Сатылханова гульмира алихановна



Pdf көрінісі
бет37/66
Дата07.01.2022
өлшемі1,74 Mb.
#17302
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   66
Байланысты:
Satylkhanova Disser

үстіңгі  ерін  түрік  біткен  үлкен  ауыз  ғана.  Әйткенмен,  Әдия  дәл  осы  сәтте 
маған  әжептәуір  оңды  қыз  тәрізді  көрінді»  [125,141-142].  Ал  оның  құрбысы 
Күлмираның  портретінен:  «шашы  қысқа  қиылған,  дене  бітімі  қолдан 
мүсіндегендей аса келісті, балтыры ақ қайранның қарнындай жұп-жұмыр. Сол 
жақ  ұртындағы  тарының  дәніндей  ғана  меңі  –  оны  кейде  үстінен  қара 
қарындашпен  шұқып,  үлкейтіп  қоятын,  бауырсақ  мұрны,  сілеусін  көздері  мен 
қалмақы  қиғаш  қасы  оның  ақ  құба  өңіне  тәкаппар  сән,  өзгеше  көрік  беретін. 
Жалпы бет бейнесі жапон қызына ұқсас-ты, бірақ ептеп шәлдіріктеп сөйлейтіні 
болмаса,  таза  қазақ»  [125,128]  екенін  танимыз.  Негізгі  кейіпкеріміз  ақыл 
тоқтатып,  тұрақтап,  біреумен  мәңгі  қосақталу  жағын  ойланып,  ЖенПИ-ден 
айнып, орта жолдағы гуманитарлық, техникалық, тағы  да басқа толып жатқан 
мамандық  өкілдерінің  бәрінен  аттап  өтіп,  медицина  институтынан  осы 
Күлмираны  табады.  Көзіне  тік  қарайтын,  киіктің  асығындай  қолға  жұқпай 
ойнап тұрған әдемі қызбен танысқан бойда жігіт оны үйімнің түтінін түтетуші 
деп шешеді. Бірақ, қу қыз оны әбден сынап, «отказ» береді.  
Адам баласының қандай екенін оның мінезі ғана емес, көңілі мен пиғылы да 
айқындайды. Автор «Көк кептер» новелласында тек кеңпейіл азаматтарға ғана 
қартайған  шағында  әдемі  балалық  мінез  пайда  болады  дегенге  меңзейді.  Оны 
портреттік  деталь  арқылы  келісті  келтіре  білген:  «ұзын  ақшаңқан,  қайқы 
скамейканың  шетінде  жезбен  әшекейленген  әдемі,  асалы  қап-қара  таяғын 
тізесіне кесе-көлденең қойған беті алға еміне, құнысып отырды. Қолында нан. 
Алдында,  дәлірек  айтсақ,  аяғының  астында  жыпырлаған  көгершін.  Ақсақал 
наннан  там-тұмдап  үзіп  алып,  соларды  жемдеумен  болды.  Және  бұл  ісін 
қызықтамайды.  Ұрты  суалған  қатпар-қатпар  беті  анда-санда  бір  жыбыр 


85 
 
етіп,  сақалсыз  үшкіл  иегі  кемсеңдеп,  кірпігі  түсіп  бітуге  айналған,  қызара 
дымданған  көздерін  әлдебір  нүктеге  қадап  безірейді  де  қалады;  бір  қалыпты 
қимылмен кептерлерге нан үзіп салып отырған оң қолының өз иесіне ешқандай 
қатысы  жоқ  тәрізді»  [125].  Бұл  берілген  портреттік  детальдар  ақсақалдың 
іштей жанын жеген уайымы, сол мұң сақалсыз үшкіл иегін еріксіз кемсеңдетіп 
отырғанынан хабар береді. Нан шашып отырған оң қолының өз иесіне қатысы 
жоқ тәрізді суреттелуі де амалы жоқтықтан ермекке айналдырғанын білдіреді. 
Расында  бұл  қарияның  бала  кезінде  осыкептерлерді  күнде  келіп  жемдейтін 
жалғыз  ұлы  Болатынан  айрылып  қалғанын  дер  кезінде  пайымдай  алмаған 
өкініші  бар  еді.  Ер  жетіп,  азамат  болған  баласы,  үйленіп,  әуелі  әйелі  екеуі 
оқуды бітіреміз, одан соң қорғаймыз деп жүреді. Ал бүгінде онысы да, мұнысы 
да,  үйі  де,  жайы  да,  қызметі  де,  басқасы  да  жайланып,  ыңғайланғанда  оларда 
бала,  қарияда  немере  жоқ.  Арманы  –  немере  сүю.    Бірақ  ол  арманының 
орындалатындығына өзі де сенбейді. Тек азамат болған «көзі тірі» баласының 
сәби шағын жоқтап отырады. «Қарлы белдеуі жаздағыдан әлдеқайда төмендеп, 
ақбурыл  тартқан  сеңгір  шыңдарға  ма,  шаңыта  көгерген  аспанға  ма,  әйтеуір 
алысқа, биікке  қарап отыр. Өңінде мазақ ізі, масаттық табы бар» [125]. Автор 
новелласында  қарияның  ішкі  сезімін,  немересі  жоқтығынан  қаншалықты 
қиналатынын баяндап, оқырманына түсіндіріп жатпайды, портреттік детальмен 
әсерлі жеткізеді. Сол арқылы оқырманына ой салады.   
И.Әйменнің  «Өткінші  жаңбыр»  новелласында  өз  қатарынан  ерек 
жаратылған  жандар  –  Ербол  мен  Ақнұр  жайында  сөз  болады.  Екеуі  де  елден 
ерек ақылды, білімді, өнерлі, қатарының алды саналатын оқу озаты, басқаларға 
үлгі  болатын  тәртіпті,  тәрбиелі,  ар-намысты,  әдепті  жоғары  қоятын  жандар. 
Бірақ, маңдайына жазылған тағдырлары ауыр. Екеуі де адасты, екеуі де азапты, 
бақытсыздықты  бастан  кешірді.  Түптеп  келгенде  екеуінің  де  бақытсыздығына 
себеп  болған  бір  адам  –  ол  беттері  сып-сипыр,  көздері  бір  орнында  тұрмай 
зырыл қаққан, бұрынғы совхоз директорының, қазіргі жүн-жұрқасыз тауықтай 
ұжымсымақтың  бастығының  баласы  Бөрібай.  Зерттеуші  А.В.Чичерин: 
«адамның  күрделі  жан  дүниесінің  ішкі  қозғалысы  портреттен  басталады,  ол 
характердің негізі мен қақтығысын айқындайды» [126,137] деп жазады. Ақнұр 
мен  Ерболдың  қақтығысы  да  Бөрібайдан  басталады.  Мектеп  емес,  бүкіл 
Көкбұлақ  аулының  бетке  ұстар  серкесі,  білімі  мен  өнеріне  сымбаты  сай 
Ерболдың  институтта  танысып,  сүйіп  қосылған  жары  Маржанды  азғырып, 
басын айналдырып, көңілін лайлап, екеуінің ажырасуына себеп болған Бөрібай 
енді  ғана  өмір  атты  мұхитқа  бет  түзеген  «қысқа  қиылған  шашы  мен  қаққан 
қазықтай аяқтарын айқындап тұрған кең етек қысқа көйлегі сымдай тартылған 
денесіне  әдемі  жараса,  бота  көздері  мөлдектеп,  еліктің  лағындай  елеңдеген 
ерке»  жас  мұғалім  –  Ақнұрды  да  сыбайлас  достарының  арқасында  қолға 
түсіреді.  «Алтынның  қолда  барда  қадірі  жоқ»  дегендей,  жас  қызды  аз  күндік 
қана ермек етіп болып, оның жастық шағының ең бір тәтті де аяулы, шешуші 
үмітке  толы,  жалын  атқан  кезеңдерін  табанға  сап  езіп-жаншыған,  «бұғанасы 
қатпаған  балауса-ғұмырды  қан-қасап  кезең  баудай  түсірген»  опасыз 
Бөрібайдың  достарын  сипаттауда  автор  ситуациялық  портреттерді  сәтті 


86 
 
пайдаланған.  Мысалы,  «су  бетінде  қалқыған  жыландай,  басы  қалтаң  қағып, 
сумаңдап,  еріндері  ширатыла  түріліп,  бір  бүйірден  киліге  кететін,  бәйгеге 
қосатын  аттай  лыпып  тұрған»  еңбектен  беретін  мұғалім  Сиякүл  [111,35]; 
«дөңгеленген  бырша-қызыл  бет,  орнынан  домалана  көтерілетін,  ішіне  түскен 
отты  судан  былшиған  беттері  одан  бетер  ісініп,  күреңітіп,  ұйыған  қандай 
сыртына  бырш-бырш  тепкен»,  дөңгеленген,  бырша  қызыл  бет  Паршакүл; 
бейбақ,  жанына  да,  заржақ  жағына  да  тыным  жоқ,  кейде  лағып  кететін 
«таспадай,  көнтекі  еріндері  барынша  керіліп,  жарғақ  мұрны  желкенше 
желпілдеп  кететін»  Сәлима.  Новеллист  портрет  жасауда  кейіпкер  даралығын 
нығыздай  түсетін  детальдарды  таңдап,  талғап  ала  қоюға  шебер.  Жаман 
адамдардың портреттері өздерінің келіспеген парықсыз болмыс-бітіміне лайық 
сомдалған.  Бөрібайдың  осы  «адал  үш  досының»  портретіне  қарап  отырып, 
автордың  олардың  мүлде  жақтырмайтынын  детальдар  арқылы  анық  сеземіз. 
Бұлар шындығында өзіндік ұлттық болмысты бұзушы фактор-детальдар деуге 
болады. Сырты жылтырап, ештеңе білдіртпей киелі мекен – мектепте балаларға 
білім беріп жүріп, кешкілік мезгілде жиіркенішті әлемде кездесуді  – жиналып 
алып,  арақ  ішіп,  ойнақ  отырыс  жасап,  көңіл  көтеруді  әдетке  айналдырған 
міскіндер. Ғалым Н.Ғабдуллин: «біздің қоғамда, өмірде зұлымдықты тудырып 
жататын қоғамдық кесапат жоқ. Бірақ адалдық пен арамдықтың, жақсылық пен 
жаманшылықтың  алысы  біздің  бүгінгі  өмірімізде  де  жүріп  жатады.  Ескіліктің 
әртүрлі  қалдығы,  көненің  түрліше  қырсық  сарқыншағы  әлі  де  бар.  Осы 
кеселдерге  кей  адамдар  бой  алдырады  да,  санасы  дертке  шалдығады.  Сырқат 
сана адамдарға теріс әрекеттер, жағымсыз істер жасатады. Ал жақсылық иелері 
– адал адамдар – бұларға қарсы күрес жүргізеді» [127,154] деп жазады. Расында 
кеңестік  заманның  сәніне,  үрдісіне  айналған  –  арақ  ішу  мәдениетінен  әлі  де 
арыла  алмай  келе  жатқан  тәуелсіз  елдің  мұғалімдеріне  қарап  отырып  жаның 
ашиды.  Автордың  өзі  «имансыз  сиқыр-совет  өз  түбіне  өзі  жетіп,  құлап  тынса 
да,  тондарын  теріс  айналдырған  жемірлер  түп-тұқиянымен  аты  «тәуелсіздік», 
заты «имансыздық» қоғамымыздың, баланың еңбегіндей былқылдаған балауса 
еліміздің  төбесіне  қонжия  салған;  жылтың,  жетесіз,  жағымпаз,  епті  болсаң  – 
болды»  дегеніндей,  жылтың,  жетесіз,  жағымпаз,  ептілер  осы  –  Сиякүл, 
Паршакүл, Сәлималар еді.  Ғалым М.Қаратаевтың «шығарманың күші адамның 
бейнесі,  оның  ішкі-сыртқы  дүниесі  қаншалықты  айқын  да  нанымды 
көрсетілгенімен,  оның  мінезі,  оның  қоғамдағы  орны  мен  рөлі,  басқа 
адамдармен 
қарым-қатынасы 
қаншалықты 
шынайы 
да 
терең 
бейнеленгендігімен  өлшенеді»  [166,37-38]  деген  пікірінің  жаны  бар.  Сиякүл, 
Паршакүл,  Сәлималар  бейнелері  автордың  мұратына,  айтпақ  болған  идеясына 
қызмет  етіп  тұр.  Автор  мына  нарықтық  заманда  қалталы  жандардың  дегені 
болатынын,  шіркін  тауықтар  соның  жеміне  шырқ  айналып,  үйіріліп,  жанына 
шықпайтын көрсоқырлығын айтады. 
Ақнұр  мен  Ерболдың  арасындағы  жарасымды  да  ұнасымды  сүйіспеншілік 
сезімін  автор  ашық  білдірмесе  де, оқырмандары  іштей  сезіп,  құптап отырады. 
Жазушы  ойын  ашып  айтпай,  жұмбақ  күйінде  қалдырып,  білуге  ынтасы  ауған 
оқырманды  келесі  оқиғаға  жетелейді.  Яғни,  көп  тірлігі,  сөздері  жасанды, 


