Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалады.
1-жүргізуші
Тіл дегеніміз – адаммен бірге пайда болып, қатар жасасып келе жатқан қоғамдық құбылыс. Бұдан біз тілдің адамнан айырылмас серігі екенін көреміз. Тіл арқылы адамдар бір-бірімен пікір алысып, өзара түсінісіп, оны қатынас құралы ретінде пайдаланып отырады. Әр адам өз ойын басқа біреуге тіл арқылы жеткізсе, біреудің ойын тіл арқылы түсінеді.
2-жүргізуші
Тіл халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін келбеті, болмысы деуге болады. Халықтың тарихта қалуы тіліне, тілінің сақталуына байланысты. Сол секілді, қазіргі таңда еліміз өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі болып бекітілді. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы Заңы» күшіне енді.
1-жүргізуші
Болашағымызды баянды етер басты қаруымыз – тіліміз.Біздің Отанымыз – Қазақстан. Қазақстан Республикасының өз елтаңбасы, әнұраны, туы бар. Сонымен қатар өз тілі бар. 1989 жылы 22 қыркүйекте Қазақстан Республикасының тіл туралы заңы қабылданды.
2-жүргізуші
Ол 1997 жылы қайта өңделіп шығарылды. Ол 6 тарау, 22 баптан тұрады. Оның 4-ші бабында Қазақ тілі – Қазақстан республикасының мемлекеттік тілі делінген.
1-жүргізуші
Тіліміз туралы шағын видеороликке назар аударыңыздар
(Шағын видеоролик)
2-жүргізуші
Тіл – қандай ұлтта, елде болмасын әрқашан қастерлі де құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл - әрбір елдің жаны.
1 – жүргізуші
Тіл деген – алып мұхит түбі терең,
Піспегі толқын шашқан күбі ерен.
Қадірін тілдің сұра сақаулардан,
Көзіне жас алып бір күбірлеген.
2-жүргізуші
Тіл деген – жарық жұлдыз аспандағы,
Арманның қиял жетпес баспалдағы.
Қадірін тілдің сұра мылқаулардан,
Көлінен ұшпай қалған қасқалдағы.
1-жүргізуші
Тіл деген – адастырмас темірқазық,
Өрісі магнитінің өмірге азық.
Қадірін тілдің сұра кереңдерден,
Сөйлеуді арман еткен көңіл жазып.
Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған «Рух пен Тіл» әнін қабыл алыңыздар!
Орындайтын: 9сынып оқушысы Избасар Мақсат
2-жүргізуші
«Құлақтан кіріп бойды алар әсем ән мен тәтті күй» деп, ұлы
Абай айтқандай, құлақ құрышын қандырған әсем әннен кейін сахнаның сәнін келтірер ғажайып қазақ биін тамашалайық, халайық.
қазақ биі
Орындайтын: 9сынып оқушысы:Амангелді Аружан
1-жүргізуші
Қазақстанда 130 - дан астам ұлттар тұрады. Олардың бәрі өз ана тілдерін сақтап сөйлеседі. Біздің Республикамызда 178 жексенбілік мектеп бар, 23 ұлттық тілдер оқытылады. Бізде неміс, корей, украин тілдерінде газеттер шығады. Солтүстік Қазақстан облысында «Полония» поляктік теледидар трансляциясы, Оңтүстік Қазақстанда өзбек теледидары жұмыс істейді. «Қазақстан» ұлттық телеарнасында және қазақ радиосында корей, ұйғыр, неміс тілінде бағдарламалар жүреді. Эфирде телерадио бағдарламалары 11 тілде жүреді. Олар: украин, ағылшын, неміс, корей, түрік, өзбек және т. б.
2-жүргізуші
Тіл - ұлттың жаны, қаны, рухы. Жансыз нәрсе – өлі нәрсе. Адам тілді ең алғаш анадан үйренеді. Адамның бойындағы бар асыл қасиеттер тіл арқылы келіп, рухани күшке айналады. Рухы күшті адам, халық ешқашан жеңілмейді. Тілін ұмытқан халық өз мәдениетін сақтап отыра алмайды. Тілімізді анамызды құрметтегендей құрметтейік.
Ортада түрікмен, орыс, ауған: хазар, тәжік, пушту, өзбек ұлттарының өкілдері: шетелдік тыңдаушылар өлең жолдарын оқиды
Қуан далам қуанатын күн бүгін,
Серпіп таста мұңды дала түндігін.
Тіл туралы заңым енді күшіне,
Паш еткендей кескен жаңа кіндігін. (Мәлике – ауған қызы, хазар )
Ана тілім - ардағымсың киелім,
Саған ғана мен басымды иемін.
Ана тілім – қазақ тілім, дарасың,
Қадірлеймін, шексіз сені сүйемін.
2. Тіл ұстарту, тіл сындыру,
Сөз сиқырын, кілтін білу.
Ел мен елді елдестірер,
Естелікке ұмтылдыру. ( Мұрад - түрікмен)
Қазақ тілі – халық тілі,
Тіл аманда – халық тірі.
Өз тілінде жылағанның,
Көз жасы да – халық мұңы.
