МҰНЫҢ АТЫ ӨШ АЛУ
Өлеңім айт дегенде шырылдаған,
Ісімнің бəрі түгел қырындаған.
Қолымда қалай қылып қорласам да,
Кешегі қызыл қаншық ырылдаған.
Шақпасам, бит болмаймын,
Үрмесем, ит болмаймын.
Қасымаса бит те қоюшы еді,
Үндемесе ит те қоюшы еді.
Жаман жалданса,
Қалай жүрерін білмей,
Əкесінің басын жара жаздайды.
Əйелін көрсетем деп,
Абыройын шашып,
Артын аша жаздайды.
1914
СЫМБАТТЫ СҰЛУҒА
Сүйдірген сені маған қыли көзің,
Томардай кедір-бұдыр топас сөзің.
Құбыжық қорсылдаған мінездерің,
Арман жоқ пида болсам, саған өзім.
Сымбатты сұлу.тамашам,
Шашыңнан жұлып.сабасам.
Сүйдірген сені маған ешкі басың,
Қол жумай обырланып жеген асың.
Қоя ма сүйдірмеске ықтиярға,
Ұйпалақ ит жүніндей желке шашың.
Сымбатты сұлу.тамашам,
Құсқым кел ер қарасам.
Сүйдірген сені маған шошақ мұрның,
Кішігірім бір үйге ошақ мұрның.
Жіберіп, анда-санда тартып алып,
Жылтылдатып тұратын қос ат мұрның.
Ойқы-шойқы беттерің,
Көмірден аппақ еттерің.
Сүйдірген сені маған көкшіл тісің,
"Адыра қалғыр, ойбай" деп қылған ісің.
Салды балақ қарғамсың салпылдаған,
Біткен жоқ бұл əлемге сендей пішін.
Былжыраған жүрісің,
Жоғал əрмен, құрысын!
Сүйдірген сені маған салтақ бетің,
Кəрі саулық етіндей төстек етің.
Қарағым сыртың сұлу жапалақтай,
Анауыңа келгенде, ойбай бетім!.
Сасып кеткен маңайың,
Мұрнымды басып жабайын!
Сүйдірген сені маған кірлі мойның,
Арбадай қиратылған доғал ойның.
О, дүние, кіріп бойым жылытар ма едім.
Қаңтардың аязындай ыстық қойның.
Ызғар шығар қойныңнан,
Жаңжал шығар ойныңнан!
Сүйдірген сені маған дудар шашың,
Қысты күнгі қыраудай қырбық қасың.
Кер тапал, кердеңдеген жас баласың,
Асса да жиырма бестен үйде жасың.
Арбаңдаған дөрескел,
Барлық ісің өрескел!
Сүйдірген сені маған қола жүзік,
Қолыңа саудыратып қойған тізіп.
Кісі алдында қасынып теріс қарап,
Битіңнің бытырлатып мойнын үзіп.
Нас басқанды бит басқан,
Міне, сұлу жұрт асқан!
Сүйдірген сені маған тырысқаның
Көрінгенмен бұрқылдап ұрысқаның.
Əкең бүгін өлгендей қабақ жауып,
Қонақ келсе, қуарып, құрысқаның.
Қалқам, жаным, қарағым!
Бетіңе келмес қарағым!
Сүйдірген сені маған өсектерің,
Өзім бірге салысқан төсектерің.
Инені ұстай білмес шеберлігің,
Апырмай, мен бекерге өсектедім.
Міне, сұлу, асылың,
Мойныңдағы масылың!
Сүйдірген сені маған майлы қалтада,
Аузыңа теріс қарап салған малтаң.
"Бас" дегенге "құлақ" деп жауап беріп,
Аңырайып алаңдап жалтаң-жалтаң.
Ер жігітке бұ да сор,
Қосылсаң, басың болар қор!
Сүйдірген сені маған теріс аяқ,
Бір-бірі саусағыңның жуан таяқ.
Өлі сүйек, өлексе өлімтік қып,
Құдайым саған берген аямай-ақ!
Мұндай жанды, құдайым,
Кез келтірме, ылайым!
1914
ҚЫЗ СҮЮ
Қыз десе əркім кетер қызуланып,
Көңілге əлдеқайдан от кеп жанып.
Ең арты аппақ қу бас шалдар-дағы
Қояды бір қиқаңдап құшырланып.
Дүниеде жан саясы қыз дейсің ғой,
Құмартып құлқың құрып іздейсің ғой.
Мылқау, кеще, тазша болсаң-дағы,
Қыз тимес деп күдерді үзбейсің ғой.
Қыз сондай сен іздеген сұлу болса,
Көргенде құмарланып кеудең толса,
Алмас қылыш жүзіндей аударылып,
Көлеңкесі көңіліңе барып қонса.
Бойы тік, сын-сымбаты түзік болса,
Саусағы сылдырлаған жүзік болса.
Екі беті үлбіреп, көзі жайнап,
Белдері тартқан сымдай нəзік болса.
Өн бойың қарағанда ду-ду етсе,
Сыртың қысылып, тұншығып ішің күйсе.
Ал сонда асыла кетіп, бұраң етіп,
Қайтар едің, жігітім, қолға тисе?
1914
|