87 
 
жалған  Бөрібай  Ақнұрды  алып  қашады.  Мұны  естіген  Ербол  тордағы 
арыстанша  аласұрды.  Байқап  қарасақ,  автор  қатарларынан  ерек  жаратылған 
жандар  –  Ербол  мен  Ақнұрды  «қоғам»  торға  салып  қояды:  Ербол  –  тордағы 
арыстан, Ақнұр – тордағы бұлбұл. Арыстан болатын себебі, Ербол – Көкбұлақ 
аулының  бетке  ұстар  серкесі,  білімі  мен  өнеріне  сымбаты  сай,  өлең  оқып, 
домбыра  тартып,  ән  салатын  өнерлі  жан,  кеше  оқу  озаты  болса,  бүгінде 
мектепте оқу ісінің меңгерушісі; Ақнұр – мектептің бет қаймағы сыбағасына ие 
болған  сұлу,  оқу  озаты,  таудан  аққан  бұлақтың  сыңғырындай  анық  та  ашық 
даусы  бар,  университетте  де  курстастарының  алды  болды.  Бірақ,  екеуінің 
тағдыры  баянсыз,  Бөрібайдың  торына  түсіп,  аласұрғандар.  Неге  басқа  емес, 
неге  Бөрібай?  Себебі,  Бөрібай  –  мына  қоғамның  тілін  түсінген,  кешегі  колхоз 
председателінің  баласы,  «аузы  қисық  болса  да  бай  баласы  сөйлесіннің»  керін 
келтіріп  жүрген,  бір  ауылды  асырап  отырған  фирмасы,  қалада  магазин, 
тойханалары бар бизнесмен. Оның алдында ауыл жұрты құрақ ұшып, елпілдеп-
желпілдеп,  түкірігін  жерге  түсірмеуге  бар.  Өйткені,  оның  ақшасы  бар.  Жан-
жағынан  жамыраған  жағымпаздардың  жалған  қошеметі  есін  алып,  қисынсыз 
қиянат, қорқау қараулық жасап жүргені санасына кіріп те шықпайтын Бөрібай 
кеше  ғана  Ерболдың  сүйіп  қосылған  жары  Маржанмен  әуейі  болып,  тұнығын 
лайласа;  бүгін  Ақнұрды  алып  қашты.  Ал  Ербол  үшін  «Ақнұр  –  мынау  боғы-
жыны араласқан кезеңде, жүдеу жан дүниесіне дем берерлік буырқанған теңіз 
төріндегі желбір қаққан жалғыз желкені, аптап қуырған жапан түздегі төбесіне 
пана  болардық  жалғыз  түп  жусаны,  өмірге,  келешекке  деген  сенімі...  үміт-
серігі» [111,42] болатын.  
И.Әйменнің «Ұзақ қыстың ақырғы таңы» новелласында «Қайдан шыққаны 
– басында мыж-мыж малақай, үстінде салпылдаған ескі шинель, аяғында мәсі-
кәлөш,  қолтығында  семіз  пәпке  –  шынашақтай  денесін  әзер  сүйреткен 
милиционер пайда бола кетті. Епке келсе пысықайлар мен өзегі талғандардың 
ақыларын 
қатқан-қара 
белсендімен 
серіктесіп, 
ымдасып-жымдасып, 
жартылықтың  құнына  кезексіз  әперіп,  «алғыс-сауаптарына»  батып  жүрген 
пошта  тыныштығын  қадағалаушы  сақшы  екен.  Жұрттың бәрінің  назары  соған 
ауып,  бір  сәтке  үнсіздік  орнай  қалған.  Нақ...  күлше  үлестіретін 
жарылқаушының  өзі  келіп  қалғандай»  [107,301]  –  даусы  шәк-шәңк  еткен 
өтірікші,  халық  бірауыздан  алаяқ-азғын,  жауыз,  сволочь,  жулик,  вор  атаған 
милиционер-сақшының  бейнесі.  Бұл  портреттік  суреттемеде  «шынашақтай 
денесін  әзер  сүйреткен»  деталь  арқылы  автор  ақша  жинаумен  семіріп  алған, 
бармақ  басты,  көз  қыстымен  істі  оңай  жауып  қоя  салатын  «ел  қорғаушы» 
милиционердің  образын  тайға  таңба  басқандай  дәлме-дәл  өрнектеген. 
«Көркемдік құралдардың аздығы шығармаға шек қою немесе оның жұтаңдығы 
болмаса  кедейлігі  емес,  керісінше,  байлығы  деп  ұғуымыз  керек.  Құбылысты, 
зат,  суретті  бір  ғана  штрихпен  бере  білу  –  ерекше  эстетикалық  ләззат  алудың 
көзі» дейді Е.Добин [75,111]. 
Көркем туындыдағы топтық портреттің түрлі әлеуметтік орта адамдарының 
түсінік-нанымынан, тұрмыс жайынан хабар беретіні белгілі.  Аталған новеллада 
елдің  дәрменсіз  халі  көрініс  табады.  Осыған  енді  күңіренісінен  жер 


88 
 
қозғалатындай  қара  халықтың  топтық  портретін  қосуға  болады:  «жарым-
жартылай  егесіз  босап  қалған  бес  қабатты  үйлердегі  қалған-құтқан  тірі  жан 
түгелімен құмалақша далада шашылып жүр. Жүдеу жүздерінен аздап та болса 
жылымық  байқалады.  Көңілсіздеу  демесең,  поштаға  ентелей  ұмтылғандардың 
қарасы  –  тура  бір  «Меккеге  ағылғандай»;  кезек  –  «баяғы  Мәскеудегі  Ленин 
жәкеңнің мавзолейінің алдындағыдай. Қараң-құраң сәт сайын ұлғайып, «гу-гу» 
–  кәдімгідей,  қара  базардың  сұлбасына  ұқсай  бастаған.  Әрегідік,  шаң-шұң  да 
естіліп  қалады.  Таң  сыз  бере,  кезекке  тіркеуші  қатқан-қара  белсендінің 
қырылдаған  дауысы  жиі  естіліп,  кезектің  о  жақ-бұ  жағынан  дауласқан, 
таласқан, тартысқандар көбейді... Әлі де үміттерін үкілеп тұрған кезектегілерге 
көз қиығын тастап еді – алғашында көр-қараңғы болып, ештеңе көрінбеген. Мұз 
қабырғаға  жабысып  қалған  Фаяның  сұлбасын  әзер  тапты.  Беті-басын  орап 
тастаған  орамалынан  қолақпандай  мұрны  ғана  ағараңдайды.  Тартыс-керіс 
әлдеқашан  басылған,  қимыл  жоқ,  қарекет  жоқ.  Қаракөлеңкедегілердің  жансыз 
сұлбалары  тас  болып,  мәңгілікке  қатып  қалғандай,  үрейлі,  аянышты  ма» 
[107,302-303].  Осы  топтық  портрет  детальдан  бас  кейіпкер  Бақыттың  көрген, 
басынан  кешкен  қиындықтары  арқылы  қоғамның  күрделі  де  қайшылықты 
тынысы  ашылады.  Ол  осы  жайды  басынан  өткеруші,  куәгер  ғана  емес,  автор 
көзімен қоғамның кеселді көріністеріне талдау жасаушы. Момын көрінетін жан 
шындығында  ішкі  қуаты  мықты  жан.  Сырттай  нәзік  көрінгенмен  басына 
қиындық  түскенде  белін  бекем  буып,  тастай  бекіп,  екі  баласын  қызғыштай 
қориды. «Денесінде алып-қосары жоқ – сұңғақ, құйма мүсін, бала мінез, үкідей 
үлпілдек,  үлбіреген  Бақытгүл  еріндерін  түртитіп,  бота  көздерін  мөлтеңдетіп, 
қырау қапқан кірпіктерін тынымсыз қаққылаған күйі мұздақ қарды томп-томп 
теуіп  қойды»  [107,297]  деп  Бақытгүлге  таңылған  портреттік  детальдар  оның 
жан  дүниесіндегі  тазалыққа  тән  сипаттарды  аша  түседі.  Суреткердің  адам 
бойындағы адалдық, тазалық белгілеріне деген көзқарасы Бақытгүл характеріне 
сіңірілген.  Қанша  қиындық  көрсе  де,  тіпті  күштілерден  таяқ  жесе  де,  бұл 
бойындағы бала мінезінен арылмаған, үкідей үлпілдеген жан еді. Біресе өзбек 
шалға,  біресе  әзербайжан  шалға  жалынып,  солардың  қалдық  сүтін  алып,  қала 
ішіндегі  аула-ауланы  аралап,  үсіп-жаурап  сатып  жүрген  Бақытгүл  өзі  секілді 
Анардың тамағының қылпернесін үзе: «Мо-ло-ко! Ай-ран! Мо-ло-ко! Ай-ран!» 
деген  даусын  естіген  кезде  зәресі  ұшып,  имене  бұқпантайлап  қаша  жөнеледі. 
Себебі,  олардың  арасында  территория  деген  ұғым  бар.  Сүтін  өткізе  алмай 
жүрген  келіншек  далбасалап  Анарға  қарасты  аумаққа  кіріп  кеткенін  өзі  де 
байқамай  қалады  Автордың  Бақытгүлдің  әлеміне  үңілуі  мақсатсыз  емес. 
«Өткінші жаңбыр» новелласында суреттелгендей, жұмыссыз қалған жастардың 
бәрі  ессіз,  маймыл  емес,  арасында  Бақытгүл  секілді  еңбектеніп,  нәпақасын 
тауып жүрген, саудаға бейімделген жандардың бар екенін түсінеміз. 
«Өткінші  жаңбырдағы»  топтық  портрет  бағалаушы-экспрессивті  сарынға 
толы: «Ауылдың аяқ тұсында бір ауладан үдере көтерілген жабайы тобыр таспа 
жолдың  үстінде  кір  суынша  жайылсын.  «Бей-берекет  қиқу...  ысқырған-
қышқырған...  былапыт...».  Өңкей  есіріктер  мотоциклдің  жарығында  сайтан 
көбелекше қалбаңдап, аяқ-қолдарын маймылдана ербеңдетіп, онсыз да жидіген 


89 
 
түнгі  аспанды  жүнше  түткілейді.  Барар  жерлері,  алатын  қамалдары  бөдке 
(дүкен)»  [111,40].  Автор  сипаттаған  топтық  портрет  неге  Ә.Нұршайықовтың 
«Махаббат қызық мол жылдар» шығармасында сомдаған топтық пішіндемедей 
сүйсінтетіндей,  эмоционалдық  бояуы  қанық  емес.  Неге  автор  жастарды  – 
жабайы  тобыр  деп,  оларды  сайтан  көбелек,  маймыл  қалпында  сипаттайды. 
Өйткені,  бұл  «балапан  басымен,  тұрымтай  тұсымен»  дегенге  сәйкес  келетін 
«имансыз  сиқыр-совет»  құлаған  алғашқы  жылдардағы  қазақ  ауылдарының 
жастары  болатын.  Бұл  «өртеңгір  уақытта»  ауыл  жастары  балалықты  ысырып 
қойып,  далбасалап,  пысықайларға  ілесіп,  «саудаға»  қаңғып  кеткен.  Есі-басын 
жиып  та  үлгермеген,  саусақпен  санарлық,  қарға  тамырлы  қалқиған  қазақтың 
мұндағы бір пұшпағының жайы: арысы – Африка, берісі – Португалия, Корея, 
Өзбекстан,  жарты  ауыл  жарым  әлемге  жайылып  кеткен  болатын.  Баяғы  тау 
етегіндегі  қос  өзеннің  аралығында  орналасқан  бұл  думанды,  көңілді  ауылдың 
тамтығы  да  қалмай,  клуб,  кітапхана  үйлерінің  керек-жарақтары  басқа  да 
дүниелермен  қоса  таланып,  тәркіге  түскен  еді.  Мәдени  орын  жоқ,  жұмыс  жоқ 
ауыл  жастарының  күнделікті  тірлігі  –  бөдкеге  барып,  арақ  алып,  автор 
айтқандай  «сайтан  көбелекше  қалбаңдап,  аяқ-қолдарын  маймылдана 
ербеңдетіп»  билеп,  көңіл  көтеру  ғана  болатын.  Келтірілген  топтық  портретте 
сатиралық  пафостың  басымдығы  байқалады.  Ал  жазушы  Ә.Нұршайықовтың 
«Махаббат,  қызық  мол  жылдар»  шығармасында  қыздардың  топтық  портреті 
Ерболдың  сүйсініп  қабылдауы  арқылы  беріледі:  «Гүл  бақшасында  болып  па 
едіңіз?  Гүл  ашылған  ғажайып  сәтті  көріп  пе  едіңіз?  Бақшаның  жер  нәрі,  күн 
нұрына  қанып,  толысқан  ақ,  қызыл,  қызғылт,  сары,  көк  гүлдері  біртіндеп, 
бірімен  бірі  жарыса  ашыла  бастағанда  жаныңызды  ләззат  кернеп,  өз-өзіңізден 
өзгеше бір рахатқа кенелмейтін бе едіңіз. Сол гүлдердің торғыннан жұқа әсем 
үлбіректерінің  әр  дірілі  жаныңызды  толқын-толқын  қуаныш  боп  кернеп, 
басқаның бәрін ұмыттырып, елжіретіп, елтітіп әкетпейтін бе еді?!  [128]. Міне, 
қыздардың менің сәлемімді алып, еріндерін сәнмен қозғаған осы бір сәті менің 
көз  алдыма  гүл  бағын  елестетті.  Иран  бақ  деген  осы  болар  деп  ойладым. 
Қыздардың  томпақ,  толық,  жұқа,  жұмсақ  еріндері  сәл  ашылғанда  олардың 
ауыздарынан  ақ  маржан  ақтарылып  кеткендей  көрінді.  «Ал,  енді  не  айтасың» 
дегендей,  жазық  маңдай,  қыр  мұрын,  ақ  құба,  аққу  мойын,  аршын  төс,  қара 
торы, қиғаш қас, ақ сары қыздар әлі маған жаудырап қарап отыр [128].  Енді не 
айтарымды  өзім  де  білмедім.  Алма  ағаштың  бұтақтарын  қайыстырып,  «өзіме 
кім  қолын  созар  екен?»  деп  жерге  телміре  қарасып  сабағында  самсап  тұрған 
хош иісті піскен алма секілді осынау тәтті қыздардың қасынан ілгері қарай өте 
бердім»  [128].  Бұл  топтық  портретте  кілең  бір  жарқыраған  жұмақтың 
гүлдеріндей  сұлу  қыздар,  олардың  гүл  бақшасының  ішіндегі  бойларын 
кернеген  қуанышты  сезінеміз.  Өйткені,  бұл  –  Ұлы  Отан  соғысынан  кейінгі 
халықтың  мойнынан  ауыр  жүк  түсіп,  алдағы  күнге  үлкен  үмітпен  қарап, 
нұрланған  жастарды  бейнелеп  отыр.  Бұдан  шығатын  қорытынды  топтық 
портреттік  детальдар  өз  заманының  тынысынан,  халықтың  бойын  жайлаған 
көңіл-күйінен  де  хабар  бере  алатындығы.  Демек,  автор  новеллада  топтық 
портреттік  детальды  бекер  енгізбегені,  замана  күйінің  тыныс-тіршілігін 


90 
 
сездіруді  көздегені  байқалады.  Новеллада  топтық  портретте  автор  жеке 
адамдардың  сыртқы  келбетіне,  ерекшелігіне  тоқталмайды,  жинақтау  тәсілін 
пайдалана  отырып,  қимыл,  дене  қозғалыстарын  береді.  Сырттай  қарағанда 
көпшіліктің  қимылдары  да,  іс-әрекеті  де  ұқсас  көрінгенмен,  жазушы  оның 
оқырманға  тигізер  экспрессивті-эмоционалдық  әсерін  күшейту  үшін 
«құмалақша  шашылып»,  «кір  суынша  жайылып»,  «көбелекше  қалбаңдап», 
«жүнше түткілеп» деген теңеу-детальдарды орынды пайдалана білген. 
Нарықтық экономика келіп, елді жайлаған осынау сұрықсыз көріністі автор 
«сиқыр  сұлба»  детальі  арқылы  тайға  таңба  басқандай  етіп,  анық  жеткізеді: 
«Бүйір  қуыстан  елес-әруақтай  болып  па,  әлде  кәдімгі  сайтанның  өзіндей  де 
болып  па,  қарауыта  сүйретілген  сиқыр  сұлба  байқалды.  Қыбыры  білінбей 
жылжып, бірте-бірте қапталдаса берген. Қара кемпір екен. кейде, құр қаңқасы 
ырқына көнбей, бір жағына ауытыңқырап кетеді» [111,38]. Осындағы автордың 
сұлба – штрих-деталь арқылы беріп отырған шындығы: атыз-атыз суалған бет-
терілері қара тасқа ойылып жазылған аманаттай болып отырған қара кемпірдің 
қиын  жағдайы  еді.  Саудаға  кеткен  келінінен  «қара  қағаз»  да,  хабар  да  жоқ; 
жалғыз  баласы  жын  ұрып,  жер  жұтқандай,  ұшты-күйлі  жоғалған;  күн  көріп 
отырған  алданыш  қара  сиыры  қолды  болған;  қолында  еліктің  жетімек 
лағындай,  шынашақтай  қорғансыз,  жансыз-сөлсіз  жанарымен  шошытатын, 
сабаққа  бір  күн  келсе  екі  күн  келмейтін  немересімен  ғана  қалған  қарияның 
жағдайы  тым  мүшкіл  еді.  Өмірінде  ешқандай  жақсылықтың  белгісі  қалмаған, 
алдағы  күннен  үмітін  үзген  қара  кемпір-сұлба  –  штрих-детальды  ойнатуда 
автор  үлкен  шеберлік  танытады.  Тірідей  үш  жетім:  ыңырси  шеміршегін 
созғылайтын  қатаған  бұзау,  қорғансыз  қарғадай  қыз,  құр  қаңқа  қара  кемпір  – 
сұлба.  
О.Әбділдәұлының  «Абдулла  ағай»  новелласында  таң  сәріден  тұрып,  бір-
бірін  оятып,  ауылдың  иттерін  шулатып,  бес-алты  шақырым  жердегі  көрші 
колхозға  қатынап  оқитын  ауыл  балалары  үшін  мектепке  жаңадан  келген 
уылжыған  жап-жас,  бойы  өздерінен  аласа  (ауыл  балалары  бойшаң  болатын) 
химия  пәнінің  мұғалімі  Абдулла  ағайдың  спорт  залыға  орнатылған  жаңа 
брусьяны  балаларға  түсіндірген  тұсында  оның  денесі:  «денемен  дене  ақ 
жейденің ішінен бұлшық еттері дір-дір етіп, сыртқа теуіп тұр» [129,203] деген 
шымыр детальдармен беріледі. Оқып отырған жанның өзі ағайдың дене пішімін 
көз  алдына  елестетіп  қызығарлықтай.  Гимнастикалық  өрнектер  көрсетуден 
мақұрым,  тіпті  брусья  дегеннің  не  екенін  білмей,  оған  жапа-тармағай 
жармасып,  тұс-тұсынан  асылып,  салбырап,  кейде  атша  мініп  алғаны  болмаса, 
хабары  жоқ  ауыл  балалары  үшін  Абдулла  ағай  керемет  үлгі  еді.  Ол  брусьяға 
қарғып шығып, екі аяғын бір-біріне байлап тастағандай түзу ұстап, арлы-берлі 
ырғатылып  тұрып-тұрып  екі  ағашқа  арқасын  төсей  құлап  барып,  аяқтарымен 
ауаны  теуіп,  сөйтіп  дік  етіп,  екі  шынтағын  бүкпестен бұрынғы  қалпына  қайта 
келіп  тікейіп  тұра  қалады.  Әр  қимылды  өз  атауымен  түсіндіріп,  қалай  жасау 
керектігін  түсіндіріп,  сан  түрлі  жаттығулар  жасап,  басқалар  құсап  сүйретіліп 
түспей,  шайқатылып  барып  сыртына  серіппедей  сұлу  қимыл  жасап  түскенде 


91 
 
ауыл балалары аузын ашып, аңқайып, өмірінде бірінші рет бұл ағаштың мәнісін 
ұққан еді.  
Қазақ  новеллаларының  бірқатарында  ұяң  мінезді,  мейірімді  де  сұлу 
қыздарды  бейнелеуде  суреттеу-портреттік  детальдарды  пайдалану  жиі 
кездеседі. Т.Бердияровтың «Ән» новелласында Динара есімді «Алма ағашының 
ұшар  басына  шығып  ап,  бір  қыз  отыр  екен.  Ақшыл  сәтен  көйлегінде  алма 
гүлінің реңіне ұқсас әлеміш-құламыш түрлі-түсті өрнектер көп-ақ. Келісті қыз 
мүсіні гүлдің абат көбігіне шомылып, астасып кеткен. Тек қана қыздың қызыл 
шырайлы  жүзі  ақ  қағазға  тамған  қандай  көзге  жылдам  шалынады.  Қара  көзі 
төңкеріліп,  қиыла  қарап  тұр.  Тізесінен  едәуір  жоғары  ысырылған  көйлегінің 
етегін қымсына қымтап қояды. Ақ торғын үлбіреген тамағы, сұлу әнді ұзатып 
салған  нәрлі  қызғылт  ерінді»  [130]  деген  детальдар  аспандағы  үлпілдек  ақша 
бұлтты,  айдын  көл,  тал,  теректі,  астық  даласын  балбыратып,  қойдың  күйісін 
тоқтатқан  әнді  шырқаған  сұлу  қыздың  портретін  сомдайды.  Ал 
Ш.Құмарованың  «Күннің  көзі»  новелласында:  «Ол  өзін  сұлулардың  қатарына 
қоспайтын. Жапалақ көзді, ақ құба қыз, сол ғана. «Күнсұлу» дегенде ол ренжіп, 
көзін  жерге  қадап,  томсырайып  тұрып  қалады.  Содан  соң  өңінде  лап  еткен 
шұғыла  пайда  болады,  миығында  ойнақы  күлкі  үйіріледі.  Басын  көтеріп,  қою 
кірпіктерін  қаздың  қанатындай  сілкіп  қап,  жалт  қарайды.  Тап  осы  сәтте  бұл 
астынан  күн  шыға  келгендей  болатын.  Ұзын  кірпіктерінің    талталы  күн 
сәулесіндей  шашырап,  жан-жаққа  тарайды.  Аясы  кең  қоп-қоңыр  мөлдір 
жанарында жалт-жалт етіп, нұр ойнап тұрады» [131] деп автор Әйімхан есімді 
дәрігер  қыздың  портретін  береді.  Есіл  бойынан  оңтүстікке  келіп,  екі  жылдың 
ішінде  бұл  араның  жеріне  де,  адамдарына  да  әбден  бауыр  басып,  оны  көрген 
кезде ауылдың жас баласына дейін қуанысып қалатын дәрігердің шындығында 
жаны нұрлы еді. Жаны нұрлы адамның көзі де нұрлы болатыны  – табиғаттың 
заңдылығы. Автор қыз сұлулығын портрет-детальмен шебер бере білген. Оның 
тағы  бір  әдемі  үлгісін  жазушы  И.Әймен  жасай  білген:  «бәрі  сол  томпақ  бет, 
мөлдір көз, ұнға батырып алғандай әппақ, үлпілдек, үркек қыздан басталды. Өзі 
шынашақтай.  Аты  –  қайдан  тауып  қойғаны  –  Үкілі!  Нақ  «үп-үп»  деп  үпілеп-
сүпілеп  ойнауға  жаратылғандай;  абайламасаң,  ұшып  та  кетуге  дайын. 
Айболдың  бойын  ток  ұрғандай  дір  етіп,  жүрегі  дабылдап  кетті.  Қаймыға 
бұрылып  еді,  Үкілінің  жүзі  бір  нүктесіне  дейін  қалмай  –  тұнық  көлдің  бетін 
жайлы  желкем  жалап  өткендей  –  әсем  ойнақшып,  барынша  күлім  қағып  тұр 
екен.  Түпсіз  тұңғиықтан  шашыраған  кіршіксіз,  пәк  жанарлары  қапысыз 
қадалғандай»  [111,26].  Келтірілген  детальдар  мөлдір  де  таза,  сұлу  қыздардың 
бейнесін  көз  алдымызға  елестетсе,  Дәулет  пен  Масақбай  портреттері 
оқырмандарды  жирендіреді.  Дәулет  қойшы:  «ентігетіндей  дәнеме  болмаса  да, 
қыраны қызылынан көрінеу қапы кеткендей де ме, құйма қорғасындай түзу де 
тегіс  беттері  алқоңырлана  бөртіп,  күрсіністі  ащы  дем  шығарды.  Ал  Масақбай 
болса: «ұрлықы жылтырақтарына жан біткен Масақбай құмарынан шығып, қиы 
шыққан,  қайдан  қалған  –спорттық  шәпішкесімен  былшықтанған  бет-аузын 
ысқылады. Пөстек беттерін бұрып алып, мөлиген өлексе көздерімен жанындағы 
ұшқаттың  бұтақтарын  өздігінше  түгелдеуге  көшкен.  Ербеңдеген  айғыз-айғыз 


92 
 
қотыраш қолдары қырық жылғы күпәйкесінің қалтасынан тозған транзисторын 
тауып  алып,  қыжылдата  бастаған...  Леп  тиген  білте  шамша  бір  сәтке  жырқ 
еткен  жылтырақтары  ұрлықы  қалпына  түскен  Масақбай  «айтсам  ба,  айтпасам 
ба  екен»  дегендей,  бөдене  басы  мойнына  бір  кіріп-бір  шығып  тұр»  [111,6]. 
Әрине,  бұл  екеуінің  жоғарыдағы  қыздар  келбетінің  антиподы  екені  байқалып 
тұр. Кейіпкердің кескін-келбетін әр жазушы өзінше әр түрлі жолмен жеткізеді. 
Әсіресе,  мөлиген  өлексе  көздері,  айғыз-айғыз  қотыраш  қолдары,  бөдене  басы 
деген  жолдар  ешқандай  оқырманның  бойында  сүйіспеншілік  сезімін 
туғызбайтыны  белгілі.  Рамазан  Тоқтаровтың  «Адам  Ата  алмасы» 
новелласының кейіпкері де осы қатарға жататындай. Үлкен бір мекеменің бас 
бухгалтері болып қызмет атқаратын Қазыкен ақсақалдың көмекшісінің жылпос, 
арам,  ішкі  есебін,  өз  пайдасын  білетін,  екіжүзді  жан  екенін  автор  портреттік 
деталь  арқылы:  «Іші-бауырыңа  кіріп  тұрғанымен,  барқыттай  күлтеленген  жиі 
кірпікті  көздерінің  қиығында  арамнан  жаралғандай  бірдеңе  жататын  еді. 
Сонысы,  әсіресе,  қазір  байқалып  шыншыл  жүзбен  көлгірсігені  жанына  қатты 
батты»  деп  берумен  шектелмей,  «жүгіріп  кеп  сыртқы  жеңіл  пәлтесін  шешіп, 
қолтықтап  столына  жақындатып  әкеп  отырғызған»  әрекеті  арқылы 
толықтырып, жарқыратып аша түседі [105]. Образ жасаудың басқа да жолдары 
секілді,  мұнда  да  суреткер  шеберлігі  танылмақ.  Новелла  жанрында  портретке 
үлкен жүк артылады. 
Ал  қорытынды  портреттің  әдемі  үлгісіне  Т.Ахтановтың  «Күлкі» 
новелласындағы  Гаухар  бейнесін  жатқызамыз:  «Алдында  мөлдіреген  бота 
көзді,  аққұба  талдырмаш  қыз  тұр.  Гауһар  аз  уақыт  жанары  дөңгеленіп, 
көзқарасы тереңдеп Серәлінің бетіне қадала қарап қалды. Кенет жұқа ерніндегі 
күлкі нұры тез өшіп, ақша бетіне лып етіп қан жүгірді. Көзін тайдырып әкетті» 
[132]. Автор ұсақ детальдарға көңіл бөлмей, көз жүгіртіп өте шыққанның өзінде 
жаны таза, ұяң да ұялшақ, сыпайы ауыл қызын көз алдымызға әкеледі. Өзінің 
жігітке қадала қарап қалғанын әбес көріп, ұялып қалғандығы «ақша бетіне лып 
етіп қан жүгірген» деталь арқылы анық көрінеді. 
Бақытжан  Момышұлының  «Кездік»  новелласында  «Ат  тұяғын  тай  басар» 
деген халық мәтелінің кері кеткендігінің куәсі боламыз. Ел де, ел басшылары да 
қолына  ұстаған  мылтығын  да,  астына  мінген  атын  да  түгел  аңыз  қып  айтып, 
ерекше  қадірлеген  аңшы  қарттың  өзі  ғана  емес,  даңқының  да  қартайған 
шағында ештеңенің парқын білмейтін арақтың құлына айналған әңгүдік ұлынан 
көрген қорлығы жайлы сөз болады. Адамнан ала да, құла да туатындығына осы 
новелла  анық  көз  жеткізеді.  Үлкен  ұлы  соғыста  шейіт  болып,  жүрек  жұтқан 
батырлығы үшін Қызыл жұлдыз алғанымен, соңынан ерген інісі шалдың күткен 
үмітін ақтамады. Сондықтан ол өзінің бірде-бір затын баласына қалдыруды жөн 
санамады. Әкесі көз жұмған соң одан қалған мылтығын алып баласы бытыраны 
көп  салып  жіберіп  атып  салғанда,  ұңғысының  быт-шыты  шығып,  шалдың 
көзіндей  болған  қастерлі  дүние  ағаш  па,  темір  ме  екені  белгісіз,  бөлек-салақ 
бірдеңе боп қалады. Мылтық даусын естіген кемпірдің жүрегі лоблып, аузына 
тығылып, оппа қарды тізеден кешіп тұра ұмтылғанда, ағаш арасынан ыржаңдап 
шығып  келе  жатқан  ойсыз  ұлын,  оның  қолындағы  жарамсыз  мылтықты 


93 
 
көргенде «Кемпір қаққан қазықтай сазарып тұрды да қалды» [133] деген әсер-
портрет  арқылы  автор  ананың  да  ұлынан  күдер  үзіп,  бір  ойға  бекінгенінен 
хабар  береді.  Новелла  өзінің  жанрлық  ерекшелігіне  сай  аяқталады:  шалдан 
қалған бар мүлік, кемпірдің өмір-бойы жиған-тергені, алтын-күмісі бәрін сатып, 
ақшасын  бір-ақ  күнде  Вьетнам  халқына  көмек  ретінде  салып  жібереді.  Автор 
«ағаш  арасынан  ыржаңдап  шығып  келе  жатқан»  кіші  ұл  табиғатының 
топастығын бір ауыз сөзбен, штрих-деталь арқылы шешіп береді. 
Ө.Қанахиннің  «Қос  жүрек»  новелласындағы  кездесетін  портреттік  деталь: 
«Қазақта көрікті жігіттер баршылық. Бірақ Дәрмен Жакеевтей ажарлысы көп те 
емес  шығар.  Сұңғақ  бойлы,  қапсағай  денелі  ол,  спортсмендерше,  кеудені 
шалқақ  тастап  жүреді.  Бұл  оның  менмендігі  емес,  шымыр  жаралғандығының 
бір белгісі сияқты. Самай жағына сәл-сәлдеп ақ кіре бастаған қалың қара шашы, 
әлі әжім түсіп ажарын кетіре қоймаған жазық маңдай, әдемі қыр мұрын, жігерлі 
адамдарға  бітетін  етсіз,  топай  иек,  қажырлылықты  көрсететін  тұтас  мойын  – 
бәр-бәрі Дәрменді сұлу да сымбатты етіп көрсетеді. Жанары тұнық, тым әріден 
нұр төгіп тұрған тостағандай қос жанар  – қара көздер жігіт ажарының арайлы 
айшығындай»  [134]  негізгі  кейіпкердің  характерінен  біраз  хабардар  етеді. 
Автор  өзі  айтып  отырғандай  сыртқы  келбетіндегі  ерекшеліктер  оның  менмен 
адам емес, шымыр, қажырлы, жігерлі, мейірімді жан екенін білдіреді. Сұлу да 
сымбатты  жігіт  тағдырының  адам  төзгісіз  қиын  болуын  автор  сұм  соғыспен 
байланыстыра өрбітеді. 
Қ.Найманбаевтың  «Арашашы»  новелласында  қырдағы  ауылдан  көрші 
ауылға  мектепке  қатынайтын  бозбалалар  жайында  сөз  болады.  Араларындағы 
жалғыз қыз Гүлжамал «балғындығына қарамастан толықша, тоқбалтыр, бойсыз 
да емес. Ол әсте еркелігін, әсемдігін жасырғысы келмейтін» [135] қыздың үнемі 
қағытып, келемеждеп жүретіні «бойы тәпелтек, кемпірбет, арық әлжуаздығы аз 
болғандай көзіне көзілдірік киетін» Мақан болатын. Гүлжамалды велосипедіне 
мінгізіп  мектепке  апаратын  күні  Мақан  қатты  қиналатын.  «Үзеңгіге  аяғы 
жетпегесін  ердің  екі  жағына  кезек  ауытқып,  мықшыңдап  бағады.  Бейшара 
қаратерге  түседі.  Көзілдірігі  мұрнының  ұшына  келіп  тіреліп  қалады.  Оны 
ысыруға да шама жоқ. Гүлжамал болса дүниедегі кесапат тыныш отырмайды» 
[135].  Портрет  –  кейіпкердің  тек  сырт  пішін  тұлғасы  сияқты  боп  көрінгенмен, 
ол  мінез-құлықты,  іс-әрекетті,  характерді  де  қамтиды.  Кейіпкердің  жүріс-
тұрысынан, әдетінен, бет-пішінінің құбылысынан да адамның ішкі сарайы, жан 
–  күйі  сезіліп  тұрады.  Яғни  портрет  қатып  қалған  тас  сурет  емес,  адам 
пішінінің,  тұлғасының,  мінез-құлқының  жанды  көрінісі.  Мұнда  абзал  сезімге 
жол  ашқан  ардақ  сезім  махаббаттың  –  жас  жүректің  шыңырауында  тығылып 
жатқан  асау  сезімнің  сыртқа  тепкен  ұшқындары  байқалып  қалады.  Автордың 
«Домбыра  сазы»  новелласында  салауатты,  салмақты  мінезден  гөрі  салдыр-
күлдірлігі,  серілігі  басым  «Қамалбек  керім  жігіт  болатын.  Бүкіл  ауылдың 
тамсанатын көріктісі еді. Келісті бойы, дөңгелек жүзі, қыр мұрыны, қалың қара 
қасы, тіпті ерте ағарып буырыл тартқан шашы біртүрлі өзіне жарасып тұрады. 
Сұлуша  өңіне  кемдеу  көрінетін  тышқан  көздері  де  ылғи  кішкентайлығын 
жасырғысы  келгендей  ойнақшуынан  танбайтын».  Көктемге  салым  осы  ауылға 


