ЖАҚСЫЛЫҚ КӨРСЕМ ӨЗІМНЕН
Жақсылық көрсем өзімнен,
Жамандық көрсем өзімнен.
Тағдыр қылды деулерді
Шығарамын сөзімнен.
Өзім қылдым деулерді,
Таса қылман көзімнен.
Жазалы емес құдай да,
Күн мен жұлдыз һəм ай да.
Жұмақ күткіш наданның,
Орны дозақ əр қайда.
"Теңгерер соңыра" - деген сөз
Тек жұбатқан бір айла.
1914
ТҰРМЫСҚА
I
Өмірімнің өрлерін,
Жазы шықпас қыс қылшы!
Жылы шырай бер десем,
Аждаһадай ысқыршы!
Құлдық ұрып жалынсам,
Арт жағыңа қыстыршы!
Алтын, күміс — асыл ма
Баға бермей, мыс қылшы!
Оңға қарай қол созсам,
Теріске жорып пысқыршы!
Нақақ мазлум
17
солсаң да,
Күншілікпен іс қылшы!
Бұлардың бөрі ойыншық
Тек аурудан тыс қылшы!
II
Тұрмыс, маған от шашып,
Бар дүниені лау қылшы!
Түйдектеп үйіп қайғыңды,
Абылай аспас тау қылшы!
Таптырмастан емге дос,
Бар əлемді жау қылшы!
Көзіңнің құны бардай-ақ,
Аяқ бассам, ау құршы!
Бермек тұрсын өзіме,
Жала жасап дау қылшы!
Сөндір ай мен күніңді,
Тек денемді сау қылшы!
III
Ден сау болса, тағдырдың,
Көкке ұшырам күлдерін.
Түрлентемін гүлдерін.
Жігермен талап еткен соң,
Қоям ба екен сүлдерін.
Аждаһадай ақырып,
Алдымнан қарсы шапса да,
Естімеймін үндерін!
Серпіп тастап түндерін,
Туғызамын күндерін!
IV
Ден сау болса, тұрмыстың
Маған салған құрығын,
Бойлап алып кетермін!
Таудай үйген қайғысын
Ойнап алып кетермін!
V
Қаңқылдатып қаздарын,
Шығарармын жаздарын!
Мен айтамын осылай.
Кім біледі ол тұрмыс
Нешелер көр қазғанын.
Қазса қазсын, көрермін
Келешектің жазғанын.
А, дүние! Халқымның
Жөнге салсам азғанын!
Тұрмысты салып көлденең,
Қарғытар Махмұт азбанын.
1914
АЛЬБОМНАН
Жетуге құмар жоғары.
Қайдан жаман болады?
Талпыну бар, талап бар,
Бүйткен адам оңады.
Нəзік дауыс, əнге ұста,
Разы, шат тұрмысқа.
Жұғымды мұндай бала жоқ,
Бұл маңайда, бұл тұста.
Асырауға көнеді,
Деп көңілім сенеді.
Қандай ұрық ексең де,
Сөзсіз жеміс береді.
Жаттығы жоқ адамға,
Именетін жаман ба?
Оқығанға кез келіп,
Түсінсе еді заманға.
Орыс, ноғай қыздары
Қалар еді табанда.
1914
ЖАПЫРАҚТАР
Гүлдеген, біткен жапырақ,
Бұтақтары салбырап.
Уақыты еді жетілген,
Көз тартарлық балбырап.
Лебіне де аз желдің
Ұялып бұққан қалтырап.
Өзіне бұрған ойыңды,
Балбыратып бойыңды,
"Иə, пірім-ау; бұлар не ғажап?"
Деп бұрар ең мойныңды.
Маужыратып бойды алған,
Əніне қостым ойымды.
Өсіп бəрі жеткендей,
Көңілді шат еткендей,
Шөптер де тұр балбырап,
Көрсең қайғы кеткендей.
Иісі бар аңқыған,
Сарсығын жүрек тепкендей.
Жұмақты кіріп көргендей,
Сайран етіп жүргендей.
Басқаны жүрек ұмытып,
Дəуренді сонда сүргендей.