3. Тіл туралы жұрт тілеген салауат,
Тіл туралы естілмесін жаманат. (Таня - орыс)
Тіл дегенің, тіл дегенің бұл біздің –
бабамыздан қалған асыл аманат.
Туған тілім – аласармас тұғырым,
Сен құрысаң мен де бірге құрыдым.
Мерекеңді қуанышпен қарсы алам,
Ұзақ болсын туған тілім ғұмырың.
2-жүргізуші
«Тіл –ата-баба аманаты. Ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа ұласқан,бабадан балаға жалғасқан ұлы мұралардың ұлысы алдымен әр ұлттың тілі ғой. Ендеше ата-баба мұрасын жалғастыру, оның мәртебесін көтеру-мына баршамыздың міндетіміз, парызымыз.
О, адамдар, қадіріне жетіңдер!
Ана тілің-анаң. Сыйлап өтіңдер!
Туған тілін танымаған көрсоқыр,
Болып өтер ертең мәңгі өкінер.
Ән: «Ана тілін сүйеміз»
Орындайтындар:. Асқарова Эльмира, Ахметов Ерсұлтан,Тоқсейіт Әйгерім, Ескараев Дастан
1-жүргізуші
Туған тілім – тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы.
Өссе тілім, менде бірге өсемін,
Өшсе тілім, менде бірге өшемін,-дей отырып ,кешіміздің тізгінін көсемсөз шеберлеріне берейік!
1-студент
«Қазақ тілі», Мағжан Жұмабаев
Күш кеміді, айбынды ту құлады;
Кеше батыр – бүгін қорқақ, бұғады.
Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде,
Қан суынған, жүрек солғын соғады.
Қыран құстың қос қанаты қырқылды,
Күндей күшті, күркіреген ел тынды.
Асқар Алтай – алтын ана есте жоқ,
Батыр, хандар – асқан жандар ұмытылды!
Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың,
Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың …
Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,
Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен – тілім,
Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім.
Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа
Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім!
2-студент Мұзафар Әлімбай
Ана! - десем ана тілі ойға оралар.
Баладай қуанарсың тойға барар.
Тыңдасаң көне аңыздан көркем нақыл
Олжам да қанжығама байлап алар.
Тере білсек бір -бір ауыз қара өлең,
Неше миллион інжу-маржан шамамен?!
Қанша гүлден -қазақ тілі бақшасы,
Қандай дана өлшер қандай бағамен?!
Ерке тіл, еркелеткіш тілім кенім:
Еркежан, айналайын, күнім менің,
Ақ ботам, қоңыр қозым, алтын айым,
Қанша рет жүрек толқып, сүйінгенің!
Ана тілім ырысты ма, кұнды ма?
Деп сұрамас, тегін білген сұңғыла.
Туған тілде ас қайырған сайын да,
Оқығандай серпіліп қал бір дұға.
Шұлғытар орыс тілді Олжастарды,
Жарқырат қазақ тілі алмастарын.
Халқына олжа салған айта алады,
Кім қосты сандығыңа мен қосқанды?!
Жұпарлы қырда алуан гүлдер таптым,
Өміршең өзіміздің тілден таптым.
Тіл екен жемістісі, жұпарлысы,
Аялап халық баққан гүл мен бақтың.
2-жүргізуші
Қазағым тіліңменен жана берші.
Әуендетіп, әніме сала берші.
Мәңгі даңқың түспесін-қазақ тілі.
Көкейімде жатталып қала берші.
Ән: «Қазағым».
Орындайтын:.9сынып оқушысы Әбуов Мақсат
1 - жүргізуші:
Танытқан қазағымның қазақтығын,
Танытқан қазағымның азаттығын,
Танытқан қазағымның ғажаптығын,
Айналдым құдіретіңнен Қазақ тілім.
Туған тіл - ақыл ой дамуының негізгі және барша білімдердің қазынасы.
Ия, бүгін біз ана тіліміздің құдіреті мен өміршеңдігіне біршама көз жеткізгендей болдық. Ана тілін ұлы мұхитқа баласақ, біз соның жағасына келіп екі алақанымызды қосып тұрып қос уыстап іліп алып ішкендей ғана болдық деп ойлаймын. Оның тереңіне бойлап түбіндегі інжу – маржанын ерінбей – жалықпай тере біліп өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізу біздің парызымыз.
2 - жүргізуші:
Тіл – ұлттың жаны, халықтығының асыл белгісі, намысы, тыныс тіршілігінің көзі, Ата Заңымен қорғалатын, еркіндігінің үні. Оны құрметтеп, қорғау, келешек ұрпаққа жеткізу, Қазақстанның бақытты да парасатты, білімді де еңбекқор ұл - қыздары бізге ғасырлар бойы ата - бабаларымыздан жеткен аманат.
1-жүргізуші
Кұрметті қонақтар сіздерді Тіл мерекесімен тағы да құттықтай отырып, еңбектеріңіздің жемісін көріп, бақытты өмір сүрулеріңізге шын жүректен ниетімізді білдіреміз. Келесі жүздескенше күн нұрлы болсын.
Достарыңызбен бөлісу: |