94 
 
Шардарадан  көшіп  келген  ферма  меңгерушісі  Шегебек  «шоқша  сақалынан 
тарақ айырмайтын, ән мен күй десе ішкен асын жерге қоятын кербез жан боп 
шықты.  Ол  да  кешкі  отырыстардан  қалмайды.  Қамалбектің  домбырасына 
ғашық. Тамсанады да жүреді», ал оның 17-18 жастардағы қызы Нәзира «әкеге 
тартпаған ұяң, ұялшақ, адамға тіктеп қараса да қызарып кететін момынның өзі. 
Жаңа  танысқан  құрбылары  оны  кешкі  сауыққа  ертіп  келгенде  Назира  ұзақты 
түнге бұрышқа тығылып алып жұртқа көзінің астымен қарап, үнсіз отырады да 
қояды» [136]. Психологиялық сезімнің сыртқы көріністері болып табылатын  – 
дене  қимылдары,  бет-жүзіндегі  сезімдік    құбылыстар,  іс-әрекет,  қимыл-
қозғалыс  Қ.Найманбаевтың  кейіпкерлерінің  жан-әлемінен  табылатын  сезім 
иірімдерінің  жиынтығы  іспетті.  Осы  Нәзираның  әнші  жігіт  Қамалбекке  іштей 
тұншыққан  сезімі  бар  екендігін  әйгілеген  бір  оқиға  болады.  Ол  әрине, 
новелланың  жанрлық  ерекшелігіне  сай  өтеді.  Өйткені,  үні  шықпайтын  ұяң, 
момын  қыздан  ешкім  мұндайды  күтпеген  еді.  Ауылда  той  болып,  оған 
Қамалбек  ферма  орталығындағы  жұмысынан  шыға  салып  келгендіктен, 
домбырасы  үйінде  қалып  кетеді.  Ал  оған  той  иелері  шіңкілдеп  даусы 
шықпайтын  жаман  «оқтау»  әкеп  береді.  Бірақ,  Қамалбек  қанша  әурелегенмен 
домбыраға үн бітіре алмайды. Құлағын сан бұрайды, шегін ауыстырады, тиегін 
мұқияттап  қайта  салады.  Болмайды.  Сонда  көпшіліктің  Қамалбекке  қатысты 
«қартайды, көктұқылданып бітті» сынды сөздеріне шыдамаған Нәзира ешкімге 
айтпастан  үйден  шығып  кетеді.  Той  аяқталып,  әкесі  қызын  іздеп,  абыр-сабыр 
боп жатқанда «бір сәтте қолында ақ дәкеге ораған Қамалбектің домбырасы бар 
Нәзира үйге кіріп  келді.  Тұңғиықтанып,  жаудырап  тұрған мөлдір  қара көздері 
жалт-жұлт  етеді.  Алқынып  тұр.  Ол  үнсіз  ғана  әлгісін  төр  алдындағы 
домбырашыға  ұсынды»  [136].  Қыз  махаббаты  баянды  бола  ма,  әлде  жауапсыз 
қала  ма,  автор  жауап  бермейді.  Түйін жасауды  оқырманның  өзіне  қалдырады. 
Автордың 
бұл 
сомдаған 
Қамалбек, 
Шегебек, 
Нәзира 
образдары 
детальдандырылған портреттік-деталь үлгісіне жатады.  
Т.Әлімқұловтың «Сенгіштік» новелласында да портреттік детальдар көптеп 
кездеседі: «аузында бір тісі жоқ, маңдайында қырыс көп, жұдырықтай сары шал 
– бұл елде біреу-ақ» [137,312], «екі журналист салт атпен ілбіп келе жатқанда, 
омырауына  жұлдыз  таққан  татыран  қараға  ұшырасты.  Жұлдызды  кісі 
кіржіңдеп,  кірпікшешендей  жиырылды»  [137,313]  деп  қарттың  болмысынан, 
мінезінен  хабар  береді.  Соның  ішінде  ерекшесі  –  Шайхының  портреті.  «Азу 
тістен  мезгілсіз  айырылған  Шайхының  ұрты  солыңқы.  Көзінің  алды  қанталап 
тұр.  Қыртыс-тырыс  шандыр  кескін  сүйкімсіз  аяныш  тудырады.  Көсеубайдың 
көзіне  ертектегі  мыстанның  кеңірдегі  елестеді.  Денесі  түршікті.  Ерніне  ұшық 
шығып  келе  жатқандай  сезінді»  [137,318].  Автордың  бұл  портреттік  детальды 
келтіруі бекер емес болатын. Екеуі сапарға бірге шығып, бірге материал жинап, 
жазылған очеркті бірге жариялайтын болып келіскенімен жеме-жемге келгенде 
сырғып  кеткен,  өзінің  фамилиясын  алдырып  тастаған  Шайхының 
тайғанақтығын  ашып  айтпаса  да  портреттік  деталь  арқылы  түсіндіруге 
тырысады. Автор позициясы айқын, соғыс батыры емес, шатасып соғыс кезінде 
тұтқынға  түскен  солдат  жөнінде  очерк  жазып,  кінәлі  болып,  саяси  тұрғыдан 