Жапырақтар да сыбдырлап,
Қарсы тұрған - төнгендей.
Құшақтасып айқасқан,
Жапырақтар басып жайнасқан.
Саласынан ағаштың,
Шымырлап бұлақ қайнасқан.
Əрбір жапырақ астынан,
Құрттар қоныс сайласқан.
Көңілдің қосып əніне,
Мəз болып жапырақ сəніне,
Тұр еді жаным балбырап,
Жылы жел тиіп тəніме;
Көзіме түсті қу жапырақ,
Ойладым мұның мəні не?
Көгеріп көгі ашылмай,
Сарғайған түсі басылмай.
Тұрған жалғыз сорлыны,
Көк жапырақтар жасырмай.
Сарғайса да бұл сорлы
Өзгеге тұр бас ұрмай.
Өзгелері бұралып,
Біріне-бірі оралып,
Жапырақтан күмбез жасап тұр.
Бас, аяғы құралып,
Араласпай бұларға,
Сары жапырақ тұр бозарып.
Азапқа тұрмыс салғандай,
Есі-дерті қалғандай,
Көгерет дейтін үміт жоқ,
Құрт түсіп қатып қалғандай.
Дірілдеп жерге қарап тұр,
Жалғаннан көзі талғандай.
1914
АЙТ
Жер жүзін көк басып түрленгендей,
Қызарып бəйшешектер гүлденгендей.
Киініп қыз, келіншек жарқылдайды,
Бір түрлі жаңа тұрмыс түрге енгендей.
Шаттықта өңі ашыңқы бала-шаға,
Оларды есіркейді қамқор ана.
Жастар да өз бетімен қырындап жүр,
Бұраң бел жас сəулемді есіне ала.
Өр үйдің тілегенге есігі ашық,
Шаттық бар, жамандық ой кеткен қашып,
Сойған қой, берген қымыз құрметіне,
Байлар да кердеңдейді алшаң басып.
Аттанған қожа-молда тиын қуып,
Сəлдемен он бес құлаш белді буып.
Мұрт басқан, сүрме тартқан, тырнақ кескен,
Дəретпен жып-жылтыр қып бетті жуып.
Жалғыз-ақ дорба асынған кедей кəріп,
Аштықтан өңі кеткен беті де арып.
Əркімдер тиын-тебен беріп жатыр,
Дегенге: "Құтты болсын, айт шəріп!
18
1914
БАҚЫТ
Бақыт - құс ұшып жүрген қолға түспес,
Билеуге оны ешкімнің күші жетпес.
Қолыңа құдай айдап бір қондырса,
Барам деп мен анаған ұшып кетпес.
1914
* * *
Сөзімен баға бермес бұл халыққа,
Іліндім он екімде бұғалыққа.
Елімнің мен шын ұлы екеніме
Тағдырдың өзі берер куəлікті.
1914
КЕШ
Желі бар бетке тиген жылы еспе,
Күн жылы, аспан жарық оңды кеште.
Қарасаң бұл уақытта кең далаға,
Əр түрлі қиял келіп түсер еске.
Сайраған көкте торғай есіңді алып,
Күн де жоқ əлдеқашан кеткен батып:
Көк шөпті қызыл, жасыл жапырақ басқан,
Артында қызыл шапақ нұры қалып.
Қарасаң бойыңды алып көңіл ашқан,
Бейне бір өзендей-ақ толып тасқан.
Толқып тұр кешкі соққан самал желге,
Естіліп торғай үні көкте басқан.
Жай тауып құрт-құмырсқа əрбір шөптен,
Талмаулап қызыл шапақ қарап көктен.
Жылтырап сол уақытта жұлдыз шықты,
Аспанға шашу шашып меруерттен.
Бұдан соң қаран қалып көктің жүзі,
Жасырынып нəрселердің бірден түрі.
........................................................
........................................................
Қойнына қараңғылық енген барып,
Жағалай айналаңның бəрі қауіп.
Қарасаң қараңғы түн жан қорқарлық,
Бұл күнде бола алмайтын жолды тауып.
1914
|