Басқару түрі жоғарғы өкімет билігі кімнің қолында екендігін көрсетеді. Соған байланысты мемлекет монархиялық және республикалық болып екіге бөленеді.
Монархия деп мемлекеттің жоғары өкімет билігі жеке-дара, бір билеушінің қолында болып, ол әкеден балаға мұра ретінде қалатын түрін айтады. М. өз кезегінде абсолютті (шексіз) және конституциялық болып екіге бөлінеді. Абсолютті монархия деп жоғарғы өкімет билігі бүтіндей, тұтас, формальды түрде де шектелместен бір адамның (монархтың) қолында тұрған құрылысты айтады. Конституциялық монархияда монархтың билігі белгілі бір дәрежеде заң шығаратын билік парламентпен шектеледі.
Республика деп мемлекеттік биліктің барлық жоғары органдары белгілі бір уақытқа сайланатын немесе өкілдік мекемелер (парламент) арқылы қалыптасатын мемлекеттік басқарудыфң түрін айтады.
Республика президенттік және парламенттік болып екіге бөлінеді. Президенттік басқаруда, әдетте, мемлекеттің де, үкіметтің де басшысы президент болып саналады. Егер президентті парламент немесе соның негізінде құрылған коллегия сайласа, оны “парламенттік президент” дейді.