Ерте қытай ойшылы Конфуций (Кун-Цзы б.д.д.V ғас.) жақсы басшы әділетті басқаруы міндетті деп есептеген.Конфуцийдің пікірінше, басшы өзінде бес «тамаша қасиетті» ұштастыра білуі керек: «ізгілікті басшы қайырымдылықты есепсіз шашпайды», «еңбекке күштеп көндіргенімен, халықтың ашу-ызасына жол бермейді», «өзінің талап-тілектерін орындауда қанағаттылықты ұстайды», «жоғары мәртебесін сезінгенімен өркөкірек емес», «құрметті талап еткенімен, қатыгез болмауы керек». Платонға сүйенсек, даналық билігі, саяси ақыл үстемдігі абсолютті басқару болып табылады. Ең үздік мемлекетте, кім бақытқа жетсе және кім қайырымды бай болса, солар басқарады. Саясаттың қазіргі заманғы түсініктері Флоренциядан шыққан ойшыл Н. Макиавеллиден бастау алады. Макиавеллидің “Билеуші” трактаты (1513 жылы жазылды) оқырманды тағы да көшбасшылық мәселесі көтеретін саясаттың жаңа әлеміне әкеледі. Ғалымның пікірінше жаңа мемлекеттік құбылысты жаңа билеуші басқаруы тиіс. Билеуші билікке халық пен ақсүйектердің жақтауы арқасында келеді. Саяси кӛшбасшылық – кӛпшіліктің саяси қарекетін топтастыру, ұйымдастыру, оған белгілі бір бағыт беру механизмі. Ең алғашқы көшбасшылық типологиясын жасаған М.Вебер болды. Көшбасшылық – М.Вебер бойынша «бұйрық беру мен бағынуды қамтамасыз етуге қабілеттілік». Бірінші типі – дәстүрлі көшбасшылық, бұл билік дәстүрлерінің қасиеттілігіне сенуге негізделеді. Екінші типі – жария ұжымды немесе бюрократиялық көшбасшылық: жеке адамға емес заңға бағыну;Үшінші типі – харизматикалық аса білімділігі, сапасы, айрықша қабілеті бар көшбасшы.
Элитаға кімдер жататындығын анықтауда біздің зерттеуші ғалымдар негізінен ресейлік және шетелдік ғалымдардың элитаға қатысты жасаған концепциялары, теориялары мен жүйелеу әдістеріне сүйенеді. Элита теориясы қоғамның таңдаулы, игі жақсы-жайсаңдарының ерекше міндеттері мен әлеуметтік-саяси және интеллектуалдық белсенділігі және қалың бұқараның енжарлығы түсінігінен туындайды. Мысалы, В.Паретоның пікірінше, қоғам пирамидалық құрылымнан тұрады, оның биік шыңында басқарушы әлеуметтік топ элита тұрады. Олар қоғамның даму бағытын анықтайды. Теориялар қалану негізіне байланысты түрліше ажыратылады. Мәселен, биологиялық теорияларда биологиялық-генетикалық белгілеріне байланысты (Р.Уильямс, Э. Богардус) адамдарды аса көрнекті және қатардағы, белсенді және енжар, ақыл-есі дұрыс және кеміс деп бөлсе, психологиялық теорияларда (Г.Джилберт, Б. Скиннер) біреулердің кереметтілігі және екінші біреулердің қарабайырлығына түрткі болатын психологиялық қасиеттерге сүйенді. Психоаналитикалық теорияларда (З.Фрейд, Э.Эриксон) нәпсіні тежей білу қабілетіне және билікке немесе басыбайлыққа ұмтылуға, ал, әлеуметтік-психологиялық теорияларда (Э.Фромм, Г. Лассуэл) әрбір адамның психологиялық ерекшеліктеріне, оның өмірінің әлеуметтік факторларына байланысты өзгерген мінез-құлықтың әртүрлі типтерін мойындаудан шығады. Қазақща айтсақ, «бес саусақ бірдей емес» дегенге саяды. Технократтық теорияларда (Дж.Бернхэм, Дж. Гелбрейт) өндірісті басқаратын және өздерінің техникалық дағдыларының арқасында «техно-құрылымда» ерекше жағдайға ие адамдардың ұйымдастырушылық міндеттеріне, постиндустриялды теорияларда (Д.Белл және т.б.) – ғылыми білім факторлары және «постиндустриалды қоғамның» ғылыми-техникалық және әлеуметтік дамуын айқындайтын жетекші күш ретінде ғалымдардың осы заманғы дүниеде атқаратын рөліне баса назар аударылады. Белгілі бір мәселелерді түсіндірудегі алуан түрлі өзгешеліктерге қарамастан барлық элита теориясы үшін: қоғамды әрқашан элитаға және бұқараға бөлетін адамдардың табиғи теңсіздігі бар; ғылыми-техникалық және әлеуметтік дамудың қозғаушы күші ретінде элитаның қажеттілігі негізделеді; біреулердің сөзсіз үстемдік етуі және басқалардың бағынышты болуы заңдылық; көпшіліктің үстінен қарайтын билеуші азшылықтың толық құқылығы мен заңдылығы туралы жорамалдар ортақ болып табылады. Элита түрлерінің ішінде зерттеушілерді, әсіресе ықпалы тұрғысынан күшті саналатын саяси элита қатты қызықтырады. Жалпы, саяси элита деген не, оның құрамына кімдер енеді, оның құрылымы кандай деген сұрақтарға жауап табу өте маңызды.