95 
 
айып  тағылып,  жұмыстан  шеттетілген  Көсеубай  Іргелин  мәселесінің  насырға 
шабуын  «сондағы  жазығы  –  сенгіштігі»  деп  нақтылайды.  Ал  сенгіштікке  сеп 
болған  алдында  тұрған  шандыр  кескін  Шайхының  сайқымазақтығы.  Түптеп 
келгенде, «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылған» ситуация. Мұндай 
адамдардан кейіпкер Көсеубай ғана емес, шығарма авторы да түршігіп, қоғамда 
осындай  жанында  жүрген  жанның  өзін  орға  жығып,  айдап  салатын,  ерінге 
шыққан  ұшық  секілді  зиянкестердің  бар  екенін  ескертеді  жазушы.  Бүтін  бір 
новелланың идеясын автор осы бір ғана портреттік детальмен бере білген.  
А.Есалидің «Сүйкімсіз жігіттің суреті» новелласындағы оқуға келген, қала 
тірлігінен  бейхабар  интернатта  оқып  жатқан  ауыл  қызының  бейнесін  автор 
шағын  детальмен  жеткізеді:  «өзімнің  ербиген,  ақ  бантикпен  екі  бөліп  өріп 
қойған  бұрымсымағымды  сипап  қойдым»  [120,25].  Осы  детальдан  ауылдан 
келген  балаң  қыздың  өзін  шашы  қиылған,  өңшең  қысқа  киім  киетін  қала 
қыздарымен  салыстырып,  өзінің  сыртқы  келбетіне  қорашсынатынын, 
«ербиген»,  «бұрымсымақ»  деп  дәл  табылған  детальдар  арқылы  байқау  қиын 
емес.  Ал  өзі  іздеп  келген  Салтанат  есімді  әпкесінің  қала  тірлігімен  ағымына 
барынша  бейімделгенін  автор  «Салтанат  үстіне  майда  қызылды-жасылды, 
көбелек тектес гүлдері бар, қып-қысқа, мықынын әрең жауып тұратын көйлек 
киіп алды. Аппақ, оқтаудай түзу екі аяғы талантты мүсіншінің қолынан шыққан 
мінсіз  туынды  сияқты.  Ұзын  шашын  тарқатып  жайып  жіберді.  Көйлегінен 
шашы  ұзын»  [120,26]  деген  портрет-детальды  пайдаланады.  Көп  сөздің 
қажеті  жоқ,  барлығы  түсінікті:  Салтанат  ерекше  сұлу,  ауылдағы  киім  үлгісін 
тастап «мықынын әрең жауып тұратын» сәнді киім үлгісіне көшкен. Автор тіпті 
қоюлатып  «көйлегінен  шашы  ұзын»  деп  суреттейді.  Оның  осы  сипатынан 
Салтанаттың  қанша  сұлу  болса  да,  ақылы  аздау,  жеңілтектігі  бар  қыз  екені 
байқалады.  
«Салтанат  мені  басымнан  қапсыра  құшақтап,  жалаңаш  тізесіне  жатқызды. 
Көйлегі  тым  жоғары  көтеріліп  кеткен  екен.  Бәріне  кінәлідей  көрінген  осы  бір 
қысқа  көйлектің  етегін  топыраққа  былғанған  қолдарыммен  төмен  тартқылап, 
аппақ  санын  жауып  жатырмын.  Мына әрекетім Салтанатқа  да  ес кіргізгендей, 
мені  сүйемелдеп,  орнынан  атып  тұрды»  [120,30].  Жанынан  тәулік  бойы 
табылуға  даяр  табынушылары  көп  болса  да,  бағы  ашылмады.  Олар 
Салтанаттың  сұлулығына  ғана  сұқтанып,  ішкі  әлеміне  үңілмей,  көрікті 
жаратылған  бір  бұйым  ретінде  ғана  иемденгісі,  яки  болмаса  бір  ғана  құшып 
кетуді мақсат тұтқан жігіттерден талай рет аузы күйіп, ақыр соңында ақылдан 
айрылды. Өрісті етіп жаратпай, көрікті етіп жаратқан қыздың талайлы тағдыры, 
ел-жұрттың 
сыпсыңдаған 
әңгімесі, 
күйігі 
әке-шешенің 
қабырғасын 
қайыстырып,  қан  жұтқызды.  Қартайғанда  қызығын  көреміз  деп,  әлпештеп, 
бағып-қаққан қызын байлап үйде ұстап, сырқатын көру – қариялардың жігерін 
құм қылып, бір уыс боп шөгіп кетті.  
А.Есалидің  тағы  бір  сәтті  портрет-деталіне  «Менің  сұлу  жеңешем» 
новелласындағы  өмірдің  опасыздығын  басынан  кешірген  Ақберен  жеңгенің 
портретін: «Ақберен жеңгемнің топ-толық аппақ балтыры әжемнің қу таяғынан 
айнымай  қалған  екен»  [120,113]  жатқызуға  болады.  Үстіне  кенеп  қап  кигізіп 


96 
 
қойса  да  сұлулығы  кемімейтін,  алғаш  келін  боп  түскенде-ақ  елдің  бәрін 
шулатқан,  өңшең  жаман-жәутік,  салдыр-салақ  абысындары  арасында  арпа 
ішіндегі бір бидайдай айрықша көзге түсетін, әдемі саусақтарым бүлінер демей 
от  жағып,  сиыр  сауудан  тартынбаған,  жұртқа  жағымды,  өзі  кішіпейіл,  сөйлеу 
мәнері  де,  киім  киісі  де  бөлек:  өзгелердей  ақ  көйлектің  сыртынан  көк  көйлек 
киіп  жүре  бермейтін  ерекше  жеңгенің  ағасының  жасаған  абыройсыздығының 
кесірінен  қайғыдан  мүжіліп,  аз  күннің  ішінде  шөгіп  кеткен  халін  осы  деталь 
арқылы дәл бере білген.  
Қорыта келгенде, қазақ новеллаларында портреттік детальдың бірнеше түрі 
кездесетінін  байқадық.  Портреттік  детальдар  новелла  жанрында  мынадай 
көркемдік қызмет атқарады:  
-  портреттік деталь – әдеби бейне жасаудағы басты категория;  
-  кейіпкер бейнесін жете тануға жол ашады; 
-  «мінезсіз  характер  жоқ»  деп  ғалым  С.Мақпырұлы  айтқандай,  кейіпкер 
мінезін ашып көрсетеді; 
-  автордың 
идеясын,  ұстанымын  ашады,  суреткерлік  позициясын 
анықтауға көмектеседі; 
-  көркем  детальдар  кейіпкердің  әлеуметтік  статусын  анықтап,  жеке 
психологиясын тануға мүмкіндік береді; 
-  портреттік  детальдың  оқырманға  эмоционалдық-экспрессивтік  әсері 
күшті болады. 
Әдебиеттегі  портрет  деген  көркем  шығармашылықтағы  адамның  сыртқы 
келбеті:  бет-әлпеті,  дене  бітімі,  киімі,  жүріс-тұрыс  мәнері,  іс-әрекет 
қимылдарынан  құралады.  Әдетте  портреттік  детальдар  арқылы  оқырман 
кейіпкермен  танысады.  Кез-келген  портреттік  деталь  өз  деңгейінде  мінезді, 
өйткені  оның  сыртқы  белгілерін  бере  отырып,  кейіпкердің  мінезінен  де 
мағлұмат  береді.  Портреттік  детальдар  кейде  авторлық  комментарийлер 
арқылы  берілуі  де  мүмкін,  бұл  өз  кезегінде  портрет  пен  мінез  байланысын 
ашып көрсетеді. 
Новеллистер  портреттік  детальды  пайдаланғанда  кейіпкерлердің  кескін-
кейпіндегі  ерекше  құбылыс,  өзгерістерді  суреттеумен  шектелмейді,  оның  ішкі 
сезімі,  киім-киісі,  қимыл-қозғалысы,  мәдени  дәрежесі  жайында  да  мағлұмат 
береді. Келтірілген әрбір деталь кейіпкердің характерлік табиғатын, ішкі сырын 
бере білген. Бұл авторлардың эстетикалық талғамы бай, поэтикалық қуаты зор 
екенін  бағамдайды.  Тағы  бір  байқалатыны  портреттік  детальдар  жасауда 
суреткерлер теңеу, эпитеттерді жиі пайдаланып отырады. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   66




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет