СОҚЫР АҒАШ
(Альбомнан)
Мен көрдім соқыр ағаш басын иген,
Жаһаннамға кетеді оған тиген.
Зəһəр деп жас алманы дұспан тұтып,
Мисыздар ол ұжмақ деп барып сүйген.
Үстіне малы менен жанын үйген,
Хор қызын аламын деп алтынды үйден.
Қу соқыр жемісі жоқ ағашқа еріп,
Дүние мен ақыреті бірдей күйген.
1913
КӨҢІЛДІ КӨНДІРЕТІН ТАҒДЫР
Жас көңілім өз еркінше жүрмек еді,
Дүниеде солай өмір сүрмек еді.
Бір Алладан басқаға бас имеген,
Қалпынша қара жерге кірмек еді.
Жас жүрек жалбақтауды сүймес еді,
Үстіне рия тонын кимес еді:
Бар ғалам бір жақ болса, өзі бір жақ,
Көңілдің сол қалпына тимес еді.
Жақтаса, өз еркінше жақтар еді,
Мақтаса, өз еркінше мақтар еді.
Аспаннан төбесіне оқ жауса да,
Сертінше əділдігін сақтар еді.
Боқтаса, өз еркінше боқтар еді,
Тоқтаса, ез еркінше тоқтар еді.
Жақсылыққа, жəрдемге жанын беріп,
Жамандыққа мылтығын оқтар еді.
Көлгірліктің көзіне түртпек еді,
Хақ тамшысын көзіне сүртпек еді.
Көңіл, жүрек осыған қол соғысып,
Денені сол ізімен жүртпек еді.
Көңіл, жүрек қарынға деді барып:
"Біз тұрмыз сондай-сондай ойға қалып",
Қарын: - Жақсы, бұларың мақұл, - деді,
Сөздерін тыңдаған соң құлақ салып.
Бұл үшеу жоғарғы ойға мөрін басты,
Дос болып қол соғысты, құшақтасты.
"А, Құдай! Бұрынғымды кеше көр", деп
Тəубе қып қарын сонда төкті жасты.
Бірақ бұл сөздерді айтқан уақытта,
Қарын жақсы тоқ еді, іші толған боқ еді.
Тығыздалып керіліп тұрған соң,
Енді ашар деген ойы жоқ еді.
Бір уақыттар болғанда,
Баяғы тойған тоқ кетті,
Қарындағы боқ кетті.
Қарын тастап тобасын
Таз қалпындай боп кетті.
Артынан іле-шала көңіл кетті,
Ал сонда десеңізші жүрк нетті?
Амалсыз айтқан сертін тағдыр бұзып,
Күні-түні азап шегіп зар еңірепті.
Бермесін бұл азапты тірі жанға:
Адамзат, пері, шайтан, хайуан, малға.
Жүрекке ол азапты көтергеннен,
Мың есе түсу артық "жаһаннамға".
Ол азап батар солай бір өзіне,
Бит шаққандай білінбес жұрт көзіне.
Сырты ұжмақ болғанмен, іші дозақ
Түтінсіз жанғандар көп, нан сөзіме!
1913
|