ЖАЗҒЫ ҚАЙҒЫ
Жаз жетіп, қарлар кетті, сулар ағып,
Күн де тұр жарқ-жұрқ етіп нұрын жағып.
Құлпырып, жүз құбылып жердің жүзі,
Қуанбас жан-жануар бұған нағып.
Маужырап кеш болғанда жұлдыз, айы,
Мұнартып көкшіл тартқан қыр мен сайы.
Қой маңырап, түйе боздап, сиыр мөңіреп,
Жылқы кісінеп, ойнақтап құлын, тайы.
Сылдырлап қайнап аққан бұлақтары,
Секірген жағасында лақтары.
Үй тігіп, көк шалғында желі қаққан,
Кешегі қайран қазақ тұрақтары.
Алыстан күліп-ойнап сағымдары,
Сулардың дүр-дүр етіп ағымдары.
Сыңсып тұрған шынарлар саясының,
Мал-жанға қандай еді жағымдары!
Бетіне айғыз-айғыз салған шимай,
Жүрген жер талай шауып жылқы жинай.
Біріңде күзек, біріңде жайлау қылып,
Сонда да даурықтым ғой саған сыймай.
Қыс болса бір жағыңды қылып қорық,
Тақақтап, атқа мініп, жортқан қорып.
Жазатайым аяқты енді бассам,
Тартқызды кісі құнын, қанын сорып!
Жағалап ауыл қонған көлдерім-ай,
Суында жүзіп ішкен төлдерім-ай!
Шарқ ұрып, шалқып қонған қайран қоныс,
Зар болып бір күнгіге шөлдедім-ай!1
Жайқалған сыпсың қағып нуларым-ай,
Қиқулап əн салатын қуларым-ай!
Арқаңда малым өсіп, мырза атанып,
Күпілдеп, көкке шыққан буларым-ай!
Көлшімек, бықып жатқан томарым-ай,
Томарға жылжып барып қонарым-ай!
Суыңа тай жүздіріп ермек қылған,
Енді көзім жетпейді оңарыма-ай!
Жиылып, қала салып алмадым-ай,
Табам деп кең орынды қармадым-ай!
Қайда барсам "бытпылдық" бөденеге,
Жаңа өкіндім, амал не, аңдадым-ай!
Бетіңді қайыстырып мұжық басқан
Тітіреп ызғарынан жер мен аспан.
"Ал құтыл, жау жетті" деп, қойдай үркіп.
Иең - мен өлмей жүрмін əзер аштан.
Əндетіп қойшыларым қойын бағып,
"Иə, пірім-ай! Кеттің дəурен əлде нағып?"
Қасиетті бабалардың зияраты,
Қоймады тасыңды да монша жағып.
Ал енді, бізге келген заман қандай,
Заманға қарсы тұрар шамаң қандай?
Мұжықтың көк желке боп тепкісінде.
Талайсыз неден болдың, аһ, сормаңдай!
1913
ҚЫМЫЗ
Алдияр аруағына, ет пен қымыз,
Сені ішкен құмарына жеткен қымыз.
Мейілі доңыз болсын, қоңыз болсын,
Иеңнің түкірігін ем еткен қымыз.
Бас иіп айдыныңа ауыл-аймақ,
Қоясың қоғамыңды жіпсіз байлап.
Құдай иіп құлқынға түсе қалсаң,
Есілдей есіп шалқып ақақайлап.
Тізеден сегіз қарыс қара саба,
Жыбырлап айналаңда бала-шаға.
Дүниеде неше түрлі нығмет
16
бар ғой
Сонда да сенің жөнің жеке-дара.
Көпірсең, ұжымақ иісі анадайдан
Кеудеңді жарып кетер əлдеқайдан.
Екпінің еш нəрсеге жол бере ме,
Өзендей гүр-гүр етіп аққан сайдан?
Адамның дүниедегі бəрі досың,
Сиқыр ма бұ не ғажап сенің осың?
Ерінге бір-екі күн тимей жүрсең,
Келтірмей құрыстатып көңіл хошын.
Шалдардың піскен даусың есін алып,
Отыртпай үйлеріне түрткі салып.
Мейілің теп, мейілің ақыр, мейілің жекір,
Кек қылмас саған ешкім көңілі қалып.
Магнитің түстік жерден қонақ бұрып,
Əдейі сəлем үшін бұрыс жүріп,
Бай, кедей, жақсы, жаман, төре, қара,
Жапырылып ыңғайыңа бəйек тұрып.
Əсіресе қажы, сопы, қожа, молда,
Сарт та сұрт тасбиқтарын алып қолға.
Жаудыртып келгеннен-ақ баталарын,
А, Құдай, оңда да оңда, аруақ қолда.
Осылай зиярат қып жұрттың бəрі,
Аузыңнан шыққан сөзің болып дəрі,
"Мырзеке, ие солай!" деп бас изесе,
Тəштитіп танауыңды онан əрі.
Сапырсаң сары шараға құлаш керіп,
Жиылған мейманыңа құйып беріп.
Ата ұлын, ене қызын безіп тастап,
Кетпей ме екі ұдайда саған еріп.
Көсіпсіз көзін сатқан сорлы кедей,
Қоя ма піспек аңдып тентіремей?
Атағыңды көтерер алғыс айтып,
Байғұсқа бір жұтқызсаң, "кет, шық" демей.
Шатып-бұт, не қалсаң да сөзің дəмді,
Кісі жоқ бұ жиһанда сенен сəнді.
Қымызсыз маған салса, Аплатон бол,
Көрмессің сөзін тыңдар ешбір жанды.
Басыңнан қымыз кетсе, қызық кетер,
Сын-сиық, сəулетіңді бұзып кетер.
Кешегі бəйек болып отырған жұрт.
Күдерін бүгін сенен үзіп кетер.
Арам тер болма, достым, текке шауып,
Алғанша аузыңды бас қымыз тауып.
Қымыз тап та қырта бер, лапыр, ақыр,
Жерде сөзім қалар деп қылма қауіп.
Ей, қымыз, ыза қылдың қолға түспей,
Онда мен жүремін ғой күйіп-піспей.
Жүректегі қапамды айтқызар ем,
Өлсем де жұртқа беріп, өзім ішпей.
1913
|