Қазіргі қазақ тіліндегі синтаксистік қатынастар
Синтаксистің зертейтін объектісі және сөздердің тіркесі, сөйлем құрылысы, сөйлемдердің өзаралық байланысы болса, мұның барлығы синтаксистік қатынастың заңдылықтарына негізделеді. Синтаксистік қатынас – сөйлем құраудың ең басты тәсілі, өйткені тұлғалық, мағыналық жақтарынан өз үйлесімін таппаған жеке сөздер өз алдына сөйлем де құрай алмайды. Демек, жеке сөздер сөйлем құрау үшін ең алдымен өзара синтаксистік қатынастың қарамағына түсу керек. Сонда ғана адам ойын жарыққа шығарудың көрінісі – коммуникативтік қызметтегі сөйлем пайда болады.
Қазақ тіл білімінде синтаксистік қатынастар мәселесі арнайы зерттелмеді, алайда синтаксиске арналған еңбектерде бұл жайт жол-жөнекей болса да әңгіме бола кетеді. Белгілі ғалымдар Н.Т. Сауранбаев, С.А. Аманжолов, М.Б. Балақаев, т.б. еңбектерінде синтаксистік қатынастар әр қырынан сөз болып отырады. Н.Т.Сауранбаев қазақ тілінің құрмалас сөздеріне арналған очеркінде осы мәселеге өзіндік тарау арнап, оған былайша анықтама береді: «Сөйлемге кірген сөздердің арасындағы ішкі байланысты, яғни субъектпредикаттық, объектілік, атрибуттық қатынастарды синтаксистік қатынас анықтауымыз дұрыс болып шығады».
Осы арада айта кететін бір жайт – аталған ғалымдардың еңбектерінде синтаксистік қатынас мәселесі, негізінен алғанда, жеке сөздердің арасындағы байланыс төңірегінен шығып жатады. Ал біз өз зерттеуімізде жеке сөз бөлшектері мен сөйлем, жеке сөйлемдердің өзаралық қатынастарын басшылыққа алатын боламыз.
Синтаксистік қатынастың көрінісі ең алдымен жеке сөздердің тіркесінен байқалады. Ал жеке сөздер өзара тіркесімділік сипатта болу үшін олар бір-біріне бағана жұмсалу қажет, дәлірек айтсақ, қатар тұрған екі сөздің бірі бағыныш (тәуелді) ыңғайда болса, екінші – бағындырушы (меңгеруші) ыңғайда болады. Сөздердің осылайша үйлесімділігі ғана оларды тіркесімділік қабілеттке түсіреді. Сөз тіркесін арнайы зерттеген проф. М.Б. Балақаев бұл жайды орынды ескерткен болатын.
Синтаксистік қатынастың басталар жері сөз тіркесінен көрінеді. Алайда синтаксистік қатынас деген ұғымды кең көлемде түсінуіміз керек. Мұның қарамағына жеке сөздердің өзара байланысы, сөйлемдегі сөздердің аралық қатынасы, жеке сөйлемдердің үйлесе айтылуы тәріздес күрделі мәселелер кіріп жатады. Әрқайсысының сырын ашу, оларға тән заңдылықтарды көрсете білу, сайып келгенде, синтаксистік қатынасты тексеру болып шығады.
Сөйлемдегі сөздердің байланысы түрліше грамматикалық амал тәсілдердің негізінде жүзеге асады. Мұндай амалдар өздері жалғанған сөзіне әр түрлі грамматикалық мағына туғызып, жалпы сөйлемнің табиғатымен үндесе келеді. Мәселен Үй салынды деген сөйлемдегі сөздердің өзаралық қатынасы ырықсыз етістіктің көрінісі арқылы бір синтагматикалық қатарда жүзеге асып тұр. Алайда осы сөйлем баяндауыштың парадигматикалық құрылысын өзгертіп, оны әр түрлі қатарда айта беруге болады. Әрине, бұдан сөйлемдегі сөздердің синтаксистік ара қатынасы да өзгеріп отырады: үй құрылысшыларымен салынды, үйді құрылысшылар салды, құрылысшылармен салынған үй. Демек, бір қатардағы (бір синтагматикалық топтағы) сөздердің байланысу жолдарын өзгерту арқылы әр түрлі парадигмалық қатынастарды туындатуға болады.
