Қорытынды
Бүгінде біз өзіміздің ұлттық спорттық тәрбие жүйемізді құруға кірісуіміз керек. Ол жүйе халықты спортқа тартып қана қоймай, адамдардың менталитетін өзгертіп, оларға дене шынықтыру мен спорттың аса қажеттігін ұғындыра білуі тиіс. Яғни, халық өз денсаулығы үшін жауапкершілікті терең сезінуі қажет. Осы орайда бірқатар ұсыныстарымызды айтып, ел спортындағы кейбір кемшін тұстарға да тоқтала кеткеніміз жөн болар.
Айталық, жұмыс берушілер мен еңбек ұжымдарының арасындағы келісім-шарт бойынша спортты еңбек және демалыс орындарының жүйесіне енгізсе, артық болмас еді. Мекемелер мен көпшіліктің демалыс орындарында спортпен шұғылдануға жағдай жасалуы керек.
Кез келген саланы жете меңгеру үшін оның түп негізін, кемшіліктердің себеп-салдарын, жетістікке жету жолдарын ғылыми тұрғыдан зерттеп отырмаса болмайды. Спорт әлемі де тұнып тұрған ғылым. Осы жағдайды ескеріп, спорт саласы бойынша ғылыми-зерттеу институтын құрып, ғылыми-әдістемелік базаны жетілдіру – күн тәртібінде тұрған аса маңызды мәселе.
Спорт саласындағы мамандардың біліктілік деңгейі біздің жас мемлекетіміз үшін аса маңызды. Спорт кадрларын даярлау мен қайта даярлау бағдарламасын жетілдіріп, осы орайда республикалық мектеп-интернаттарды қайта құру жолымен колледждерге айналдыруға кірістік.
Мемлекет пен жеке меншіктің спорт саласындағы әріптестігін дамыту қажет. Жеке меншік бизнесті еліміздің спорт саласына тартатын мезгіл жетті деп ойлаймын. Салық кодексіне спорт саласына айтарлықтай қолдау көрсеткен бизнес құрылымдарына арнайы салық тәртібін қолдану туралы өзгертулер енгізу керек.
Спортпен шұғылданушылардың санын көбейту, қосымша спорт мекемелерін, басқа да дене шынықтыру-сауықтыру ұйымдары мен клубтар ашу бірінші кезекте инфрақұрылымның дамуы мен спорт нысандарының көбеюіне байланысты. Спорт инфрақұрылымының жалпы алғанда дамып келе жатқанына қарамастан, спорттың бұқаралық сипат алуына спорт нысандарының (әсіресе, ауылдық жерлердегі) кемшіліктері кедергі болып отыр. Ауылдық жерлердегі спорт нысандары аз, қамтамасыз етілу деңгейі төмен. Қазіргі бар спорт нысандары ел халқының қажеттілігін небары 30 пайызға ғана өтей алады. Бүгінде еліміздегі білім беру ұйымдарынан тыс нысандардың әр бесіншісі, яғни 957 нысан жөндеуді қажет етіп тұр. Еліміздегі 7 мың ауылдық елді мекенде 20 166 спорт нысаны бар. Солардың 13 134-і (65,1%-ы) ашық спорт алаңқайлары да, 307-сі ғана (3%-ы) жабық спорт кешендері.
Спорттың кейбір түрлерінен елімізде командалардың ресми халықаралық жарыстарға даярлануына арналған заманауи базалар жетіспейді. Бұған қоса, жүзу бассейні, нысана көздеу орны, жеңіл атлетика манежі, велотрек, шаңғы базасы, есу арналары сынды мамандандырылған спорт нысандары тапшы. Ал бұлар нағыз медальға жомарт олимпиадалық спорт түрлері екенін ескерсек, халықаралық ірі жарыстарда қандай қомақты олжалардан қағылып жүргеніміз айтпаса да түсінікті.
Жетістіктерімізді айта отырып, осындай кемшін тұстарымызды да жасырмай, қайта оны көпшіліктің назарына салып, жағдайды түзеу амалдарын бірлесе қарастырғанымыз жөн.
Жиырма жыл тарих үшін аз ғана уақыт болғанымен, Тәуелсіз Қазақ елінің спорт саңлақтары осы қысқа мерзімнің өзінде әлемнің талай асуын бағындырып үлгерді. Алда талай биіктер күтіп тұр, сол асқарларға ұмтылған Қазақстан спортының да кемелдене түсері сөзсіз. Қазақстанда спортты дамытуға ден қойылып, дене тәрбиесін дамыту үшін сәулетті стадиондар мен спорт кешендерін жөнге келтіру қолға алына бастады. Бүгінгі таңда біздің елде қазіргі заманғы халықаралық стандартқа сай спорттық ғимараттар саны көбейіп келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |