістігіне  шын 
қуану,  процесті талдау  арқылы әдебиетті жетілдіру,  әдебиетті 
насихаттау  арқылы  халықты  өсіру  талабын  танимыз  сыншы 
ойларынан! Міне, азаматтық!
Осылай! Сағат ағаның әр мақаласының айтары анық, тал-
дауы  терең,  бояуы  қанық.  Парасат  сынын  қанаттас  қалам-
герлерге айта отырып, бұқара халыққа бағыттай жазады. Әде-
биет өссе – халық өседі, халық өссе – әдебиет өседі! Өмірін осы 
мақсатқа жұмсады.
Бар жанр сыншысы болып қалыптасу – қиын. Бір жанрға 
маманданып, соның жетістік, кемшілігін тамыршыдай тап ба-
сып тану, талдау арқылы таныту – бір адамға аз абырой емес!
Ағайындас  жанр  туындыларына  төркіндес  пікір  айтып, 
жалпы шығып, жадағай түсіп жататынымыз болады. Ал, Сағат 
аға  поэзия  тұлғалары  мен  туындыларына  бұрылғанда  да  ойы 
озық, талдауы толық, кәнігі кәсіби әдебиет сыншысы.
Біз  бұл  орайда  Сағат  Әшімбаевтың  ұлы  Абай  жайындағы 
толғаныстарының жөні бөлек, жобасы ерек деп білеміз. “Ақын 
жанын жабырқатқан жайлар” – Сағат шығармашылығында 
ғана  емес,  қазақ  әдеби  сынында  мойны  озық  тұрған  дүние. 
Толғанысты Абай поэзиясын талдаған сыни мақала деп қарауға 
да  болады.  Әйтпесе,  әдеби  сынның  философияға  ұласқан  бір 
әдемі көрінісі деп білсек жарасады. Адамды талдауға, қоғамды 
қозғауға құрылған бір кемері кең дүние! 
Абай – өз замандастарынан бастап, қазақ әдебиеттану ғы-
лымының  буын-буын  өкілдері  барған  тақырып.  Тіпті  тұтас 
ғұмырын арнаған әдебиетшілер қаншама?! Міне, сондай жағ-
дайда  Сағаттай  сыншыға  Абай  тақырыбына  бару  оңай  емесі 
бесенеден белгілі. Ал, барды. Не іздеді? Не тапты?
Эстетикалық талғамы қалыптасқан сыншы Абайдың мәңгі 
арымас асыл мұрасынан адамгершілік мұраттарды іздеді. Күн-
дестік, көреалмаушылық, жадыбастық сынды жамандық өмірде 
қалай пайда болады? Оның көрінісі қандай өмірдегі? Онымен 
қалай  күресуге  болады?  Сол  күндестік,  жамандықтан  ақын 
жаны жабырқапты. Ақын жанын жадыратар қандай амал бар? 
Адамгершілік мұраттары қайда? Ойлы жан үшін жауап тілеген 
сұрақтар көп-ақ. Ойшыл сыншы ақын өлеңдерін жүлгелей тал-
дап тартып, жүйелі жауап табады.
“Адамгершілік!  Бұл  сөздік  қорымыздағы  сөлі  ерекше, 
мәні  мәңгілік  айқын,  салмағы  пара­парсыз  парасатты  сөз. 
Сөз  ғана  емес,  адамның  ең  асыл  қасиетін  анықтайтын  бір­
ден­бір  аяулы  ұғым.  Ұғымғана  емес,  тіршіліктің  мәнін,  дү­
ниенің  сәнін  төрттағандап  ұстап  тұрған  ең  ұлы  принцип. 
Шынын айтқанда, жеке дара принцип қана емес, заңның да, 
заманның да, адамның да құдіреттілігін танытатын ең ұлы 
күш! Өйткені адамгершілікке негізделген жерде не нәрсеге де 
құдірет даритындығы мәлім” – (94 бет) дейді ол.

366
367
“Міне, Абай поэзиясы сол жамандық атаулының түрі мен 
түсін анықтауға және оның себептері мен салдарын түсіну­
ге, сондай­ақ осы аморальдық құбылыстың туатын, дамитын 
тұстарын дәл көрсетіп әрі одан сақтандыруда ерекше көме гін 
тигізетін поэзия!” (96 бет)– дейді ол.
“Басқа емес ұлы Абайдың, елінің ертеңін елден ерек ойлап 
күніне  жүз  тебіреніп,  мың  толғанған  данышпан  ақынның 
“қалың елі, қазағы, қайран жұртының” ең басты ерекше мі­
нінің бірі ретінде “жақсы мен жаманды айырмағанын” атап 
көрсетуі тегіннен­тегін емес еді. Сондықтан да бұл мәселеге 
бүгін де атүсті қарауға құқымыз жоқ” (98 бет) – дейді ол.
Үш үзік. Үш толғам. Үш үздік ой. 
Ұлы ақын поэзиясына тереңдеп барып, онда айтылған ой-
лардың философиялық астарын ашу!
Абай  поэзиясы  –  ғалымдар  тарапынан  көп  зерттелген  та-
қырып. Телегей теңіз ойшыл биографы Мұхтар Әуезов бастап 
абайтанушылар ұлы ақын рухани мұрасын әр қырынан зерттеп, 
ашылмаған сыр, айтылмаған ой қалдырмаған секілді. Өкініш-
ке  қарай,  олай  емес.  Абай  –  мәңгілік.  Өзі  айтқандай,  Абай  – 
жұмбақ. Әр буынның өз Абайы бар. Әрбір адамның өз Абайы 
бар.  Көп  зерттелген  Абай  жаңа  зерттеушісіне  оңайшылықпен 
ішін аша қоймайды. Сағат аға Абай поэзиясына бара алған. Сан 
сауалмен, өзіндік дербес проблемамен барған Сағаттай ойшыл 
сауалына жауап алған, проблемасына шешім тапқан. Сөйтіп, өз 
Абайын ашқан! Толғаныс – қайырлы дүние!
Абайдай  ұлы  ақын  рухани  мұрасы  Сағаттай  сыншыға  қа-
зына болып жолықты. Абайды ашу мақсатындағы ізденіс оны 
Адам  аталатын  құдіреттің  жан  жұмбағын  ашуға  бағытта ды
«Ақын жанын жабырқатқан жайлар» оған «Азаматтық фор­
муласы»,  «Азаматтық  позиция  –  айқындаушы  күш»  –  ата ла-
тын, аты әдебиет болғанымен, заты философиялық мақа ла-тол-
ға ныстарын тудыруға бастады.
Аталған мақала – толғаныстар Сағат Әшімбаев әдеби сы-
нының шырқау биігі. Сағат Әшімбаевтың ғана емес, сек се нін - 
ші жылдардағы қазақ әдеби сынының аса бір үздік үлгілері!
«Шынында  да  осы  азаматтық  формуласы  деген  не  нәрсе  
өзі?» деп бастайды толғанысын сұраулы кейіпте. Бұл – оқыр-
манға  тасталған  қармақ  қана  емес,  Өзін  сан  рет  толғанысқа 
салған, сансыратып жауап іздеткен сұрақ, әрі сындағы форма. 
Ұлы Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, ұстара-
сыз аузыңа түсті-ау мұртың» – деп зар-запыран шегуінен бас-
тап  тепсінген  Сағат-ойшыл  әлемдік  ой  алыптарына  жүгінеді. 
Ой  туыстығын  Мишель  Монтеннің  «Халық  өзінің  азамат ­ 
тық  манифесін  сан  ғасырлар  бойы  қанымен  де,  жанымен  де 
жазады.  Азаматтық  манифесі  айқын  емес  халықтың  бола ­ 
шағы да айқын емес» – деген пікірінен тапқандай болады. Бір ақ, 
бұл азаматтық формуласының анықтамасы емес. Азаматтыққа 
үндеу!
Азаматтық – адам қоғамындағы бар құбылысқа ар көзімен 
қарап,  ақиқатты  айта  білу,  шындық  үшін  күресу  сияқты. 
«Шындық  қайда  болса,  әділдік  сонда,  ал  әділдік  ту  тіккен 
жерде  шындық  салтанат  құрады»  –  дейді  Сағат  аға!  Бұл 
азаматтық  ауылына  алып  барар  ақиқатқа  үндеу,  сол  жолдағы 
шындықты шырылдап іздеу. Афоризмге пара-пар бұл жолдар – 
сындағы шешендік, ойдағы көсемдік.
Мақала-толғаныста сыншы немқұрайлықтан бастау ала тын 
тоғышарлықтың жеті атасын санап береді.
“Олар:  көзқарастағы  тайыздық,  мінездегі  өзімшілдік, 
дү ниетанымдағы  дүмшелік,  сезімдегі  желбуаздық,  сөздегі 
екіұштылық,  ниеттегі  арамдық  пен  ашкөзділік,  көңіл дегі 
көрсоқырлық  пен  пейілдегі  тарлық,  көкейдегі  тойым сыздық, 
жүрістегі  сұйықтық,  позициядағы  самарқау  бейтарап­
тық,  әрекеттегі  жалтақтық,  қарым­қатынастағы  есеп  пен 
пайдакүнемдік,  принциптегі  солқылдақтық,  мақсат­мұ рат­
тағы  жер  бауырлаған  ұсақтық,  сенімдегі  немқұрай ды лық. 
Осының бәрі тоғышарлық «аурудың» басты­басты симп том­
дары. Сондықтан да бұларға қарсы күрес азаматтық жауап­
кершіліктің бірден­бір негізгі шарты болуға тиіс!» – деп атап, 
түсін түстеп береді. Атын атап, түсін түстеп қоя салу Сағатқа 
тән  емес.  (Олай  ету  немқұрайлық  болып  шығар  еді).  Сағатқа 
тән мінез– оларға қарсы күрес ашу! 
“Немқұрайдылық  жайлай  бастаған  жерде  азаматтық 
күретамыры  әлеуметтік  белсенділік  пен  жауапкершілік  ру­
хы  аяққа  басылып  олар  мансұқ  етіледі.  Ендеше  оған  қарсы 
ымырасыз  күрес  азаматтық­адамгершілік  сана­сезімнің  жо­
ғарылығын көрсетеді» – (343-344 бет) дейді.
Дәл байқау.
Тап бүгін айтылған сөз секілді. Тап бүгінгі қоғамға керек 
сөз, бүгінгі адамға ауадай қажет мінез! 
Асыл  ағаның  «Азаматтық  формуласы»  аталатын  ой  тол-

368
369
ғанысын оқып отырып бір жайға қайран қалғанымды жасыра 
алман.  Ол  –  мақаланың  өн  бойында  қоғамды  тоғышарлық 
жайлап, тоғышар жандар адамгершілік ізгілікті тұншықтырып, 
адами игіліктерді жалмап барады. Осы қоғамның келешегі бар 
ма? – деген қауіп ойлайды. Көне Грек ойшылы Диоген Лаэрций 
пікірін  алға  тарта  отырып,  қоғамның  бұлдыр  болашағы  жа-
йында  қаупін  былай  жеткізеді:  “Диоген  Лаэрций  тамаша 
айтқан. «Государства погибают тогда, когда не могут более 
отличать  хороших  людей  от  дурных»(ҮІ  –  5)  деген  Диоген 
сөздерінде терең шындық бар. Бір кездері ерекше дамыған көне 
грек қоғамының құлдырауы мен құлау себептерін ұлы ғұлама 
осынау сөздері арқылы ашып берген. Тарихты тек өткен шақ 
енді қайтіп қайталанбайтын құбылыс деп түсіну қате түсі­
нік.Өткен тарихтың бүгінгі мен ертеңгі үшін де танымдық, 
тағлымдық  мәні  қашанда  зор  екендігін  есте  ұстау  өмірдегі 
кейбір  кезде  болуы  мүмкін  қатерлі  қателіктердің  алдын  алу 
үшін  қажет  нәрсе.  Сондықтан  да  Диоген  Лаэрций  айтқан 
сөзді тек өткенге ғана, грек қоғамына ғана қатысты сөз деп 
қарауға болмайды» (1 т. 357 бет).
Бұл не?
«Мызғымас» социализм зәулімінің құлайтынын алдын-ала 
болжаған көрегендік пе? Бәлкім солай!
Адамдық  құндылықты  аяққа  басқан,  коммунизмге  бара 
жа тырмыз деген жалған мақтанға ешбір күдік-күмәнсіз, алаң-
сыз  берілген,  шындығында  тоғышарлық  жайлаған  қоғамды 
«Азаматтық  формуласы»  –  азаматтық  категориялар  арқылы 
жүлгелей талдаған шынайы ойшыл оның іріп-шіріп бара жат-
қанын, бұлай жүгенсіз кете берсе құлауы мүмкін екенін ай тып 
отыр.  Қоғамның  жүрек  соғысына  өзінің  сақ  құлағын  тос қан 
аналитик  сыншы  көне  грек  өркениетінен  социалистік  құры-
лым ның әулие емес екенін, қатер күтіп тұрғанын айтып салды.
Айтқан – ақиқатшыл жүрек!
Айтқызған – қоғам шындығы!
“Азаматтық позиция ұғымы: автордың адамгершілік биік 
болмысымен, суреткерлік белсенділігімен, ойлау мә де ние тінің 
жоғарылығымен, қайраткерлік іс­әреке ті мен, гуманистік қа­
рым­қатынасымен,  дүниета ным  те рең  дігі мен,  телегей  те­
рең  парасат  әлемімен,  интеллек туалдық  іздені сімен,  әділ дік 
пен  адалдыққа  құштарлы ғымен,  халықтық  көкей кес ті  мә­
селелерді сөз етуімен, әлеуметтік мақсат­мұрат биік ті гі мен, 
патриоттық  идеялар  молдығымен,  шындыққа  деген  сүйіс­
пеншілігімен, көзқарас кемелдігімен, концепция шеңберінің кең­
дігімен... тікелей байланысты», – дей келіп, оларды күрескер-
лік рух биігінде жасауға үндейді. Қоғамдағы індетпен қалам-
гер қалай күреспек? Жүрегіне адамгершілік ұялаған ізгі жан-
ды  шынайы  көркем  образға  айналдырып  асқақтату,  кеудесін 
тоғышарлық жайлаған көрбілте жандардың әралуан типін су-
реткерлік қою бояумен бейнелеп құтын қашыру.
Шынайы шығарма ақиқатқа бастайды. Ақиқатты тайсалмай 
айта білу, көркем өнерде аяусыз бейнелеу... міне, қаламгерлік 
күрес сипаты осындай болмақ.
“Әдебиеттегі азаматтық дәстүрге адалдықтың көрінісі 
суреткерлік  парасаттылық  болса,  оның  өзі  әдебиет  да муы­
ның  алғы  шарты  азаматтық  позиция  туын  жоғары  ұстау, 
азаматтық  белсенділіктің  жарқыраған  алмас  жүзіне  тот 
түсірмеу  деген  сөз»  (387  бет)  –  дейді  сыншы  азаматтық 
позициясы жайындағы толғанысында!
Сағат  Әшімбаевтың  қос  томдығына  енген  әр  туындыға 
арнайы  тоқталып,  айтқаны  бар,  ишарамен  тұспалдап  айтары 
бар ойлардың әдібін сөгіп, астарын ашып, бірсыпыра талдауға 
болары хақ.
Ізбасар  інісі  ретінде  мен  бейтарап  қарай  алмаған  тол-
ғаныстың бірі – “Ғабит Мүсірепов туралы триптих”. Зайыр 
заңғарымыз  –  Ғабит  Мүсіреповпен  кездесіп,  сұхбаттасуы  не-
гізінде туған триптих – «сұхбат-сын» формасының ойға оранған, 
толғанысқа толы көсем көрінісі. Бұл аға буын мен бала буын ой 
үндестігі!
Сәкең  айтар  еді,  «..әдебиеттің  дамуы  ұлттық  сананың 
өсуіне,  әлеуметтік  әрі  азаматтық  ой­сезімнің  толыса  бас­
тауына тікелей байланысты» (15 бет) – деп. Рас сөз. Жетпісінші 
жылдардағы  испан,  жапон  әдебиеттерінің  буырқанысты  күй 
кешуі осыны көрсетеді. Әдебиеттің өсуі – ұлттың өсуі арқылы 
жүзеге асады деп білген ол қазақ елі өссе, өркен жайса деген 
арман, тілектің үстінде жүрді үнемі. Сағаттың ол ойлары өмірде 
сыйласа  да,  сырласа  да  білген  Ғабит  Мүсіреповтің  «Әдебиет 
ұлы болмай – ұлттың ұлы болмайтынын» қадап айтқан аманат-
пікірімен  туысып  жатады.  Бір  қарағанда  әдебиеттің  екі  буын 
өкілінің  сұхбаты  дерлік.  Ал,  ой  кемеріне  көз  жіберіп,  талант 
тереңіне  бойлап  көріңізші,  тіпті  табиғаты  бөлек  ерекше 
туындыға тап боласыз.

370
371
Әдетте бізде сұхбат – орайы табылмаған тақұл-тұқыл сұрау 
беріп,  қаламгер  айтқан  жауапты  жариялаумен  шектеледі.  Ал, 
Сағат аға болса, Ғабит Мүсіреповтей стилист жазушымен сыр-
ласуға  көз  майын  тауысып,  көп  оқып  арнайы  дайындықпен 
келген.  Ғабеңдей  классиктің  жан-дүниесіне  ене  ойлы  сұрақ 
қойып, жайшылықтағы томаға– тұйық қаламгерден шығар ма-
шылық ойлы жауап алады. Нәтижесінде айдынды ой, ағынды 
сырға  толы  сұхбат-диалог  үлгісі  туды.  Қазақ  әдебиетіне 
өзіндік қайталанбас олжа салған Ғабит Мүсіреповтей классик 
жазушының өзімен бірге кетуі мүмкін бірсыпыра ойы – кейінгі 
ұрпақ  игілігіне  қалды.  Сыр  тиегін  ағытуға,  ойға  алғанын 
айтқызуға себепкер – Сағат аға Әшімбаев!
Сәкең Ғабеңдей бекзат ағасын қадірлеп құрметтей отырып 
әдебиет  тазалығы,  қаламгер  адалдығы  жайында  қаншама  қы-
зықты ойлар айтқызып алады. Сыншы тарапынан сұрақ қоюға 
дейін  қаншама  толғанады  сыншы,  сұрақ  қойып,  оған  аға  жа-
зушыдан  алған  жауапты  қалай  талдайды  сыншы?!  Өзара  үн-
дестік, үйлесім диалогы осындай-ақ болар.
Бұл  –  қазақ  әдебиетіндегі  сыр  сұхбат,  сын  сұхбаттың  бір 
асыл үлгісі! 
Сағат  сынды  жанымен  сүйді.  Сынды  өнер  тұтты.  Әдеби 
көркем сынды әдебиеттің өзге жанрларынан төмен қоюға бар 
жан-тәнімен  қарсы  болды.  Қос  томдықтағы  бірсыпыра  мақа-
ладан  әдеби  сынды  қорғаған,  өткір  жанр  өрісін  барлаған,  ба- 
рын-бар, жоғын-жоқ деп анық айтып, ақық талдаған, еңісімізді 
көзге  көрсетіп  бағыт-бағдар  сілтеген  жанр  жанашырын  көре-
міз.  Әде би  көркем  сын  ахуалына  алаңдай,  жақсы-жайсаңын 
аялай  жаз ған  бұл  мақалалары  да  жанр  көкжиегін  кеңейткен 
туындылар.
Халқымыздың  ғажап  перзентінің  бірі  әдебиетте  көп  іс 
тындыра  тұра  көп  әңгіме  бола  бермейтін,  қоғам  қайраткері, 
азамат  деп  айтса  ауыз  толатын  Ілияс  Омаровтай  тұлғаның 
рухани  мұрасын  әділ  таразылап  «Кемері  кең  бір  кемел»  ата-
латын мақала жазды Сәкең. Сөз өнері құпиясын өнердің өзге 
салаларымен қатар қарап, нәзік талдайтын аяулы жаннан қал-
ған  рухани  байлықтың  қадір-қасиетіне  жету  үшін  –  Орта лық 
мемлекеттік  архивте  отырды  уақытын  сарп  етіп.  Ілияс  Ома-
ровтай  қайраткер  қаламгердің  жеке  қор  бойынша  сақталатын 
архивімен жан-жақты таныса келе жазған осынау дүниесі– қос 
томдықтағы маңызды мақаланың бірі. Сәкең алдындағы ағаның 
рухани мұрасының қадіріне жете білді. Сонымен қатар әдеби 
сын  өресі  қандай  болуы  керектігін  танытты.  Әдеби  сынның 
Абай айтқан толық адам, шынайы азаматтың қалыптасуындағы 
рөлін  ашты.  Айналып  келгенде,  Сағат  ағаның  бұл  мақаласы 
да  әдеби  сынды  қорғау,  сыншы  мерейін  көтеру,  асыл  есімді 
қастерлеп, азаматтыққа үндеу!
Өмірден өтпес темірөзекті жан бар деймісің?! Бірақ, туған 
халқың  үзбей  тұтынуға  жарайтын  рухани  мұра  қалдырып 
өткен  жанды  ұмытпау,  жасаған  игілігін  ұрпақтар  тәрбиесіне 
жұмсай отырып ұлықтау – ізгілік егу – елдік міндетіміз, ұлттық 
кемелдігіміз,  азаматтық  парызымыз.  Мақаласында  Сағат  аға 
айтқан ойлардың бір парасы осындай!
Сағат  ағаның  асқан  талант  иелері  бола  тұра  жеке  бас  мі-
незіне  қарай,  бағасын  ала  алмаған  Тоқаш  Бердияров,  Өтежан 
Нұрғалиев жайында толымды мақала жазуы – өзі айта беретін 
беделге  бас  ұрмай,  ақиқатын  айтып,  азаматтық  позициясын 
танытуы, кемелдене түскен таланттың кең тыныс ашуы! 
Кім  жайында  жазсын,  не  жайында  айтсын  әлеуметтік  ірі 
мәселелер көтеру, оны елдік іргелі мәселелерге ұластыра сөй-
леу  –  Сәкеңнің  әрдәйімгі  әдеті,  азаматтық  позициясы!  Оның 
ойға  оранған  отты  туындыларынан  біз  ұдайы  осындай  мінез 
көреміз. Сондай ойларын бүгін қайталап оқып отырмын. 
Қазақ  әдебиеті  қаламгерге  кенде  болмағанымен,  шын 
сыншыға  әуелден  жарлы.  Талантты  сыншы  шығып,  бі лім­
ді мақалалар жазып, жұртты таң қалдыра бастап, көп тұ­
рақтамай,  өзге  “бейбіт”  жанрға  ойысып  жөнеп  береді.  Ал, 
Сәкең,  Сағат  аға  әдебиетке  келгенінен  қашан  өмірден  өтке­
ніне  дейін  сын  жанрының  ыстығына  күю,  суығына  тоңу мен 
күн кешті. Сондықтан, С.Әшімбаев әдеби сыны бір дәуір әде­
биетінің  сыншыл  шежіресі  іспетті.  Сонымен  қатар  жет­
пісінші,  сексенінші  жылдардағы  қазақ  әдеби  сынының  шын­
шыл үлгілері.
Біз  оның  әдеби  сынынан  бір  дәуірдегі  қазақ  әдебиетінің 
жетістік, кемшілігін табамыз. Бір ғана прозаны алсақ, ХХ ға  сыр 
басында  туған  жанрдың  сол  дәуірдің  жетпісінші  жылдарын - 
да әлемдік биікке көтерілгенін Сәкең сын мақалалары арқылы 
анық тани аламыз. Проза ғана емес, поэзия жөнінде де осындай 
ойға келеміз.
Жетекші  жанр  жетістігін  өз  табиғатынан  туындата,  кем-
шілігін  себеп-салдарымен  ашатын  оның  мақалалары  –  өткен 

372
373
ғасырдың жетпісінші, сексенінші жылдары сын жанрының эс-
тетикалық талғам қалыптастырып, өнер санатына қосылғаны, 
тартылып  өнер  өлшенсе  –  өлшемдік  сапаға  жеткенінің  көрі-
нісі!
Аяулы Сағат ағадан қалған әдеби сын мұра аса көп болмауы 
керек. 
Шығармашылық  қашан  санмен  өлшеніп  еді  бірақ?!  Сағат 
ағаның соңында қалған мұра қадір-қасиеті мейлінше мол, та- 
ным-байламы  берік,  талғамы  сұлу  ой-толғамдар!  «Жанымен 
сүйіп,  тәнімен  күймейтін  адамдардың  сынның  беделін  тү­
сіргеннен басқа берер пайдасы шамалы» – дейтін ол. Жүрегімен 
сүйіп,  жанымен  күйіп  жазған  сын-толғаныстарының  бір 
парасы қолымыздағы қос томдыққа жинақталыпты. Сұрыптап 
құрастырған  жары  –  Шәрбану  Бейсеноваға,  алғысөз  жазған 
Тұрлыбек Мамесейітов досқа, жарыққа шығарған баспаға дән 
ризамыз.
“Мен  Достоевскийді  табытта  жатқан  жерінде  көрдім. 
Есесіне  оның  үнін  естіп  тұрдым...”  –  дейді  орыс  символист 
сыншысы И.Анненский.
Замандастары Юрий Олешаны «Ол қалай сөйлесе, дәл со­
лай жазатын» деп еске алатыны бар. Осы ойды Сағат Әшім-
баев табиғатына қарата айтуға болады. Сәкең – Сағат аға жаз-
ғанда  қарапайым  көріністің  өзіне  мән  беріп,  оны  әдеби  құ-
былысқа  айналдырып,  философиялық  түйінін  тауып  жазатын 
сыншы. Есесіне, сөйлегенде де шабыттанып, кемерінен асып-
тасып  буырқанып  жан-тәнімен  ақтарыла  сөйлер  еді.  Қалай 
шешен сөйлесе, солай шешіліп шешен жазатын. Сондықтан ба, 
“өлдіге” қимайтын өлермен көңіл, жүректі сыздатқан сағыныш 
әйтеуір,  қос  томдық  сын  мақалалар  жинағын  оқып  отырған-
да  асыл  ағаның  үні  құлағыма  келді.  Бейне  ол  биік  мінберде 
сөйлеп тұрғандай. Бәлкім содан да шығар қос томдықты оқып 
отырып.
– Армысыз, Сағат аға? – деймін сағынып.
– Бармын –дегендей болады Сағат ағам.
– Барсыз Сағат аға, барсыз –деймін, өз сұрауыма өзім жауап 
беріп, аға үнін күшейтіп... – Барлығыңызға, өзгесін былай қой-
ғанда, қолымыздағы қос томдыққа енген арлы дүниелер кепіл!

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   41




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет