Заң шығарушы билік –заң шығарумен, оны бекіту, өзгерту немесе жоюмен айналысатын билік, парламент.
Егемендік –мемлекеттің, халықтың, ұлттың, адамның саяси тәуелсіздігі. Мемлекеттік егемендік деп шетелдің араласуына жол бермейтін мемлекеттің ішкі және сыртқы істері мен қатынастарындағы саяси тәуелсіздігі және елді басқаруда, шешімдер қабылдауда, жоғарғы билік жүргізудегі еркіндігін айтады. Егемендіктің саяси, экономикалық, құқықтық жақтары болады.
Демократия –халық билігін,заңдылықты мойындап, азаматтардың теңдігін, құқықтары мен бостандықтарын қадірлеуге негізделген мемлекеттік органдардың сайланып қойылуын және олардың жұмысы халықтың бақылауында болуын, сайлау құқығы бәріне тең болуын, адамдардың экономикалық және саяси қорғалуын, шешім қабылдағанда азшылықтың көпшілікке бағынуын, сонымен қатар азшылықтың да пікірі еске алынуын және т.б. қалайтын қоғамның саяси және экономикалық құрылыс түрі. Бұл – тарихи ұғым. Адамзат тарихының даму кезеңдеріне сай оның принциптері өзгеріп, байып отырады.
Демократиялық партиялар –басқаларға төзімділікпен, түсіністікпен қарайтын, пікір алалығын жақтайтын партиялар. Олар идеологиялық факторға онша мән бермейді.
Билеуші партиялар –қолдарына мемлекеттік билік тиген, қоғам дамуының басты бағыттары мен сипатын айқындауға мүмкіндік алған партиялар.
Билік –1) адамдардың іс-әрекетіне, қызметіне, тағдырына белгілі бір адамдардың (бедел, жігер, құқық, зорлықтың) көмегімен әсер ету мүмкіншілігі; 2) адамдарға саяси билік жүргізу; 3) мемлекеттік органдардың жүйесі; 4) мемлекеттік және әкімшілік өкілеттілігі бар қызмет адамдары, органдары.
Атқарушы билік –биліктің тармақталуы негізінде істейтін мемлекеттік басқару органдарының жүйесі. Оған үкімет пен әкімшілік жатады. Парламенттік республикаларда оларды заң шығарушы өкілдік органдар қалыптастырады. Сондықтан атқарушы билік солардың бақылауында болады және олардың алдында есеп береді. Олардың жұмысы заңға негізделіп, заң шеңберінде іс істеуі керек. Әйтпесе, парламент үкіметке сенім білдірмеуі мүмкін. Президенттік республикаларда мемлекетбасшысы да президент болады. Оны парламент сияқты халық сайлағандықтан ол парламент алдында тікелей жауап бермейді. Бірақ бұдан президент парламентпен санаспай іс істеуі керек деген ой тумауы керек.