Жеке сөздер байланысы марфологиялық (жалғау, жұрнақ, шылаулар) және синтаксистік амал-тәсілдер (орын тәртібі, интонация) арқылы жүзеге асады. Сөйлемдегі сөздер байланысында әсіресе алғашқы жол елеулі орын алады. Мұндай қасиет аталған амалдардың сөздерді өзара қиюластыруда
молынан қолданылуымен айқындалынса керек. Демек, морфологиялық амалдар енді сөздер байланысында синтаксистік сипат алады. Морфология саласында олар морфологияға тән заңдылықтарымен тексерілсе, синтаксисте сөздердің байланысу негізінде қарастырылады. Грамматикалык единицалардың (морфема, сөз) осылайша тіліміздің әр жүйесінде қарастырылуы орайына қарай бола береді.
Проф. В.Г.Адмони сөздер байланысындағы амалдардың сипаты жайында былай деп жазады: «Самый факт и характер соединения слов может выявляться такими грамматическими средствами, которые имеют непосредственно не синтаксический, а морфологический характер. Система падежной флексии, например, играет исключительно большую роль в выражении синтаксических отношений, так же как личные окончания глагола. Таким образом, синтаксис, образуя такие формы связи между словами, т.е. синтаксические формы, как согласование и управление опирается на морфологическую форму».
Бұл аталған жайдың қазақ тіліне де тікелей қатынасы бар, өйткені тілімізде кез келген сөйлемде септік жалғауынсыз қолданылған сөздер некен – саяқ ұшырасады. Септік жағауларын жеке сөздерді өзара байланыстырып отыруда ең бір өнімді амал деп қарастыруға болады. Мәселен, мен ауыл келдім деп айтсақ, сөйлеміміз түсініксіз шығар еді. Мұндағы түсініксіздік ауыл сөзінің табиғатымен тығыз байланысып жатыр. Бұл сөз тұрған орнына қарай не барыс септік, не болмаса шығыс септік жалғауларының бірінде қолданылуы қажет. Сонда ғана ол сөз айналасындаға басқа сөздермен тығыз байланысқа түсіп, белгілі бір мақсаттағы сөйлем құрауға өз дәрежесінде қатынаса алады.
Септік жалғаулары өзі жалғанған сөзін басқа сөздермен байланыстырып қана қоймайды, сонымен қатар оған (сөзге) қосымша мәндік реңктер де беріп отырады. Жоғарыдағы сөйлемдегі ауыл сөзінің ауылға, не болмаса ауылдан болып айтылуы белгілі бір бағытты не шыққан жердің мекенін білдіреді. Дәлірек айтсақ, сөздердің әр септік жалғаулармен құбылу оларды белгілі бір мағыналық құбылыстарға түседі. Мұндай мағыналық құбылыстар әр сөздердің өзара үйлесе жұмсалуы негізінде туындайтын болады. Тіліміздегі форма мен мағынаның бірлігі деген ұғым осындай заңдылықтарымен де байланысып жатады.
Сөйтіп, септік жалғаулары жеке сөздердің арасын байланыстыруда айрықша қызмет атқарады, өйткені бұл жалғаулар, басқаларына қарағанда, сөйлем құрау функциясы жағынан өтеикемдірек келеді. Мұның басты себебін септік жалғауларының өзі жалғанағн сөзі арқылы әр түрлі синтаксистік қатынасты білдірулерімен түсіндіруге болады. Ал синтаксистік қатынас-сөйлем бойына тән заңдылық. Сөздер өзара байланысқа түспейінше, сол арқылы синтаксистік қатынасқа негізделмейінше, белгілі бір сөйлем түрін жасай да алмаған болар еді. Міне, осындай заңдылықтардың негізінен туындайтын сөйлемдерде септік жалғаулары алдыңғы қатарда жүреді. Мұның тағы бір себебі – септік жалғаулары тек зат есімді сөздерге ғана жалғанып қоймай, субстантивтенген сөздердің бпрлығына бірдей қосыла беретіндегімен айқындалатын.
Септік жалғаулары тәріздес, қазақ тілінің басқа да жалғаулары (көптік, тәуелдік, жіктік) сөздер арасын байланыстыруға ыңғайна қарай қатысып отырады. Алайда, жоғарыда айтқанымыздай, сөздер арасында дәнекер болуда әсіресе септік жалғаулары жиі қолданылады.
Қосымшалардың сөздер арасын байланыстырудағы қызметін саралай келіп, морфологияны арнайы зерттеге ғалым А.Ы.Ысқақов бұл ретте жұрнақтардан жалғаулардың өрісі кең екендігін айтады. Оған мына бір сөз дәлел: «Жалғаулар сөйлемдегі сөздердің аралықтарындағы әр қилы аса жалпы қатынастарды білдіреді де, сол қатынастардың түр-түрінің көрсеткіі есебінде қызмет етеді. Сондықтан, жұрнақтарға қарағанда, жалғаулардың өрісі де кең, өрісі де жазық болып келеді Жалпы жалғаулар атаулының жұрнақтардан сөздер арасын байланыстырудағы өрісінің кеңдігі сондай-ақ олардың бойына тән өзіндік қасиеттерінен шығып жатады. Жұрнақтардың бойына тән қасиет сөзден тудыру болса (етік-ші), жалғаулардың қызметі сөздер арасын байланыстырумен айқындалады (поезбен келдім). Олай болса, жалғаулардың осындай қызмет, сөз жоқ, жұрнақтардан сөйлем ішіндегі қолданылу өрісінің кеңдігін байқатады.
Сөйлемдегі сөздер өзара осылайша морфологиялық тәсіл-қосымшалар (жалғау,жұрнақтар) арқылы байланысса, сонымен қатар синтаксистік амалдар арқылы да (сөздердің орын тәртібі, интонация т.б.) жүзеге асады.
Сөйлемдегі сөздер байланыста болу үшін олардың белгілі бір қалыптағы орындары болу қажет. Әрине, бұан сөздердің әр уақытта да тұрақтанып қатып қалған бір қалыптағы орындары боладыдеген түсінік тумаса керек. Біз бұл жерде сөздер байланысында орын тәртібі жағынан жалпы түрдегі ортақ заңдылықты айтып отырамыз. Ондай ортақ заңдылық бастауыштың баяндауыштан бұрын, анықтауыш, толықтауыш және пысықтауышсөздерінің өздеріне қатынасты мүшелерден соң қолданылатынымен айқындалынады. Сөздердің орын тәртібіндегі мұндай құбылыс көпшілік тілдердің барлығына да ортақ болып келе береді.
Қазақ тіл білімінің алғашқы профессоры Қ.Жұбанов отызыншы жылдардың өзінде-ақ осы мәселеге арнайы еңбек жазып («Из истории порядка слов в казахском языке»), жоғарыда айтылған ортақ заңдылықты түркі тілдеріне әрдайым да тұрақты ереже деп санамайды. Автор бұл жайды әдеби тілімізде кейде ауытқушылықтың болуыментүсіндіред. Өзі келтірген мысалдағыдай, кейде тіл орамында күн ұзаққа қайда жүрдің деп айтыла береді. Ал тілдің нормасы бойынша мұндағы күн ұзаққа тіркесі ұзақ күн болып, анықтауыш анықтайтын сөзінің алдында тұруы керек еді. Сол тәрізді тағы адам тіркесі фольклорлық шығармалар мен күнделікті ауызекі сөйлеу тілінде керісінше қолданылатыны да көрсетеді: елден безіп, адам тағы болып кетіпті.
Тіліміздегі жеке сөздер болсын, жеке сөйлемдер болсын әрқайсысы бір–бірімен әр алуан синтаксистік қатынасқа түсіп отырады . осы арқылы олар бір синтаксистік қатарда (синтаксичиская уровень) бір бүтін единицалық топ құрайды. Бұларда синтаксистік қатынастың көрінісі әр алуан болып отырса да, байланыс формасы жағынан олар, негізінен алғанда, екі шеңбердің төңірегінен шығады. Ол–синтаксистік единицалардың сабақтасу (бағыныңқы) және салаласу (тең дәрежелі) ыңғайында келуі.
Сөйлемдегі жеке сөздердің арасы осы екі тәсіл арқылы тығыз байланысқа түсіп, синтаксистік қатынастың белгілі бір түрін туындатып отырады. Тіліміздің құрылысына сәйкес (жалғамалы тіл) алғашқы амал (сабақтаса байланысу) кеңінен орын алады. Өйткені тіліміздің табиғаты жеке сөздердің бір–бірімен байланысу заңдылығына негізделсе, мұның өзі сабақтастық қатынасқа жол ашады. Сабақтастық қатынастың тілімізде осылайша мол кездесетінін ескере отырып, ең алдымен осы түрін талдайтын боламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |